"Мені Назарбаев қаматқаны белгілі". Мұхтар Жәкішевпен сұхбат

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Азаттық тілшісі Бағдат Асылбекке сұхбат беріп отыр. Алматы, 30 мамыр, 2023 жыл.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Азаттыққа сұхбатында өзін колонияға жіберу кімге тиімді болғаны, түрмеде өткізген жылдары, елдегі жағдай, Қаңтар оқиғасының себебі, мемлекеттік қызметке қандай жағдайда оралатыны және 2007 жылы ойлап тапқан "Украин жобасынан" неге бас тартқысы келмейтіні жөнінде айтып берді.

Мамырдың аяғында "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке берілген 14 жылдық түрме жазасының мерзімі аяқталды. Жәкішев басқарған жылдары "Қазатомөнеркәсіп" уран өндіруден әлемде алдыңғы қатарға шықты. Ол "Қазақстанды дайын ядролық отын экспорттайтын елге айналдырғысы келетінін" мәлімдеген.

2009 жылы Жәкішев қамауға алынып, 2010 жылғы 12 наурызда Астананың Сарыарқа аудандық соты оны "қаржыны ысырап қылды" және "пара алды" деген айыппен 14 жылға бостандығынан айырды. Оның күзетшісі Талғат Қыстаубаев 5 жылға сотталды. Соттағы соңғы сөзінде Жәкішев өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарды. 2012 жылы Жәкішевке "ірі көлемдегі алаяқтық" және "мемлекетке ірі көлемде шығын келтірді" деген айыптар бойынша тағы бір сот үкімі шықты. Тергеушілер шығын көлемін 100 миллиард теңге деп бағалаған. Жәкішевтің екі соты да жабық өтті.

Қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен құқық қорғау ұйымдары көп жыл бойы Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етіп келді. Жәкішев саяси қызметпен айналыспаса да, 2013 жылы қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне кіргізді. Қазақстан билігі "Жәкішев ісінің саяси астары жоқ" дейді. 2015 жылы қарашада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті тергеу мен сот кезінде Мұхтар Жәкішевтің құқығы бұзылған деп танып, Қазақстан билігін Жәкішевтің үкімін жойып, оның ісін қайта қарауға және өзін түрмеден дереу босатуға шақырған. Қазақстан БҰҰ комитетінің шешімін орындаудан бас тартты.

Мұхтар Жәкішев 2020 жылғы 19 наурызда Семейдегі түрмеден мерзімінен бұрын босап шықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мұхтар Жәкішев ісі. 15 дерек

"ҚАДАҒАЛАУ РӘСІМІ"

14 жылға бостандықтан айыру жазасы аяқталғаннан кейін сізге полициядан хабарласып, жаңа шартпен таныстырыпты. Осы туралы айтып беріңізші.

– Біртүрлі қоңырау болды. "Шартты жаза мерзімі аяқталды, бірақ енді қадағалау рәсімі болып тұрады" деді. Ауыр қылмыс жасағандар алты жыл осындай қадағалауда болады екен. Үш жыл бұрын түрмеден босап шықтым, сондықтан қадағалау рәсімі 2026 жылы аяқталады. Шектеу жоқ, бірақ айына бір рет полиция бөлімшесіне барып, түсініктеме жазып тұруым керек.

Бұл жерде бір қайшылық бар. Адвокаттың айтуынша, маған қадағалау рәсімі қолданылмауы керек. Мұндай бақылау қарастырылған болса, сот үкімінде көрсетілер еді. Бірақ үкімде ондай сөз жоқ. Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) бұйрығы заңды бұзып отыр. Әзірше сұрастырып, анықтап жатырмыз, бірақ жаза мерзімі аяқталды.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 30 мамыр, 2023 жыл.

– Сот үкімінде жазылған қандай шектеулер күшінде қалды? Шетелге шыға аласыз ба? Қоғамдық немесе саяси қызметпен айналысуға бола ма?

– Шетелге шығуға болмайды, өйткені менсіз, мемлекеттен берілген адвокаттың қатысуымен өткен соттың шағымы тұр. Мүгедек не соғыс ардагері емеспін, ақыл-есім сау, мұндай санаттағы істерде мемлекеттен адвокат берілмейді. Сотқа өз адвокатым қатысуы керек еді.

Сот шешіміне қарсы шағым беруге мүмкіндік болмады ма?

– Шағым беру мерзімі өтіп кетті деді. Адвокаттарым заңға сілтеп, сот процесінде өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген жағдайда шағым беру уақытқа қарамайды деді. Мұндай жағдайда прокуратура наразылық білдіре алады, өйткені екінші тараптың қатысуынсыз, мемлекет берген адвокатпен ғана сот шешімін шығаруға болмайды. Бірақ прокуратура бұл құқығын пайдаланған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мұхтар Жәкішевтің тұтқындаларға дейінгі сұхбаты

Жоғарғы сот шағым беру үшін мемлекеттік төлем жасаңыз деді. Шағым сомасы 100 миллиард [теңге] болғандықтан, төлем мөлшері 1 миллиард [теңге] болады. Сот процесі менің пайдама шешілген күннің өзінде мемлекеттік төлем қайтарылмайды. Мұндай шартпен шағым беруден пайда жоқ.

