Азаттық: Лаура ханым, Көкжайлау тау шатқалына шаңғы курортын салу жобасы бойынша бүгін өткен қоғамдық тыңдауға қандай баға бересіз? Шын мәніндегі қоғамдық тыңдау болды ма?
Эколог Лаура Мәлікова. 8 желтоқсан, 2025 жыл.
Лаура Мәлікова: Бірінші кезекте айта кету керек, Алматы қаласының айналасында Көкжайлау шатқалында шаңғы кешенін салу жобасы 2018 жылы қызу талқыланған. Бірақ 2019 жылдың қазанында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл мәселеге тоқтау қою керек, жабайы туризмді дамыту дұрыс емес" деген мазмұнда мәлімдеме жасаған. Дегенмен, биыл бұл жобаны қайтадан жүзеге асырғысы келіп отыр. Бүгін төрт қоғамдық тыңдау өтті. Таңғы 9-дан бастап, түскі сағат 3-ке дейін осы жоба бойынша бірнеше жерде талқы өткізген. Ол жердегі қоғам белсенділерінің, Алматы тұрғындарының айтып отырған сөзінің барлығы орынды. Ал жобаны жүзеге асыратын компания ол сұрақтарға нақты жауап берген жоқ.
Мысалы айналада тұратын тұрғындар вибрацияға қатысты пікірлерін айтты. "Ертең сол құрылыс жұмыстарының, вибрацияның салдарынан зардап шекпейміз бе?" деп сұрады. Олар нақты өлшемдерін көрсетудің орнына жалпылама жауаптар берді. Яғни оның үйдің тұрақтылығына қаншалық әсер ететінін айтқан жоқ.
Бұған қоса осы жобаны жүзеге асыру үшін 3 мыңдай ағаш кесіледі деді. Оның орнына егілетін ағаштардың түріне байланысты сұраққа толық жауап берілген жоқ. Яғни қоғамдық тыңдаулар орташа деңгейде өтті деп айтуға болады. Кейбір сұрақтар бойынша толық жауап берілген жоқ. Ал ұйымдастырушылар қоғамдық тыңдау жүзеге асты деп шешім қабылдап отыр.
Your browser doesn’t support HTML5
Күштеп шығару, бос тұрған зал. Қоғамдық тыңдау қалай өтті? — AzatNEWS l 26.05.2026
Азаттық: Бұл қоғамдық тыңдау үкімет бекітіп қойған жоспарға қандай да бір өзгеріс енгізе ме? Өйткені өткен сәуір айында премьер-министр Олжас Бектенов Көкжайлау құрылысы осы жазда басталып кететінін, биылдың өзінде сегіз көпір мен бірнеше шақырым жол салынатынын айтқан.
Лаура Мәлікова: Байқасаңыз, "естіуші мемлекет" концепциясын алсақ та, "заң мен тәртіп" концепциясын алсақ та, өкінішке қарай, биліктің өзі оларды жүзеге асырмай отыр. Оны мойындау керек. Мәселен, Астанада іске қосылған LRT бойынша да қоғамдық тыңдау бүгін өтті. Ол жоба салынып қойған, ал тыңдау бүгін өтіп жатыр. Осының өзі заң жүзеге аспай отыр дегенді білдіреді. Яғни биліктегілер өз жоспарын жасап алып, сосын оны тек заңдастыру үшін ғана қоғамдық тыңдау өткізетін тәрізді.
Азаттық: Көкжайлауға курорт салу керек дейтін биліктің ұстанымы қазір айқын. Біріншіден, туризмді дамыту арқылы экономикалық пайда табу, жұмыс орындарын ашу. Екіншіден, Алматыда тауға шығатындар жыл өткен сайын көбейе береді, бәрібір адам ол жаққа көп барады. Қауіпсіздік үшін, тәртіппен бақылау үшін керек дейді. Сіздер, құрылысқа қарсы тарап, Көкжайлауда тау шаңғы курортын салуға қандай шартпен келісер едіңіздер?
Лаура Мәлікова: Мен қарсымын деп айта алмаймын. Жалпы туризмді дамыту керек, себебі мұнай кен орындарының көбі төртінші сатыда тұр, яғни олар – сарқылып жатқан ресурс. Басқа жаңа кен орындары да көп ашылып жатқан жоқ. Сондықтан бізде экономиканың басқа бағыттарын дамыту керек. Оның бірі – туризм, соның ішінде экотуризм саласы. Сондықтан мұндай жобалар жалпы экономикаға керек.
