Назарбаевтың тағы бір "кетуі", "Қордай ісінің" үкімі hәм Сарымның сөзінен қайтуы

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге парламенттің ортақ отырысында. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағалығын Тоқаевқа тапсырды

"Менде Қазақстан халықтары ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы бар. Сондықтан сіздермен бірге боламын, бас тартпаймын. Дегенмен кейбір құзірет ел президентіне тиесілі" деді экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 28 сәуірде.

Толығырақ...

Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр Қазақстан халықтары бірлігі күнін тойлап жүр. 2016 жыл.

"Манипуляция" һәм "қоғамды Батыспен қорқыту әдісі". Назарбаевтың ассамблеядағы сөзіне реакция

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің стратегиялық коммуникация магистратурасын тәмамдаған саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Назарбаевтың ассамблея төрағасы міндетін президент Тоқаевқа тапсыру рәсімі "2019 жылы басталған билік транзитін Назарбаев өз қалауымен жалғастырып, ақсақалдық танытып жатыр" деу үшін жасалғанға ұқсайды" деп санайды.

– Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағалығынан кеткені өзінің қауіпсіздігіне еш әсері болмайтынын біліп отыр. Ал оның 30 жыл бұрынғы жағдайды қазіргімен қайта-қайта салыстыруы – кезекті манипуляцияның бірі. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстыра алмайды, өйткені мұнай бағасы күрт арзандаған 2009-2010 жылдардан бері Қазақстан экономикасы өскен жоқ, – дейді ол.

Толығырақ...

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанға ассамблея қажет пе?

"Қордай ісі": 50 адам сотталып, біреуі ақталды. Ең ауыр жаза - 20 жыл

27 сәуірде Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында былтыр ақпанда Қордай ауданында болған ұлтаралық жанжалға байланысты қылмыстық іс қаралған сот процесінде судья Айдарбек Замбаев 51 айыпталушыға үкім шығарды. Жанжал кесірінен дүнгендер тұратын төрт ауылда ондаған тұрғын үй мен өзге де ғимараттар бүлініп, өртенген және 11 адам қаза тауып (көбі – дүнген), ондаған адам жараланған еді.

Осы іс бойынша ең ұзақ мерзімге – 20 жылға сотталған Жұмахан Ботабасовтың туыстары үкіммен келіспейді. Олардың сөзінше, оқиға болған түні Ботабасов жас жігіттерге ілесіп кеткен ұлын іздеп шығып, көз ұзамай үйіне оралған.

– Топқа еріп кеткен ауру баласын іздеп барған бауырым жалаға ілініп отыр. Нақақтан нақақ, ешқандай жазығы жоқ. Дәлел де бар, ол телефон соғып, бала келді ме, не болды деп сұраған. Телефонды қызы алып, Шерхан үйге келді деген, кейін өзі де үйіне оралған. 27 наурызда ештеңе айтпастан, түсініктеме жазасың деп үйден алды да кетті, – дейді туысы Ерхат Ботабасова.

Толығырақ...

Your browser doesn’t support HTML5

50 адам сотталды. "Қордай ісі" бойынша сот қалай аяқталды?

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай "шиеленісіп тұр", Жапаров Қырғызстанда қаралы күн жариялады

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің шекара қызметі 1 мамыр, жергілікті уақытпен 11:30-дағы жағдай бойынша қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай "салыстырмалы түрде шиеленісіп тұр" деп хабарлады.

Мекеменің мәліметі бойынша, тәжік жағы Торт-Кочо ауылына баратын жолды толық жауып тастаған. Тәжікстан жерінде шекараға қарай әскери техника жүріп жатқаны байқалады.

Тәжік жағы бұл ақпаратқа қатысты әлі комментарий бермеді.

Толығырақ...

Баткен. Қырғыз-тәжік шекарасы. 1 мамыр, 2021 жыл.

Тас та, оқ та, миномет те атылған қақтығыс. Қырғыз-тәжік шекарасында не болды?

Барлығы 28 сәуірде Қырғызстанның Көк-Таш ауылында басталды. Дәл осы ауылда 2013 жылы қаңтарда дүкен маңында Чоркух ауылынан келген тәжік жастары мен жергілікті қырғыздар арасында төбелес болған еді.

29 сәуірде жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыс күшейді. Екі елдің әскерилері де атысқаны хабарланды. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тәжік тарабы пулемет пен миномет қолданды дейді.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 29 сәуір кешкісін қақтығыстан 31 адам қаза тауып, 154 адам жараланғанын хабарлады. Мерт болғандар арасында 12 жастағы қыз бала бар. Қақтығыс аймағынан 13 мың адам эвакуацияланған.

Толығырақ...

Жанжал болған аймақта жүрген Қырғызстан милициялары. 29 сәуір 2021 жыл.

