АҚШ-қа көшкен Тұрсынай, қымбаттаған жанармай, Covid екпесі және қырғыздың уқорғасыны

Азық-түлік базары ішіндегі вакциналау орталығы. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Қазақстан азаматтығын ала алмаған шыңжаңдық Тұрсынай АҚШ-тан саяси баспана сұрады

Шыңжаңдағы лагерьден қамаудан шыққан соң Қазақстанға келіп, азаматтық ала алмаған ұйғыр әйел Тұрсынай Зияудун қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Ол осы елден саяси баспана сұраған. Тұрсынай Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстаннан не себепті кеткенін және Вашингтондағы өмірі жайлы айтып берді.

Азаттық: Қазақстан туралы қандай сезімдесіз?

Тұрсынай Зияудун: Мен Қазақстанды жақсы көрдім. Бес жыл тұрақты тұрдым. Кеңбайтақ дала, тынысың тарылмайды. Сондай әдемі. Бейішке теңейтін едім. Адамдары да кеңпейіл. Тамақтары да табиғи. Таза. Сүйсініп жейсің. Таудың үстінде болса да Қазақстанда өмір сүре берсем деп ойлайтынмын. Жаным да, тәнім де қазақ болып кеткен адам едім. Қытайда жүрген кезімде қазақ мектебінде оқыдым. Қазаққа күйеуге шықтым. АҚШ-қа келгеннен кейін негізгі сұхбаттарды ұйғыр тілінде беріп жүрмін. Сонда байқағаным, ана тілімді ұмытып қалыппын. Кейде Қазақстаннан күйеуім хабарласып, "сен ана сөзді ұйғырша қате айттың. Мына сөзің дұрыс емес" деп түзеп жатады. Маған ұйғыршадан көрі қазақ тілінде сұхбат беру оңай, жаныма жақын еді. Бірақ Қытай билігі Қазақстанда өмір сүруіме де мүмкіндік бермеді. Қазақстанға қысым жасады.

Сұхбаттың толық нұсқасы.

Шыңжаңдағы лагерьден қамаудан шыққан соң Қазақстанға келіп, азаматтық ала алмаған ұйғыр әйел Тұрсынай Зияудун қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Тұрсынай Зияудунның жеке архивіндегі фото.

Алты баласы Шыңжаңда қалған қазақ отбасы

Алматы облысы Жамбыл ауданында тұратын қос қария алты перзентін көрмегелі бірнеше жыл болған. Оралманға берілетін 16 мың теңге жәрдемақыға күнелтетін қарттардың бар бала-шағасы Шыңжаңнан бері өте алмайды. Қос қария Шыңжаңдағы "саяси үйрену лагерінде" де отырып шыққан.

Your browser doesn’t support HTML5

Алты баласы Шыңжаңда қалған қазақ отбасы

"Полициядан түңілдім". Өзін "алып қашқандарды" жауапқа тартқыза алмаған қыздың хикаясы

Алматы облысында тұратын 27 жастағы Аружанды (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді) былтыр шілдеде бейтаныс жігіттер алып қашпақ болады. Жол бойында жылап, төрт-бес жігітпен арпалысып тұрған қызды байқаған кездейсоқ куәгер полицияға қоңырау шалған соң әлгілер Аружанды қоя берген. Бойжеткен өзін күштеп алып қашпақ болған адамдарды жауапқа тартуды сұрап былтырдан бері қайта-қайта арызданып жүр. Бірақ полиция бұл оқиғадан "қылмыс құрамын" көрмей отыр. Азаттық Аружанның хикаясын сөзбе-сөз берді.

Жанармай неге қымбаттап жатыр?

Қазақстанда бір айда бензин бағасы шамамен он пайыз қымбаттады. Жанармай бағасының өсуі елдегі барлық қалада байқалды. Бұған жұрт наразы. Ал экономист мұның жалпы нарыққа әсері тиеді деп отыр.

Your browser doesn’t support HTML5

Жанармай неге қымбаттап жатыр?

