Юлия Козлова ақталып шықты

Журналист Юлия Козлова сотта отыр. Алматы, 9 ақпан 2016 жыл.

Оппозициялық Nakanune.kz сайты журналисі Юлия Козлова есірткі сақтау ісі бойынша ақталды. Оның адвокаты Алматы соты шешімін «сирек құбылыс» деп атады.

Бүгін кешке Алматы қаласы Бостандық ауданының 2-соты Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлованы ақтау туралы үкім шығарды. Әуелі сағат 12:00-ге белгіленген сот отырысы кейін ертең (1 наурыз) сағат 10:00-ге ауыстырылған, бірақ бүгін түстен кейін сотталушы мен оның адвокаты Айман Омарова үкім кешкі сағат 17:00-де шығатынын хабарлады. Сондықтан белгіленген мерзімде сотқа таңертеңге қарағанда, журналистер мен бақылаушылар аз келді.

Отырыс басталғанға дейін адвокат Айман Омарова "сот айыптайтын үкім шығарады" деп болжаған. Сот сағат 19:00-де басталды, сот қызметкерлері үкімді кешіктіру себебін компьютердегі техникалық ақауларға байланысты түсіндірді, ал судья Людмила Бектемірова сотқа қатысушылардан кешірім сұрады.

ІСТЕГІ ЕСІРТКІ ҚАЙДАН ШЫҚҚАНЫ БЕЛГІСІЗ

Үкімді жариялауға екі минуттай уақыт кетті. Сот Юлия Козлова толық ақталуы тиіс деп қаулы етті. Одан сот пен тергеушілер талабы бойынша келу міндеті толық алынып тасталды, ал Козлова реаблитацияға, яғни Алматы ішкі істер департаменті қызметкерлері үстінен талап-арыз беруге құқылы деп танылды.

Журналист Юлия Козлова (оң жақта) мен адвокаты Айман Омарова. Алматы, 26 ақпан 2016 жыл.

Бұдан бөлек судья Людмила Бектемірова істе тіркелген есірткінің қайдан алынғанын анықтау қажет деген жеке қаулы шығарды. Юлия Козлованың ісін жүргізген тергеушілер Толғанай Ержанова мен Руслан Әлкеновке қатысты да жеке қаулы шықты – прокуратураға тергеу амалдарын жүргізу кезінде заң бұзғаны үшін екеуін жауапкершілікке тарту шарасын қарастыру жүктелді.

- Тым кеш болып кеткендіктен, үкімді сізге ертең табыстауға рұқсат етіңіз, - деді судья Людмила Бектемірова.

Залда отырған жұрт мұны құптап, гуілдеп кетті. Прокурор мен оның көмекшісі бір сөз айтқан жоқ.

Сот ақтап шығарған Козлова қуаныштан жылап жіберді, ал оның адвокаты Айман Омарова судьяға қатысты алғыс сезімін бүкіл залға дауыстап айтты.

- Сіз - мен құрметтейтін судьясыз, бірақ Юлияны ақтап шығаруға батылыңыз жетеді деп ойламап едім. Рахмет сізге! – деді адвокат Омарова.

Адвокаттың бұл сөзіне Людмила Бектемірова сәл ғана жымиып қойды.

«НАШАҚОР ЕМЕССІҢ!»

Сот дәлізінде Айман Омарова әлгі сөздерін тағы қайталап, Юлия Козлованы ақтап шығаруды «мүлде сирек болатын құбылыс» деп атады.

- Бұл - сирек кездесетін жағдай, біздің елде сот ақтамайды, сондықтан оны соттайды деп ойлағанбыз. Шынымды айтсам, оның (Бектемірова – ред.) батылы жетпейді деп ойлағанмын, - дейді адвокат Азаттыққа берген комментарийінде.

Мұндай үкімді күтпегендіктен әлі дағдарып тұрған Юлия Козлова бір жылап, бір күледі. Айман Омарова оны барынша тыныштандыруға тырысты.

- Жарайсың! Сен нашақор емессің! - деп қалжыңдады ол.

- Менде тіпті үкім бар! - деді жасқа булыға күлген Козлова.

- Бұл - сені ақтаған үкім! - деп түйіндеді Айман Омарова.

Істің бұлай аяқталуын күтпей, аңтарылып қалған журналистерге Алматы қалалық соты «журналист Юлия Козлова ісіндегі жол беруге болмайтын дәлелдер» туралы баспасөз хабарламасын таратты. Сот отырыстарының бірінде Айман Омарова клиентіне дәлелсіз айыптар тағылғанын ашық мәлімдеп, дәл осы сөздерді пайдаланған. Баспасөз хабарламасында әсіресе тергеуші заттай айғақтың орауын бұзғандықтан, «сотта сараптама жүргізілген затқа қатысты негізді күдік туды» деп жазылған. Сот үкіміне қатысты 15 тәулік ішінде шағымдануға болады.

Юлия Козлова сату мақсатынсыз есірткі сақтады деп айыпталған. Оған айып былтыр 18 желтоқсанда - Nakanune.kz сайтына тапсырыспен жазылған мақалалар жариялау ісі аясында жүргізілген тінтуден кейін тағылған. Айыптаушы тарап оны 180 сағатқа қоғамдық жұмысқа кесуді талап еткен. Журналист Юлия Козлова өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.