"Орыс аюы" иек астында. Солтүстік өңірдегі жұртты не мазалайды?

Бір жақ қабырғасына қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының суреті салынған көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатқан адам. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2020 жыл.

Азаттық тілшісі Қазақстанның солтүстігіндегі шекара аймағында тұратын халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, Петропавл атауын Қызылжар деп өзгерту жайлы талқының жай-жапсарын, Ресей депутаттарының Қазақстанға "сыйға берілген жер" туралы мәлімдемесіне қатысты жергілікті жұрттың пікірін біліп қайтты.

ШЕКАРАДАҒЫ АУЫЛ

Есілдің жарқабағындағы қайыңды орман, сырты оюланған ескі ағаш үйлер. Солтүстік Қазақстан облысындағы Долматово ауылы Ресеймен шекараға тиіп тұр, елдімекеннен көрші мемлекетке дейін небәрі төрт километр.

Ауылдың бар тіршілігі бүкіл елдімекенді басып өтетін ұзын көшенің бойында өтіп жатыр: мұнда дүкендер, дәріхана мен тоғызжылдық орталау мектеп орналасқан. Бірақ әкімдік ғимараты жоқ. Халық санағын жүргізетін кітапхана ғана сақталып қалған. Қазір Долматово ауылында 326 адам тұрады.

Долматово ауылы. Солтүстік Қазақстан облысы, 21 желтоқсан 2020 жыл.

Қар басқан көшеде жүрген адам жоқ. Дүкеннің алдынан шана сүйреген қарт әйел кездесті. Шанаға бес литр өсімдік майы мен азық-түлік салынған пакет тиеп алыпты. Нина Ивановна Долматово ауылына журналистердің аяғы жеткеніне таңғалып тұрғанға ұқсайды.

– Бұл бұрын орыс ауылы болған, шекара – міне, тура жанымызда. Бақшамнан қарасам Ресейдің жері көрінеді. Өмір бойы осы ауылда тұрып келемін. Көшуді ойламаймын. Оның үстіне, басқа барар жерім де жоқ, – деді бастырмалата сұрақ қойған тілшіден тезірек сытылуға асығып, шанасын сүйрей жөнелген ауыл тұрғыны.

Долматово ауылының тұрғыны Нина Ивановна. Солтүстік Қазақстан облысы, 21 желтоқсан 2020 жыл.

Нина Ивановна ауыл мектебінің бұрынғы директоры, зейнеткер Иван Коломейцевке жолығуға кеңес берді. 84 жастағы Иван Филиппович бұрын мұғалім болып істеген әйелімен бірге өзен жағасындағы шағын үйде тұрады екен.

– Мына үш абзацты оқысаңыз, қандай ауылға келгеніңізді бірден түсінесіз, – дейді Петропавл облысының тарихы туралы кітаптың сарғайып кеткен бетіне нұсқаған Иван Коломейцев. – Долматово ауылы 1758 жылы, ал Петропавл 1752 жылы құрылған. Долматово – солтүстік Қазақстандағы бірінші шаруа ауылы. Шаруа Тимофей Булашев отбасымен бірге Есілден Петр мен Павелдің бекінісіне бара жатып, күзде осы жерге тұрақтаған. Бұл ауыл осылай пайда болған.

Долматово ауылының тұрғыны Иван Коломейцев. Солтүстік Қазақстан облысы, 21 желтоқсан 2020 жыл.

Иван Филиппович совет билігі тұсында бұл жерде "Ленин жолы" колхозы болғанын, Совет одағы тарағаннан кейін жұмыс болмай, көп адам облыс орталығы Петропавлға немесе көрші Ресейге көше бастағанын айтады. Зейнеткердің сөзінше, Совет одағы тұсында ауылда қазақтар тұрған. Бірақ колхоз тарағаннан кейін олар көшіп кеткен. Қазір Долматово ауылында тұратын халықтың 99 пайызы – орыстар.

– Қазір ауыл дүкенінде істейтін Айжаннан басқа қазақ жоқ, – дейді Антонина Федоровна.

Долматово ауылының тұрғыны Антонина Коломейцева. Солтүстік Қазақстан облысы, 21 желтоқсан 2020 жыл.

