"Біздің де тәуелсіздігімізді қорғап жатыр". Қазақстандықтардың Украинаны қолдау шарасы

Белсенді Тоғжан Қожалиева қазақстандықтардың Украинаға жинаған гуманитарлық көмегін көрсетіп тұр. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

Қазақстандық еріктілер Ресей шапқыншылық жасаған Украинаға гуманитарлық көмек жинап жатыр. "Егер Мәскеу осы жолы көксегеніне жетсе, келесі кезекте бізге ауыз салады" деп қауіптенетін қазақстандықтар Украинаның тәуелсіздігін қорғаған күресі Қазақстанның егемендігін сақтап қалуына да септеседі деп біледі.

Алматының орталығындағы шағын кеңседе қарбалас. Таңсәріден осы жерге келген еріктілер Украина халқына арнап гуманитарлық көмек жинауға кіріскен. Біреу ақшалай көмек берсе, өзгелер азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкелген. Тоғжан Қожалиеваның телефонына тыным жоқ: Украина халқын қолдауға ниетті адамдар Қазақстанның түкпір-түкпірінен ақша жіберіп жатыр.

Тоғжан Қожалиева – HAQ ("Халыққа адал қызмет" атауының қысқартылған нұсқасы) азаматтық қозғалысының қатысушысы әрі "Ел болашағы" азаматтық бастамасының жетекшісі. Ол басқа белсенділермен бірге Украинаға гуманитарлық көмек жіберу үшін Қазақстан халқынан ақша жинауды қолға алған.

Белсенді Тоғжан Қожалиева Ресей шапқыншылық жасаған Украинаға гуманитарлық көмек жинап жатыр. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

– Украинаның Қазақстандағы елшілігі замандасым, экономист Рахымбек Әбдірахмановқа хабарласып, көмек сұраған. Ол бізге гуманитарлық көмекке ақша жинауды ұсынды. "Ел болашағы" азаматтық бастамасының атынан мәтін дайындап, 26 ақпан, cенбі күні әлеуметтік желіге жарияладық. Адамдар бірден ақша жібере бастады, демалыс болғанына қарамастан, екі күн ішінде 50 миллион теңге жиналды, – деді Тоғжан телефоннан қолы қалт еткен сәтте.

Тоғжан әңгімесін бөліп, тағы да телефонына жүгірді. Ақша аударымдарының көп болуына байланысты банк Тоғжанның есепшотын бұғаттап тастаған. Белсенді жедел хабар желісіне хабарласып, гуманитарлық көмек жинап жатқанын түсіндірді. Бірнеше минуттан кейін банк Тоғжанның шотын бұғаттан босатып, ақша аударымдары қайта жалғасты.

Белсенді Тоғжан Қожалиева қазақстандықтардың Украинаға көмекке деп қанша ақша аударғанын смартфондағы қосымшадан көрсетіп тұр. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

Тоғжан көбіне адамдардан 100 теңге не одан көп ақша келетінін айтады. Бір адам он миллион теңге аударған. Банк аударымдары анонимді жүреді, бірақ адамдар қысқа хабарлама қалдыра алады. Көбі "Украина үшін", "Бауырлас Украина халқына", "Украина жасасын!" деп жазады. Тоғжан украиналықтарды қолдауға мыңдаған адам ақша жіберіп жатқанын, сағат сайын шамамен бір миллион теңге түсетінін айтады.

– Жасы, ұлты, тұрғылықты мекенжайы әртүрлі – Ақтау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл мен Ақтөбеде тұратын азаматтар хабарласып, осындай акция ұйымдастырғанымызға алғыс білдіріп жатыр. Басында жиналған қаржыны Украина елшілігінің кеңесімен Польша қорына аударғымыз келген. Бірақ валюта бағамы жиі өзгеріп жатқандықтан, дәрі-дәрмекті осы жақтан ескі бағамен сатып алып, ұшақпен Польшаға салып жібереміз деп шештік. Бұл әлдеқайда арзан әрі валюта конвертациясына алаңдаудың қажеті жоқ, – дейді Тоғжан Қожалиева.

Еріктілер Украинаға гуманитарлық көмек жинап жатыр. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

Кеңсе ішінде дәрі-дәрмек көп: Тоғжанға көмектесіп жүрген еріктілер дәрілерді сұрыптап, қорапқа салып жатыр. Шатасып қалмау үшін әр қораптың сыртына ішінде қандай дәрі барын жазып қояды. Кешке қарай баспаханадан "Қазақстан халқынан Украина халқына" деген жазуы бар жапсырма қағаздар келді. Жапсырма әдемі жасалған: Украинаның сары-көк туының үстіне Қазақстан туындағы күн мен бүркіт бейнеленген. Жапсырма қағаздың дизайнын Парасат есімді азамат жасапты. Ол бірнеше баспахана қағаз мәтінінен саяси астар көріп, тапсырыстан бас тартқанын айтады.

