Оппозициялық журналист әрі белсенді Айдос Садықов Киевте атып өлтірілгеніне екі жылға жуықтады. Қастандыққа жауаптылар әлі анықталған жоқ, есесіне Киевте Садықовтың жесірі – Наталья Садықованың үстінен "жала жабу" бабымен қозғалған іс қаралмақ. Арыз берген - қазақстандық кәсіпкер, Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиев.
Істі Киевтің Шевченко аудандық соты екінші талпыныстан соң қабылдаған. "Бәсе" арнасының авторы Наталья Садықованың айтуынша, Гаджиев бірінші талап-арызды бұдан бірнеше ай бұрын түсірген. Бірақ ол кезде сот шағымда оның жапа шеккені дәлелденбеген деп, қайтарып жіберген.
АРЫЗҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?
Арызға түрткі болғаны – “Бәсе” Youtube-арнасындағы ақпарат. Онда Киевте оппозициялық саясаткер Айдос Садықовты өлтіргендерді “Гаджиев қаржыландырды” деп айтылған. Тіпті бұл үшін 3 миллион доллар ақы төленді деген де дерек келтіріледі.
Гаджиевтің талап-арызында "Бәсе" каналындағы өзі туралы 31 бейнематериалды жалған ақпарат деп тану және өшіру, әлеуметтік желілердегі парақшаларында теріске шығару ақпаратын жариялау, сонымен бірге 100 000 гривна, Қазақстан валютасымен есептегенде 1 миллион 60 мың теңге моральдық өтемақы төлеу сұралған.
Гаджиев ресми органдар өзін күдікті деп танымағанын алға тартады.
УКРАИНАДА ӘДІЛДІК ІЗДЕУ
2025 жылы 3 қыркүйекте "Орда" басылымы Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен бизнесмен Гаджи Гаджиев ұсталды деген ақпарат таратты. Кейін олардың үйінде тінту болды деген ақпарат та расталмады, Нұртілеу жұмыс орнына келді. Бірақ кейін шу басылғанда қызметінен босатылды. Бұл іс бойынша "Орданың" үстінен арыз түсіргендер болған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Бажкенова адвокаты арқылы хабарлама жолдап, "сынбағанын, әділдіктен үміттенетінін" айттыГаджиевтің арнайы органдармен, үкіметтегі лауазымды адамдармен сыбайластығы туралы зерттеу материалдарды "Ордадан" бөлек, "Республика" басылымы да жариялады.
"Орда"2025 жылғы қарашада жарияланған зерттеуінде Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас бекетіне экс-министр Мұрат Нұртілеу "жауапты" екенін, ал оны "операциялық басқару" Гаджи Гаджиевке жүктелгенін айтқан.
2025 жылғы желтоқсанда "Орданың" бас редакторы Гүлнәр Бажкенова "көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен күдікті деп танылып, үйқамаққа алынды. Қазір істің жай-жапсары құпия, бірақ онда Гаджиевке қатысты материалдар да бар ма, ол жағы айтылмайды.
Наталья Садықованың айтуынша, Қазақстанда "жалған ақпаратпен" күреспеген бизнесмен Украинада әділдік іздегісі келеді.
– Сол кезде неге екені белгісіз, Гаджиев Қазақстанда Бәжкенованы сотқа берген жоқ. Тіпті оның үстінен арыз да жазған жоқ. Бұл да ойландыратын нәрсе. Ал енді Гаджиев мұнда, Украинада мені сотқа беріп отыр. Яғни, ол өзін құрбан етіп көрсеткісі келеді, – дейді Садықова.
