Апта бейнелері: 4-9 қараша

4 қараша күні Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) 2013 жылы допинг қолданған спортшылардың тізімін жариялады. Тізімдегі 38 спортшының 9-ы - қазақстандық. IWF мәліметіне сүйенсек, Қазақстан спортшылары допингті биыл маусымда Астанада ересектер арасында өткен Азия біріншілігінде, шілде айында Бішкектегі (Қырғызстан) жастар арасында өткен Азия чемпионатында қолданған. 

Суретте: Допинг қолданды деп айыпталған қазақстандық атлеттердің бірі Александра Аборнева. 

5 қарашада YouTube-те полиция полковнигі, Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД тылдық қамтамасыз ету бөлімі басшысы Владимир Зиборовтың мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше машинаға соғылғаны жайлы видео пайда болды. 7 қараша күні Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) мас күйінде көлік жүргізген қызметкері, полковник Владимир Зиборовты «қызметтік-әскери тәртіпті бұзды, полиция қызметкері деген атқа кір келтірді» деген себеппен жұмыстан шығарғанын хабарлады.  

Ереванда Армения президентінің резиденциясына бармақ болған ондаған ұлтшыл мен полиция арасында қақтығыс болды. Оқиға барысында кемінде 37 адам ұсталғаны хабарланды. Арменияның "Цегакрон" ұлтшылдар қозғалысының жетекшісі Шант Арутюнянның жақтастары Ереван орталығындағы Маштоц даңғылының бойымен жүріп өтпек болған. Ұлтшылдар елде «революция жасап», президент сарайын «жарып жіберу» туралы мәлімдеген. Ауруханаға түскен 18 адамның арасында сегіз полицей мен 16 жастағы бір жасөспірім бар.

6 қараша күні Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясындағы Тайюань қаласында Қытай коммунистік партиясы кеңсесінің маңында бірнеше жарылыс болған. Жарылыстардан бір адам қаза тауып, сегіз адамның жараланғаны хабарланды. 8 қараша күні Қытай полициясы жарылыстарға қатысты күдікті адамның ұсталғанын хабарлады. Полиция ақпаратында 41 жастағы Фэн Чжицзюнь есімді адамның «жарылысты жасағанын мойындағаны» айтылған. Қытай билігі бұған дейін 28 қазанда Пекиннің Тяньаньмэнь алаңында болған көлік жарылысына «Шығыс Түркістан ислам қозғалысының» содырлары жауапты» деп мәлімдеген еді. 

Суретте: жарылыстар болған жердегі полиция қоршауы.  

7 қараша күні Палестина басшысы Ясир Арафаттың жесірі Суха Арафат Швейцарияда өткізілген зерттеулер нәтижесі күйеуінің аса қауіпті радиоактивті зат - полонийден уланып қайтыс болғанын дәлелдейтінін айтты. Ол күйеуін «саяси кісі өлтіру» құрбаны болды дейді. Палестинаның бұрынғы басшысы көзі тірісінде өзіне қарсы жасалған 40-қа жуық қастандықтан аман-есен қалғанын мәлімдеген еді. 2004 жылы 75 жасында Париж ауруханасында қайтыс болған Ясир Арафат Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Рамаллада жерленген. Оған ресми түрде инсульт алды деген диагноз қойылған еді.  

Суретте: Суха Арафат күйеуінің суретінің қасында тұр. 

7 қараша күні Тәжікстан орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында қазіргі президент Эмомали Рахмонның 83,6 пайыз дауыспен жеңіске жеткенін хабарлады. 61 жастағы Рахмон 8 миллион тұрғын халқының жартысынан астамы кедейшілікте өмір кешіп жатқан Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып отыр. Ол осымен төртінші мерзімге президент болып сайланды. 7 қараша күні интернетте Тәжікстан сайлауындағы заң бұзушылықтар туралы бірнеше видео шықты.     

Суретте: сайлау учаскесіне дауыс беруге келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 6 қараша 2013 жыл.  