– Украина халқына гуманитарлық көмек жинаймыз деп жариялаған кезде маған бір мемлекеттік ұйымнан хабарласты, қайдан екенін айтпай-ақ қояйын. "Не істеп жатырсыздар?" деп сұрады. Украина халқына гуманитарлық көмек жинап жатқанымызды, мұның еш әбестігі жоғын айттым. Жақсы түсіндірген болуым керек, олар қайта хабарласпады, – дейді Тоғжан Қожалиева.

Ресей шапқыншылық жасаған Украинаға гуманитарлық көмек жинап жатқан қазақстандық еріктілер. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

Кеңсеге бетперде киген жас жігіт кірді. Өзін Әзиз деп таныстырды. Ол украиналықтарға кез келген көмек қажет болар деп, дәрі-дәрмек әкеліпті.

– Бұл дұрыс емес, түсінесіз бе? Саясаттан алыс адаммын, саясатты ұнатпаймын, араласпауға тырысамын. Бірақ Путиннің сөзін естігенде, мұның дұрыс емесін түсіндім. Бұдан зардап шегетін украиналықтарды да, Ресей халқын да аяймын. Мұның кесірі қазақстандықтарға да тиеді, – дейді Әзиз.

Қазақстандық еріктілер Украинаға гуманитарлық көмек жинап жатыр. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

"УКРАИНА БӘРІМІЗ ҮШІН СОҒЫСЫП ЖАТЫР"

Қазақстан билігі сыртқы саясатта ғана емес, ел ішінде де Ресейдің Украинаға шапқыншылығы жайлы мәселеде бейтарап позиция ұстануға тырысып келеді. 26 ақпанда Алматыда "Таза ауа үшін!" деген ұранмен жергілікті билік келісім берген митинг өтті. Оған қатысқандардың арасында Украина туын ұстап, соғысқа қарсы ой-пікірін айтқан азаматтар да болды. Наразылық акциясынан кейін жиырма шақты белсенді украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткішіне барып, Ресейдің әрекетін сынап, соғысты тоқтатып, Украинаның тәуелсіздігін сақтауға шақырды. Полиция жарты сағаттан кейін жиналғандар тарай бастаған кезде бір-ақ келіп, митинг аяқталғанын ескертті.

Соғысқа қарсы азаматтар Украинаны қолдайтын митингіге шығып, Ресей билігінің Украинаға басқыншылығын айыптап тұр. Алматы, 26 ақпан 2022 жыл.

Бірнеше күн бұрын, 24 ақпанда белсенділер Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы алдына жиналып, Украинаны қолдап, соғысқа қарсы ұран көтерген. Полиция оларға біраз уақыт наразылық білдіруге мүмкіндік беріп, адам саны көбейе бастаған сәтте плакат ұстаған белсенділерді автозакқа күштеп салып, полиция бөлімшесіне апарып, түсіндірме жаздырған.

Қазақстан халқы Украинаны қолдауды жалғастырып жатыр. Бұл месседждің саяси астары барына қарамастан, Қазақстан билігі азаматтардың ой-пікірін білдіруіне тосқауыл қойып отырған жоқ. Алматы әкімдігі Украинаны қолдайтын митинг өткізуге рұқсат беріп, Қазақстандағы бейбіт митингілер тарихында прецедент қалыптастырды. Жақында өткен митингіде белсенділердің бірі "Украина бәріміз үшін соғысып жатыр" деп биліктің позициясын түсіндіргендей болды. HAQ азаматтық қозғалысы өкілі Тоғжан Қожалиева гуманитарлық көмек жіберген қазақстандықтардың көбі осы пікірге қосылатынын айтады.

Украинаға гуманитарлық көмек аясында сатып алынған дәрі-дәрмек. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

– Адамдардан "Неге ақша жіберіп жатырсыздар?" деп сұрадым. Әркім әртүрлі жауап береді: біреудің туысы, досы Украинада тұрады, сол жақта білім алған, әскери борышын өтеген азаматтар да бар. Бірақ көбіне адамдар Украина жеңіліп қалса, Ресей келесі кезекте Қазақстанға ауыз салады деп қауіптенеді. Әсіресе, қазақтар "соғысқа қарсымыз, бейбітшілік болсын, ендігі кезек Қазақстанға келгенін қаламаймыз" деп түсіндіреді, – дейді Тоғжан Қожалиева.

Белсендінің сөзінше, бірнеше күн ішінде қазақстандықтар 100 миллион теңгеден көп ақша аударған. Гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы астанаға, ары қарай Польша арқылы Украинаға жіберілген.