– Қазір Қазақстанда жаппай қудалау жүріп жатыр ғой. Және Украинада жүрген мені қалай қудалауға болады? Міне, осылай талап арыздар түсіру арқылы қысым көрсетеді. Бұл менің ақшамды, уақытымды, ресурстарымды алады. Мен соттарға барамын, жүйкем жұқарады. Одан бөлек "Бәсе" арнасына, барлық әлеуметтік желідегі парақшамызға ұдайы шабуылдар жасалып жатыр. Олар менің сағымды сындырып, жұмысымды тоқтатып тастағысы келеді. Сондықтан Гаджиев өз бетінше әрекет етіп отыр деп ойламаймын. Ол мұнда жай ғана құрал ретінде шығып отыр, – дейді Садықова Азаттыққа.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Халықаралық қорғау ұйымдары коалициясы Қазақстан билігіне сөз еркіндігі жайлы үндеу жолдады"ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙДЫ"
Ал Гаджи Гаджиев өз атына айтылған сын мен тағылған айыпқа осы уақытқа дейін "шыдап келгененін", Садықовтар "отбасында қайғылы жағдай болған соң түсіністікпен қарауға тырысқанын" айтады.
– Бірақ іс насырға шауып кетті. Күн сайын түрлі айыптаулар айтылып жатыр, оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Менің де отбасым, жақындарым, балаларым, шәкірттерім бар. Мұндайға ұзақ шыдай алмайсың. Сондықтан сол жақтың сотына жүгіндім. Украинада қаралғаны оларға да ыңғайлы болсын дедім, – деді Гаджиев Азаттыққа.
Оның айтуынша, Садықовтардың өзін қаралайтын видеоларды алғызып тастау үшін 5 мың доллар ұсынды дегені абсурд, себебі олардың ұсынған сомасы тым аз.
– Кем дегенде 50 мың десе де бір сәрі. Қазір кез келген блогердің өзі бір жарияланым үшін одан да көп алады, ал мұнда әлдебір дүниені "өшіру үшін 5000 доллар ұсынды" дейді. Бұл қисынсыз. Бір жерде 5 мың дейді, бір жерде 3 миллион туралы айтады – "алам" ба, "берем" бе, әйтеуір түсініксіз. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды, – дейді ол.
Гаджиевтің айтуынша, ол Садықовтың қазасына байланысты күдікті деп танылған Қаратаев пен Жақанбаевты танымайды, ешқашан көрмеген.
– Мүлде танымаймын. Егер таныс болсам, оны жасыру мүмкін емес еді ғой. Бір елде тұрамыз, міндетті түрде біреу "иә, олар таныс" немесе "жолығысқан" деп айтар еді. Мұны жасырып қалу мүмкін емес. Шынымен, ол адамдардың ешқайсысын танымаймын. Мен спорт саласында жүрмін, саясатта ешқашан болған емеспін. Сондықтан олар жариялай бастағанда өзім де таңғалдым, не болып жатқанын түсінбедім, – дейді Гаджи Гаджиев.
Your browser doesn’t support HTML5
Айдос Садықовтың қазасы: қазірге дейін не белгілі?
Қазақстан билігіндегі жемқорлық туралы жиі айтатын "Бәсе" арнасы бизнесмен Гаджи Гаджиевті Қазақстан-Қытай шекарасын "бақылаушы" деп бұрыннан атап келеді. Одан қысым көрдік деген кәсіпкерлер, аноним дереккөздер оны Қазақстан билігіне ықпалы зор екенін, арнайы қызметпен байланысы барын жиі айтады.
2023 жылғы видеомәлімдемесінде Айдос Садықов өзіне әлдебір адамдар келіп, Гаджи Гаджиев туралы сыни материалдарды "Бәсе" арнасынан өшіруді сұрап, ақысына 5 мың доллар ұсынғанын, оларды аңдып, көлігіне арнайы құрылғылар қойды деп айыптаған. Бірақ ол кезде бұл мәлімдемеге еш реакция болмаған.
Ал бизнесмен өзін саясаттан мүлде алыс, қарапайым адам деп сипаттайды. Азаттықтың "Наталья бізге берген сұхбатында бұл іс Ақорда тарапынан тапсырыс болуы мүмкін деп айтты. Бұған не дейсіз?" деп сұрады.
