Азаттық: Парламент аппараты жетекшісінің орынбасары Болат Кальянбеков бүгін әлеуметтік желіде БАҚ өкілдері Құрылтай ғимаратында қалай жұмыс істейтіні жайлы түсіндірме жазыпты. Оның сөзінше, енді журналистер депутаттармен тек баспасөз орталығында әрі сол күнгі тақырып аясында ғана сөйлеседі, басқа сұрақ қоя алмайды. Егер өзге сұрақ қойғысы келсе, бәрі баспасөз қызметі арқылы жүзеге асады. Бұрын мәжілісте болмаған мұндай қатаң шектеу Құрылтайға неге керек болып отыр деп ойлайсыз?
Factcheck.kz сайтының редакторы, медиасарапшы Думан Смақов
Думан Смақов: Жеке пайымдауымша, бірінші түсіндірме мынадай болуы мүмкін: Құрылтай аппараты, бәлкім, ғимараттың дәлізінде ығы-жығы адам жүргенін қаламайтын шығар, осындай оймен жасалуы да ықтимал. Бірақ ең басты түсіндірмесі — бұл әлдебір депутаттарға сұрақ қою мүмкіндігін немесе әлдебір депутаттардың журналистермен кездесуін шектеу, соны бақылауда ұстау секілді көрінеді.
Құрылтай аппараты мұны керісінше — журналистердің жұмысын реттеу, оларға көбірек мүмкіндік беру деп түсіндірсе керек. Бірақ шын мәнінде мұның бәрі журналистердің ең әуелі ақпарат алу құқығын шектейді әрі олардың негізгі кәсіби қызметіне орасан зор кедергі келтіруі мүмкін.
Азаттық: Құрылтай депутаттарына журналистерді тіке жақындатпау туралы шешімнің шығуын кейбір журналист "президенттің жиені Дана Медеуованың депутат болуымен байланысты емес пе екен?" деп күдіктеніп жүр. Бұған не дейсіз?
Думан Смақов: Меніңше, бұл шындыққа сәйкес келуі әбден мүмкін. Жалпы Құрылтай депутаты Дана Медеуоваға ғана емес, бұқара разы емес немесе халықтың көкейінде "бұл кісі қалай депутат болып кетті?" деген сұрақ туғызатын азаматтар көп секілді. Мұны әлеуметтік желіден өзіңіз де көріп жүрген боларсыз. Осындай депутаттарды ыңғайсыз жағдайға қалдырмау, оларды барынша қорғау үшін де шектеу қойылса керек.
Азаттық: БАҚ өкілдерін депутаттарға жақындатпауға журналистердің өзін кінәлаған жазбаларды да көзім шалды. Яғни, "кейбір журналист депутаттарға орынсыз сұрақ қояды, хайп қуалайды, дайындалмайды, солардың кесірі енді өзге журналистерге тиді деген" пікір бар. Бұған не дейсіз?
Думан Смақов: Бұл — өте орынсыз, тіпті күлкілі пікір. Өйткені журналист қандай сұрақ қойса да, ол — халықтың көкейінде жүрген, әлеуметтік желіде, пікір алаңында айтылып жатқан сұрақтарды қояды. Иә, орынсыз сұрақтар, этикадан аттап кету жағдайлары болған да шығар. Бірақ бірлі-жарым қойылған сұрақ үшін мұндай шешім қабылдау немесе мұндай пікір айту — үлкен әбестік деп санаймын.
Азаттық: Журналистер мен билік өкілдерінің арасы алшақтап бара жатқаны бір бұл емес. Президенттен бастасақ, Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне өте сирек сұхбат береді. Жыл басында, мәселен, "Түркістан" газетіне бір сұхбат берген. Жалпы ол кісі БАҚ өкілдерінің басын қосып, кең көлемді сұхбат жүргізген емес. Одан бөлек, үкімет те солай. Бұрын журналистер Үкімет үйіне баратын, дәлізде керек министрді тоқтатып, сұрағын қоятын. Ол да бірнеше жыл болды шектеліп қалды; арнайы баспасөз жиынында ғана сөйлеседі, оның өзінде журналиске керек министр сол күні болмай қалуы да мүмкін. Енді, міне, Құрылтайға да сол тәртіп кіре бастаса керек. Мұны қалай түсінуге, түсіндіруге болады?
Думан Смақов: Бұл — билік пен халықтың, журналистер мен биліктің арасы алшақтап бара жатқанының айқын көрінісі. Тағы бір ескеретін жайт бар: Құрылтайда 145 депутат бар. Баспасөз орталығы сол күні [депутаттық] сауал жолдаған не талқыға қатысқан бірлі-жарым депутатты ғана, оның өзінде белсенді, журналистер алдында еркін сөйлей алатынын ғана шақыруы мүмкін. Сол арқылы депутаттар корпусының, өзге фракция мүшелерінің көбі қамтылмай қалуы мүмкін және азаматтардың көкейіндегі сұрақтарды журналистердің қою мүмкіндігі азайып кетуі әбден ықтимал.
Осы тұрғыдан өте орынды мысал келтірдіңіз: кейінгі жылдары үкімет мүшелері де журналистерден алшақтап кетті, тек өздеріне ыңғайлы журналистерді шақырып сұхбат беру көбейді. Тәуелсіз, еркін пікір айтатын, ыңғайсыз сұрақ қоятын журналистерді арнайы баспасөз жиындарына өткізбейтін жағдайлар жиілеп барады.
Бәлкім, Құрылтайда да осы жағдай орнауы мүмкін: баспасөз орталығы "тек мына сұрақтарды, тек бүгінгі тақырыпқа қатысты сұрақтарды қоясыңдар" деп журналистердің сөзіне, сұрағына модерация жасауға ұмтылуы ықтимал. Меніңше, бұл — Конституцияның сөз бостандығына қатысты бабына тікелей қайшы келетін, журналистердің еркін ақпарат жинауына және таратуына кедергі, мемлекеттік орган тарапынан қойылып отырған цензураға ұмтылыс.