Экономист: Зейнетақы қорынан ақша алу бастамасы үй бағасын өсіріп, инфляцияны үдетті

5 маусымнан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланудың жаңа ережесі күшіне енді. Сөйтіп жинақтағы пайдалануға берілмейтін міндетті шекті сома 80 пайызға өсті. Сарапшы зейнетақы қорынан ақша алу бастамасы, қазіргі өзгерістердің бәрі нарыққа, халықтың жағдайына кері әсер етіп жатыр деп санайды.

ЖАҢА ШАРТ

Зейнетақы қорынан ақша алудың жаңа ережесі бойынша, 20 жастағы салымшының зейнетақы қордағы ең төменгі сомасы 6 млн 670 мың теңге болуы керек. Салымшы осы сомадан асқан ақшаны ғана ала алады. Әр жас сайын жинақ ақшаның ең төменгі шегі көтеріле береді. Мәселен, 30 жастағы салымшының ең төменгі сомасы 9 млн 750 мың теңге, ла 40 жастағы салымшыныкі – 13 млн 370 мың теңге болуы шарт.

Бұрын минималды сома мөлшері әлдеқайда төмен болған. Жаңа ереже қазір халық арасында қызу талқыланып жатыр.

Зейнетақы қорындағы ақшаны халыққа пайдалануға беру туралы бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2020 жылы көтерген еді. Ал 2021 жылдан бастап салымшыларға баспана жағдайын жақсартуға, ем-домға өз зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілген. Сол кезде Тоқаев бұл қадам азаматтардың ең өзекті әлеуметтік проблемаларын шешіп, олардың зейнетақы жүйесіне деген сенімін нығайтады деген.

Биліктің бұл бастамасынан соң халық зейнетақы жинағындағы ең төменгі жеткілікті шектен асқан бөлігін емделуге, баспана жағдайын жақсартуға не өзге де мақсаттарға жұмсап келді. Бұл бағдарлама басталғалы бері азаматтар зейнетақы қорынан шамамен 5,8 трлн теңге алған. Мұның басым бөлігі — баспана алуға, ипотека төлеуге жұмсалған. Ал екінші орында — медициналық қызметтер, оның ішінде тіс емдету шығындары тұр.

Your browser doesn’t support HTML5

Зейнетақы дауы, белсенділердің ісі, зілзала салдары — AzatNEWS/09.06.2026.

Бағдарлама халық арасында үлкен сұранысқа ие болып, миллионға жуық адам зейнетақы қорынан жиынтығы триллиондаған ақшаны алып алды. Алайда былтыр Қазақстан билігі алаяқтық схемалар мен асыра пайдалану оқиғаларының жиілеуіне байланысты зейнетақы ақшасын тіс емдеуге пайдалануға уақытша тыйым салды. Сол кезде Қаржы мониторингі агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған құжаттар арқылы, стоматологиялық қызмет көрсету үшін алынды деген қитұрқы тәсілмен 200 млрд теңгенің заңсыз шығарылғанын анықтаған.

Қазір үкімет пен БЖЗҚ ақшаны ерте алу келешек жинақты азайтып, азаматтарды зейнетақымен қамту мәселесін тығырыққа тіреуі мүмкін деп отыр.

"Төменгі жеткілікті шек мөлшері салымшының жасына қарай 79 пайызға және одан да жоғары шамаға өсті. Бұл олардың зейнетақы жинақтарының шотта сақталып, әрі қарай инвестициялануын қамтамасыз етеді және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің едәуір артуына мүмкіндік береді" деп мәлімдеді Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

"МӘСЕЛЕ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫНЫҢ ТӨМЕНДІГІНДЕ"

Азаттық зейнетақы қорынан ақша алудың шегі өсіп жатқан тұста экономист Мақсат Халықпен зейнетақының бір бөлігін мерзімінен бұрын алудың нарыққа әсері, халыққа тиімділігі мен кейінгі шешімнің салдары туралы сұхбаттасты.

