Украинаға НАТО кепілдігі беріле ме? АҚШ уәкілі мүмкіндік бар дейді, сарапшылар оған сене бермейді

АҚШ арнайы уәкілі әрі президент Дональд Трамптың күйеу баласы Джеред Кушнер Ресей президенті Владимир Путинмен қол алысып тұр. Кремль, 12 қараша 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қайта басып кіру қаупі айтарлықтай азайды деп есептесе, Киевке НАТО-дағыдай қауіпсіздік кепілдігін ұсынуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы уәкілі Джаред Кушнер мәлімдеді.

Кушнер 22 қарашада X әлеуметтік желісінде жариялаған көлемді жазбасында Ресейдің осындай кепілдіктерді талқылауға дайын екенін білдіргені "алға басқан үлкен қадам" деді. Оның пікірінше, бұл Мәскеудің соғысты тоқтатуға ниетті екенін көрсетеді.

Алайда Ресей Украинаға НАТО-ның 5-бабына ұқсас кепілдік берілуіне қарсы екенін бұған дейін ашық мәлімдеген. Өткен аптада Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков мұндай ұсынысты қабылдауға болмайтынын айтты. Осыдан Кушнер Мәскеудің ұстанымын қаншалықты дәл жеткізді деген сұрақ туды.

Кушнер мұндай міндеттемеге АҚШ-тың өзі қалай қарайтынын да нақтылаған жоқ. Оның сөзінше, кез келген ұсынылған кепілдікке Трамптың өзі келісім беруі керек. Одан кейін АҚШ Конституциясы мен Конгресс белгілеген рәсімдер сақталуға тиіс.

Азаттық сөйлескен АҚШ шенеунігі Кушнердің келіссөздердегі рөлін атап өтіп, оның мәлімдемесінің маңызы барын айтты.

"Арнайы уәкіл барлық тараптың ұстанымын, әсіресе келіссөз жүргізуге сенім артқан президент Трамптың көзқарасын түсінбей тұрып мәлімдеме жасамайды" деді ол.

Вашингтон қандай кепілдікті қарастырып отыр?

Кушнердің сөзінше, әскери тежеу тетіктері және қақтығыстың өршуіне жол бермейтін келісімдер қамтылған кепілдік жаңа соғыс қаупін "айтарлықтай азайта" алады. АҚШ арнайы уәкілі Украина президенті Владимир Зеленскийдің қауіпсіздік кепілдіктері "нақты, сенімді әрі жазбаша түрде бекітілген" болуы керек деген талабын қолдай сөйледі.

Арнайы уәкіл шиеленісті азайтудың кең ауқымды тетіктерін ұсынды. Оның ішінде тұрақты консультация арналары, кризис коммуникациясы, әскерилер арасындағы қауіпті жағдайлардың алдын алу, ашықтық және шиеленісті азайтуға бағытталған өзара шаралар бар.

Оның айтуынша, түпкі мақсат – "Украина қауіпсіз, Еуропа күштірек, Ресей НАТО-ның текетірес іздемейтініне сенімді болатын, ал НАТО мен оның серіктестері Ресей көршілерінің егемендігі мен қауіпсіздігін құрметтейтініне көз жеткізетін" жағдай қалыптастыру.

Кушнер Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдігін Еуропаның соғыстан кейінгі жалпы қауіпсіздік жүйесінен бөлек қарастыруға болмайтынын атап өтті. Кез келген келісім оған қатысатын елдердің егемендігі мен дербес шешім қабылдау құқығын сақтауы керек дейді ол.

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақтан санағанда екінші тұр) пен Джаред Кушнер (оң жақта) "Ниеттестер коалициясының" Берлиндегі конференциясында. 19 қараша 2026 жыл.

Арнайы уәкіл сондай-ақ ұзақ мерзімді қауіпсіздік үшін Украинаның экономикасын нығайтып, елдің өркендеуіне жағдай жасайтын нақты жоспар қажет екенін де атап өтті. Мұндай жоспар мемлекеттік институттарды, экономиканы және елдің өз күшіне сүйену мүмкіндігін күшейтуге бағытталуы керек.