Шыңжаңнан қашқан үш қазақ Қазақстаннан кетуге куәлік сұрады

Қазақ-қытай шекарасын бұзып өтіп, Шыңжаңнан қашып келген үш қазақ – Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы Қазақстаннан азаматтық я үшінші елге кетуге мүмкіндік беретін куәлік сұрады. Көші-қон полициясының өкілі "шекарадан заңсыз өткендерге Қазақстан азаматтығын беруге заң тыйым салады" дейді.

– Министрлік өкілдеріне тұрар жеріміз жоғын, ешқандай әлеуметтік көмек көрсетілмегенін айтып, біздің азаматтық алуымызға кедергі болып тұрған заңға өзгеріс енгізу мәселесін көтердік. Бірақ бізді қабылдаған адам ол заң бүгін-ертең өзгерте салатын заң емес екенін түсіндірді. Содан кейін еріксіз үшінші елге кетуге мүмкіндік беруді сұрадық. Өйткені қазір жеке басымызға да қауіп төніп тұр, – дейді Қайша Ақан.

Толығырақ...

Солдан оңға қарай: Ауыт Мұқибек, Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы. Оң жақ шеттегі Қайша Ақан.

Тоқаев құрған комиссия жер дауын шеше алмай, тағы 5 жылға мораторий жариялауды ұсынды

Қазақстан президенті Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған жер комиссиясы жер дауын толыққанды шеше алмады. Комиссия "жер жекеменшікке берілсін бе, жоқ па?" деген тақырып төңірегінде бір ай дауласты да жұмысын тоқтатты. Бар ұсынғаны – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылы жер сатуға жариялаған мараториін тағы бес жыл ұзарту ғана болды.

Your browser doesn’t support HTML5

Тоқаев құрған комиссия жер дауын шеше алмай, тағы 5 жылға мораторий жариялауды ұсынды

Сенат жер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды. Неге?

"Орман өсіру үшін жер шетелдікке жалға беріледі" дейтін даулы бабы бар заң жобасын сенат мәжіліске кері қайтарды. Жоғарғы палата осы сөйлемді алып тастауды ұсынды. Жоба президент тапсырмасымен дайындалған және 2003 жылғы Жер кодексі мен тағы бірнеше заңға өзгеріс енгізуді көздейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Сенат жер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды. Неге?

"Неге оттай береміз?" Депутат Айдос Сарымның басы қалай дауға қалды?

"Нұр Отан" партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазақстандық журналистің сұрақтарына жөнді жауап бермей сынға қалды. Депутат журналисттің парламентте қаралып жатқан жер туралы заң жобасы жөніндегі сұрақтарына "неге оттай береміз?" деп кейіген.

Your browser doesn’t support HTML5

"Неге оттай береміз?" Депутат Айдос Сарымның басы қалай дауға қалды?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сексеуіл мен "жер заңының" арасы. Депутат Айдос Сарымның сөзіне фактчек

Бағыс ауылы Қазақстан картасына енді кірмек. Мәселенің 19 жыл шешілмеуіне не себеп?

Әкімдік қазақ-өзбек шекарасындағы Бағыс ауылын "ратификация жоқ" деп Қазақстан картасына кіргізбей келген. 19 жылдан кейін мәселе бір ғана қаулымен шешілмек. Ал сыртқы істер министрлігі ратификацияның 2003 жылы жасалып қойғанын айтады.

Толығырақ...

Бағыс ауылы. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы. 7 сәуір 2021 жыл.

"Көрінбейтін оқпен атты". Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқандар өлместің күнін көріп жатқанын айтады

26 сәуірде Чернобыль атом электр станциясында болған апатқа 35 жыл толды. Апат салдарын жоюға қатысқан азаматтар атаулы күннің қарсаңында билікке жағдайын айтып, тағы да шағынды. Жарылыстан бері 35 жыл өтсе де, апат салдарын жоюға қатысып, мүгедек болып қалған азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі әлі күнге шешілген жоқ.

Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқандардың бір тобы. Қарағандылық Мейрамбек Бәйкеновтің жеке архивіндегі фото.

Мейрамбек Бәйкенов Чернобыль атом станциясындағы апат салдарын жоюға аттанған кезде 23 жаста еді. Әскерден Жезқазғандағы үйіне оралып, шаңырақ көтеріп, тұңғыш қызы дүние келген жігітке әскери комиссариаттан қайта шақырту келген. Апат аймағына бару я бармау жайлы оның пікірін ешкім сұрамаған. Осылайша Мейрамбек радиация ошағына тап болған.

– Әскерде болғандар дайын жауынгер саналатын. Сондықтан әскери комиссариат бізді шақырды, бұл өзі соғыс сияқты болды ғой. Бізді Қазақстан атынан жіберді. Бірден Украинаға бардық. Үстімізде әскери киім. Киевте бізді әскерилер күтіп алып, әскери округке апарып, әр топқа бөлді. Ол кезде қайда баратынымызды да білген жоқпыз. Кейін радиациясы бар жерге жіберетінін айтып, қайда баруға болатыны, қай жерді баспау керегі жөнінде нұсқау берді. Апат орнына барып, әзербайжан жауынгерлерінің орнына қалдық, – дейді Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан Мейрамбек Бәйкенов.