Долматово тұрғындарының көбі көрші Ресейдің Түмен облысына жиі барады. Жергілікті дүкендерде ресейлік тауар көп. Ауыл халқы негізінен Ресей телеарналарын көреді. Тұрғындар осы айда Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым жөніндегі комитетінің жетекшісі, "Единая Россия" билеуші партиясының мүшесі Вячеслав Никоновтың "Первый канал" телеарнасы эфирінде Қазақстан жерін Ресей мен Совет одағының берген "үлкен сыйы" деп атағанын естіген (Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемеге байланысты наразылық нотасын жариялады). Ауылдағылар Никоновтан кейін оның партиялас серігі, Ресей парламентінің мүшесі Евгений Федоровтың Қазақстан жерін [Ресейге] қайтаруды талап еткенін де біледі.

– Олардың бұлай деуі дұрыс емес. Совет одағы тарады, территориялар нақтыланып, шекара белгіленді. Өмір бойы Қазақстанда тұрып келемін. Бұл жақта ешкім орыстарға қысым көрсеткен емес. Қазақстан азаматымын, Ресейге барғым келсе, көлікке отырып, шекарадан өтемін. Көшкім келсе, әлдеқашан кетіп қалар едім. Балаларым мен немерелерім де Қазақстанда қалды, – дейді Ресей депутаттарының сөзі жайлы пікір білдірген Иван Коломейцев.

РЕСЕЙДІҢ "СЫЙЫ" ЖӘНЕ СЕПАРАТИЗМ ҚАУПІ

Никонов пен Федоровтың сөзі қазақстандықтардың наразылығын оятты. Желтоқсанның соңғы сенбісінде ондаған адам Алматыдағы Ресей консулдығына барып, депутаттардың сөзі "агрессия танытуға" жататынын айтып, кешірім сұрауын талап етті.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген, ұлтаралық татулыққа үндейтін сөздер жазылған баннер. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 22 желтоқсан 2020 жыл.

Бұл наразылықтан Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтар да шет қалған жоқ. Қоғам белсенділері Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен президент әкімшілігіне хат жазып, Ресей депутаттарының сөзіне наразылық білдірді. Азаттық тілшісі осы хатқа қол қойғандардың бірі, журналист әрі қоғам қайраткері Өмір Есқалимен Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Петропавлда кездесті. Ол Қазақстандағы "орыс жерлері" туралы сөздер халықты қорлап қана қоймай, шовинизм мен сепаратизм қаупін туғызады деп біледі.

– Мырқымбай немесе Иванов деген жеке бір адам бірнәрсе айтса, ештеңе емес. Бірақ бұл билеуші партияның депутаттары ғой! Бәрі бос сөз. "Алаш" зиялылары Лениннің алдына кіріп, жерімізді бекітіп алған. Ресей архивінен "Қазақия, XV-XVI ғасыр" деген жазуы бар карта көрдім. Сол кездің өзінде Қазақ хандығы болған. Ресми бекітілген. Кітаптарда [ежелгі] Моғолстанның карталары кездеседі. Олар қайдан жүр? Бұл жерде әртүрлі саяхатшылар болған. Семенов-Тянь-Шанский және басқа ғалымдар бәрін картаға түсіріп, ресми түрде архивке өткізген. Осының бәрі құжат жүзінде сақталған, – дейді Ресей Мемлекеттік думасы депутаттарының жер туралы талабы негізсіз екенін айтқан Есқали.

Петропавлдың орталық бөлігінің көрінісі. Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2020 жыл.

Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресей депутаттарының қазақ жері туралы мәлімдемесі "Кремльде туған ой-пікірдің көрінісі" деп есептейді.

