"Хочу жить" жобасы: Ресей соғысқа Орталық Азиядан 20 мыңнан астам жалдамалы тартқан

Ресей армиясы қатарындағы шетелдік жалдамалылардың әрбір екіншісі дерлік – Орталық Азияның бес елінің бірінің азаматы. Мұндай деректі Украинаның "Хочу жить" мемлекеттік жобасы хабарлады.

Жобаның мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша, Ресей Украинаға қарсы ашқан соғысқа Орталық Азия мемлекеттерінің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстанның 20 437 азаматын тартқан. Бұл Ресей армиясы сапындағы анықталған барлық шетелдік жалдамалылардың 44 пайызына тең.

"Хочу жить" жобасы аймақтағы бес мемлекеттен Украинадағы соғысқа тартылған жалдамалылардың жиынтық саны Тәжікстан армиясының құрамынан да асып түсетінін атап көрсеткен.

"Кейінгі жылдары Ресей бұл аймақтан адам жалдау ауқымын айтарлықтай кеңейтті. 2025 жылы Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған бес мемлекет азаматтарының саны оның алдындағы жылғы көрсеткіштен екі есеге асып түсті", – деп хабарлады "Хочу жить".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

19 жастағы қазақстандықтың анасы "Ресей ұлымды күштеп майданға жіберуі мүмкін" деп көмек сұрады – медиа

Жоба Орталық Азия елдері бойынша жалдамалылардың нақты санын да келтірген:

  • Өзбекстан – 2022 жылдан бері Украинаға қарсы соғысқа 8 207 адам;
  • Тәжікстан – 5 308 адам;
  • Қазақстан – 3 819 адам;
  • Қырғызстан – 2 219 адам;
  • Түркіменстан – 884 адам тартылған.

Биыл сәуір айында "Хочу жить" жобасы Орталық Азиядан соғысқа тартылғандар саны 12 мың адамнан асқанын хабарлаған еді.

Жоба авторлары Орталық Азия елдерінің үкіметтері "Мәскеуден өз азаматтарының тағдыры туралы жауап талап етіп, олардың соғысқа қалай тартылғанын анықтауы және Ресей соғысқа салған азаматтарын елге қайтару шараларын қабылдауы қажет" деп есептейді.

Орталық Азия елдері Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығына қатысты бейтарап ұстаным сақтауға тырысып, ежелгі одақтасы Мәскеуді ашық сынаудан тартыншақтайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Анашым, мені құтқарыңызшы". Ресей әскерінде жүрген тағы екі Қазақстан азаматы көмек сұрап отырАстана Мәскеуге Ресейде әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болған қазақстандықтар жайлы нота жолдағанУкраинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқан 339 қазақстандық қаза тапқан – ВВСӨзбекстанда 2022 жылдан бері "шетелдегі соғысқа қатысқандарға" қарсы 338 қылмыстық іс қозғалған"Отбасымды көргім келеді". Украинаға тұтқынға түскен Орталық Азия тумаларының көмек сұраған дауысы неге естілмей қалып жатыр?