Ауыл наразылығы қаланікіне жетіп қалды. Халықтың көңіл-күйі қалай өзгерді?

"Стратегия" орталығы әлеуметтік көңіл-күйді анықтау үшін халық арасында сауалнама жүргізген. Онда азаматтардан тұрмыстық жағдайы, билікке көзқарасы сұралған. Сауалнамада парламент сайлауының балама нәтижесі де бар. Орталық қызметкері Ернұр Молдашев Азаттыққа зерттеудің негізгі сандарын айтып берді.

Ернұр Молдашев: Осы жолғы зерттеуде әлеуметтік жағдайдың қатты өзгергенін аңғардық. 2021 жылдың бас жағында халықтың тұрмысы ауырлай бастаған. Мысалы "Әлеуметтік жағдайыңызды қалай бағалайсыз?" деген сұрақ "Тамақ алуға ақшамыз жетпейді; тамаққа жетеді, киімге жетпейді; киімге жетпейді, тұрмыстық техника ала алмаймыз; тұрмыстық техника аламыз, үй-мәшине ала алмаймыз" және "кез келген мүлікті сатып ала аламыз" деген жауаптардан тұрады. Осыған дейінгі зерттеулердің барлығында респондентттердің негізгі бөлігі өздерін "тамақ пен киім сатып алуға ақшамыз жетеді, тұрмыс техикасы қалтамызға ауырлау тиеді" дейтін санатқа қосатын. Бұл жағдай кейінгі 15 жылда айтарлықтай өзгермеген еді. Ал биылғы зерттеуде адамдардың 44 пайызы "киім алуға ақшамыз жетпейді" деп жауап берді. Мысалы бұл көрсеткіш 2009 жылы 15 пайыз, 2020 жылы 14 пайыз еді. Айырма өте үлкен.

Сұхбаттың толық нұсқасы.

Полиция көлігі ішінде жасақ қызметкерімен арпалысып, терезеден басын шығармақ болған наразы. Алматы, 22 сәуір 2021 жыл.

Отандық вакцина егуге жарай ма? Екпелер жаңа штамдардан қорғай ма? Вирусолог сөйлейді

Вирусология және молекулалық биология жөнінен PhD Әсел Мұсабекова Азаттыққа берген сұхбатында "Сынақтың соңғы кезеңінен өтпеген, үш мың еріктінің арасында ғана сыналған қазақстандық QazCovid-in вакцинасын халыққа жаппай салу қауіпті емес пе?" деген сұраққа жауап берді.

Азаттық: Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын сынаудың үшін кезеңі 2021 жылғы 9 шілдеде аяқталмақ. Бірақ екпені үшінші кезең аяқталмай жатып пайдаланайын деп отыр. Бұл қауіпті емес пе?

Әсел Мұсабекова: Бізге зерттеу нәтижелерінің жариялануын күту керек. QazCovid-in вакцинасы туралы көбірек ақпарат алғымыз келеді. Тым болмаса, клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезең нәтижелері жариялануы тиіс. QazCovid-in екпесін әзірлеушілер Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында мақала жазуға уақыты жоғын айтқан. Бірақ ашығын айтсақ, бұл оларды ақтай алмайды. QazCovid-in вакцинасын ол туралы жеткілікті дерек жарияланғанын көрген кезде ғана қолдаймын.

Оның үстіне QazCovid-in екпесін сынаудың үшінші кезеңіне небәрі үш мың адам ғана қатысқанын ұмытпау керек. Pfizer, Moderna немесе "Спутник V" екпелерін сынаудың өткізудің үшінші кезеңіне 30 мыңнан астам адам қатысқан.

Сұхбаттың толық нұсқасы.

Вирусология және молекулалық биология жөнінен PhD Әсел Мұсабекова.

"Жақсы ғылым, нашар маркетинг". Ресейліктер "Спутник V" вакцинасына неге сенбейді?

Әлемдегі коронавирус инфекциясына қарсы қолдануға рұқсат етілген ең алғашқы вакцина – ресейлік "Спутник V" былтыр тамызда тіркелді. Кремль бұл оқиғаны зор жетістік деп бағалады. Бірақ маркетингке байланысты олқылықтар мен өндірістегі қиындықтар препараттың таралуына кедергі келтірді.