Конституциялық соттың мемлекеттік төлем ақылға қонымды болуы керек деген шешімі күшіне енгенін күтеміз. Сонда қайтадан апелляцияға шағым беруге болады. Осы шағымнан кейін Алматыдан шығып, Қазақстанды аралауға мүмкіндік аламын. Бірақ шетелге шыға алмаймын.

Қоғамдық-саяси қызметке тыйым салынды ма?

– Саясатты білмеймін, қоғамдық қызметке келсек, міне, өз ойымды айтып жүрмін ғой.

ЖӘКІШЕВТІ ҚАМАТУҒА КІМ БҰЙРЫҚ БЕРДІ?

– Сізге тағылған ресми айып әрі сот үкіміне негіз болған нәрсе – жемқорлық пен ұлттық компания мүлкін талан-таражға салу. Сіздің көзқарасыңыз қалай: кім және не үшін түрмеге жапты деп ойлайсыз? Неге сонша ұзақ уақытқа қамады?

– Сот үкімі парақорлық бабына негізделді. Белгісіз адамнан белгісіз жерде пара алған екенмін. Яғни ештеңе анықталмаған, бірақ судья мені із қалдырмайтын кәнігі қылмыскер деп тапты. "Пара алды" деген айыппен 14 жылға қамады. "Мемлекет мүлкін талан-таражға салу" сияқты қалған баптар бойынша мұндай ұзақ мерзім қарастырылмаған.

Алты ай бойы әскери сотта ұстады. Қарулы күштерге автоматтандырылған оқ-дәріні басқару жүйесін жеткіздің деп айыптады. Ондай жүйенің атын алғаш рет сотта естідім. "Бұл не?" деп сұрадым. "Айта алмаймыз, мемлекеттік құпия" деді.

"Пара алды" деген айып 2007 жылдан бері тағыла бастады. 2009 жылы тергеу болғанда, 2007 жылы бұл фактілер тексеріліп, расталмағанын айттым. Парламентке премьер-министрдің қолы қойылған жауап жіберілген еді.

"Премьер-министр қол қойған хаттың күшін жойдыңдар ма?" деп сұрадым. – "Жоқ". – "Онда не хаттың күшін жойыңдар, не жаңа айыптау ойлап табыңдар" дедім. Сондықтан олар бір жүйелерді жеткізумен айналысты деген айыптау ойлап тапты. Бұл туралы ақпарат құпия сақталатындықтан, мен ол жүйенің атын да білмейтінмін. Өзім білмейтін нәрсені қалай жеткіземін?!

Бірақ бұйрықты бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев бергені белгілі. Оның бұйрығынсыз ештеңе болмас еді. Бұл шешімге не себеп болғанын айту қиын. Оның өзінен сұрау керек.

– Іштей ойланып, себебін іздеп көрген шығарсыз.

– Түрмеге жабуға себеп көп болды. [БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар] Әблязовты босатуды сұрадым, Ресейге ыңғайсыз тұлға болдым. Мені қамауға алғаннан кейін бұрын рұқсат берілмеген көп жоба қабылданып кетті. Мәселен, үкіметаралық келісім бойынша, біз өз кен орнымыздан Ресейге үлес беріп, ал біз көрші мемлекеттегі кен байыту кәсіпорындарының акциясына ие болуымыз керек еді. Бірақ Ресей өз уәдесін орындамады. "Қазатомөнеркәсіптің" менен кейінгі басшылығы бұған қыңқ еткен де жоқ. Бостандықта жүрсем, ондайға жол бермес едім. Ресейліктер өз кәсіпорындарынан үлес бермей, біздің кен орындарды игере алмас еді. Түрмеде болғанымның Ресейге пайдасы тигені анық.

Бірақ мені түрмеге жабуға нақты не себеп болғанын айту қиын. Назарбаевтың Әблязовқа деген жеккөрініші де шығар.

Жапонияның Toshiba корпорациясының президенті Асутоши Нишида (сол жақта) мен "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев сакура ағашын егіп жатыр. Алматы, 25 сәуір, 2009 жыл.

– Яғни уран кен орнынан үлес алғысы келген Ресей немесе Әблязовты қорғағаныңыз үшін кек қайтарған Назарбаев деген екі нұсқа бар ғой?

– Иә. Бірақ басқа себептер де болды. "Қазақмыс" уран өндірісіне араласпақ болғанда, "тың тыңдау" қосылды. [KAZ Minerals компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Олег] Новачук пен ["Қазақмыс" директорлар кеңесінің төрағасы Владимир] Ни арасында әңгіме болды. Ол жерде де біреулер маған қақпан құруы мүмкін. Бірақ қайткен күнде де бұйрықты Назарбаев берді. Онсыз мұндай шешім қабылдау қиынға соғар еді. Шешімді сол қабылдады.

– Түрмеге түспей тұрып, Назарбаевпен соңғы рет қашан көрістіңіз?

– Әңгімеміз қысқа болатын, үнемі жұмыс бойынша ғана сөйлесетінбіз. Атқарылып жатқан шаруалар мен болашақ жоспарларымыз туралы есеп беретінмін. Ол үндемей тыңдап алып, "Кірісе бер" дейтін. Ақтарылып әңгіме айтқан емеспіз. Соңғы рет [2009 жылы] наурызда кездестік.

– Ұсталардан екі ай бұрын ба?

