Қордайдағы қақтығыс, Алтынбектің атылуы, Еуропарламент қарары және Боранбаев дауының жалғасы

Азаттық сіз оқитын жалғыз басылым емес екенін және жарияланған журналистік жұмыстардың бәрін қамту мүмкін бола бермейтінін білеміз. Тілшілеріміз осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Қордайдың бүгінгі тіршілігі. Ойраннан кейінгі бір жылда не өзгерді?

2020 жылғы ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында болған ұлтаралық жанжал салдарынан 11 адам мерт болып, ондаған азамат жараланған. Азаттық тілшісі елді дүр сілкіндірген оқиғадан кейін бір жылдан соң Қордайға қайта барып, сырт көзге әл-ауқаты жақсы көрінгенімен, Солтүстік Кореяның шағын үлгісі сияқты әсер қалдыратын жергілікті ауылдардың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Мақаладан үзінді:

Жаңа жол салынып, жылдам интернет желісі тартылған Масанчи ауылына кіргеніме 10 минут өтіп үлгермей жаныма галстук таққан сыпайы жас жігіт келді. Ол өзін әкімдік қызметкері Ибрагиммін деп таныстырып, "Көмек керек пе?" деп сұрады. Осыдан кейін мені жас шенеунік – Қордай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрболат Сатымқұлмен таныстырды...

Осыдан кейін Масанчидің орталығы мен Қаракемер ауылын Ибрагиммен бірге аралап, былтырғы бүлік кезінде үйі өртенген Исмар Лутурдың үйіне бардым. Ол үйін қалпына келтіріп үлгеріпті. Сондықтан оның үйіне келетін журналистер де көп...

Исмар Лутур үйін қалай жөндегенін ықыласпен әңгімелеп, баспанасы өртенген халықты далада қалдырмаған мемлекет пен жергілікті билікке алғысын жаудырды. Фотоаппаратымды алып, үй иесі мен ауланы қалай дұрыс түсіруге болатынын ойлап тұрғанымда:

– Қазір суретке түсіресің, сосын "шалқып өмір сүреді екенсің" деп тағы өртеп кетеді, – деді Исмар әзілдеп.

– Мұныңыз не? – деді әңгімеге араласқан Нұрболат. Суретке түсіріп жатқанымды байқаған соң, қайтадан Исмарға бұрылып, "Күліңіз, күліңіз!" деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ-дүнген жанжалы болған Қордайдағы қазіргі тіршілік қандай?

Мақаланың толық нұсқасына өтіңіз.

"Қонақ бөлмеге әжетхана қойғанмен тең". Бозжыра жайлы қоғам тыңдауы өтті

Маңғыстау облысындағы Құрық ауылында өткен қоғам тыңдауында Бозжыра шатқалына қонақүй салу жобасы талқыланды. Шараға Алматы мен Нұр-Сұлтаннан арнайы келген белсенділер де қатысты. Ұйымдастырушыларға мұндай белсенділік ұнаған жоқ. Олар экобелсенділер мен қоғам өкілдеріне сұрақ қоюға мүмкіндік бермей, микрофонды тартып алды. Соған қарамастан белсенділер өз ойын жеткізіп үлгерді. Құрықтағы жиынға қатысқан Азаттық тілшісі қонақүй салуды қолдайтындар мен жобаға қарсы азаматтардың пікірін тыңдап көрді. Мақаланы оқи отырыңыз.

Қытай консулдығы алдындағы пикетте байланысты өшіретін құрал қолданды ма?

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жүріп жатқан пикеттің үшінші күні күзет қызметі байланысты өшіретін аппаратқа ұқсас құрал қолданды. Наразы жұрт бірнеше күннен бері Шыңжаңда қамалған туыстарын босатуды талап етіп келген. Шараны түсіріп жүрген журналистер интернет байланысының жоғалып кеткенін байқаған. Бұл қандай құрал?

Your browser doesn’t support HTML5

Қытай консулдығы алдындағы пикетте байланысты өшіретін құрал қолданды ма?

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында өткен пикет туралы мақала да жарық көрді. Оқимын десеңіз, сілтемені басыңыз.

