Қызылағаш тұрғындары су қоймасын салуды сұрайды

Қызылағаш ауылының тұрғыны, Қытайдан келген оралман Уақап қурап бара жатқан соя алқабында отыр. Алматы облысы, 23 шілде 2014 жыл.

2010 жылы су қоймасы апатқа ұшырап, адамдары қаза тапқан Қызылағаш ауылы су тапшылығынан егіндері күйіп кеткелі тұрғанын айтады. Тиісті мекеме «су қоймасы 2016 жылы дайын болуы тиіс» дейді.

Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғыны Мәди Рахмет шаруалардың биыл судан қатты тарығып отырғанын айтып шағымданды.

«ҚЫЗЫЛША – САЯСИ МӘСЕЛЕ»

Мәди Рахметтің сөзіне қарағанда, Қызылағаш 2010 жылғы су қоймасы апатына дейін 3 мың 500 гектар жерге егіс салып, бүкіл Ақсу ауданы өсірген 24 мың тонна қызылшаның тең жартысына жуығын беріп келген.

Қызылағаш су бөгетінің орны. Алматы облысы, 23 сәуір 2011 жыл.

– Қызылағаш өзенінің суы ауылға тартса егіс алқабына, егіс алқабына тартса ауылға жетпей әбіржітті. Ауданнан «қызылша – саяси мәселе» деген соң судың бәрін қызылшаға бердік. Соның өзінде егіс алқабының 50 пайызы болатын қызылша бір-ақ рет су ішті. Технологиясы бойынша, ол тіпті 9-10 рет суғарылуы керек, – дейді Мәди Рахмет.

Ол 10 гектар жердегі жүгері мен 34 гектар жерге еккен соясы да суға жарымай тұрғанын айтады.

– Бір маусымда үш-төрт рет су ішуі тиіс соядан енді өнім болмайды. Ең болмаса шыққан шығынымызды ақтап алайық деп егініміздің бір бөлігін ғана аздап суарып жатырмыз, – дейді Қызылағаш тұрғыны.

Мәди Рахметтің ауылдасы Айдын Дулат та 20 отбасы жиналып 50 гектар жерге егін салғанымен, уайымдары суға тіреліп тұрғанын айтады.

– 10 гектар жүгері, 30 гектар жоңышқамыз қурап кетті. Жоңышқаны жылда үш-төрт рет оратын едік, биыл бір-ақ рет ордық. Су жетпейтіндіктен, қызылша егуді доғарып едік, енді басқа дақылдарға да су жоқ, – дейді Айдын Дулат.

Қызылағаш тұрғындары «халықтың көңіл-күйі су тоспасына қарап тұр, өкімет Қызылағаш су қоймасын сала ма, жоқ па – соны айтсын» дейді.

Мәди Рахмет Қызылағаш апатынан кейін билік су қоймасын қайта салатыны жөнінде уәде беріп, екі жыл бұрын су қоймасы салынатын жерге дейін асфальт төсеп, электр желісін тартқанын айтты.

«2016 ЖЫЛЫ АЯҚТАЛУЫ ТИІС»

Азаттық тілшісі Қызылағаш ауылы тұрғындары шағымының жайын жергілікті атқарушы билік өкілдерінен сұрастырды. Бірақ олар «Қызылағаш су қоймасын салу-салмау мәселесін жергілікті билік шеше алмайды» деген уәж айтты.

Қызылағаш ауылының тұрғыны Құрманажы Әжібай егіс алқабына келетін су тартылғанын көрсетіп тұр. Алматы облысы, 23 шілде 2014 жыл.

​Алматы облысы Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Қаһарман Тілемісов қызметке келгеніне үш ай ғана болғанын, «2010 жылғы апаттан кейін су қоймасын салу жөнінде уәде берілгенін білмейтінін» мәлім етті.

– Жоғарыға өтінішімізді айттық, қолымыздан келер басқа ештеңе жоқ, – дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары.

Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Қанат Жүсіпбаевтың жауабы да осыған ұқсас болды. «Жергілікті атқару органдарының қолында қаржы болмаған соң, бізден қайран жоқ» деген ол кісі:

– Бұл мәселемен қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне қарасты «Қазақ су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны шұғылданады, – деп жөн сілтеді.

«Қазақ су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық бөлімшесі бастығының орынбасары Рахымжан Разбаевтың айтуынша, бұл мекеме Қызылағаш су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасын жасау жөнінде «Казгипроводхоз» өндірістік кооперативіне тапсырыс берген.

Қызылағаш ауылының тұрғындары Қызылағаш өзенінің суын бөлісіп жатыр. Алматы облысы, 23 шілде 2014 жыл.

– Жобалау институтының құжаттама жасап жатқанына екі жылдай болды. Маусым айында сараптамаға тапсырды. Құжаттама аяқталысымен құрылыс басталады. Құрылысқа шамамен 8 миллиард теңге жұмсалады. Үкіметтің 2015 жылғы бағдарламасына енгізілген. Демек, 2015 жылы басталып, 2016 жылы аяқталуы тиіс, – дейді Рахымжан Разбаев.

Азаттық тілшісіне Қызылағаш су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасын жасап жатқан «Казгипроводхоз» мекемесінің бас инженері Эрнест Гисин:

– «Қазақ су шаруашылығы» республикалық мемлекетік кәсіпорыны бұл тапсырысты бізге былтыр, 2013 жылы берді. Совет үкіметі кезінде мұндай құжаттаманы кем дегенде екі жыл жасайтын. Ал біз бір жылда жасап жатырмыз, – деді.

Эрнест Гисиннің айтуынша, «су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамаға енді тапсырылды. Ескертулер болмаса, бір жарым айдан кейін қайтарылады».

Үш жарым мыңдай тұрғыны бар Қызылағаш ауылында 2010 жылы наурыздың 12-сіне қараған түні су қоймасы жарылып, ол апаттан ресми есеп бойынша 45 адам қаза тапты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, топан су 146 үйді ағызып әкеткен, 251 үйді қиратқан, 42 үйге жөндеу талап ететіндей зардап тигізген.

Қызылағаш тұрғыны Николай Нестеренко үйінің жанында отыр. 10 қазан 2012 жыл.

2010 жылдың қыркүйек айына дейін ауылда жаңадан 400-ден аса үй салынып, 30-40 үй жөнделген. Бірақ ауыл тұрғындары жаңа үйлердің сапасына наразы болған.

Қызылағаш су қоймасы апаты бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған сот 2011 жылы ақпанда су бөгетінің иесі – «Қызылағаш» кооперативінің басқарма төрағасы Қуаныш Бекеевті, Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов пен оның інісі – «Қызылағаш» кооперативінің директоры Мұхит Жүнісовті кінәлі деп тауып, әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. Кейін ол азаматтар рақымшылық заңына ілініп, бостандыққа шықты.