– Иә. Сол кезде "Сізге жалғыз өтінішім бар: қандай да бір заңсыз әрекетіме көз жеткізген болсаңыз, өзімді шақырып, бүкіл айыптауды бетіме айтыңызшы. Бәрін айтуға мүмкіндік беріңіз" дедім. Ол "Уәде беремін" деді. Бірақ сөзінде тұрмады. Сыртымнан шешім шығара салды.

"ҰРЫП-СОҒУДАН ҚОҒАМДЫҚ РЕЗОНАНС ҚҰТҚАРДЫ"

– Түрмеде біреулер кешірім сұрағаныңызды күтіп отырғандай көрінбеді ме?

– Маған ондай ұсыныс жасағандар болды. "Президентке хат жаз, істеген ісіңе өкінетініңді айтып, кешірім сұра" деді. Адвокат, түрме әкімшілігі, отбасым арқылы осындай хабар алып тұрдым. "Хат жазса, тиісті адамға жеткіземіз" депті. "Ешқандай жазығым болмаса, не үшін кешірім сұрауым керек?" деп өз дегенімнен қайтпадым.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 30 мамыр, 2023 жыл.

– 11 жыл түрмеде отырдыңыз. Сіз күткеннен де сорақы көрінген дүниелер бар ма? Қандай сәттерге налыдыңыз?

– Ешкім түрмеге түсемін деп ойламайды ғой. Сондықтан түрмеден ештеңе күткен жоқпын. Негізі түрмеде отыру – уақытты текке кетіру. Күнде таңнан кешке дейін бір тәртіппен өмір сүріп, уақыт өлтіресің. Кітап оқисың, бірақ оны ойша талдамауға тырысасың. Өйткені бір тақырыпта ойланып, саралай бастасаң, басыңдағы жағдайдың мәнін түсініп, ұнжырғаң түседі. Сондықтан өзіңді барлық ойдан алыс ұстауға тырысу керек.

– Құқық қорғаушылар көп жылдан бері түрмелерде әсіресе саяси астары бар істер бойынша сотталғандар азапталатынын айтып, шағымданып келеді. Сіз де қамауда қандай да бір азаптау көрдіңіз бе?

– Қарағандыға барғанда бізді ұрып-соқты. Бізді тек қоғамдық резонанс қана құтқарды. Осыдан кейін олар жасқанып қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жәкішевке қарсы «заңсыз әрекет»

Қарағандыдағы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің топастығына таңғалдым. Департамент директоры "Сені неге ұрмау керек екен? Басқаларды ұруға болады, сені ғана болмай ма?" деді. – "Ешкімді ұруға болмайды". – "Еркектер арасында ондай-мұндай нәрселер, төбелес болып тұрады емес пе?". – "Төбелесте солай, ал біреу бүйрегіңнен теуіп жатса, оның бет-жүзін көрмесең, ол басқа нәрсе. Сол адамды осында шақырыңдаршы, еркектерше төбелесейік, бірақ ол қорқақ қой, маска тағып, жүзін көрсетпейді" дедім. Олармен сөйлесу қиын, қарапайым нәрселерді түсінбейді.

Өзімді ұрған адамды тауып беруді талап етпеймін деп келістік. Өйткені бұдан пайда жоғын түсіндім. Жалғыз талап қойдым. "Мен лагерьде отырғанда тағы біреуге тисе, аяғына дейін барамын" дедім. Өзім отырған жерде ешкімді ұрмады.

– Сіз отырған басқа жерлерде ше?

– Оңтүстікте ұрмады. Семейде болған шығар, өзім көрген жоқпын. Қарағандыда Карлагтан (Совет мемлекетінде Сталин кезінде құрылған Қарағандыдағы сотталғандарды еңбекпен түзеу лагерьлері жүйесі – ред.) бері келе жатқан тұтас династиялар бар. Әкімшілік ғимараттан 1930 жылдардан қалған бұрынғы басшылардың суретін көрдім. Олар "Карлаг дәстүрін сақтап келеміз" деді. "Бастарың істей ме? Карлаг – Қазақстанның соры, тоталитарлық мемлекет жерімізге келіп, Карлаг ұйымдастырды деп айтамыз. Бұл қазақтарға тән емес. Масқара нәрсе. Жауыз, қанішер аталарын мақтан тұтатын династиялар бары ақылға сыймайды". Бірақ ондайлар бар. Кем дегенде Қарағанды лагерінде.

Осының бәрінен арылу үшін династиялар ұялаған лагерьлерді жауып тастау керек. Олардың орнына, сол ауылдардан емес, басқа жерлерден жаңа пенитенциар жүйе ашу қажет. Сонда садистік тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру үрдісі тоқтайды.

– Психологиялық қысым түрлері ше?

– Әртүрлі қысым болды. Есесіне ағзаң қаншалық төзімді екенін, ас-сусыз, ұйқысыз қанша уақыт шыдай алатыныңды түсінесің. Стреске әбден төзімді адам екенмін, соған көзім жетті.