Алтынбектің қазасына 15 жыл. Құпиясы ашылмаған саяси қастандық

Бұдан 15 жыл бұрын Алматыда мемлекет қайраткері, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын екі көмекшісімен бірге ұрлап әкетіп, атып өлтірді. Қылмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Арыстан" тобының офицерлері қатысқаны анықталды. Сот үш адамды өлтірген қылмыскер деп таныған бұрынғы полицейге өмір бойына түрме жазасын кесті. Ал қылмыстық іс бойынша екі рет сот өтіп, әр жолы бұрынғы лауазымды тұлғалар кісі өлтіруге тапсырыс беруші деп танылып, екі басқа үкім шықты. Марқұмның туыстары мен серіктері оны "саяси қастандық құрбаны" деп атайды. Олар қылмыстың құпиясы әлі толық ашылған жоқ деп санайды. Азаттық Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси өмір жолы мен қазасы жайлы деректі фильм ұсынады.

Your browser doesn’t support HTML5

Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы. Қастандықтың артында кім тұр?

Рысбек Сәрсенбай, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы:

– [Назарбаев] Рахат екеуі отырып сөйлесті. Барлық телеарналар көрсетті. Рахат сол жерде ешқандай қылмыс жасамағандай болып сөйледі. "Таза емес пенделер бар, олармен әлі күрес жүреді" дегендей сөйлеп, сес көрсетті. Осы телехабар басталар кезде Алтынбек үйге кіріп қалды.

Мен үйде теледидарды қосып, диванда кешкі хабарларды көрейін деп отырғанмын. "Не айтып жатыр, аға?" деді. Қазір басталды дедім. Сырт киімін де шешпей, қасымда тұрып қарады. Дәл сол кезде жаңағы сюжет жүріп жатты. Соны көрді де, бұлар біздің бәрімізді сатып кетті деді де теріс айналып кетті. Біраз уақыт ештеңе айтпады, үнсіздік орнады.

Мақалаға өтіңіз.

Азаттық 11 ақпан күні оппозиция лидері Алтынбек Сәрсебайұлының "құпия қазасының шындығы ашылды ма?" деп сұрады. Мәжіліс депутаты Мәди Елубаев оны танымайтынын айтты. Депутаттардың пікірін білгіңіз келсе, видеомызды көре отырыңыз.

Your browser doesn’t support HTML5

"Шынымды айтсам, мен Алтынбек Сәрсенбайұлын білмеймін"

"420 мың еді, 580 мың болды". Тұрғын үй бағасы Тоқаевтың "тапсырмасына" бағынбай тұр

Қазақстан билігі азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын мерзімінен бұрын алуға рұқсат бергесін, сатып алатын пәтер іздеген мыңдаған адам құрылыс компанияларын жағалай бастады. Тұрғын үй бағасы да лезде шарықтап кетті. Салымшылар шағымы ел президентіне жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев "үй бағасын ұстап тұру үшін қажет шаралар қабылдауды" тапсырды. Бірақ әзірге одан қайыр жоқ: баға күн сайын өсіп, зейнетақы қорындағы қаржы құнсызданып барады. Мақаланың толық нұсқасы мына жерде.

"Өзгермейтін" Назарбаев, "әлсіз" Тоқаев, "тұрақсыз" Дариға. Қазақстандағы билік транзиті туралы сарапшы пікірі

Наразыларды күшпен басу мен сынға қалған парламент сайлауынан басталған, саяси реформалар мен либерализацияның исі де сезілмейтін биылғы жылы Қазақстанды не күтіп тұр? Экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның парламентке оралуы әкесінің биліктегі орнын басуы мүмкін дегенді білдіре ме? Азаттық саяси қауіп-қатер және бизнес-сараптама бойынша консалтинг қызметін көрсетумен айналысатын PRISM агенттігінің жетекші маманы, британдық Бенджамин Годвиннен сұхбат алды.