Your browser doesn’t support HTML5

"Билік үнсіз, ал қарапайым халық соғысқа қарсы". Қазақстандықтар Украинаға көмек жіберіп жатыр

"ЖИНАЛҒАН ҚАРЖЫ ДӘРІ-ДӘРМЕК САТЫП АЛУҒА ЖҰМСАЛАДЫ"

Сейсенбінің кеші. Алматының орталығындағы Powder барында адам ығы-жығы. Мұнда Украинаны қолдауға арналған қайырымдылық кеші өтіп жатыр. Бұл кештен түскен қаржының бәрі Қазақстандағы Украина елшілігіне жіберіледі.

Бардағы үстелдерде Украина туы мен "Жойылсын соғыс!" деген жазы бар парақша ұстаған жастар отыр. Кештің арнайы қонағы – қазақстандық танымал диджей Нәзира Қасенова. Ол бүкіл кеш бойы украиналық ән қойып, қонақтардың көңілін көтерді.

– Украинада жақын досым көп. Олармен жиі хабарласып, хат жазысып тұрамыз. Оларға қалай көмектесе аламын деп ойландым. Бұл мәселені талқылауға шығардым, бар иелері, достарым идеямды бір сөзге келмей қолдады. Бірден іске кірістік: Қазақстандағы Украина елшілігімен сөйлесіп, қандай көмек керегін сұрадық. Біз тек адамдар жинап, сусын мен тамақ сатып, содан түскен ақшаны Украинаға жібере аламыз, – дейді бардың администраторы Юло Хан.

Украинаны қолдауға арналған қайырымдылық кеші. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.

– Кез келген есі дұрыс адам сияқты, біз де соғысқа қарсымыз. Оның үстіне, Украина – бауырлас мемлекет, ол жақта көп досым бар. Әрине, бұл жағдай бізге де қатты әсер етті. Қолдан келгенше көмек бергіміз келді. Қайырымдылық кеші туралы хабарландыру жарияланған кезде біреулер "Мынадай жағдайда қалай ойын-сауық ұйымдастыруға болады?" деп сөкті. Әркімнің өз пікірі бар, бірақ біз көмек көрсетіп, бастамамызды құптаған Украина елшілігіне ақша жібергіміз келеді. Бұл қаржы дәрі-дәрмек алуға жұмсалады, – дейді бар иелерінің бірі Бахтияр Беркин.

Диджей Нәзира Украинаны қолдауға арналған қайырымдылық кешінде өнер көрсетіп тұр. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.

Диджей Нәзира Қасенова да соғысқа қарсы. Ол да барға жиналған басқа адамдар сияқты Украинада тұратын достарына алаңдайды.

– Кез келген жанжалда бірнеше тарап болады дегенді жиі естимін. Расымен солай да шығар, бірақ бір мемлекеттің екінші елге басқыншылық жасауы дұрыс емес деп санаймын. Қолымнан келетін іспен айналысып, музыка қойып көмектесемін деп шештім. Бүгін тек украиналық музыканттардың әндерін қоямын, олардың көбі – достарым. Олардың әндерін жүктеп жатқан кезде көзіме жас үйірілді. Өйткені достарымның көбі қазір Киевте бомбадан жасырынып, жертөледе отыр, бұл сұмдық қой! – дейді Нәзира Қасенова.

Қайырымдылық кеші өткен күннің ертеңіне бардың Instagram парақшасында "1 091 270 теңге жинадық. Қолдауларыңызға рақмет!" деген жазба жарияланды.

Әлеуметтік желіде Ресейдің Украинаға басып кіруін талқылау қызу жүріп жатыр: біреулер Кремльді жақтаса, қазақстандықтардың көбі Украинаны қолдап пікір қалдырған.

Qantars деген лақап атпен белгілі қазақстандық суретші әлеуметтік желідегі елдегі көкейкесті тақырыптарға салған туындысын жариялайтын парақшасына "Қазақстанның билігі Украинадағы соғысқа және Ресейдің басқыншылығына нақты көзқарасын білдірмей отыр. Демек, біз, ел азаматтары, әлемге өз ұстанымымызды жеткізуіміз керек. Украинаға опасыздықпен шабуыл жасаған Ресейді қатаң айыптаймыз. Қазақстан билігінен агрессор ел – Ресеймен қарым-қатынасты үзіп, олармен құрған барлық әскери және экономикалық одақтардан дереу шығуды талап етеміз" деп жазған.

Суретші "Калькасыз қазақ тілі" телеграм каналына жарияланған мәтінді алғанын, онда жазылған сөздерге толықтай қосылатынын, Қазақстан соғысқа қарсы шығуы керек деп санайтынын айтты.

Әлеуметтік желілерде Wolt жеткізу қызметі де Украинаны қолдап, парақшасына "Wolt қосымшасына қажет соманы таңдап, соғыстан зардап шеккендерге көмектесу мүмкіндігін қостық. Жиналған қаржы Қазақстандағы Қызыл жарты ай ұйымы арқылы Украинаның Қызыл крест ұйымына аударылады" деген хабарлама жариялады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдің Украинаға шапқыншылығы Орталық Азияға да қатты тиді