Бүгін Путиннің Қазақстанға 1,5 жылдағы екінші мемлекеттік сапары басталады

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) және Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол алысып тұр. Мәскеу, 8 мамыр 2026 жыл.

Бүгін Астанаға Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді. Қаладағы сапарға дайындыққа, Мәскеу мен Астанадағы мәлімдемелерге қарағанда бұл сапарға екі жақ та ерекше мән беріп отыр.

Дипломатиялық ережелер бойынша бір президенттік мерзім кезеңінде бір елге бір рет қана мемлекеттік сапармен бару керек. Ал Путин Қазақстанға 1,5 жыл ішінде екінші рет "мемлекеттік сапармен" келеді.

Бұдан бұрын Путин Қазақстанға 2024 жылғы қарашада мемлекеттік сапармен келген. Ол жолы да Ресей басшысын салтанатпен қарсы алған. Кей белсенділер Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот тұтқындауға ордер берген адамды "жоғары мәртебелі Владимир Путин мырза" деген жазу жазып қарсы алуға қарсылық білдіріп, сол үшін әкімшілік жаза алған.

АЭС құрылысы, "достықтың жеті негізі"

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәлімдеуінше, сапар кезінде "16 маңызды құжатқа" қол қойылмақ. Соның ішінде екі ел достығының "жеті негізі" туралы мәлімдеме де бар. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді өзі күтіп алып, оның сапары құрметіне қабылдау өткізіп, Ресей басшысымен келіссөздер жүргізбек.

Ушаковтың айтуынша, сапар кезінде "Ресейдің жобасымен және сол елден алған несиеге Қазақстанда алғашқы АЭС салу жөніндегі келісімге" қол қою жоспарланған. Қазақстан АЭС салу туралы талқы жүріп, референдум өткенде сарапшылар мен тұрғындар арасында Украинаға соғыс ашып, Батыстың санкцияларына ілінген Ресейдің елде АЭС салу ықтималдығынан қауіп көргендер болған. Сол кезде Қазақстан билігі атом электр станциясы құрылысын бірнеше тараптан құралған "халықаралық консорциумға" беру идеясы айтылған.

2025 жылғы маусымда Алматы облысындағы АЭС-ті салуға Ресейдің мемлекеттік "Росатом" корпорациясы таңдалды. Ал биылғы ақпанда Ұлыбритания бұл корпорацияға тиесілі үш құрылымға санкция салды. "Росатом" бұл оның халықаралық міндеттемелеріне әсер етпейтінін мәлімдеген.

Бұған қоса Путин мен Тоқаев әскери-техникалық ынтымақтастықты талқылап, Астанада "Сириус" дарынды балаларды қолдау орталығының құрылыс орнына алғашқы капсуланы салу шарасына қатысады.

Тоқаев қызметке кіріскелі Ресей және Қазақстан басшылары 38 мәрте кездескен.

Путин делегациясының құрамында Ресейдің мемлекеттік корпорация басшылары, бизнес өкілдерінен тұратын 30-дай адам бар. Ал артынша басталатын Еуразия экономикалық форумына Ресейден жалпы саны 400 адам келеді дейді Ушаков. Ресейден Қазақстанға инвестиция көлемі рекорд көрсеткіш – 29 млрд долларға жеткен.

28 мамырда Путин Еуразия экономикалық форумының бесінші отырысына, ал 29 мамырда Еуразия экономикалық одағының негізгі органы - Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің жиынына қатысады. Оның құрамына Еуразия экономикалық одағына мүше елдер - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің мемлекет және үкімет басшылары кіреді.

КҚК, орыс тілі ұйымы және "ортақ тарих

Сапар қарсаңында "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде Путиннің "Ресей – Қазақстан: Еуразия төріндегі одақ" деген мақаласы жарияланды. Онда Ресей президенті екі ел арасындағы стратегиялық достыққа ерекше мән береді. Қазақстандағы шетел капиталы бар бірлескен кәсіпорындардың 40 пайызы ресейліктермен бірге құрылғанын, Астана мұнай экспортының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Ресей аумағынан өтетінін, Ресей "Газпромы" елдің газ инфрақұрылымын жетілдіріп жатқанын атап өтеді.

Қазақстанда сарапшылар мен желі қолданушылары "агрессор елмен" әріптестіктің салдары туралы жиі мәселе көтереді. Украина Қазақстан мұнайын Батысқа тасымалдайтын КҚК инфрақұрылымына соққыны жиілеткен тұста шикізат экспортын әртараптандыру туралы әңгіме қозғалады. Дегенмен Каспий арқылы өтетін "Орта дәліз" сияқты маршруттардың мүмкіндігі әлі де шектеулі екені айтылады.

Қазақстан Ресейдің Украинаға шабуылын айыптамайды, қолдау да білдірмейді. Тоқаев барлық даулы халықаралық құқық нормаларына сай, БҰҰ жарғысы негізінде шешуге үндейді. Дегенмен ол Украинаның шығысындағы сепаратистік "ДХР" және "ЛХР" аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" айтқан.

Астана мен Мәскеу арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық артып жатқанының мысалы ретінде Путин Қазақстанда Ресей университеттері филиалдарының ашылғанын атайды. Бұған қоса екі елдің ортақ тарихын "құрметтеу" керегін тағы де еске салады. Бұған қоса Путин Қазақстан президентінің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы "әлемде орыс тілінің және орыстілді мәдени-гуманитарлық кеңістіктің рөлін сақтап отырғанын" атап өтеді.

Тоқаев 2022 жылы халықаралық орыс тілі ұйымын құруды ұсынып, ол 2023 жылы ТМД саммитінде бекітілген. Қазақстанның ішінде бұл бастама Ресей оқу орындарының филиалдарын ашумен қоса орыс тілі ұйымын құру да "мемлекеттік тілдің дамуын тежейтін және Ресейдің ықпалын арттыратын қадам" деп сын айтқандар болған. Ал депутаттар мұны биліктің "дипломатиялық айласы" деп сипаттаған.