Accessibility links

"Билікті мақтауды ғана біледі". Миллиардтап ақша жұмсалатын мемлекеттік басылымдар оқырман қажетін өтей ме?


Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын "Егемен Қазақстан" газетінің нөмірлері.

Мемлекеттің "ақпараттық саясатын" насихаттауға биыл 53 миллиард теңгедей ақша жұмсалмақ. Мұның 2 миллиардқа жуығы мемлекеттік басылымдарға бөлінеді. Бұл шығын өзін ақтап отыр ма? Оқырман "ешкім оқымайтын газеттерге күштеп жаздыратынын" айтады, ал басылым өкілдері мұны жоққа шығарады. Сарапшылар болса, мемлекеттік БАҚ биліктің сөзін қайталаудан аспайды дейді.

Шымкенттегі мектептердің бірінде мұғалім болып істейтін Жанар (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) басшылықпен күресіп, биылдан бастап мемлекеттік газетке жазылудан бас тартқан. Ол "өзімді ғана емес, әріптестерімді де артық шығыннан құтқардым" дейді. Жанардың жұбайы да мұғалім. Жас отбасы оқу үшін емес, басшылықтан құқай көрмеу үшін "газетке жазылуға мәжбүрміз" дейді.

– Газетке [жазылуға] 15 мың теңгеден жинаған кезіміз болды. Басшылық "жарты жылда бір төлеуге бұл көп ақша емес" деп қыстайтын. Сатып алғанмен, беттері үлкен газетті ашып оқыған емеспін. Ішіндегі мақалалар да қызық емес, көбінесе саясат, президент туралы жазады. Газетті оқымаған соң пеш жағуға қолданамыз. Кейде төсеніш ретінде пайдаланасың. Баспаханалар жабылып қалмас үшін [оларды] мұғалімдерге күштеп алдыртады деп ойлаймын.

Жанар әлеуметтік желіде білім және ғылым министрлігі бақылап отыратын чаттан мұғалімдерді қыспаққа алып газетке жаздырудың заңсыз екенін біліп алып, мәселе көтерген. Министрлік араласқан соң мектеп ұжымы түгел газет алудан бас тартқан.

– Әріптестерім қуанып кетті. Өйткені біз жазылатын "Егемен Қазақстан" сияқты газеттерді ешкім оқымайтын, – дейді Жанар.

1919 жылдан бастап шығатын, өзін "ел газеті" деп атайтын "Егемен Қазақстан" – президент жарлықтарын, заңдарды, басқа да нормативтік актілерді жариялап, лауазымды тұлғалардың күнделікті жұмысынан хабар беріп отыратын, арасында қоғамдық мәселелерді қозғап, көркем шығармаларды да басатын күнделікті газет.

"Егемен Қазақстан" басылымының бас редакторы Ғабит Мүсіреп Азаттық сүрақтарына жазбаша жауабында басылымдарға күштеп жаздыруға қарсы екенін айтты.

"Бұл туралы талай жерде айтып келеміз. Газетке күштеп жаздыруға тыйым салған бас прокуратураның бұйрығы да бар. Өткенде Түркістан облысында "газетті күштеп жаздыруға қатысты мәселені" анықтағанбыз. Сөйтсек, ол жергілікті басылымдарға қатысты болып шықты" дейді бас редактор.

Азаттықтың сауалдарына жауап берген ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев та "министрлік баспа басылымдарына жазылу кезінде таңдау еркіндігі принципін ұстанады және азаматтардың заңдық құқықтарын шектейтін қандай да бір жұмыс жүргізбейді" деп кесіп айтты.

"ГАЗЕТТІҢ БЕТІ РЕЗЕҢКЕ ЕМЕС"

150 мың дана тиражбен шығатын "Егемен Қазақстан" газетінің барлық нөмірінің PDF нұсқасы басылымның вебсайтына толық салынады, яғни интернеті бар адам оны тегін оқи алады.

