"Путин үшін соғысқым келмейді". Мобилизациядан қашып, Ақтөбеге келген ресейліктер не дейді?

Жайсаң автоөткелі арқылы Қазақстан аумағына кірген ресейліктер мен оларға көмек көрсетіп жүрген ерікті. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Қазақстанның батысындағы Ақтөбе өңірі мен Ресейдің Орынбор облысы арасындағы шекараның күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанына бір аптадан асты. Ресей президенті Владимир Путин мобилизация жариялаған соң Ақтөбе қаласынан 100 шақырым жердегі Жайсаң автоөткелінде абыр-сабыр басталды. 21 қыркүйектен бері Ақтөбе облысына шекарадан 23 мыңға жуық ресейлік өткен. Азаттық тілшісі 28 қыркүйекте Ақтөбе облысы мен Ресей арасындағы шекарада бір күн бойы болып, жағдаймен танысты.

"РЕСЕЙ ХАЛҚЫНДА ТАҢДАУ ҚАЛМАДЫ"

Жайсаң автоөткелінің маңы бір аптадан бері ығы-жығы адам. Бұрын да қатаң бақыланатын автоөткелдің Қазақстан жақ бетін қазір қарулы жасақ күзетіп тұр. Құжатыңыз түгел болса Ақтөбеден Орынборға қарай өтудің еш қиындығы жоқ. Көлік нөпірі де аса көп емес. Ал Орынбордың Сагарчин автоөткелінде кезек күтіп, Ақтөбенің Жайсаң бекетіне қарай өткісі келетін көліктердің ұшы-қиыры көрінбейді.

Ресейдегі мобилизациядан қашқандар шекараны жаяу-жалпылап та, жеке көлігімен де, жолаушы автобусымен де кесіп өтіп жатыр. Қазақ жеріне келіп жатқан ресейліктердің көңілі пәс, айналасына үрке қарап, бейтаныс адамдармен сөйлеспеуге тырысады. Күні-түні кезекте тұрып, әбден қажыған жұрт ауыр рюкзак-шабаданын әрең көтеріп келе жатыр.

Кремль мобилизация жариялағаннан кейін Қазақстанға қашып өткен ресейліктер. Жайсаң автоөткелі, Ақтөбе облысы. 28 қыркүйек 2022 жыл.

Ресейдің Нижний Новгород облысы Княгинино қаласының тұрғыны Анна Михайлованың сөзінше, күйеуі екеуі жеке көлігімен Орынборға дейін мың шақырымнан аса жол жүріп келген. Ерлі-зайыптыға Орынборға жетуден гөрі шекарадан өту анағұрлым қиынға түскен. Анна Михайлова шекараның Ресей жақ бетінде кезекте тұрған көліктердің басынан аяғына дейін 15-18 шақырымға жететінін айтады.

Княгининодағы инженерлер мен экономистер дайындайтын университет оқытушысы Анна Михайлова мен жұбайы, "Ростелеком" инженері Алексей Михайлов Путин Украинадағы соғысқа қосымша күш жіберу үшін "ішінара" деп атаған әскери мобилизациядан қашып келгенін жасырмады. Ерлі-зайыпты екеуі бастауыш сыныптағы қос қызын ата-әжесіне тастап, Қазақстанға жолға шыққан.

Ресейлік Анна Михайлова Кремль әскери мобилизация жариялағаннан кейін балаларын ата-анасына тастап, жұбайымен бірге Қазақстанға қашып келіпті. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

– Ресей халқында таңдау қалмады. Не соғысқа барасың, не түрмеге түсесің, не біз сияқты алды-артыңа қарамай қашасың. Біз Ресейден қашып келеміз. Өйткені күйеуім аз ұлттардың мекені – Чувашиядан. Әрі әскери билетінде "байланысшы" деп жазылған. Ол да, мен де Украинамен соғысуды қаламаймыз. Ешкімді өлтіргіміз келмейді. Билік "арнаулы операция" деп атаған соғысқа о бастан қарсы едік. Ресейдің Қырымдағы саясатын да ешқашан қолдаған емеспіз. Украинадағы "референдум" біз үшін – бөтен елдің жерін заңсыз иемдену. Бірақ біз тұратын шағын қалада мемлекеттік пропаганда миын әбден улап тастаған адам көп. Олар кіммен болсын соғысуға дайын, тіпті ұлдарын да соғысқа жіберуден қашпайды. Нижний Новгород облысындағы әскери комиссарлар жұртқа түнгі сағат екіде соғысқа шақырту жіберіп, таңғы сегізде әскерге әкете бастады, – дейді Анна Михайлова.