– Сайқымазақтар патшаның ойындағысын айтады. [Ресей президенті Владимир] Путин биыл маусымда Ресей халқының басқа мемлекеттерге жасаған "сыйлығы" туралы мәлімдеген болатын. Негізі бұл – Беларусь пен Қазақстан сияқты Ресеймен шекаралас мемлекеттерге ашық ишара жасау. Украинадағы жағдайдан кейін Қазақстан Ресей билігінің осындай сипаттағы кез келген мәлімдемесін ресми позиция деп қабылдауы керек. Біз "Овертон терезесі" деген өте қауіпті мәселеге кезігіп отырмыз. Бұл рұқсат етілген іс-әрекет шегін кеңейту дегенді білдіреді: бірінші рет айтылған тезис тыйым салынған дүние сияқты көрінеді, екіншісі радикалды, үшіншісі "мүмкін", ал төртіншісі "Неге солай жасамасқа?" деген ой туғызады. Ресей пропагандашылары уақыт өте келе Ресей мен Қазақстанда бірдей қалыпты дүние сияқты қабылдануы керек ойларды қоғамдық санаға біртіндеп сіңіруге тырысып жатыр. Осы ойлар жүзеге асқанда, қоғамның бір бөлігі мұны заңды құбылыс ретінде қабылдайтын болады, – дейді Досым Сәтпаев.

Қабырғасына Ресей спутнигінен телеарна толқынын ұстайтын антенна орнатылған тұрғын үй. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 18 желтоқсан 2020 жыл.

Сәтпаев Қазақстан үкіметі Ресей депутаттарының талабынан кейін елге кіруге тыйым салынған азаматтардың қара тізімін жасап, мәлімдеме авторларын "нон-грата тұлғасы" деп жариялауы керек еді деп санайды. "Бірақ олай болған жоқ" дейді саясаттанушы.

Дегенмен Қазақстан билігі қол қусырып қарап отыр деуге болмайды. 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Донбастағы соғыста Мәскеу Украина билігіне қарсы күрескен сепаратистерді қолдағаннан кейін Қазақстан Қылмыстық кодексіне толықтырулар енгізілді. "Сепаратистік әрекет" деген 180-бап бойынша, "Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзу не мемлекетті ыдырату мақсатында жасалған әрекеттер" үшін берілетін ең қатаң жаза мерзімі – 15 жыл. Бұл бапта аталған іс-әрекет ауыр қылмысқа жатады және ондай қылмыс жасағандар азаматтықтан айрылуы да мүмкін. Қазақстан БҰҰ-да Қырым резолюциясы бойынша өткен дауыс беру кезінде батыс елдері "агрессор мемлекет" деп атаған Ресейдің жағына шықпай, бірнеше рет "қалыс қалған".

ЕРЕКШЕЛІГІ КӨП ӨҢІР

Петропавлда тұратын блогер, YouTube-тағы Солтүстік Қазақстан облысының мәселесін жиі көтеретін Kenesary sarbazdary деген арнаның жүргізушісі Ерғали Көпеев "сепаратизмнің алғышарттарын адамдар емес, биліктің өзі қалыптастырып отыр" деп есептейді.

Блогер Ерғали Көпеев анасымен бірге дастархан басында отыр. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.

Көпеев туған жерінде шынымен сепаратизм қаупі барын айтады. Солтүстік Қазақстан – қазақтарға қарағанда этникалық орыстар саны басым екі облыстың бірі (екіншісі – Қостанай). Мұндағы халықтың көбі Ресейдің ақпарат кеңістігінде өмір сүреді, көрші мемлекеттің арналарын көріп, әлемге Ресей пропагандасының көзімен қарайды.

Солтүстік Қазақстан облысы – кейінгі онжылдықта халық саны күрт азайып бара жатқан жалғыз өңір. 2010 жылы облыста 592 мың адам тұрса, 2020 жылы тұрғын саны 548 мың адамға дейін кеміген.

Қазақстан билігі елдің солтүстігіндегі демографиялық ахуалды жақсарту үшін өткен онжылдықтың басында қазақтар көп тұратын оңтүстік өңірден елді солтүстікке көшіру концепциясын ұсынған. Ресейдің орыстілділер саны басым Қырымды аннексиялауы Қазақстанды халықты солтүстікке көшіру идеясын тезірек жүзеге асыруға итермеледі. Билік мемлекеттік бағдарлама аясында еңбекке жарамды халық саны көп өңірлерден жұмыс күші жетпейтін облыстарға көшкен азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер беріп, көшуге, үй жалдауға кеткен шығынды өтеп, жұмыс табуға көмектеседі.

Петропавлдың орталығында кептерлерге жем шашып тұрған әйел мен бала. Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2020 жыл.