Трамптың "Ниеттестер коалициясы" елдерімен келіссөздеріне сілтеген Кушнер соғысқа жұмсалып жатқан жүздеген миллиард долларды жұмыс орындарын ашуға, экономиканы дамытуға, энергия бағасын арзандатуға және инфрақұрылымды жаңартуға бағыттауға болатынын айтты.

Оның сөзінше, алдағы апталарда Вашингтон ұсынылған тетіктерді Киевпен, Еуропадағы серіктестерімен және Мәскеумен бірге әзірлеуге кіріспек.

Зеленский бұдан да нақты кепілдікті сұрап отыр

Кушнердің жазбасы Зеленскийдің "Ниеттестер коалициясының" Берлинде өткен отырысынан кейін айтқан пікірлерінен соң жарияланып отыр.

Украина президентінің сөзінше, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең айқын жолы – НАТО-ға толыққанды мүше болу. Оның үстіне, Украинаның альянсқа қосылуы НАТО-ның өзін де күшейтер еді дейді ол.

Зеленский НАТО-ның 5-бабына ұқсас балама келісім іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіндіруді сұрады. Атап айтқанда, оған қай елдер қатысады, олар Украинаны қалай қорғайды және ол елдер Ресей қайта шабуылдаған жағдайда оған тойтарыс беруге дайын ба деген сұрақтарға жауап қажет дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Майк Помпео: Путиннің соғысты тоқтатуға ниеті жоқ

Украина президентінің айтуынша, мұның бәрі жалпы саяси уәде түрінде қалмай, жазбаша құжатта нақты көрсетілуі керек.

Зеленский қауіпсіздік кепілдіктері Трамптың президенттік мерзімімен шектелмеуге тиіс екенін де ескертті. Ол Украинаға алдағы екі жылға ғана емес, ұзақ мерзімге арналған міндеттемелер қажет деп отыр.

Мәскеудің ұстанымы

АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия мәселелері жөніндегі бұрынғы көмекшісі Дэниел Фрид Азаттыққа берген сұхбатында Мәскеудің Украинаға осындай кепілдік беру мәселесін талқылауға дайын екеніне ешқандай дәлел көрмей отырғанын айтты.

"Ресей мұны айтқанын қалар едім, бірақ олар оны айтпады" дейді Фрид Рябковтың мәлімдемесі мен Ресейдің максималистік мақсаттарынан бас тартпай отырғанын атап өтіп.

Фрид ұсынысты талқылауға дайын болу ол ұсынысты қабылдау дегенді білдірмейтінін айтады.

"Бұл жерде "талқылау" деген сөзге тым көп мән беріліп отыр" дейді ол.

Фридтің түсіндіруінше, НАТО-ның 5-бабына шын мәнінде ұқсас кепілдік дегеніміз – АҚШ пен Еуропаның негізгі елдері, соның ішінде "Ниеттестер коалициясының" кейбір мүшелері Украинаға жасалған шабуылды өздеріне жасалған шабуыл ретінде қабылдауға міндетті болуы.

"Бұл өте маңызды қадам болар еді" дейді ол. Оның сөзінше, мұндай келісім іске асуы мүмкін-ақ, бірақ Ресейдің оған келісуі екіталай. Ал Киев НАТО-ға мүше болып кіруді құптайды.

Кушнер АҚШ ұстанымын білдірді ме, әлде бұл мәлімдемені Трамптың қолдауына ие болуы үшін жасады ма – соны анықтау керек дейді Фрид.

"Джаред Кушнер АҚШ өкіметінің ресми ұстанымын білдіруден гөрі осы тетіктерді Трампқа ұсыну үшін белгілі бір жағдайды қалыптастырып, тепе-теңдікті сақтауға тырысып отырған сияқты" дейді сарапшы.

Пентагонның НАТО жөніндегі көзқарасы қандай?

Пентагон басшысының саясат жөніндегі орынбасары Элбридж Колби 22 қарашадағы жазбасында "НАТО 3.0" үлгісіне көшу жайлы айтып, НАТО-ның еуропалық мүшелері қалыпты қорғаныс мәселесінде көш бастауы керек деді.

