Белқопаның қамысы бір ауылды асырап отыр

Your browser doesn’t support HTML5

Белқопаның қамысы

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылының тұрғындары көлдің қамысымен күн көріп отыр. «Алты ай қыс көл басында жүретіндіктен осы ауылдың тең жартысы – ауру» дейді қамыс шабушылар.

Белқопаның тұрғындары қамысты қыркүйекте су тартылғаннан бастап сәуір айына дейін шабады екен. Сәуірде көлге су жиналады – сол кезде ауыл тұрғындары қыстай жинаған қамыстарынан тақта жасауға кіріседі.

БЕЛҚОПАНЫҢ НҰРСҰЛТАНЫ

Белқопа ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Іздегенов ертелі-кеш қалың қамыстың ортасында жүреді. 17 жастағы жігіт орта мектепті тәмамдаған соң қалаға кетпек

Қамыс шауып жүрген Нұрсұлтан Іздегенов. Ақтөбе облысы, Белқопа ауылы, 19 ақпан 2012 жыл.

болған екен. Ойлана келе, жұмыссыз ата-анасы мен мектепте оқитын екі бауырына қол ұшын бермекке Белқопада қалып қойыпты.

– Мен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң араға үш жыл салып дүниеге келгенмін. Атымды Нұрсұлтан деп әжем қойыпты. «Президент болсын» деп ырымдаса керек. Ал менің жыл он екі ай бойғы кәсібім – қамыс қана, – деп күледі жас жігіт.

Нұрсұлтанның айтуынша, ауыл тұрғындары қыстай шапқан қамыстарын көктем туа бууға кіріседі.

– Ұзындығы бір метр, ені екі метрдей болатын қамыс тақтаның құны – 250-300 теңгеден. Мысалы, қыстай 700-800 бау қамыс жинасаң, 2 мың плита жасап шығаруға болады. Әр тақтаны 250 теңгеден сатқанның өзінде, бұл – 500 мың теңге. Мен жазда тым болмаса 300 мың тапсам, отбасым келер қыстан қысылмай шығар еді, – дейді Нұрсұлтан Іздегенов.

«ШАНАҒА ИТ ТЕ ЖЕГЕДІ»

Нұрсұлтанның айтуына қарағанда, «қамыс шабу – ала бейнет». Оның үстіне биыл қыс та қатты болған. Сондықтан шанаға жегетін көлігі бар ересектер болмаса, қол шанасын сүйреткен бала-шаға қамысқа шыға алмай қалыпты.

«Шанаға жұрт шама-шарқына қарай түйе, ата, есек, тіпті, ит те жегеді» дейді ол.

Өгіз жегіп, қамыс шабуға кетіп бара жатқан Белқопа ауылының тұрғыны. Ақтөбе облысы, Белқопа ауылы,19 ақпан 2012 жыл.

Нұрсұлтанның шанаға жегетін өгізі, көмекші болатын тетелес інісі бар. Сондықтан Іздегеновтер отбасы – Белқопадағы салыстырмалы түрде күйі жақсы шаңырақтардың бірі.

Белқопаның балалары жеті-сегіз жасынан бастап қамыс шабады. Нұрсұлтан Іздегеновтің айтуынша, кішкентай балалар қол шанамен бір-екі бау қамысты өз беттерінше таси береді.

Азаттық тілшісі Белқопаға жексенбі күні барған еді. Сол күні көл басында қамыс шауып жүргендердің басым бөлігі мектеп оқушылары болды.

ТҰРАҚТЫ ТАБЫС – МҰҒАЛІМНІҢ АЙЛЫҒЫ МЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ

Белқопаның тағы бір тұрғыны Алтынбек Ибрашев бау-бау қамысты қол шанасымен тасып жүр. Шанасына бес бау қамыс сыяды екен.

Өз айтуынша, «анасы мен бауырларының қамы үшін ертелі-кеш көл басында

Қамыс шауып жүрген Алтынбек Ибрашев. Ақтөбе облысы Белқопа ауылы, 19 ақпан 2012 жыл.

жүретін» 27 жастағы жігіт әлі отбасын құрмапты.

Алтынбек те кезінде Нұрсұлтан сияқты «үйдегілерді ойлап», Белқопадан ұзай алмаған. Мамандығы жоқ.

– Мамандығым болған күннің өзінде Белқопадан жұмыс табуым екіталай, – дейді Алтынбек Ибрашев.

Оның сөзіне қарағанда, ауылдағы тұрақты табыс көзі – орта білім беретін мектеп пен қарттардың зейнетақысы ғана.

«ӨЛМЕШІНІҢ КҮНІ»

Белқопаның енді бір тұрғыны Нұрлыбек Сәдуадиевтің айтуынша, ауыл халқы жинаған қамыстың жартысын қыстай отқа жағып шығады.

– Өйткені Белқопада тұратындардың 80 пайызының тоннасы 15 мың теңгелік көмір

Ескі көлігін жөндеп жатқан тұрғын. Ақтөбе облысы Белқопа ауылы, 19 ақпан 2012 жыл.

сатып алатындай қаржысы жоқ. «Бұлардың тым құрыса қамысы бар ғой» деп көрші ауылдар бізге қызыа қарайды. Оған да шүкір, әрине. Бірақ бұл – өлмешінің күні ғана. Қамыс сатып біреу-міреу байып кетсе, мұрнымды кесіп берейін, – дейді Нұрлыбек Сәдуадиев.

Қыстай қамыс шабатын ауыл азаматтары көлге су жиналған сәуір айында «тақта жасауды бала-шағаға табыстап, тентіреп кетеді» екен.

– Сәуір мен қыркүйектің аралығында бізде – ақысыз еңбек демалысы, – деп күледі Нұрлыбек Сәдуадиев.

«Алты ай қыс көл басында жүретіндіктен осы ауылдың тең жартысы ауру» дейді қамысшы Нұрлыбек.

«БІР БІЛГЕНДЕРІ БАР ШЫҒАР»

– Осы жерде Жолай деген жомарт кісі өмір сүрген екен. «Мына көл Жолай жомарттың жылқысы жусаған жерден пайда болыпты» деген аңыз бар. Жақсыдан

Белқопаның қамысы. Ақтөбе облысы, Белқопа ауылы, 19 ақпан 2012 жыл.

шапағат деген осы ғой, – дейді Белқопаның көнекөз тұрғындарының бірі Сисенбай ақсақал.

Сисенбай Табылдиннің айтуынша, ертеректе бұл жерде қамыс зауыты болған. Кейін ол өртеніп кетіп, «өндіріс адыра қалған». Содан бері 500-дей тұрғыны бар шағын ауылды асырап отырған көлге ешкім ортақтаса қоймаған.

Бірақ, қарияның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары қамыс та өтпей қалған.

– Осы күні қалада қамыстан үй тұрғызуға рұқсат бермейтін көрінеді. Бір білгендері бар шығар. Белқопадағы үйлердің барлығы дерлік қамыстан тұрғызылған. Жып-жылы, – дейді пештің түбінде газет оқып отырған қария.