7 қараша күні Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф тиісті кепіл төленген соң үйқамақтан босатылды. Пәкістан түрме мекемесі өкілі Ваджад Әли Мушаррафты үйінде күзеткен қызметкерлердің ол жерден кеткенін айтты. Әли «Енді Мушарраф Пәкістанда еркін жүріп-тұра алады, бірақ биліктің рұқсатынсыз елден шығуына болмайды» деп мәлімдеген. Мушаррафқа 2007 жылы болған дін өкілінің қазасына және бұрынғы премьер-министр Беназир Бхуттоның өліміне қатысты айыптар тағылған. Ол 1999 жылы төңкеріспен билікке келген еді. 2008 жылы саяси қысым әсерінен президенттіктен бас тартып, шетелге кетті. Наурыз айында мамырда өтетін сайлауға қатысу үшін отанына оралған. Бірақ оған сайлауға түсуге тыйым салынып, үйқамаққа алынды.  

9 қарашада Иcпания жоғарғы соты Қазақстан азаматы Александр Павловты отанына экстрадициялау туралы алдыңғы сот шешімін мақұлдады. Оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың бұрынғы оққағары Александр Павловты Астананың сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадициялау туралы шешімді Мадрид соты 22 шілде күні мәлім еткен. Қазақстан бас прокуратурасы Интерпол арқылы халықаралық іздеу жариялаған Павлов биыл сәуір айында Испанияда тұтқындалған. 2013 жылы 31 шілдеде Украинаның сұрауы бойынша Францияда ұсталған Мұхтар Әблязов қазір сол елде қамауда отыр. Франция оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесін қарап жатыр. Қазақстан үкіметі оған 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деген айып таққан. Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеп келеді.

Алматының Алмалы аудандық соты терроризмге байланысты айыпталған Саян Хайыровты 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот 38 жастағы Саян Хайыровты қылмыстық кодекстің «терроризм», «адам ұрлау», «заңсыз қару-жарақ жасау мен оқ-дәрі сақтау», «мемлекеттік шекарадан заңсыз өту» баптары бойынша айыпты деп таныды. Ол тағылған айыптардан тек Қазақстаннан Қырғызстанға барғанда мемлекеттік шекарадан заңсыз өткенін ғана мойындады. 2012 жылы күзде Алматы маңында кісі қолынан қаза тапқан 11 адамның өліміне қатысты билік орындары Батыс Қазақстан облысының тумасы Саян Хайыров пен Жамбыл облысының тумасы Зауырбек Ботабаевқа қылмыстық іздеу жариялаған еді. 2013 жылы Қырғызстанда тұтқындалған Саян Хайыров кейін Қазақстанға қайтарылған.

10 қараша күні екі Ресей ғарышкері олимпиада алауын ашық ғарыш кеңістігіне алып шықты. Оларды Ресей телеарналары көрсетті. Онда космонавт Олег Котов отсыз факелді ұстап тұр, екінші ғарышкер Сергей Рязанский тарихи оқиғаны камераға түсірген. Ғарыштағы факел қауіпсіздік мақсатында тұтатылмады. Алау Жерге дүйсенбі, 11 қараша күні қайта оралады. Олимпиада алауы 2014 жылы 7 ақпанда Ресейдің Сочи қаласына жеткенше жер бетімен 65 мың километр жүріп өтуі керек.

Суретте: Космонавт Федор Юрчихин (сол жақта) олимпиада факелін ұстап тұр. Оған оны космонавт Михаил Тюрин 7 қараша күні тапсырды. Халықаралық ғарыш станциясы, 7 қараша 2013 жыл.

10 қарашада Филиппиннің билік өкілдері дауылдан қаза тапқандар 10 мыңнан асқанын хабарлады. Елдің орталық аймағы - Лейт провинциясы тұрғындарының 70-80 пайызы зардап шеккен. Филиппиндегі тайфунның аты - "Хайан". Бұл - тарихтағы ең күшті дауылдың бірі. Желдің жылдамдығы - сағатына 275 километрге, толқындардың биіктігі 5-6 метрге жеткен. 

Суретте: Құлаған ағаштық қасынан қашып бара жатқан адам. Филиппин, 8 қараша 2013 жыл.