Колби АҚШ-тың Украинаға көмегі майдан шебін ұстап тұруға және соның аясында орта қашықтықтағы соққылар жасауға бағытталуы керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – Украинаның қорғанысын күшейтіп, ұзақ мерзімді бейбітшілікке жағдай жасаудың ең тиімді жолы.

Пентагон өкілінің сөзінше, Еуропа жетекшілік ететін қорғаныс жүйесіне көшу қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. АҚШ одақтастары әскери өнеркәсіп әлеуеті мен саяси ерік-жігерін көрсетіп, қауіпсіздік үшін үлкен жауапкершілік алуға дайын екенін аңғартқан.

Фридтің айтуынша, Вашингтон Еуропадағы рөлін азайта отырып Украинаға қауіпсіздік кепілдігін қалай беретіні сұрақ туғызып отыр.

"Егер біз Украинаға НАТО-ның 5-бабына ұқсас кепілдік беру арқылы қосымша қауіпсіздік міндеттемесін алғалы отырсақ, бұл үшін тағы қанша әскери күш қажет болатынын және оны қалай қамтамасыз ететінімізді білгім келеді" дейді ол.

Сарапшының айтуынша, мұндай келісім іске асқан күннің өзінде Мәскеудің өз талаптары болуы мүмкін.

Бірақ Фрид Кушнердің бұл жолғы мәлімдемесінде алға жылжу байқалатынын айтады.

"Бұған дейін Кушнердің НАТО-ның 5-бабына ұқсас кепілдік туралы сөздеріне немқұрайлы қараған едім. Бірақ бұл жолғы жазбасы жеткілікті дәрежеде нақты әрі батыл болғандықтан, енді байыппен қарап отырмын" деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Талаптар аясы кеңейіп жатыр". Ресей НАТО-ға Орталық Азия жөнінде шарт қойғаны рас па?

Кепілдік қаншалықты сенімді болуы керек?

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Еуропа жөніндегі бұрынғы директоры, сондай-ақ АҚШ-тың Украинадағы елшілігінде уақытша сенімді өкіл болған Кристина Квиен бұл мәселеге күмәнмен қарайды.

Қазір Халықаралық саясат жөніндегі Тынық мұхиты кеңесін (Pacific Council on International Policy) басқаратын Квиен Азаттыққа берген сұхбатында НАТО-ның 5-бабына ұқсас кепілдік деген тіркес нақты әрі орындалуы міндетті тетіктермен бекітілмесе, тым бұлыңғыр болып қалатынын айтты.

Ол Кушнердің Ресей мұндай ұсынысты талқылауға дайын деген мәлімдемесіне де күмән келтірді. Өйткені Рябков мұндай кепілдікті қабылдауға болмайтынын ашық айтып отыр дейді ол.

Квиеннің пікірінше, кепілдік жазбаша құжатпен бекітілген күннің өзінде оның орындалуы Вашингтонның өз міндеттемесін орындауға қаншалықты дайын екеніне байланысты болады.

"Трамп әкімшілігі өз міндеттемесін орындайтынына күмән болмайтындай сенімді әлі қалыптастырған жоқ" дейді Квиен. "Украина үшін ең сенімді қауіпсіздік кепілдігі – НАТО-ға толыққанды мүше болу".

Ал Кушнер ұсынылып отырған қауіпсіздік тетіктері, экономиканы қалпына келтіру және Еуропаның жалпы қауіпсіздік жүйесі ұзақ мерзімді келісімге негіз болуға тиіс деп отыр.

Ол түпкі мақсатты "егемен, қауіпсіз, өркендеген әрі еркін Украина, күштірек және тұрақты Еуропа, сондай-ақ жаңа соғыстың басталу ықтималдығын барынша азайтатын келісімдерге негізделген ұзақ мерзімді бейбітшілік" деп сипаттады.

"Келісім жасалмайынша, қандай да бір келісім бар деуге болмайды" деді Кушнер. "Алайда тарихи маңызы бар осы мәселелерді талқылауға дайындық қантөгісті тоқтатуға мүмкіндік беретін елеулі жағдай туғызады".