Ерлі-зайыпты Қазақстанның қай қаласына барып тұрақтайтынын нақты білмейді. Ресеймен шекаралас Ақтөбеге жетіп, біраз күн тыныққан соң түпкілікті шешім қабылдамақ. Михайловтар отбасы жолға өздерінің ескі "Жигулиімен" шыққан. Зауыттан шыққанына жиырма жылға жуықтап қалған ВАЗ-2107 маркалы көліктің алдыңғы панеліне Құдай-ана бейнесі салынған суреттер жапсырылыпты.

Мәскеу жариялаған мобилизациядан Қазақстанға қашып келген ерлі-зайыпты ресейліктердің автокөлігіндегі Құдай-ана бейнеленген жапсырма суреттер. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Азаттық тілшісінің камераны соған қарай бұрғанын байқаған Анна шешесі үйреткен дұғаны үш тәуліктен бері әлсін-әлсін іштей қайталап келе жатқанын айтты.

– Аса діндар адам емеспін. Оның үстіне Ресейде кейінгі жылдары шіркеу жұмысына саясат араласып, халықтың сенімінен шыға бастады. Бәлкім шалғай деревнялардағы шіркеулерде құдайына қараған дін қызметкерлері бар да шығар. Ірі қалалардан саясатпен былғанбаған шіркеу таппайсың, – деп күрсінді жолдан әбден шаршап, қалжырағаны көзінен білінетін әйел.

Мобилизациядан қашқан ресейліктер арасында Анна Михайлова секілді пікірін ашық айтатындар некен-саяқ. Ресейліктер бейтаныс адаммен сөйлеспеуге тырысады. Сыпайылық танытып, тілдесе қалса әр сөзін екшеп, асқан сақтықпен сөйлейді. Басым көпшілігі Украинадағы "референдум", "ішінара" мобилизация туралы сұрақтардан ат-тонын ала қашады.

"АРНАУЛЫ ОПЕРАЦИЯНЫ" БАСТАҒАН МЕН ЕМЕС"

Әйел, бала-шағасы Ресейде қалып қойған ересек азаматтар "жағдай тынышталған соң елге ораламын" деген үміті барын айтады. Яғни, Қазақстанның Ресеймен шекаралас қалаларында, болмаса Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларға барып, әліптің артын баға тұрмақ. Ал жастар жағының көздегені – алыс шетел.

Кремль жариялаған әскери мобилизациядан қашқан Дондағы Ростов қаласының тұрғыны Никита компьютер маманы екенін, Қазақстан арқылы Сербияға кеткісі келетінін айтады. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

– Сербияға кетуді бұрыннан жоспарлап жүргем. Мына жағдай тез шешім қабылдауға итермеледі, дейді Дондағы Ростов қаласынан келген Никита. – Ростовта компьютер бағдарламаларын жасайтын маман едім. Тап қазіргі Ресей қоғамында көздеген мақсатыма жете алмасымды білгендіктен Балқан түбегіне кетіп барамын. Ендігі жерде Ресейде қалудың еш мәнісі жоқ әрі өте қорқынышты. Менен гөрі ересектеу туыстарыма бұл шешімім төбеден түскендей әсер етті. Олар Ресейдегі ахуалды әлі де басқаша бағалайды.

Ал Мәскеуден қашқан Тимур Ақтөбеде бір аптадай аялдап, Таиландқа кетпек. Айтуынша, әпкесі біраз жылдан бері сол жақта тұрып жатыр. Өзі мобилизация жарияланғанға дейін Мәскеудегі алкоголь өнімдерін шығаратын ірі компания менеджері, одан бұрынырақ біраз жыл бармен болып істепті.