Басылымның биылғы қаңтар айындағы шығарылымдарынан қоғамда талқыланып жатқан кейбір әлеуметтік мәселелердің арагідік қамтылғанын байқаймыз. Дегенмен, газеттің көп бөлігі биліктің оң имиджін қалыптастыратын, біржақты мақтау сипатында жазылған мақала, жаңалықтан тұрады.

"Егемен Қазақстан" газетінің 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы туралы халықаралық бақылаушылардың пікірі шыққан беті. 11 қаңтар 2021 жыл.
"Егемен Қазақстан" газетінің 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы туралы халықаралық бақылаушылардың пікірі шыққан беті. 11 қаңтар 2021 жыл.

Газеттің 2021 жылғы қаңтардағы сандарынан 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы кезіндегі бақылаушылардың құқықтарын шектеу, белсенділерді қамау, наразылықтар, Алматыда бір топ белсендінің аязды күні он сағаттай полиция қоршауында тұруы, алаңға шыққандарды ұстау сияқты тақырыптар кездеспейді. Бұған қоса басылым сайлауды қадағалаған бақылаушылардың пікірін де біржақты мақтау сипатында берген.

"Егемен Қазақстан" газеті" акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақтың айтуынша, газет бұл тақырыптың барлығын "бере беруге міндетті емес". Әрі бұл тақырыптар "оқырман үшін шынымен қызықсыз" дейді ол.

"Ресурс шектеулі, газеттің беті резеңке емес, бәрін бірдей қамти алмаймыз Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, партиялардың беретін тапсырыстары бар, біз [сайлау науқаны кезінде] сонымен шектелдік... Мүмкіндігінше, үлгергенше, қағаз бетіне сыйғанша беруге тырыстық" дейді Айбын Шағалақ.

Полиция арнайы жасағы "Oyan, Kazakhstan" қозғалысы белсенділерін қоршап тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.
Полиция арнайы жасағы "Oyan, Kazakhstan" қозғалысы белсенділерін қоршап тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.

Айбын Шағалақ оқырманның "газет қызықсыз" деген сөзімен келіспейді, "бұл кімнің қандай көзқараспен қарағанына байланысты" деген ол оқырманға не керек екенін редакцияға келетін хаттардан, интернетте, әлеуметтік желіде тікелей хабарласатын адамдардан біліп отырамыз дейді.

"Соңғы төрт жылда [үкіметтен] "мына тақырыпты жаз я жазба" деген талап болған емес. Соның арқасында, менің ойымша, "Егеменнің" оқырман саны сол күйінде тұр. Біз мейлінше мазмұнын кеңейтіп оқырман тартып отырмыз деп ойлаймыз" дейді Шағалақ.

МЕМЛЕКЕТТІҢ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТЫНА – 53 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Қазақстан үкіметі "мемлекеттік ақпараттық саясатты" жүргізуге биыл 53 миллиард 113 миллион теңге бөлген. Сол қаржының 2 миллиард 485 миллионы баспа ақпарат құралдары – газет-журналға беріледі. Қаржыны бөлумен айналысатын – ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Вице-министр Кемелбек Ойшыбаевтың Азаттыққа жазбаша берген жауабына қарағанда, "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда" газеттеріне, "Қазақ газеттері" жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кіретін "Ана тілі", "Tenge Monitor", "Уйгур авази", "Ұлан", "Дружные ребята" басылымдарына биыл 1 миллиард 939 миллион теңге қарастырылған.

Вице-министрдің айтуынша, бұл ақпарат құралдарына қаражат "мемлекеттік тапсырма арқылы" беріледі. Мемлекеттік емес басылымдарға 525 миллион теңге және бөлінеді. Дегенмен министрлік бірнеше заңның ережелеріне сәйкес, "қызмет бабында пайдаланылатын" ақпарат саналатындықтан, бұл қаражаттың қай басылымдарға жіберілетінін жариялай алмайтынын айтты.