Азаттық: Үкімет бұл реформаны "азаматтардың пәтер алуына көмектесу" деп түсіндірді. Бірақ зейнетақы жарнасының артылғанын көбіне табысы жоғарылар игере алды емес пе? Өкімет керісінше экономикалық теңсіздікті одан әрі тереңдетіп жіберген жоқ па? Бұдан әл-ауқаты төмен, тұрақты табысы жоқ азаматтар ұтты ма?

Экономист Мақсат Халық

Мақсат Халық: Менің ойымша, ең негізгі мәселе – зейнетақы шегінің жоғарылығында емес, халықтың табысының төмендігінде. Мемлекет осындай саясат жүргізіп, шектерді өсіріп жатса, ол бірінші кезекте халықтың табысын ұлғайтумен, өмір сүру сапасын жақсартумен, төлем қабілетін қалпына келтірумен жүзеге асуы керек. Содан кейін ғана мұндай межелерді көтерсе, халық оны ауыр қабылдамайды деп есептеймін.

Азаттық: Үкімет кейінгі бірнеше айда зейнетақы қорынан ақша алудың шегін бірнеше рет өзгертіп, қазір жоғары деңгейге көтерді. Сіздіңше бұл биліктің бастапқы шешімінің қате болғанын мойындау ма?

Мақсат Халық: Қазір қарасақ, солай айтуға болады. Өйткені бұған дейін белгілі бір деңгейде қолжетімді шек қойылған еді. Біз бастапқы шек бес жыл өзгермесін деп ұсынғанбыз. Сол бес жылдың көлемінде халықтың табысын арттырайық дегенбіз. Зейнетақы қорынан ақша алу керісінше нарықтағы бағаның жылдам өсуіне алып келді және кейінгі бес жылда елде нақты инфляция 72 пайыз болған. Ресми статистикада инфляция бұдан төмен болуы мүмкін, бірақ бейресми инфляция – осы 72 пайыз. Ал халықтың нақты табысы он пайыз ғана өскен. Әрине, мұның бәріне импорттық инфляция, сырттан келген қымбатшылық, геосаяси факторлар әсер етіп жатыр. Бірақ зейнетақы қорында жатқан ақша нарыққа шықты да, белгілі бір дәрежеде баға өсіміне ықпал етті. Яғни, инфляцияны үдеткен фактор болды.

Азаттық: Зейнетақы жинағынан ақша алу басталғанда елде үй бағасы бірден өсіп кетті. Әсіресе Астана мен Алматыда қолайлы, жайлы аудандарда пәтер бағасы екі есе өсті деген мәліметтер бар. Мұның халыққа қандай салдары болды?

Мақсат Халық: Расымен, зейнетақы қорынан ақша алу пәтер бағасының өсуіне алып келді. Өйткені көп азамат бірден зейнетақы қорындағы ақшасын алып, үй сатып ала бастады. Кейбір адамдар ақшаны шығарып алу мақсатында туысқандарына үй ала бастады. Жалпы айтқанда, көрінбейтін ақша нарыққа шыға бастады. Бұл ақша жалпы елдегі қымбатшылыққа, халықтың төлем қабілетінің әлсіреуіне, өмір сапасының төмендеуіне алып келді деуге негіз бар. Бұған қоса, "Отбасы банкке" жылдап ақша жинап, бастапқы жарнасын енді төлеймін, үй аламын деп жатқандар қолайсыз жағдайға тап болды. Себебі үй бағасы шарықтап кетті. Қазір енді көп адам зейнетақы қорынан ақша ала алмайды. Бұл құрылыс нарығына да кері әсер етіп, жаңадан салынған үйлерге сұраныс төмендеп кетуі мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Билік зейнетақы қорынан ақша алуды неге қиындатып жатыр? Сарапшымен сұхбат