– Ештеңе айта алмаймын, мен ондайды мүлде білмеймін. Жоғарыда да айттым ғой. Бұл істерге менің қатысым жоқ. Өз өмір салтымды, мақсаттарымды өзгертіп, мұндайға араласатын жаста емеспін.
Азаттық одан: "Неге ол сізді осы іске қатысы бар деп соншалық сенімді түрде айтып жүр? Мүмкін бір себеп бар шығар?" деп сұрады.
– Шынымды айтсам, білмеймін. Бұл сұрақтың жауабы қызықтырады. Расымен білмеймін. Ешқандай себеп, тіпті жанама байланыс та болған емес, – дейді Гаджиев.
"УКРАИН СОТЫ ҚАЗАҚСТАН СОТЫ ЕМЕС"
Наталья Садықова Украинадағы сот әділ өтеріне сенеді.
– Шағым сотта қаралатыны ештеңені білдірмейді. Украина – еркін демократиялық ел. Кез келген адамның, тіпті Гаджиев сияқты "Миротворец" тізіміндегі тұлғалар да мұнда сотқа арыз түсіре алады, – дейді ол.
Украиналық "Миротворец" жобасы Гаджиевті санкцияны айналып өтіп, заңсыз сауда жасайтын, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына қолдау білдіретін адамдар қатарына қосқан.
"Гаджиев бақылау жасайтын логистикалық тізбек арқылы Ресей мен Ираннан санкция салынған жүктер бері қарай да, әрі қарай да өтеді, соның ішінде Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне қажет өнімдер де бар. Бұл - халықаралық санкцияларды бұзу және Украинаға қарсы соғыста агрессорға көмектесу", – делінген жобадағы мәліметте.
– Бұл жағдайда кім құрбан? Кімнің күйеуін өлтіріп кетті? Кім үш баланы жалғыз бағып отыр? Гаджиев пе, мен бе? Мейлі... Гаджиевте ақша өте көп, ол не істесе де еркі. Бірақ мәселе мынада, украин соты — бұл Қазақстан соты емес. Мен ештеңе дәлелдеуге міндетті емеспін. Украинада айыпты дәлелдеу жауапкершілігі талап қоюшының мойнына жүктеледі. Гаджиев сотқа келіп, менің оның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенімді дәлелдеуі керек. Егер Гаджиев батыл болса, Украинаға келсін, Украина Бас прокуратурасына, Айдостың қылмыстық ісін жүргізіп жатқан Киев бойынша тергеу комитетіне барсын. Жауап берсін. Сотқа келіп, менің көзіме тік қарап, менің әрекеттерімнен қалай зардап шеккенін айтып берсін. Ал мен осындамын, Украинадамын, ешкімнен тығылып жүрген жоқпын, – деді Садықова Азаттыққа.
БАЯУ ТЕРГЕУ
Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялады. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.
Айдос Садықовты 2024 жылы 21 маусымда Киевтегі үйінің алдында, көлік ішінде әлдекімдер атып кеткен. Ол жансақтау бөлімінде жатып, 13 күннен соң көз жұмды. Украина бас прокуратурасы қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде қарастырады. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Киев прокуратурасының хабарлауынша, тергеу соты күдіктілер Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевты қамау туралы қаулы шығарған. Оларға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған.
Құқық қорғаушылар мен белсенділер, марқұмның туыстары журналист өлімінен бері көп уақыт өтсе де, Садықовтың қазасына қатысты тергеу өте баяу жүріп жатқанын, тергеудің жылжымай жатқанын айтып келеді. Осы айда Қазақстан бас прокуратурасы "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына қатысты тергеу амалдарының барысы туралы сұраған Азаттыққа "тергеу әрекеттерінің кешені" жүріп жатыр деп жауап берген.