Толығырақ...

Венесуэла астанасы Каракас қаласындағы әуежайда Ресейден жеткізілген "Спутник V" вакцинасын ұшақтан түсіріп, арбаға тиеп жатқан жұмысшылар.

Қырғыздың жаңа конституциясы тағы бір толқуға әкеле ме?

Қырғызстанда жалпыұлттық референдумда президент құзыретін кеңейтетін даулы конституция мақұлданды. Түрмеден шыққан президент ұсынған, мандаты біткен депутаттар мақұлдаған, халық талқысына түспеген құжат қаншалық заңды? Жаңа конституция 16 жылда үш революция болған елде ұзаққа бара ма?

Мақаланың толық нұсқасы.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат беріп отыр. Бішкек, 15 наурыз 2021 жыл

Демократия орнына ата-баба дәстүрі. Жаңа қырғыз конституциясының ерекшелігі қандай?

Жексенбі, 11 сәуір күні Қырғызстанда конституциялық референдум өтті. Билік ұсынған жаңа заң президент құзыретін кеңейтіп, премьер­-министр қызметін жоймақ. Заң жобасында "ұлттық құндылыққа" басымдық берілетіні айтылған. "Настоящее время" телеарнасы конституцияның ұсынылып отырған жобасын талдап, негізгі өзгерістерді шолып өтті.

Қазіргі конституцияның преамбуласында басты заңның "адам, оның өмірі, саулығы, құқықтары мен еркіндіктері жоғарғы құндылық саналатын еркін және тәуелсіз мемлекет құруға арналғаны" жазылған. Жаңа жобаның преамбуласынан бұл сөздерді таба алмайсыз.

Оның орнына "ата-баба дәстүріне сүйеніп, бірлік, бейбітшілік және келісімде, табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, Қайырымды Манас өсиеттеріне негізделе отырып..." деген жолдар пайда болған.

Толығырақ...

Сайлау учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. Қырғызстан, 11 сәуір 2021 жыл.

Жапаровтың уқорғасыны коронавирустан емдей ме? 300 сөзбен түсіндіреміз

Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев 16 сәуірдегі баспасөз мәслихатында журналистер алдында улы өсімдік уқорғасыннан (аконит) жасалған тұнбаны ішіп алып, оның үш күнде коронавирустан емдейтінін айтты. Қырғызстандағы дәрігерлердің көбі министрдің айтқанымен мүлде келіспейді және Covid-пен ауырғандарды өз бетінше емделмей, дәрігерге қаралуға шақырады.

Қырғыз министрінің айтуынша, коронавирустан уқорғасын тұнбасымен емделуге болатынын ел президенті Садыр Жапаров айтқан. "Оның тамырын қолданып, мөлшерін есептеуді" Жапаровқа әкесі үйреткен екен. Бейшеналиевтің айтуынша, Жапаров 2020 жылы наурызда сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековке уқорғасынды түрлі дерттен, соның ішінде коронавирустан айығуға пайдалануға болатынын айтып, хат жазған.

Толығырақ...

Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев уқорғасын тұнбасы құйылған құтыны көрсетіп, баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Бішкек, 16 сәуір, 2021 жыл.

Донбастағы тұрақсыз тыныштық. Шекара маңына шоғырланған Ресей әскері

Әлеуметтік желілерде жарияланған көптеген видеолар мен қолда бар деректерді талдау қорытындысы Ресейдің 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегі мен Украинамен шекарасының бойына әскерін шоғырландырып жатқанын көрсетеді. Украинаның шығысында Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистер мен украин әскерилерін бөліп тұрған сызық бойында атыс жиілеп кетті.

Фотогалереяға өтіңіз.

Ресейшіл сепаратистерді Авдеевка ауылы маңындағы шептен бақылап тұрған украин сарбазы. Донецк облысы, 5 сәуір 2021 жыл.