Ойшыбаевтың айтуынша, қаражат бөлу "ақпараттық тапсырыстың жаңа моделі негізінде", конкурс тәсілімен ұйымдастырылады әрі ашық жүргізіледі. Министрлік қажетті құжаттар, тақырыптық бағыттар және басқа да ақпаратты ресми сайтта жариялап, конкурсқа барлық ақпарат құралының қатысуына мүмкіндік береді. Арнайы комиссия газет-журнал тиражы, интернет-ресурсының, журналистерінің болуы, шығармашылық ұсыныстар тұрғысынан балл беру арқылы бағалап, шешім шығарады. Бұл әдіс "отандық медиаөнімнің сапасы мен бәсекеге қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді" дейді Кемелбек Ойшыбаев.

Ақша алған ақпарат құралдары ай сайын жұмыстың орындалуы бойынша министрлікке есеп беріп отырады. Бұған қоса министрлік "БАҚ-та мемлекеттік саясатты жүргізуге халықтың қанағаттану деңгейі" деген тақырыпта әлеуметтік сауалнама да жүргізіп отырады екен. Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен жазылатын материал тақырыптарының тізімі тек биліктің жұмысын қамтымайды. Онда әлеуметтік, экономикалық, құқықтық саясат, мәдениет, білім, денсаулық, халыққа қызмет көрсету, тіл, дін, ұлттық құндылықтар тақырыптары бар.

"Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы Ғабит Мүсірептің айтуынша, мемлекеттік бюджеттен келетін қаржы газет шығынының үштен бір бөлігін ғана жабады.

"Қалғанын жарнама және басқа да табыс көздері арқылы толтырамыз. Оның үстіне "Егеменге" бөлінетін қаржы көлемі соңғы 4 жылда өзгермеген" дейді ол.

Журналист әрі медиа сыншы Нәзира Дәрімбет министрліктің мемлекеттік тапсырысты бөлуінде көзбояушылық көп дейді. Оның айтуынша, конкурсқа тәуелсіз басылымдар қатыспайды, "қатысса да, олардың жеңіп алғанын көрмедім" дейді Дәрімбет. Журналист "мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттау" бойынша конкурс жарияланғанда, "үміткер БАҚ санын көбейту үшін порталға тіркеле тұруға" жеке өзіне ұсыныс түскенін де жасырмайды. "Бұл – иллюзия тудыру, "тәуелсіз басылымдар да байқауға қатысады" деп формалды түрде атымды пайдалану" дейді Дәрімбет.

Ол "ақпараттық саясатқа" деп бөлінген миллиардтар өзін-өзі ақтап отырған жоқ деп санайды. Себебі үкімет ақшаны бөледі де, "бұлар – өзіміздің газеттер ғой" деп редакциялық саясатқа араласады, басылымдар да биліктің айтқанынан "артық кетпейді".

"ДАЙЫН АҚША, ДАЙЫН ОҚЫРМАН"

Нәзира Дәрімбеттің айтуынша, "ақпараттық саясатқа" бөлінген ақша әкім-қаралардың жүрген-тұрғанын, берген есебін насихаттауға жұмсалады. "Әсіресе облыстық, аудандық газетте "Әкімдік не істеді?" деген тақырыппен шектеледі, "әкім анда барды, мында барды" деген жаңалықтар, әкім қатысқан жиындар, онда сөйлеген сөзі ғана жарияланады. Кейде аймақтар бойынша мамандардың жан-жақты пікірі бар зерттеу, эксклюзив сұхбат, мақала іздесең таппайсың" дейді журналист.

– Тендердің концепциясында "ақпарат құралын дамыту" деген ұғым бар. Бірақ ол мүлде орындалып жатқан жоқ, орындатып та жатқан жоқ. Өйткені, дайын ақша, дайын оқырман. Әрине, оларда ешқандай ізденіс болмайды, ізденуге тырыспайды да, – дейді Назира Дәрімбет.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, құрамына "Ана тілі", "Tenge Monitor", "Уйгур Авази", "Ақиқат" сияқты бірнеше газет-журнал енген "Қазақ газеттері" ЖШС директорының орынбасары Ләззат Ноғайбаева "оқырман қажетін қанағаттандырып отырмыз" дейді. Оның айтуынша, басылымдардың мыңдаған оқырманының арасында "жан-жақты ақпарат таппаймыз" деген пікір айтқан адам жоқ".