Бен Годвин: Біз әлі аяқталмаған билік транзитін саяси қауіптің негізгі көзі деп есептейміз. Назарбаевтан кейінгі Қазақстандағы саяси тәртіп қандай болады деген сұраққа әлі де жауап жоқ. Осындай өтпелі кезеңде элита ішіндегі күрес күшейіп, мемлекеттік қызметкерлер қай басшыға жүгінерін білмегеннен маңызды стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау процесі баяулап отыр.

Билік ауысымының елдегі өмір сүру деңгейінің төмендеуіне тұспа-тұс келуі тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін. Үкіметтің дағдарысқа жауабының өзі қауіп төндіреді. Өйткені бұл саясатқа баға мен валюта бағамын қосымша бақылау, жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамту деңгейін реттеу, ірі жобаларға жергілікті тауарларды пайдалану, бизнеске салық қызметі мен мемлекеттік кіріске жауапты өзге де органдар тарапынан қысымды күшейту шаралары кіруі мүмкін. Осының бәрі экономика мен инвестициялық климатқа кері әсер етеді.

Сұхбатқа өтіңіз.

"Билікті мақтауды ғана біледі". Миллиардтап ақша жұмсалатын мемлекеттік басылымдар оқырман қажетін өтей ме?

Мемлекеттің "ақпараттық саясатын" насихаттауға биыл 53 миллиард теңгедей ақша жұмсалмақ. Мұның 2 миллиардқа жуығы мемлекеттік басылымдарға бөлінеді. Бұл шығын өзін ақтап отыр ма? Оқырман "ешкім оқымайтын газеттерге күштеп жаздыратынын" айтады, ал басылым өкілдері мұны жоққа шығарады. Сарапшылар болса, мемлекеттік БАҚ биліктің сөзін қайталаудан аспайды дейді. Мақаланы оқимын десеңіз, сілтемені басыңыз.

Нұр-Cұлтанға 20 талап. Еуропарламент Қазақстанды сынайтын қарар қабылдады

11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен "Қазақстандағы адам құқықтарына жөніндегі" қарар қабылдады. Елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуын және сайлаудағы әділетсіздікті сынайтын қарарды дауыс берген 693 депутаттың 598-і қолдаса, тек 43 депутат қарсы шыққан. Қарардың қалай қабылданғанын, Еуропа парламенті депутаттарының оны қалай негіздегенін Азаттық мақаласынан оқи отырыңыз.

KAZAKHSTAN-POLITICS-OPPOSITION-DEMO

"Бағасын неге сұрайсың?" "Спутник V" вакцинасын шығаратын Қайрат Боранбаевтың есеп-қисабы

"Жеткілікті" ақшасы бар, бірақ Forbes журналы жазғаннан "әлдеқайда аз". "Өте көп" салық төлейді, алайда нақты мөлшерін айта алмайды. Мемлекет тапсырысымен вакцина шығарады, бірақ келісімшарт құнын ашып айтпайды. Азаттық тілшісі қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевпен кездесіп, одан елдегі және сырттағы дүние-мүлкі, бұрынғы президент отбасымен туыстығы жайлы сұрады.

Your browser doesn’t support HTML5

Боранбаев Назарбаевпен құдалығы, бизнесі мен шетелдегі мүлкі жайлы сұрақтарға не деп жауап берді?

Мақаладан үзінді:

Мұнан кейін Қайрат Боранбаев жұмыс кестесі тығыз екенін айтып, кетуге асықты. Кәсіпкерден "Назарбаевтың құдасы ұсынған "Спутник". Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесі" деген мақаладағы қай деректі "жалған" деп есептейтінін сұрадым (мақала жарияланған соң Азаттық тілшісіне қоңырау шалған Қайрат Боранбаев осылай деген).

– Келісімшарт алу үшін Назарбаевпен байланысын пайдаланады деген тұсы.

– Назарбаевпен туыстығыңыз [бизнеске] әсер етпей ме?

– Мүлде әсер етпейді. Ешқашан әсер етпеген.

– 2013 жылдан кейін (Боранбаевтың қызы сегіз жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың жиеніне тұрмысқа шыққан) сізге тиесілі компаниялар санының өсуін қалай түсіндіресіз?

Боранбаевтың соңғы сұраққа жауабын мақаладан таба аласыз.