Ирандағы қыздар мектебін АҚШ атты ма? Пентагон Конгресске есеп бермек

Минаб қаласындағы қыздар мектебінің Иран мемлекеттік телеарнасы таратқан видеосынан скриншот. 28 ақпан, 2026 жыл.

Пентагон жақын күндері Ирандағы қыздар мектебіне шабуыл бойынша АҚШ Конгресіне тергеу мәліметтерін береді. Азаттық радиосының дереккөзі мектепке АҚШ зымыран атқан болуы мүмкін деген болжамның "жаны бар" дейді.

Соңғы күндері Ирандағы қыздар мектебіне АҚШ зымыран атқан болуы мүмкін деген болжам күшейген. АҚШ әскері ескі барлау мәліметтеріне сүйеніп, қателік жіберген болуы мүмкін делінеді. Болжам бұл оқиғадан хабары бар екі ресми тұлғаның берген дерегіне негізделген. Бірақ бұл болжамның өзі соңғы тұжырым емес дейді олар.

Азаттыққа 11 наурызда аноним түрде ақпарат берген ресми адамдардың айтуынша, тергеу жүріп жатыр, олар The New York Times, Reuters және басқа да ақпарат құралдарында жарияланған шабуыл ескі мәліметке сүйеніп жасалған деген тұжырымды растай да, терістей де алмайды. Дегенмен, алдын ала мәлімет бойынша, бұл болжамның жаны бар болуы ықтимал.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы шабуыл бастаған 28 ақпанда Минаб қаласындағы Шажара Тайебе қыздар бастауыш мектебіне зымыран түскен. Жергілікті басшылықтың мәліметі бойынша, шабуыл салдарынан кемі 175 адам, оның ішінде 168 бала қаза тапты.

ЕСКІРГЕН БАРЛАУ МӘЛІМЕТІ

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет және Американың басқа да лауазымды тұлғалары Вашингтон бейбіт тұрғындарды әдейі нысанаға алмайтынын атап өткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тыныштық сәтінің өзі қорқынышты". Ирандықтар шабуылдан үрейленеді

АҚШ президенті Дональд Трамп бастапқыда шабуылға Иран жауапты деген. 11 наурызда шабуылды АҚШ жасауы мүмкін деген күдік күшейіп, журналистер қайта сұрақ қойғанда Трамп бұл оқиға туралы пікір айту үшін жеткілікті ақпараты жоқ екенін, бірақ тергеу қорытындыларын мойындайтынын мәлімдеген.

Қайғылы оқиға АҚШ-тың кесірінен болғаны расталса, онда бұл соңғы жылдардағы Америка күштерінің қатысуымен бейбіт тұрғындар ең көп өлген қанды оқиғаның бірі болмақ.

Бұдан бұрын алдын ала қорытындылармен таныс екі дереккөз Reuters агенттігіне АҚШ Орталық қолбасшылығы офицерлері пайдаланған деректер ескірген барлау мәліметтеріне негізделген болуы мүмкін екенін айтқан. Нысананы көздеу кезінде неге ескі ақпарат пайдаланылғаны, ол мәлімет соққы берілмес бұрын неге тексерілмегені әзірге белгісіз.

Мектеп вебсайтының ескі архив нұсқасына қарасақ, оның ғимараты елдің рухани көсеміне тікелей бағынатын Ислам революциясы сақшылары корпусына (ИРСК) тиесілі нысанның қасында тұрғанын көреміз.

Тергеушілер әскери нысандар мектептің қасында орналасқан кездегі ескі барлау мәліметтері әскерилердің қателесуіне негіз болды ма, жоқ па, соны анықтап жатыр.

Пентагонның ресми өкілі тек "оқиға тергеліп жатқанын" ғана айтып, тергеудің алдын ала қорытындысы бойынша пікір айтудан бас тартты.

Дегенмен ресми адамдар жақында конгрессмендерге алғашқы қорытындыларын беретінін айтты. "Нысана көздеуде қате кеткен болуы мүмкін деген болжамдар бар, – деді бір лауазымды адам Азаттыққа. – Бірақ тергеу әлі жалғасып жатыр, тергеушілер жұмысын бітіргенше нақты тұжырым жасау ерте".

КОНГРЕСС ҚЫСЫМЫ

Ақпарат құралдарында шыққан материалдар Капитолийде бірден наразылық тудырды, Конгресс мүшелері іске қатысты барлық мәліметті жариялауды талап етті.

Джин Шахин, Крис Ван Холлен, Тим Кейн, Элизабет Уоррен және Брайан Шац бастаған 46 демократ-сенатор Хегсетке жылдам тергеу жүргізуді талап етіп хат жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Күрт өсіп кеткен мұнай бағасы Трамптың "соғыс жуырда аяқталады" деген сөзінен соң сәл түсті

Сенаторлар тергеу де, оған қатысты қабылданатын шешімдер де жылдам жүргізілуі керегін айтты және АҚШ бұл оқиға үшін халықаралық гуманитарлық құқық шеңберінде жауапты екенін ескертті.

Сенатор Шацтың айтуынша, АҚШ күш қолдануға жеңілтек қарамауы керек және бейбіт адамдардың қазасына қол сілтей салуға жол берілмейді. Оның айтуынша, бұл қасіреттің "моральдық та, стратегиялық та салдары" үлкен болуы мүмкін.

Демократтардың бұл үндеуін Республикалық партияның Конгресстегі кей өкілдері де қолдады. Джон Кеннеди "АҚШ жіберген ықтимал қателік үшін" журналистерден кешірім сұрады.

Оқиғаны "қасірет" деп сипаттаған Кеннеди АҚШ бейбіт адамдарды ешқашан әдейілеп нысанаға алмайтынын, ал қорғаныс министрлігі нақты болғанын анықтауы керегін айтты. Ал Республикалық партия атынан сайланған сенатор Том Тиллис АҚШ-тың ісі болса, мұны жайдан-жай қалдыруға болмайды деді.

"Ең жаманы – түк болмағандай қарап отыру", – деді ол.