– Тамақ пен ұйқысыз қанша уақыт шыдадыңыз?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дерті асқынған Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады

– Ұйқысыз үш тәулік. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында диетаға отыруға мәжбүр болдым. Ауырып жүрген едім, дәрі ішуім керек. Қызметкерлер дәрі әкеліп берді. Нұсқаулығын оқысам, антидепрессант, әлдеқандай психотропты препарат екен. Кері әсері депрессия мен суицид деп көрсетіліпті. Ол дәріні ішуден бас тарттым. Осы үшін бірінші рет сөгіс алдым. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішімді өтелмеген сөгісі бар деп кері қайтарып еді ғой, есіңізде ме?

Кейін дәріні тамаққа қосып беруі мүмкін деп күдіктендім. Сондықтан ұзақ уақыт нанмен ғана жүрек жалғап жүрдім. Өйткені нанды ортақ подносқа салып әкеледі, арасынан өзің таңдап аласың.

Май жедім, ол суы бар ыдыста қалқып тұрады. Мен үшін түрмеде отырғандардың бәрін улай алмайды ғой (күлді). Түскі асқа нан мен май ғана жеймін. Күнара жұмыртқа береді. Екі-үш ай осындай диетада отырдым. Кейін үйден тамақ келді, бұдан әрі суицидке итермелей алмайтынына көз жеткіздім.

ОТБАСЫ МЕН ӨКІНІШІ ТУРАЛЫ

– Өткен 11 жылда не нәрсеге өкінесіз?

– Уақытымнан айырылғаныма. Балаларым менсіз өсті. Жақындарыммен бірге бола алмадым.

Түрмеде отырғанда жұмыс, министрлермен, мемлекет, компания басшыларымен кездесу емес, жақындарыңмен, отбасыңмен бірге болу өмірдегі ең маңызды нәрсе екенін түсінесің.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әйгерім Жәкішева – қудалауға ұшыраған топ-менеджердің қызы

2020 жылы бостандыққа шыққанымда, балаларым келді. Ересектерімен сөйлесіп, өткенді бірге еске алдық. Ал кішкентай егіздердің есінде ештеңе жоқ. Біздің әңгімемізді тыңдап, күледі, бірақ әкесімен ортақ естелігі жоқ. Олар үлкен балаларыма қызыға қарайды, өйткені олардың есінде қалған сәттер бар.

Қазір кішкентай екі қызым бар. Бірі екі айлық. 60 жасқа толатын мерейтойыма үлкен балаларым келеді. Мейлі қандай маңызды кездесу болса да, көп уақытымды балаларыммен өткізуге бөлер едім.

Өзім үшін не маңызды екенін нақты білемін. Балалардың жанында болу мен маңызды келіссөзге қатысудың қайсысын таңдар едің десе, балаларымды таңдаймын.

– Осы жылдар бойы сізді кімдер қолдады? Түрмеге іздеп барғандар, мемлекеттік органдарға хат жазғандар болды ма?

– Көп адам қолдады. Қарапайым адамдардан да хат алдым. Олардан кешірім сұраймын. Ешкімге жауап бермедім. Өйткені цензураны, хатымды біреу оқығанын суқаным сүймейді. [Советтік белгілі ақын, актер Владимир] Высоцкий айтқандай, "біреу иығымнан сығалап, хатымды оқығанын жек көремін". Түрмеде отырғанымда маған хат жазғандардың бәріне рақмет.

Биліктен Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатуды талап етіп пикетте тұрған адамдар. Алматы, 10 қыркүйек, 2019 жыл.

– Отбасыңыз ақшадан қысылған жоқ па?

– Бұрын бизнеспен айналысып, "Қазатомөнеркәсіпке" капиталмен келген адаммын. Компанияда жұмыс істеген алғашқы жылы қызмет өкілетіме байланысты шығындарды өз қалтамнан төлеп жүрдім. [Басшылыққа келгенімде "Қазатомөнеркәсіп"] шоттары бұғаттаулы жатқан. Оларды пайдаланатын, қол қоятын құқығым болмады. Шетелдіктер келіп, аңға шыққанда, олардың мейрамханасына, басқасына жұмсалған қаржыны өзім төледім. Жалақы болмай қалған кездері қызметкерлер жұмыстан кетіп қалмасын деп, оларға өз қалтамнан ақша беріп жүрдім.

– Сонда сіз түрмеде отырғанда отбасыңыздың ештеңеден тарықпай өмір сүруге жететін қаржысы болды ғой?

– Иә. Бірақ шалқып өмір сүрген жоқ. Ең үлкен шығын оқу мен пәтер жалдау ақысы болды. Кейін балалар оқуын бітіріп, жұмысқа тұрды. Сондықтан кей білгішсымақтар "Қандай ақшаға күн көріп жүр?" деп пікір жазғанда, "Жұмыс істеп, адал еңбегімен тапты" деп жауап беремін.

2020 жылы ақпарат құралдарына ағаңыз Ермек Жәкішев Чехияда Карловы Варыға жақын жерден жер сатып алып, мешіт салмақ болғаны туралы мақала шықты. Ол бұл жер учаскесін 27 бөлікке бөліп, үлкен бөлігін сатып жіберген көрінеді. Қаржы полициясындағы қызметінен кейін кәсіпкерлікпен айналысты ма? Алғашқы капиталын қалай жинады?

– Ағам сіз айтқан мақаланы көрген кезде "Мынаны қара! Чехияда жерім бар екен" деп жазды. Ол – жалған ақпарат. Ешқандай жері жоқ.

