"Халықтық құрылыс" қаражатын жұмсауды бақылайтын мемлекеттік комиссия құрылды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауын жариялап тұр. Астана, 28 қазан, 2026 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті. Оған мемлекеттік органдар басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлердің және бизнес қауымдастықтың өкілдері енді деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент жарлығында мемлекеттік комиссияның міндеті – бағдарлама жобаларының уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу екені айтылған.

Бағдарламаны іске асырудың жоспарлау мен қаражатты бөлуден бастап, нысандарды нақты пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңі бақылауға алынады делінген ресми ақпаратта.

Комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізіп, қауіп-қатер бар-жоғын зерделейді және кемшіліктерді жою жөнінде шаралар әзірлейді. Жүргізілген мониторинг бойынша ел президентіне тоқсан сайын және жылдық есеп ұсынады.

Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді.

Биыл қазанда халыққа жыл сайынғы жолдауын жариялағанда президент Тоқаев елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын бастайтынын мәлімдеп, оны "Халықтық құрылыс" деп атаған. Үкімет 2027-2029 жылдары бұл мақсатқа Ұлттық қордан 11,9 трлн теңге алынатынын хабарлады.

Тоқаевтың сөзінше, "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында елдің барлық өңірінде әлеуметтік нысандар – мектеп, аурухана, емхана, ерекше мұқтаждығы бар балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және өнер ошақтары, спорт орталықтары, сондай-ақ тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартатын өзге де инфрақұрылым нысандары салынбақ.

Президенттің бұл бастамасы туралы пікір білдірген кей сарапшылар бағдарламаға қазынадан бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау нәтижелі болу үшін оған қоғам өкілдерін де қатыстырып, ақшаның қайда, не үшін жұмсалғаны туралы ақпарат ашық болғаны қажет деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Бақылаушы көбейген сайын жемқорлық та көбейе береді". Экономистпен сұхбат