Азия қаламгерлерінің алғашқы форумы қалай өтті?

Your browser doesn’t support HTML5

AzattyqLIVE-та жақында Нұр-Сұлтанда өткен Азия қаламгерлерінің бірінші форумының мән-жайы талқыланды. Хабар қонақтары - Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек және ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы.

Қазақстан жазушылар одағының хабарлауынша, 4-6 қыркүйекте өткен форумға Азияның 35 елінен 80-ге жуық жазушы қатысқан. Олардың арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары бар.

Форумның ресми сайтында «Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді» деп жазылған.

Форумға 281 миллион теңге бөлінгені жайлы есеп Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Ұлттық кітап палатасы. Конкурсқа тек Қазақстан жазушылар одағы қатысып, шараны өткізуге мүмкіндік алған.

Оқи отырыңыз: Азия қаламгерлерінің форумына жұмсалған қаржы ақтала ма?

AzattyqLIVE-та форумның мәні мен маңызы, жиынның ашықтығы, жұмсалған шығынның ақталуы, Қазақстан әдебиетіне әсері және өзге де мәселелер талқыланбақ. Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек және ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы тікелей эфирде ойларын ортаға салды.​