Түрмеде отырған кезіңізде елде болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратты қайдан алып отырдыңыз?

– 2013 жылға дейінгі оқиғаларды, Жаңаөзенде не болғанын білген жоқпын. Жаңаөзен туралы лагерьге жеткенде бір-ақ білдім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отырғанда сырттан мүлде ақпарат ала алмадым. Газет, ештеңе бермеді. Бір қызық жағдай болды. Жаныма жаңадан бір кісі келді. Камера ішінде бейнебақылау камералары тұратын. Ол "Газет бар, онда сіз туралы жазылған деді". Газетті қалай алып кірген десем, киімдерін ораған екен. Газетті астыңғы төсекке тастады, төбеден төніп тұрған камераға ол жер көрінбейтін. Сол газеттен бұрынғы депутат Татьяна Квятковскаяның өзімді жерден алып, жерге салған мақаласын оқыдым. "Ол жала жапты" деп, бас прокурордың атына шағым жаздым. Қол қусырып отыра алмадым.

Маңызды оқиғалар туралы жаңалықтарды қалай қабылдадыңыз? Мысалы, жер митингілері.

– Көп оқиғадан хабарсыз болдым. Этаппен көп жүрдім, ол жақта да газет не теледидар болған жоқ. Қарағандыда Макс Боқаевпен кездесіп қалдық. Ол кезде жер митингісі туралы ештеңе білмейтінмін. Амандасып, "Маңғыстауданмын" деді. Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында істеген шығар деп ойладым. "Макс Боқаевпын" деді өзін таныстырып. Ол кезде кім екенін білмедім. Бізді асықтырып, "Көп сөйлесуге болмайды" деп алып кетті. Артынан "Сәлем айт, абай бол, аман жүр" дедім. Ол дәл сол кезде ешқандай реакция білдірмегеніме таңғалған шығар. Сонша уақыт сыртқы әлемнен оқшау өмір сүріп, елде не болып жатқанын естімесем, қайдан білейін? (күлді).

Егер Макс осы сұхбатты көріп отырса, өзімді неге біртүрлі ұстағанымды түсінер. Макс Боқаев деген кім екенін кейін білдім. Лагерьде газеттен оқыдым.

Кей оқиғаларды лагерьдегі адамдардан еститінмін. Олар да бір жерден естіген, сондықтан айтылатын ақпараттың бәрі тексерілген дерек бола бермейтін.

Теледидар ше?

– Теледидар бар еді, бірақ қазақстандық телеарналардан аллергиям ұстайды. Дауысын ойнатып, жалған жаңалық оқып отырғандарды көріп, "Мен бұлай жасауға ұялар едім" деймін.

Назарбаевтың отставкасы туралы қашан естідіңіз? Алғашқы реакцияңыз қандай болды?

– Назарбаев сөйлеп жатқанда дәлізде отырғанбыз. "Мәке! Кететін болды!" деді. Барып тыңдадым да, "Бәрі келісілген нәрсе, ешқайда кетпейді, транзит дайындап, ақыры не боларын бақылап көргісі келеді" дедім. Ол кезде [Қасым-Жомарт Тоқаев] уақытша адам екенін бәрі түсінді.

Қаңтар (2022 жылғы Қаңтар оқиғасыред.) кезінде Назарбаев билігінен айырылып қаларын өзі де күткен жоқ. Кітапханада (Бірінші президент кітапханасы, Назарбаевтың отставкаға кеткеннен кейінгі кеңсесі – ред.) отырып, елді мәңгі басқарамын деп ойлады.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ХАҚЫНДА

Қаңтар болады деп күттіңіз бе?

– Жоқ, әрине. Біздің қоғам көбіне ұйқыда жатады, маңызды оқиғалардың өзі лайық реакция туғызбайды. Алғышарттар болмады. Бірақ халық арасындағы жалпы шиеленісті көріп, таңғалдым. Түрмеден шыққанда қоғам қатты жікке бөлініп кеткенін байқадым. [Бұрынғы президент Назарбаевтың] "отбасын" жек көретіндер көп еді. Халықты әбден тонап бітті. Енді елдің ашуына тимей отыра бер. Осыны да түсінбеу үшін интеллектісі неткен төмен адам болу керек? Соған таңғалдым. Мұның ақыры жақсылыққа апармас деп ойладым. Түбі жарылды.

Қаңтарға негізгі себеп газ бағасының көтерілуі емес. Бүкіл елдің наразылығын бұрқ еткізетін себеп ол емес. Жылдар бойы қордаланған ашу-ыза бір-ақ ақтарылып сыртқа шықты. Қазір халықтың ызасы тағы да ішке жиналып жатыр. Адамдардың табысын арттырып, реформа жүргізу үшін ештеңе жасалып жатқан жоқ. Келесі "жарылыстың" себебі не болатынын білмеймін. Бірақ бұл ыза тағы 30 жыл жиналады деп ойламаймын. Одан ерте жарылатын сияқты.

Қаңтар қайталануы мүмкін бе?

– Оқиғаның алдын алып, халықтың табысын арттырып, билікті әділ сайланатын, жауапкершілікті сезініп, есеп беретін деңгейге жеткізбесек, әрине, қайталанады. Қаңтар – елде кейінгі 30 жылда жиналған ашу-ызаның салдары. Көңілі тоқ халық көшеге шықпайды. Наразы халық шығады. Әсіресе қарсылық білдірудің басқа жолы қалмаса.