Кремль жариялаған әскери мобилизациядан қашып, Қазақстанға келген Тимур Мәскеуде менеджер, оның алдында бармен болып істепті. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

– Таиландтан бармен жұмысы табылады деп ойлаймын. Ал мобилизацияға келер болсам, түбегейлі қарсымын! Украинаға барып, "арнаулы операцияны" бастаған мен емес. Кезінде әскер қатарында болып, отан алдындағы борышымды өтедім. Сондықтан арым таза, – дейді Тимур.

"Путин үшін соғысқым келмейді" дейді Санкт-Петербург қаласының тұрғыны Андрей. Кремль әскери мобилизация жариялағаннан кейін Қазақстанға кетуді ұйғарған ол Ресейде жағдай түзелген соң үйіне оралатынын айтады. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

– Путин үшін соғысқым келмейді. Сол себепті елден кетіп барамын. Отанымды сатпаймын! Ешқашан да сатқан емеспін. Жуық арада жағдай өзгереді, Ресейге ораламын деп үміттенемін, – дейді Санкт-Петербургтен келген Андрей.

Дондағы Ростов қаласының Никита есімді тағы бір тұрғыны дәл қазіргі статусы қандай екенін өзі де білмейді. "Еңбек демалысына шыққан едім. Сірә, Қазақстанға турист ретінде, зерттеуші ретінде келген болармын. Мен мұны көрші елді зерттеуге берілген мүмкіндік деп бағалап отырмын" дейді ол.

"Қазақстандықтардың мойнына масыл болатындай ойым жоқ. Қашықтан жұмыс істеп, өзімді асырай аламын. Шовинист те емеспін" дейді Дондағы Ростов қаласынан келген Никита. Кремль әскери мобилизация жариялағаннан кейін жас жігіт Ресейден Қазақстанға кеткен. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

– Әрине, Ресейдегі жағдайға байланысты көңілімде үрей де жоқ емес. Бірақ қазақстандықтардың мойнына артылып масыл болатындай ойым жоқ. Қашықтан жұмыс істеп, өзімді асырай аламын. Шовинист те емеспін, – дейді Никита.

Ресей мобилизациядан қашқандарға іздеу жариялай қалған жағдайда Қазақстан үкіметі ең алдымен шекаралас аймақтарға қоныстанғандарды қайтарып беретін шығар деп қауіптенеді Қазақстанға келген ресейліктердің кейбірі. Сондықтан мүмкіндігінше шекарадан алысырақ болғысы келетіндер де бар.

"БАЛАЛАРЫМ ЖЕТІМ ҚАЛҒАНЫН ҚАЛМАЙМЫН"

Үш баласымен Мәскеуден қашып шыққан Елена осының бәрін саралай келе Бішкекті бетке алған. Орынбор мен Ақтөбенің ортасындағы шекараны кесіп өту үшін 18 сағат кезек күткен әйел күйеуі көлік дөңгелегін ауыстырғанша далада ойнап жүрген кішкентай екі ұлының қасында тұр. Алты жасар Матвей мен төрт жасар Гордей шекараның Қазақстан жақ бетіндегі шұңқырға тас лақтырып, алаңсыз асыр салып жүр.

Мәскеу тұрғыны Елена Кремль әскери мобилизация жариялағаннан кейін кәмелетке толмаған үш баласын алып, жұбайымен бірге Қазақстанға қашып келген. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

– Күйеуім екеуміз де дәрігерміз, әскери міндетті адамдармыз. Қол қусырып отыра бергенімізде соғысқа алдымен күйеуімді, сосын мені әкетер еді. Балаларым жетім қалғанын қаламаймын, сондықтан Ресейден кетуге мәжбүрмін. Мәскеуде дәрігерлер соғысқа шақырту ала бастады. Кардиолог болып істейтін жалғызбасты әйел екі қызын әпкесіне тастап, соғысқа кетті. Соны көре тұра қалай отыра бересің? Әрине, шешім қабылдау оңай болған жоқ. "Кетпеңдер! Мигранттарды ешкім де ұнатпайды. Жат жерде қысым көресіңдер, "отанын сатқандар" деп балаларыңды түртпектеуі мүмкін" дегендер де болды. Осылардың болашағы үшін жылдам шешім қабылдап, 7-сыныптағы қызым мектептен оралған бойда кетіп қалдық. Кішкентайлар не түсінсін? Машинада музыка қосылса бітті, жол бойы билеп келеді. Балаларымның бейқамдығына қарап, "отанымды саттым", "туған жерімнен бас тарттым" деген ойлардан бір уақ арылғандай боламын, – дейді Елена.

