Назарбаев аптасы: Әулетінің картасы, "әмиянының" ақшасы, күйеу баласының газдан көрген пайдасы

Азаттық сіз оқитын жалғыз басылым емес екенін және жарияланған журналистік жұмыстардың бәрін қамту мүмкін бола бермейтінін білеміз. Тілшілеріміз осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Ауқаттылар, танымалдар һәм мәлім де беймәлім жақындары. Назарбаев әулетін түгендесек

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары – қазір елдегі ең бай адамдар. Олардың арасында мемлекеттік қызметте жүргендер, ұлттық компанияларды басқарып отырғандар, ірі бизнесмендер бар. Назарбаевтың жақындары банк, құрылыс, сауда, қызмет көрсету саласындағы компаниялардың басында отыр. Азаттық солар жайлы ақпаратты жинап шықты. Редакция Назарбаев әулетінің бір бөлігін ғана қамтыды. Экс-президент әулетінің картасына өтіңіз.

"Қатерлі ойын". Болат Өтемұратовқа қарсы істің артында кім тұр?

Ұлыбритания соты Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Болат Өтемұратовтың активтерін бұғаттады. Бұған Мұхтар Әблязовтың "заңсыз жолмен шетелге шығарған" қаржысын қайтару үшін сотқа жүгінген қазақстандық БТА банктің арызы себеп болған. Қаржы институтының "Өтемұратовтың жымқырылған қаржыны жасыруға қатысы бар" деп арыз беруі Қазақстан саясаты мен ондағы тұлғаларды жақсы білетін адамдарға таңғаларлық жағдай болып көрінуі мүмкін. Өйткені көбі Өтемұратовты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын, тіпті оның сенімді адамдарының бірі ретінде таниды. Ал 11 жыл бұрын шетелге қашып, әлі күнге сол жақтан Назарбаевты сынап жүрген Мұхтар Әблязов "Қазақстан режимінің қас жауы" саналады. Ендеше қазіргі оқиғалардың астарында не жатыр? Мақалаға өтіңіз.

Өтемұратов активтерінің бұғатталғаны жөнінде Wall Street Journal (WSJ) басылымы жариялады. Азаттықтың WSJ мақаласына шолуын да оқи отырыңыз.

WSJ: Британ соты Өтемұратовтың активтерін бұғаттады. Бұған Әблязовтың не қатысы бар?

Мақала оқудан гөрі видеоны дұрыс көрсеңіз, мына жерден Азаттықтың осы оқиға жөніндегі сюжетін табасыз.

FT: Тимур Құлыбаев Қазақстанның газ құбыры жобасынан құпия жолмен миллиондаған доллар пайда көрген

Британиялық Financial Times газеті Тимур Құлыбаевтың Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазды. Басылым қолына түскен құжаттардың негізінде "осындай қорытындыға келген". Азаттықтың FT мақаласына шолуын мына жерден оқи аласыз.

Бурабайдағы "депутат қалашығы". Шенеуніктер ұлттық парк жерін сатуға дәнігіп алды

Жүздеген мың қазақстандық жеке тұрғын үй салуға мемлекеттен тегін 10 сотық жер алу үшін жылдар бойы кезекте тұрады. Әкімдіктер әртүрлі сылтау айтып, жер бермейді. Ал ұлттық парк аумағына депутаттарға тиесілі зәулім үйлер еш қиындықсыз салынады. Мақалаға өтіңіз.

Назарбаев және оны мадақтайтындар. Сайлауға түсетін 5 партияның жетекшілері кімдер?

2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауына елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" және тағы төрт партия қатыспақ. Саяси додаға түсетін осы төрт партияның жетекшілері Назарбаевты жиі мақтайды. Олар кімдер? Жақынырақ таныстырамыз. Сілтемені бассаңыз, мақаланың толық нұсқасына өтесіз.

Жайық өзені құрып кете ме?

Еуропада ұзындығы жағынан үшінші өзен саналатын Жайықтың суы соңғы 15 жылда үш есе азайған. Былтыр дария қатты тартылып, бұған дейін болмаған деңгейге түсті. Жайық жағасында, одан таралған айдын-көлдер маңында тұратын халық шаруашылыққа су жетпей, құрғақшылық болып жатқанын айтады. Азаттықтың түсірілім тобы Батыс Қазақстан облысы арқылы Ресей шекарасынан бастап, Каспий теңізіне дейін Жайықтың бойымен жүріп өтіп, қазіргі жай-күйін көріп қайтты.

Your browser doesn’t support HTML5

Жайық өзені құрып кете ме?

Ақынның 28 млн теңгелік кешінен соң дауға ілінген Қожамқұлов сайлаудан "бас тартты"

"Нұр Отан" партиясының мүшесі, ақын Мақпал Мысаның шығармашылық кешін өткізуге Нұр-Сұлтан әкімдігінен 28 миллион теңге алған "Адал" партиясының өкілі, журналист Мұрат Қожамқұлов алдағы мәжіліс сайлауына қатыспайтын болды. Әуелде партия ұсынған кандидаттардың қатарында жүрген Қожамқұлов 28 миллион теңгенің дауынан соң үміткерліктен "өзі бас тартқан".

Your browser doesn’t support HTML5

Ақынның 28 млн теңгелік кешінен соң дауға ілінген Қожамқұлов сайлаудан "бас тартты"