Бірақ солтүстікке көшкен жүздеген адам жұмыста жағдай жасалмағанына, үйдің сапасыз салынғанына шағынады. Алайда мемлекеттің бағдарламасы өз жемісін беріп жатқанға ұқсайды. 2009 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы халықтың 50 пайыздан көбі – орыс, 33 пайызы қазақ болса, былтырғы ресми дерек бойынша, қазақтардың үлесі 35 пайызға жетіп, орыстардың үлесі 49 пайыз төңірегінде тұрақтаған.

Солтүстікте қазақтардың көбеюіне ықпал еткен тағы бір себеп – орыстардың Ресейге көшуі.

Қазақстанның солтүстігінде тұратын Сергей мен Марина (толық аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) Екатеринбург қаласына көшкелі отыр. Сергейдің айтуынша, кейінгі он жылда Петропавлдағы достарының бәрі көшіп кеткен. Ерлі-зайыпты Қазақстаннан кетуге экономикалық себептер әсер еткенін айтады. Жеке компаниялардың бірінде IT маманы болып істейтін Сергей табысы жоғары жұмысқа тұрғысы келеді. Педагог мамандығы бойынша білім алып, қазір бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отырған әйелі де жаңа жерде жұмыс табылар деп үміттенеді.

– Адамдар амалдап күн көруді емес, жақсы өмір сүруді қалайды, түсінесің бе? Екатеринбургке орыстардың ортасы болғаны үшін емес, жұмыс іздеп бара жатырмыз. Мен қарапайым адаммын, көлігімді ауыстырғым келеді, баламның болашағын қамтамасыз етсем, жыл сайын отбасыммен теңізге демалысқа барсам деймін. Ал Петропавлда 150 мың теңге жалақыға Бурабайға баруға қажет ақшаның өзін әзер жинаймын, – дейді Сергей.

Азық-түлік дүкені алдында отырған саудагер. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 18 желтоқсан 2020 жыл.

"ОРЫСТАР ҒАНА ЕМЕС, БӘРІ КЕТІП ЖАТЫР"

Петропавл – көпестердің ескі үйлері сақталған, қайың мен қарағай өсетін гүлзарлары бар, баяу тіршілік кешіп жатқан шағын қала. Шахардың бас алаңында үлкен шырша мен мұздан ойылған мүсіндер қойылған. Мұз қалашығы көктемге дейін міз бақпай тұратын сияқты, өйткені бұл жақтың қысы қатты. Әкімдіктің жанына екі километр жердің өзінен анық көрінетін Қазақстан туы қойылған.

Петропавлдың ескі бөлігінің ымырт кезіндегі көрінісі. Солтүстік Қазақстан облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.

Қаланың бірыңғай жеке үйлер салынған ескі орталығында (жергілікті халық бұл жерді "тау етегі" деп атайды) Петр мен Павелдің екі жүз жыл бұрын салынған шіркеуі, одан сәл жоғарырақ ("тауда") Абылай ханның биік баспалдағы бар, тастан қаланған әдемі үйі тұр. 18-ғасырдың ортасынан бастап бұл жерде сауда мен саясатқа байланысты даулы мәселелер шешілген. Қазір бұл үйде мұражай кешені жұмыс істейді.

Қаладағы кофеханалардың бірінде Петропавлда тұратын құқық қорғаушы Александр Данчевпен және жас журналист Айжан Шәйкеновамен кездестім. Айжан 2020 жылы жазда университет бітіріп, сыныптастарының көбі Ресейге қоныс аударғанына қарамастан, Петропавлда қалған. "Петропавлдан орыстар ғана емес, бәрі кетіп жатыр" дейді ол.

Александр Данчевтің пікірінше, Петропавлдан көшудің негізгі себебі – жалақы аз. Соңғы деректерге сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысындағы жалақы деңгейі Түркістан мен Жамбыл облысының көрсеткішінен сәл ғана жоғары.

– Петропавлдағы орташа жалақы – 80-100 мың теңге. 100 мың теңге өте жақсы жалақы саналады, – дейді Александр.

Журналист Айжан Шәйкенова (сол жақта) мен құқық қорғаушы Александр Данчев. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2020 жыл.