– "Тәуелсіз", "тәуелді" деген журналист болмайды. [Біз шығаратын] барлық басылымда мемлекеттің саясатымен қатар қоғамда болып жатқан оқиғаларды беріп отырамыз. Кей адамдар өтінішпен келеді. Портал арқылы басшымызға да, редакторларымызға да өтініштер түсіп тұрады. Оларды қарап, анық-қанығына жетуге тырысамыз, – деген Ноғайбаева редакцияларға "толық шығармашылық еркіндік" берілгенін, оларға ешкім жоғарыдан нұсқау бермейтінін айтады.

"Қазақ газеттеріне" қарайтын "Ана тілі" басылымы 15 мың данадай тиражбен шығады. Логотипіне 20 ғасыр басындағы қазақ ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін қойып, "ұлт газеті" деген анықтама жазған басылым қазақ тілінің мәселесін көтеретінін айтады. Бірақ мұнда басқа қоғамдық-саяси тақырыптар да жиі қозғалады. Жақында басылымның бас редакторы Жанарбек Әшімжан биліктегі "Нұр Отан" партиясының тізімімен парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Басылымның 2021 жылғы алғашқы нөмірінің көп бөлігі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласын мақтауға арналса, мәжіліс сайлауынан кейін жарық көрген келесі нөмірі тарих, тіл туралы материалдарға, депутаттардың сөздеріне, аудан әкімімен сұхбатқа біраз орын берген. Кейінгі нөмірлерінде мәжілістегі "Нұр Отан" фракциясы мүшелерінің үндеулері, экология, руханият, тіл, тарих тақырыбына мақалалар жарияланған.

"АҚОРДАНЫҢ СӨЗІН ЖАЙ ҒАНА ҚАЙТАЛАУ"

Өнертану бойынша философия докторы, медиасарапшы Молдияр Ергебеков Қазақстанда "мемлекет" пен "үкімет" ұғымдары шатасып кеткен, яғни "үкіметті еш сынамай, соның айтқанымен өмір сүру керек" деген қағида бар, мемлекеттік басылымдар осы қағиданы ұстанады дейді сарапшы. Оның айтуынша, мемлекеттік медиа – "халықтың салығынан жиналған мемлекеттік қордан қаржыландырылатын медиа, яғни ол – халықтық медиа, қоғамның барлық мүшесін қамтитын медиа".

– Мемлекеттік медианың негізгі мақсаты – біртұтас құндылықты қалыптастыру, яғни ешкімді алаламайтын, ешкімді бөлмейтін қоғам құру. Мемлекеттік басылымдар халықтың әрбір тобын, әр мүшесін көре алатындай санаға ие болуы тиіс. Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік медиа ондай функцияны атқарып отырған жоқ, – дейді сарапшы.

Алматы облыстық "Жетісу" газетінің сайтынан алынған сурет.
Алматы облыстық "Жетісу" газетінің сайтынан алынған сурет.

Молдияр Ергебеков қоғам мен билік арасында байланыс құралы болуы тиіс мемлекеттік басылымдар қазір "үкіметке жарнама жасаумен айналысып отыр" деп санайды.

– Совет одағынан қалған шаблон бар. Ол – Ақорданың риторикасын қолдану, соның айтқан сөзін жай ғана қайталау. Яғни тек қана [билікке] жарнама жасау. Біздің [мемлекеттік] медиа үкіметтегі адамдардың көзіне түсу мақсатында жарнама жасаумен айналысып отыр, – дейді Ергебеков.

Сарапшы мемлекеттік БАҚ сол жарнаманы да тек басшылардың аузынан шыққан сөзді қайталау арқылы жүргізеді деп сын айтады.

– Неліктен олар үкіметтің өзі қолдап отырған жемқорлықпен күрес мәселесін қозғамайды? Неге журналистер ізденіп, сондай зерттеулер жасап, жарияламайды? Мемлекеттік медиа ғой, саясатты неге осылар жүзеге асырмайды? Үкіметтің сөзін қайталай берудің орнына неге соны шындыққа айналдырмайды? – деп сауал тастайды Молдияр Ергебеков.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG