Апта бейнелері: 13-19 қаңтар

13 қаңтарда "Антигептил" қозғалысының өкілі Мақсат Ілиясұлы Байқоңырдан "Протон" зымыран тасығышының ұшырылуына, зымырандардың гептил отынын пайдаланылуына наразылық білдіріп, "Қазғарыш" агенттігінің алдында наразылық акциясын өткізді. Ол "Қазғарыш" ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың гептилдің зиян екені туралы айтқан сөзі жазылған плакат ұстап шықты. Оның айтуынша, "мемлекет қоршаған ортаны азаматтардың өмір сүруіне лайықты сақтауға және адамдардың денсаулығын қорғауға міндетті".

Астана қалалық әкімшілік соты азаматтық белсендіге "заңсыз акция өткізді" деп, 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 1 айлық есептік көрсеткіш – 1852 теңге) көлемінде айыппұл салды. 

13 қаңтарда Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева Шу алқабын онда жабайы түрде өсетін көкнәрді өңдеумен айналысатын ірі фармацевтикалық компанияға беру туралы ұсыныс жасады

Депутат Назарбаеваның айтуынша, есірткілік марихуана алынатын көкнәрді медициналық мақсатта пайдаланатын кез келді. "Шу алқабын зауыт салып, көкнәрді өңдейтін ірі фармацевтикалық компанияға берсек қалай болады? Бұлай болған жағдайда заңдарды өзгертуге тура келмек" деді Назарбаева. Оның "мен тіпті иіскеп көрмеппін" (есірткіні айтады - ред.) деген сөзі әлеуметтік желілерде күлкі тудырды. 


13 қаңтарда мыңдаған белсенді Бангкоктың (Таиланд астанасы - ред.) түрлі аудандарында жолдарды жапты. Олар қаладағы маңызды жеті жолға баррикадалар орнатып, көліктерді бөгеді. Наразылар қаладағы көлік қозғалысын тоқтатып тастамақ болған. Биліктің нұсқауымен тәртіпсіздіктер болмас үшін қала көшелеріне сол күні полиция әкелінді. 

Былтырғы қараша айынан бері наразылық шерулерін өткізіп келе жатқан оппозиция Чинават үкіметін коррупциямен күресу реформаларын енгізіп, қаржы мәселелерін шешумен айналысатын "халықтық кеңеспен" алмастыруды көздейді. Наразылық шерулері кезіндегі қақтығыстар салдарынан 8 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.

14 қаңтарда Алматыда бір топ белсенді Францияның Қазақстандағы консулдығына барып, Мұхтар Әблязовты Қазақстанға қайтармауды сұрап, бас консулмен кездесті.

Консулмен қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина, саясаткер Жасарал Қуанышәлин, заңгер Ерлан Қалиев жолығып шыққан. Кездесуде олар Франция елшілігіне осы ел президенті Франсуа Олландтан Әблязовты экстрадицияламауды сұраған хат тапсырған

9 қаңтарда Франция соты Әблязовты Украина немесе Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарған еді. Бұрынғы банкир өткен жылы жазда Канн қаласының маңынан ұсталған. 

Көзі тірі болғанда Заманбек Нұрқаділов 15 қаңтар күні 70-ке толар еді. 17 қаңтарда Алматыда Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 70 жыл толуына орай ас берілді. Асқа жиналғандар 9 жыл бұрын түсініксіз жағдайда өлген саясаткерге көше атын беруді, өлімін қайта тексеруді сұрап билікке хат жазды. Бұл ас саясаткердің туған күніне орайластырылды. 

Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы қарашаның 12-сінде жұмбақ жағдайда қаза болды. Оның өліміне байланысты ресми тергеу «Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтірген» деген қорытынды шығарды. Бұған оппозициялық күштер күмән келтіреді.




15 қаңтарда Қырғызстанның екі ірі қаласы - Бішкек пен Ошта мэр сайлауы өтті. Ош қаласындағы сайлауда билікке қарсы шерулер ұйымдастырған Мелис Мырзакматов жеңіліп, жаңа мэр болып Айтмамат Қадырбаев сайланды. Сайлаудан кейін Мырзакматовтың жақтастары Ошта Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың суреттерін өртеп, ірі шеру өткізді. Шеруді Мырзакматов "қарсылық шараларын күн жылынғанда бастайық" деп әрең таратты. 

Жаңа сайланған мэр Айтмамат Қадырбаев 2010 жылдың мамыр айында елдің оңтүстігінде үлкен дүрбелең тудырып, Роза Отунбаеваның уақытша үкіметінің өкілдерін орындарынан алып тастамаққа әрекеттенген. Билік енді одан да қауіптеніп отыр.

Былтыр қазан айында Дубайда ұсталған Қазақстан азаматтары бірнеше айдан кейін, 16 қаңтар күні елге оралды. Туыстары олардың қазір ҰҚК-де жауап беріп жатқанын айтады.

2013 жылы қазан айының соңында Дубайда (Біріккен Араб әмірліктері) он шақты (бас прокуратура дерегінше, 12 адам) қазақстандықты БАӘ полициясы ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады. Олардың қандай айыппен ұсталғаны әлі күнге белгісіз

Осы апта Египет сайлаушылары конституцияның жаңа жобасына референдум арқылы дауыс берді. Референдумға қатысқандардың 90 пайыздан астамы конституция жобасын қолдаған. Бұл шараға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 55 пайызы қатысқан.
 
Зайырлы комиссия даярлаған конституцияның жаңа жобасында 2012 жылы әскерилер биліктен тайдырған президент Мұхаммед Мурси тұсында жасалған конституциядағыдай ислам шарттары жоқ.

Референдум үкімет Мурси биліктен кетірілгеннен кейінгі демократияны қалпына келтіру жоспарының маңызды бөлігі саналады. Ал Мурси мен оның "Мұсылман бауырлар" қозғалысының жақтастары наразылықтарын жалғастырып жатыр.

16 қаңтарда қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың адвокаты Бруно Ребсток оны Ресейге не Украинаға экстрадициялау жайлы шешімге қарсы шағым бергенін хабарлады. Адвокат Ресей мен Украинаның заң үстемдігі орындалуына кепіл боларына күмәнданып, Әблязов одан әрі Қазақстанға берілуі мүмкін деген күдігін айтты. Қаңтардың 9-ы күні Франциядағы Экс-ан-Прованс қаласы соты Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарған еді. 

Қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов Қазақстандағы БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыпталады.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.

17 қаңтарда Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауын оқыды. Алайда Назарбаевтың биылғы жолдауы жылдағыдай тікелей трансляция арқылы көрсетілмеді.

Қазақстан президенті халыққа жолдауын жылда парламентте оқитын. Назарбаев бұл жолғы жолдауын Астанадағы Тәуелсіздік сарайында жариялады. Жолдау «Қазақстан – 2050» стратегиясының орындалу мәселелеріне арналды.

Ол үкіметке Қазақстан тұрғындарының өмір жасын ұзартуды, әлеуметтік көмек қаржысын көбейтуді тапсырды.  

17 қаңтарда Украина президенті Виктор Янукович шерушілерді қуғындайтын заңға қол қойды. Қаңтардың 16-сы күні Украина парламенті демонстрацияларға шектеу қойып, оппозицияшыл депутаттарды жазалайтын, сөз бостандығына тосқауыл қоятын бұл заң жобасын мақұлдаған еді. 

Еуропа Одағы, АҚШ мемлекеттік департаменті, Украина оппозициясы бұл заңды сынап, мәлімдемелер жариялады. Түрмеге қамалған Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко оппозицияны жаңа заңның іске асуына жол бермеуге шақырды.  

Ресейдің Мәскеу, Петербург және басқа да ондаған қаласында, Еуропаның бірнеше елінде 19 қаңтар күні антифашистер шеруі өтеді. 2009 жылы осы күні Мәскеу қаласында адвокат Станислав Маркелов пен журналист Анастасия Бабурова әсіреұлтшылдар қолынан қаза тапқан еді

Мәскеуде оларды еске алу шарасына жыл сайын жүздеген белсенді жиналады.