Біз кофе ішіп, солтүстікте өмір сүрудің қиындығы, жалақының аздығы туралы сөйлесіп отырдық. Бір кезде әңгіме жергілікті халықтың Никонов, Федоров пен басқалардың сөзін қалай қабылдағанына қарай ойысты. Бұл тақырыпқа келгенде, журналист пен құқық қорғаушының пікірі бір жерден шығып, жергілікті халық арасында мұндай талқылау жүрмегенін айтты.

– Қоғамда бұл тақырып талқыланып жатқан жоқ. Өз басым таныстарымнан не қалалық парақшалардан ондай ештеңе естіген жоқпын. Біздің халық саясатқа араласпайды. Мүмкін сол себептен ресейлік депутаттардың сөзін елеусіз қалдырған шығар, – дейді Айжан Шәйкенова.

Көмір жағатын қалалық жылу орталығы. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.

ПЕТРОПАВЛ МА, ҚЫЗЫЛЖАР МА?

Облыста Никонов пен Федоровтың сөзі мүлде елеусіз қалмаған.

Өткен аптада "Намыс" жастар қозғалысының мүшелері облыстық әкімдік ғимаратының алдына "Петропавловск-Қызылжар" деген жазуы бар баннер алып шығып, акция өткізген. "Петропавловск" сөзінің үсті қызыл крестпен сызылған. Қозғалыс мүшелері өңір басшылығынан Петропавлдың атауын Қызылжар деп өзгертуді осылайша талап еткен.

Петропавл атауын өзгерту өңірде қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Қала атауын өзгерту туралы ұсыныс бірнеше рет айтылған, бірақ мәселе талқылаудан арыға бармаған.

"Қызылжар" мейманханасы. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2020 жыл.

Петропавлдық журналист Елена Кузнецова 2010 жылы қала атауын өзгерту туралы есте қаларлық ұсыныс айтылғанын еске алды. Бұл бастаманы парламент мәжілісінің депутаты болып сайланған жергілікті журналист Жарасбай Сүлейменов көтерген. Оның сөзі жергілікті халықты Петропавл атауын қалдыруды қолдайтындар мен Қызылжар атауы үшін күресетін екі топқа бөлген. Шенеуніктер бұл мәселеге мұқият қарап, жергілікті тұрғындардың пікірін ескермей қала атауын өзгерту туралы шешім қабылдау мүмкін емесін айтқан. Одан бөлек, тәуелсіз сауалнама нәтижесі дауыс бергендердің 66 пайызы қала атауын өзгертуге қарсы екенін көрсеткен. Қызылжар атауын қолдаған азаматтардың үлесі 28 пайыз болған.

– Осы жылдар ішінде Қызылжар атауы өмірімізге дендеп енді. Жергілікті телеарна, футбол клубы, қала іргесіндегі аудан, жергілікті өндірістен шығатын арақ және тағы басқа көп дүниеге Қызылжар атауы берілген. Қазір қала атауын өзгерту тақырыбы тура сайлаудың алдында қайта көтеріліп жатқанын атап өту керек. Біз қала және облыс әкімінің пікірін естігіміз келген, бірақ олар аузына құм құйылғандай үнсіз отыр. Бұл саяси мәселе, сондықтан биліктің позициясын білгіміз келеді. Қоғам бұл тақырыпты үнемі ауыр қабылдайды және бұл ары қарай да жалғаса береді. Бұл – кедей, жалақы мөлшері аз, тұрғындарының көбі басқа жаққа көшіп жатқан, жемқорлық жайлаған өңір. Халық азық-түлік пен коммуналдық төлемдер жиі қымбаттайтынына ызаланып отыр. Сондықтан облыс орталығының атауы шынымен өзгерсе, қандай реакция болатынын білмеймін, – дейді Елена Кузнецова.

Қазақ ақыны, Алашорда қайраткері Міржақып Дулатұлының суреті салынған баннер. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2020 жыл.

Қоғам қайраткері Өмір Есқали керісінше, қала атауын өзгерту керек деп есептейді. Дегенмен мұның мұқият жүзеге асырылуы керек қиын процесс екенін ол да мойындайды. Есқали қала атауын өзгерту халыққа ғана емес, "саяси жағдай мен мемлекет позициясына" байланысты екенін айтады.