Мемлекеттік төңкеріс, революция туралы ресми нұсқаға сенесіз бе?

– Біреу жағдайды пайдалануға тырыспаса, Қаңтар мұндай ауқымды болмас па еді деп ойлаймын. Полицияға алаңнан кетіп қалыңдар деп бұйрық берілген. Күш құрылымдарына "араласпаңдар" деген. Наразы топтың басым түсуіне осының өзі жеткілікті болды. Олар әдеттегідей алаңға жиналған халықты күшпен таратып жіберсе, сонша адам жиналар ма еді? Кім білсін?!

Қазір сайлау өтті, дауыс берушілердің аздығын пайдаланып, нәтижені бұрмалап, сол баяғы депутаттар қайтадан парламентке өтіп кетті. Тағы да халықтың мүддесін қорғайтын адам жоқ. Бір төңкерістен аман қалдық деп ойлап жүрміз бе? Керісінше, жағдайды ушықтырып жатырмыз. Қайнап жатқан қазанның қақпағы сияқты. Буын шығармаса, қақпақ түбінде бәрібір атылады. Парламентте осы мәселелер көтерілмесе, бәрі сол наразылықпен аяқталады. Халық ішіндегісін айту үшін алаңға жиналады.

Қаңтар оқиғасы кезінде үйде болдыңыз ба?

– Иә, коронавирус жұқтырып, ауырып жаттым. Қаланың шетінде тұрамын, айқай-шу болды, бірақ халық алаңда тұр деп естідім. Кейін интернет қосылғанда, басқа қалалар да шығып жатқанын, полиция алаңнан кетіп қалғанын оқыдым. Бірден "мұның артында біреу тұр" деп ойладым. Кейін ["ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім] Мәсімов ұсталды" деген жаңалық шықты. Біреу Қаңтар оқиғасын пайдаланғысы келіп, жағдайды бақылаудан шығарып алған сияқты.

– "Түпкі бенефициар – Мәсімов" дегенге сенесіз бе?

– Жоқ, әрине. Бұған кім сенеді? Бенефициардың мақсаты – билікке келу. Кәрім билікке келе алмайтын еді. Оны не қоғам, не элита, не халық қабылдамайды. Онда бенефициар кім? Айту қиын, ал мен болжам жасай алмаймын. Кәрімнің өзінен сұрау керек.

БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУ

Сонымен 2020 жыл. Мерзімінен бұрын бостандыққа шықтыңыз. Сізді көп адам күтіп алды. Кездесуге келгендердің кейбірі сізді құттықтап, қолыңызды алып үлгермегенін, тез көлікке отырып, кетіп қалғаныңызды айтты. Ол күні бір жаққа асығып бара жаттыңыз ба?

– Мені алып кетуге ұлттық қауіпсіздік қызметінен екі джип көлігі келді. Шарттарының бірі осы еді. Олар сізді әуежайға апарып тастаймыз деді. "Адамдар жиналып тұр, митинг болады" деп қорықты. "Жоқ, сендердің көліктеріңмен бармаймын" дедім. "Онда түрмеден шықпайсыз" деді. "Жақсы, шықпаймын. Тоқтап, адамдардың алдына шығуым керек" дедім.

Олар "Астанамен келіспедік" деді. "Келісіп келіңдер" деп жібердім. Кейін "Астана келісті, тек митинг өткізбеймін деп уәде беріңіз" деді. "Жақсы" дедім. Митинг өткізсем, келген адамдарды ұстап алып кетеді ғой. Ешкімге тимейсіңдер деп уәделерін алдым. Адамдармен мүмкіндігінше сөйлестім, джипте отырғандар "Болыңыз, кетуіміз керек" деп асықтырумен болды.

11 жылға жуық қамауда болған Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты (19 наурыз, 2020 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

11 жылға жуық қамауда болған Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты

Түрмеден шығарда сізге талаптар қойды ма?

– Талап қоймады. Бірақ мені шығаруды сұрағандарға талап қойды. [Кәсіпкерлер] Нұрлан Смағұлов пен Арманжан Байтасов. Нұрланға "Ешқандай уәде бермеймін. Оларға айтып баруыңа болады: маған саясат ұнамайды. Сен балет билемейсің ғой, қорыққаннан емес, ол саланың өкілі болмағаннан. Сол сияқты саясат та – менің салам емес. Бизнеспен, жобалармен айналысамын. Бірақ ешқандай уәде бермеймін" дедім.

Мені босату туралы шешім шығып қойған сияқты. Бірақ Арманжан мен Нұрланды борышкер қылып қойғысы келді. Әзірге саясатпен айналысқым келмейді. Смағұлов пен Байтасовтан не талап ететінін білмеймін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әблязовқа кепіл болған кәсіпкерлерді президент Назарбаев қырына алды

Өз басым Әблязовты қорғап, хат жаздым. Мұхтарды түрмеден шығарып алуға тырыстық. Ақырында өзімді түрмеге отырғызуға бір себеп болды. "Соны қорғап едің, енді ол үшін түрмеде отыр" деген сөзді естідім.

Қазір Әблязовпен араңыз қалай?