Дегенмен "керек екен" деп бас салып, "шаш ал десе бас алып", бәрін төңкеріп, қопарып, құрылыс салу дұрыс емес. Бізде нақты нормалар, нақты талап бар. Мұндай жобаларды сол талаптар бойынша тиісті есептер жүргізіп, барлық қауіпсіздік шарттарын алдын-ала орындап іске асыру керек. Бұл жобаларға біздің қояр басты талабымыз – осы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Үкімет Алматы тау кластерін дамытпақ. Одан экожүйеге қандай қауіп бар?Азаттық: Көкжайлау туралы айтқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын айтпай кету мүмкін емес. Президент биыл қаңтарда "Түркістан" газетіне сұхбатында "экобелсенділер пиармен айналысады, олардың шын мәнінде табиғатқа жаны ашымайды, бәріне қарсы бола береді" деген. Алайда 2019 жылы президент бұл Көкжайлау жобасын керек емес деп, тыйым салған. Президенттің көзқарасы неге бұлай өзгерді деп ойлайсыз? 2019 жылғы сөз сол кездегі наразы көңіл-күйді басу үшін айтылған саяси тәсіл болғаны ма?
Лаура Мәлікова: Меніңше, сайлау науқаны кезінде Алматы тұрғындарының қолдауын алу үшін президент сондай сөз айтқан болар. Бірақ қазіргі уақытта ресурстар сарқылып, жаңа салық кодексі қабылдануына байланысты шағын және орта бизнесте тоқырау болып жатқан қазіргі жағдайда үкімет экономиканың басқа секторларын да дамыту бағытында осындай туристік жобаларды қолдап жатыр. Мысалы көрші ел Қырғызстанның өзін немесе Дубайды алсақ та, олар туризмнің арқасында көп табыс тауып отыр. Бұған геосаяси жағдай да, урбанизация деңгейі де, халықтың сұранысы да әсер етті деп ойлаймын.
Ал президенттің айтқан сөзіне келетін болсақ, ол пікірге келісу қиын. Себебі экобелсендердің басты мақсаты мен міндеті және қоятын талабы – заңға сәйкес жұмыс жасау. Қазір билік өкілдерінің өзі заңды өрескел бұзып отыр. Олар LRT жобасы бойынша да, Көкжайлау бойынша да [экологияға әсер ететін жобаларға қатысты ақпаратты ашық жариялауды талап ететін, Қазақстан ратификациялаған] Орхус конвенциясын бұзып отыр. Көкжайлауда құрылыс әлі басталған жоқ. Дегенмен олардың жүргізген есептері, берген жауаптары толық емес. Сұрақтар қойылды, бірақ берген жауаптары толық емес. Сондықтан экология кодексінің талаптарына сәйкес олар осы жобаларды қайта пысықтап, қайтадан қоғамдық талқыға шығару керек. Төрт жобаға бөлмей, жалпы кешенді әсері қандай болады, соны көрсету керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Жарты сағат талқылап, жарты ғасырға жалға берді". Ұлттық парк жері кімнің қолына өтті?Азаттық: Көкжайлау шаңғы курортының қоғамдық тыңдауында байқағанымыз кейбір адамдар "Алматыға мұндай курорт мүлде қажет емес, табиғатты тұмса күйінде қалдыру керек, ұзақ жылдан кейін оның зардабы ауыр болады, ол маңдағы экология бұзылады, мұздықтар ериді" деп, бұл жобаға мүлде қарсы шығатындар бар. Ондай уәждерге келісуге бола ма, қалай ойлайсыз?
Лаура Мәлікова: Жалпы ондай уәждерге келісуге болады. Себебі қазір Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қырғызстанда таудағы мұздықтар үлкен жылдамдықпен еріп жатыр. Туризм мақсатындағы мұндай жобалар оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Оның үстіне 3 мыңға жуық ағаш кесілейін деп жатыр. Яғни бұл жерде табиғатқа келетін зияны бар.
Дегенмен, әңгіменің басында айтқанымдай, мұнай-газ, тау-кен өндірісіндегі жобаларда ресурстар азайып жатыр. Сондықтан билік экономиканы дамыту мақсатында басқа салаларға, соның ішінде туризмге көңіл аударып жатыр. Экономикалық тұрғыда мұндай жобалар керек болғандықтан оны жүзеге асырмақшы.
Азаттық: Экономикалық пайдасы экологиялық зардабын жойып, орнын толтыра ала ма?
Лаура Мәлікова: Шымбұлақпен салыстыратын болсақ, оны салғанда да мемлекет қаражаты қолданылған. Бұл жобаға да Қазақстан даму банкінен қаражат алып жасайын деп жатыр екен. Ол жоба соншалық қаражат әкеледі дегенге өз басым сенбеймін. Ол жоба қысқа мерзімде экономикалық тұрғыда керемет болады деп айта алмаймын. Бірақ, меніңше, орта және ұзақ мерзімде ол жоба Қазақстанның, Алматының экономикасына керек. Себебі Алматыдан кейбір университеттер Алатау қаласына көшіріледі. Қаржы орталығынан да кейбір институттар көшірілетін шығар. Сондықтан Алматы қаласының табысы төмендеуі мүмкін. Осындай туризм жобаларын дамыту арқылы соны қалпына келтіруге тырысады деп ойлаймын.