– Петропавл атауын Қызылжар деп өзгерту бес-он жылдан бері кейінге қалып келеді. Қоғамдық диалог ұйымдастырып, миллиондаған адам қала атауын өзгертуді қолдаса да, бәрі үкіметтің шешіміне байланысты болады. Қазір елдімекен былай тұрсын, көше атауын өзгертудің өзі қиын. Атауы орыс тілінде болғандықтан, көбі қала құрылысы бекіністен басталған екен деп ойлайды. Бұл жерде қазақ ауылы болған. Дәулетбай деген байдың үйлері болған. Кейін халық саны көбейіп, қалаға айналған. Олар қала бекініс үстіне салынған дейді. Олай емес, – дейді Өмір Есқали.

Блогер Ерғали Көпеев те Петропавл атауын өзгерту керек және мұның неғұрлым тезірек жүзеге асқаны жақсы деп есептейді.

– Ата-бабам қаланы Қызылжар деп атайтын. Әжем Омбыдан ұшып келгенде (бұрын екі қаланың арасында жеңіл ұшақ қатынайтын) "Қызылжарға кеттім" деп айтатын. Қазақ достарым мен таныстарым қала атауын өзгертуді 100 пайыз қолдайды. Петропавл деген атауды қалдыруға болмайды. Өйткені бұл сепаратизмге себеп болып отыр. Ресейліктер осыны пайдаланып, бұл Ресейдің жері деуі мүмкін. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болса, қала атауын да өзгерту керек, – дейді Ерғали Көпеев.

Ерте кезде салынған көпес үйі. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2020 жыл.

Петропавлда Азаттық тілшісі сөйлескен орыс тұрғындардың арасында мүлде басқа пікір қалыптасқан: олар Петропавлдың негізін казактар қалаған, бұл жер басында орыс бекінісі болған, сондықтан қала атауын өзгертуге болмайды, бұл тарихи шындыққа қайшы келеді деп есептейді.

– Тарихи тұрғыдан бұл айтылмайды, бірақ бұл жерде 300 жыл бұрынғы зираттарды қазғанда, қазақтардың емес, орыстардың жерлеу орындары табылды. Қала атауын Қызылжар деп өзгертуді қолдайтындар бұл қазақтың жері дейді. Бірақ Петропавл пайда болғанға дейін бұл жерде ештеңе болмаған. Казактар бекініс салған кезде дала тұрғындары Ресеймен сауда жасай бастаған. Ресейдің Петропавлға неге сонша жармасып отырғанын білесің бе? Бұл жерден темір жол өтеді. Оны Петропавлдан жоғары қарай сала алмайды. Не бәрі батып кетеді, не бірнеше километрге созылған таулы төбелерді жаруға тура келеді. Бұл алдағы оншақты жылда өзін ақтамайтын алып құрылыс болады. Көп танысым темір жолда істейді. Олар Қазақстан шекарасын жапса, екі күннен кейін осы жерден Владивостокқа дейін кептеліс болатынын айтады, – дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жергілікті кәсіпкер.

Азаттық сөйлескен адамдардың көбі қала атауын өзгерту тақырыбы саясатқа мүлде араласпайтын тұрғындардың өзін "оятуы" мүмкін деп есептейді. Бұл солтүстіктің ғана емес, бүкіл Қазақстанның әлсіз тұсын көрсетеді.

– Біздің қоғам жікке бөлініп, әртүрлі топтардан тұрады. Бір тобы Ресейдің саяси және ақпарат кеңістігінің ықпалында жүр, екіншісі ұлттық-патриоттық көңіл-күйді жақтайды, үшіншісі "Қазақстан – мұсылман әлемінің бір бөлігі" деп санап, мемлекеттің діни модельді ұстанғанын қалайды. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан әлсіз, өйткені ел ішінде мемлекетті кез келген сыртқы соққыдан қорғайтын ештеңе құрған жоқпыз: экономика осал, әскер әлсіз, қоғам билікке сенбейді. Саяси шиеленіс басталса, мұны сырттағы ойыншылар өз мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.