– Оған хабарласқан жоқпын. Қарым-қатынасымыз баяғыдай. Неге өзгеруі керек? Оған еш өкпе-ренішім жоқ. Институттан бері доспыз. Тек 2009 жылдан бері көріскен жоқпыз.

Көңіліңіз қалған адамдар болды ма? Түрмеге түспей тұрып дос болып, кейін араласпай кеткен кісілер бар ма?

– Жақсы араласқан адамдарыммен бәрі баяғыдай. Қысым көрген адамдарды есепке алып отырған жоқпын. Бұл – солардың таңдауы. Олармен араласқым келмейді, өйткені олар да, мен де өз таңдауымызды жасадық. Жай көзтаныс адамдардың арасында жоғарыдағыларға жағыну үшін мені қаралағандары болды. Оларды мүлде қаперіме алмаймын. Мені ойламайтындар маған да қызық емес.

Бостандыққа шыққаннан кейінгі алғашқы жылыңызды отбасыңызға арнадыңыз ба?

– Иә, өмірден ләззат алдым. Ол кезде [пандемияға байланысты] карантин еді, біреулерге қиын болды, ал мен үшін ең тамаша уақыт еді. Балалар үйге келді, ұшып кетеміз дегенде, карантинге байланысты қалып қойды.

Бизнеспен айналыстыңыз ба?

– Бизнесті кейінірек бастадым. 2020 жылы ештеңемен айналысқан жоқпын.

– Жинаған ақшаңыз жұмыс істемей-ақ өмір сүруге жетті ғой, иә?

– Әрине, жетті. Маған көп нәрсе керек емес. Достарым бар, болашақ табысымнан беремін деп, қарыз алуға болады. Сондықтан ақшадан қысылатындай жағдай болған жоқ. Өз басым көп ақша жарататын адам емеспін. Тамаққа жетсе болды. Түрмеден шыққанымда жігіттер көлік сыйлады. Өзім көлік айдамаймын, өйткені маған ережені бұзуға болмайды. Мені Талғат Қыстаубаев алып жүреді. Бұрын оққағарым, күзетшім болған, оны да түрмеге жапты, менен ертерек босап шықты.

БОЛАШАҚ ПЕН ЖОСПАРЛАР ТУРАЛЫ

Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Қазір технология дайындаумен айналысып жатырмын. Бұрын жұмыс істеген таныстарым никель, кобальт кен орындарын игеретін технология таба алмай отыр. Бізде 1960 жылдары барланған кен орындары бар. Әлі күнге бір келі де кен өндірілген жоқ. Тиімді технология болмағаны қолбайлау. Сондай технология дайындап жатырмыз.

– Сонда 2000 жылдардың басында "Қазатомөнеркәсіпте" уран өндірісін жолға қойғаныңыз сияқты бұл жолды басынан жүріп өтпекшісіз бе?

– Иә, қазір тың жерден шаруа бастап, маңызды дүние жасау қолымнан келеді дегенді өзіме дәлелдесем деймін.

Украинамен байланысты жобаңыз туралы естідім.

– Бұл жобаның идеясы 2007 жылы пайда болған еді. Атом генерациясына негізделген энергетика компаниясын салу туралы ой келді. Украинада атом станциясы болады, энергияны Еуропа тұтынады, Киев экспорттық әлеуетін ашады.

Былтыр соғыс басталды. Жоспарыңыз өзгерді ме?

– Соғыс әйтеуір бір күні бітеді, сол кезде осы жоспарымды жүзеге асыруым керек. Бұл идея Украинаға инвестиция тартуға көмектеседі. Украина постсоветтік ел қандай болуы керек дегенде міне, мынадай деп көрсететін үлгіге айналуға тиіс.

Бұл жоба Қазақстанға да пайдалы бола ма?

– Иә, уран, отын жеткізуге болады.

Биліктің Қазақстанда АЭС салу идеясына қалай қарайсыз?

– Атом энергетикасы – болашақ энергиясы, одан қашып кете алмаймыз. Бірақ құрылысқа келсек, Қазақстанда салуға болатын станция көріп отырған жоқпын. Нарықта ондай станция жоқ. Салуға болады-ау дегендері әлі еш жерде салынбаған. Кіші станция салуға болады, оларды америкалықтар, басқа да мемлекеттер ойластырып жатыр. Бірақ бірде-бір прототипі жоқ.

Қазір құрылысты Франция, Жапония немесе Қытайға тапсыру мәселесі талқыланып жатыр ғой.

– Француздарда үлкен станциялар бар. Олар Финляндияда станция салып жатыр, бірақ өте қымбат. Америкалықтардың станциясы көп жерде жоқ. "Росатоммен" жұмыс істесек, санкциялар бәле болуы мүмкін. "Росатом" ештеңе сала алмайтын сияқты. Олар көп бөлшекті Батыстан алады. Реакторын Чехияда, турбиналарды француздармен бірлесіп жасайтын. Санкция салынса, олармен әріптес болудың керегі жоқ, өйткені бізге жанама санкция салынуы мүмкін. Бізге электр энергиясы керек, бірақ қазір атом көздерінен пайдалануға болатын нәрсе көріп отырған жоқпын.

Саясатқа барғым келмейді деп бірнеше рет айттыңыз. Сізді мемлекеттік қызмет қызықтыруы үшін елде қандай оқиғалар болуы керек?