Мобилизациядан қашқан ресейліктер арасында ішінара болса да әйелдер кездесіп қалады. Арасында аяғы ауыр да, бала жетектеген де бар. Шекарадан өту үшін сағаттап кезек күткен әйелдер балаларының қарны ашып, тоңған сәтін суреттегенде көз жасына ерік береді. Жол азабы мен ой азабы қажытқан.

Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы Жайсаң автоөткелі маңында тұрған такси жүргізушілері. Ақтөбе облысы. 28 қыркүйек 2022 жыл.

Шекара маңында такси көп. Шекарадан қалаға жеткізу құны да бұрынғыдан қымбат. Соғысқа барудан қашқан ресейліктерге ақтөбелік еріктілер де көмектесіп жүр.

Желі көмегімен бір-бірін тауып, ресейліктерге қол ұшын беріп жүрген еріктілердің бұл алғаш рет белсенділік көрсетуі емес. Ақтөбе еріктілері пандемия кезінде де, балалар жоғалған сәттерде де жылдам жұмыла қояды. Экологияны қорғауға үндейтін акциялар кезінде де бір кісідей ауызбіршілік танытып жүр.

Кремль жариялаған мобилизациядан қашып, Қазақстанға келген ресейліктерге ас-су тасып, басқадай да көмек көрсетіп жүрген ақтөбелік еріктілер. Жайсаң автоөткелі, Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Бұл жолы да бірнеше ұйым облыс орталығындағы бір турист агенттігінің кеңсесін штаб етіп, Ресей азаматтарына уақытша баспана табуға, кәсіпкерлер ұсынған тегін офистерді жатақхана етіп жасақтауға атсалысқан. Агенттік менеджері Шолпан Есалиеваның айтуынша, қазір Ақтөбедегі қонақ үйлерде бос орын жоқ, ұшақ пен теміржол билеті де тапшы. Жалға берілетін пәтер де жоқтың қасы.

21 қыркүйектен бері Ақтөбе көшелері мен асхана-кафелерде, ақша айырбастау орындарында сырттай қарағанда туристке ұқсас, рюкзак арқалаған, шабадан сүйреткен адамдарды көп кездеседі.

Халыққа қызмет көрсету орталығына салық төлеушінің жеке нөмірін алуға келген ресейліктер. Ақтөбе, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Ресейліктер халыққа қызмет көрсету орталығы мен Ақтөбе облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасында да көп. Құзырлы органдар Орынбор мен Ақтөбенің арасындағы шекараны кесіп өтіп жатқандар туралы ақпарат беруге аса құлықты емес. Әрі ондай дерек сағат сайын өзгеріп те жатыр.

Ақтөбе облыстық әкімдігінің 28 қыркүйекте берген мәліметіне қарағанда, 22 қыркүйектен бері Ресей шекарасынан Ақтөбе өңірі аумағына 17728 ер адам мен 4867 әйел өткен. Әкімдік ұсынған тізімде бала саны көрсетілмеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Пайда көріп қалғысы келеді". Соғыстан қашқан ресейліктер пәтер нарығына қалай әсер етті?«Қазақстанға алғыс айту». Оралдағы ресейліктер Жайықты қоқыстан тазарттыОрал қаласы мобилизациядан қашқан ресейліктерді қалай қабылдап жатыр?Мобилизациядан қашқандар, шекарадағы абыр-сабыр. Азаттық тілшілерінің көргеніМобилизацияға ілінген ресейліктер соғысқа қалай аттанып жатыр?