– Елде шынайы өзгерістер жүргізуге шынайы бағдарламалар қажет болатын кез келеді деп ойлаймын. Ол бағдарламаларда қанша ақша салып, қанша табыс табатының, қанша жұмыс орны болатыны нақты жазылады. Бұл бірінші президент кезіндегідей өзі ашып беріп кеткеннен кейін жабылып қалатын зауыттар болмауы керек. Бізге шынымен жұмыс істейтін кәсіпорындар, шынайы экономика керек. Дайындық жұмыстарын жақсылап жүргізсе, команда, нақты бағдарламалар мен дұрыс есептелген ақша болса, ары қарай реформаларды өте жылдам жүзеге асыруға болады.

– Дұрыс түсінсем, билікте білікті адамдар, қолайлы жағдай болса, мемлекеттік қызметке баруға дайынмын деп тұрсыз ғой?

– Бірінші кезекте бағдарламалар мен білікті адамдарды дайындау керек. Олар қажет бағдарламаларды өздері-ақ әзірлеп алады. Неге жалғыз мен ғана тер төгуім керек? (күлді).

Мұхтар Жәкішев (оң жақта) Азаттықтың Алматыдағы бюросында сұхбат беріп отыр. 30 мамыр, 2023 жыл.

– Реформаларға келсек, билік былтырдан бері "Жаңа Қазақстан" дегенді қайталап келеді. "Жаңа Қазақстанға" сенесіз бе?

– "Жаңа Қазақстан", "Төртінші не үшінші республика", тағы басқа деген ұрандарды ұнатпаймын. Маңызды критерий – әрекет пен нәтиже. Өмір сүру жеңілдегенін байқасам, нәтиже бар деген сөз. Айтқан сөзіне емес, тындырған ісіне қарау керек дегенді үнемі қайталайтыным сондықтан.

Әзірге еш жерден өзгеріс көріп отырған жоқпын. Сот жүйесінде өзгеріс жоқ. Астанада инвесторлар үшін еркін экономикалық аймақтан арнайы сот құрды. Ал бізге, қалған қазақстандықтарға әділ сот қайда сонда? Біздегі бар заңдардың өзі жұмыс істемейді. Заңды орындамайтын судьялар неге сот болып отыр? Оларды неге қызметтен кетірмейді?

2015 жылы желтоқсанда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті сізді кінәсіз деп тапты. Қазақстан билігіне сізді түрмеден босатып, тиісті медициналық көмек көрсетіп, өтемақы төлеуді ескертті. Содан бері сегіз жыл өтті...

– Ештеңе өзгерген жоқ. Қазақстан бұл шешімді мойындамайды, орындағысы келмейді.

– Не істейсіз?

– Шетелдік адвокаттар "Орындатамыз, келісімшартқа қол қойыңыз" деп отыр. Көреміз. Олар Қазақстан БҰҰ шешімін мойындайды деп 100 пайыз міндеттеме алса, келісімге отырамыз. Кепілдік бере алмаса, ештеңе істемейміз, өйткені Қазақстанды мәжбүрлей алмаймын ғой.

Елдің БҰҰ комитетінің шешімін орындамауы кімге және не үшін тиімді деп ойлайсыз?

– Ақталсам, ескі билік маған жала жауып, соттағанын мойындаған болар еді. Ал бұл оларға өліммен тең. Олар өтіріктен империя құрды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы "Сізді қаралауға қанша қаржы жұмсадық, бірақ халық сенген жоқ, бұл қалай?" дегені есімде. "Сіздің мекемеңіздің беделі төмен болғаны ғой. Менің абыройыммен салыстырғанда, тіпті құлдырап кетті" дедім. Олар "Команда болмаса, [іс] қозғамас едік" дейді. "Маған не дейсіңдер, күнәларыңды кешір дейсіңдер ме? Ар-ожданнан гөрі қызметті жоғары санаған өздерің, ендеше сонымен өмір сүріңдер" дедім.

Жаңа билікке ақталғаныңыз тиімді ме?

– Тиімсіз шығар. Ол жақта ескі биліктен қалған адам көп. Олар еш жаққа кетіп қалған жоқ қой. "Жаңа Қазақстан" деген бұрын "ескі" Қазақстан болып, кейін бір сәтте бәрі өзгеріп кетті дегенді білдірмейді. Олар бар болғаны маңдайшадағы жазуды ғана өзгертті. Қалғаны – сол баяғы шенеуніктер. Тіпті кейбірінің мәнсабы өсіп кеткен шығар. Аса қатты үміттенбеймін. Әзірге ештеңе болып жатқан жоқ. Болашақта бір өзгеріс болар. Елді, экономиканы сақтап қалғымыз келсе, өзгеріс болуы керек.

Мұхтар Жәкішевтің Азаттыққа орыс тілінде берген сұхбатының видеосын көру үшін мына сілтемені басыңыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құқық қорғаушылар: Президент ауысса да, саяси тұтқын азаймадыНазарбаевтың ұзаққа созылған билігінің көлеңкелі тұсыМұхтар Жәкішевті анасының жерлеуіне жібермедіТүрмедегі Мұхтар Жәкішевке үшінші топ мүгедектігі берілдіМұхтар Жәкішевтің ҰҚК-де берген жауаптары делінген жұмбақ бейнетаспа интернетте жарияланды