OCCRP: Азаттық пен "Мониториға" фейк шағым үндістандық, пәкістандық аккаунттар арқылы жасалған

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) тәуелсіз медиаларға авторлық құқық бойынша жалған шағым түсіріп, контентті бұғаттаумен айналысатын агенттік өкілімен сөйлесті. Астыртын тапсырыс алатын "хакерлер" бір парақшаны бұғаттау құнын 3-5 мың доллар долларға бағалаған. Осыған ұқсас шағымдар Азаттық радиосының контенттеріне де жасалып жатыр. OCCRP материалына үңіліп көрейік.

"YOUTUBE АРНАНЫ ӨШІРУ ҚҰНЫ – 3-5 МЫҢ ДОЛЛАР". "МОНИТОРИ" КЕЙСІ

Ағылшын және грузин тілінде хабар таратып, журналистік зерттеулер жасайтын Грузиядағы "Монитори" сайтының YouTube арнасы өткен аптада бұғатталып қалды. Бұл басылым OCCRP-мен серіктес медиалардың бірі. Кейін медианың поштасына үш видеода авторлық құқық бұзылғаны туралы хат келген.

Журналистер бірінші видео бір грузин саясаткердің әйелінің Hermes сөмкелерінің коллекциясы, ал екінші видео санкцияға іліккен судьялар туралы болғанын айтады. Үшінші видео – үкіметпен байланысы бар кәсіпкерге пайда әкелген темекі акцизіне енгізілген өзгерістер туралы зерттеу.

YouTube басылымға жолдаған хатта шағым үш бөлек аккаунттан түскенін көрсеткен. Соның бірі Рипу Сингха деген аккаунт "Монитори" желіде "дизайнын өзім жасаған мұқаба фотолар мен суреттерімді рұқсатсыз қолданды" деп мәлімдеген.

"Монитори" журналистері шағым түсірушінің поштасына басқа бір видеороликті өшірткісі келетін клиент ретінде хат жазған. Көп күттірмей "жаптырғыңыз келетін арнаның сілтемесін жіберсеңіз, сізге бағасын айтамыз" деген жауап алған. Бұдан кейін әңгіме WhatsApp-та жалғасып, "хакер" бұл индустрияның қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді. Ол "арнаны өшіртуге кім тапсырыс бергенін білмейтінін, өзі Үндістанда отырып жұмыс істейтінін, мұндай тапсырыстарды орындауға оның агенттігі 3000-5000 доллар аралығында ақша алатынын" айтқан.

Бұл әңгімеден кейін "хакер" "Мониторидің" Youtube арнасын өшіруге қатысқанын растайды. Артынша журналист өзінің осы медиа өкілі екенін ашып айтып, YouTube арнаға жіберген шағымын алып тастауды өтінген. "Хакер" әр видео үшін 380 доллар ақы сұраған. Ақыры "Монитори" басылымы YouTube-ке кері шағым жазып, арнасын қайтара алды.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНА ҚАРСЫ ШАҒЫМ ТҮСІРГЕН ГЕЙМЕР

Қазақстан аумағында сайты бұғатталып тұрған Азаттық радиосының желідегі парақтарына да осы тәрізді шағымдар кейінгі жарты жылда жиілеп кетті. Әсіресе, мамыр айында "ВД Строй-инжиниринг" компаниясы туралы зерттеуден кейін цифрлық қысым күшейді.

Meta компаниясы Азаттық радиосының және Азаттық Азия сайтының Instagram, Facebook-тегі осы зерттеу жайлы посттарын өшірді. Оның бәріне "авторлық құқық бұзылды" деген жалған шағымдар әсер етті. Meta хабарламасында контентке "басқа біреуден авторлық құқық бұзылғаны жайлы шағым түскені" айтылған. Бірақ жай-жапсары ашып көрсетілмейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Азаттық зерттеуі жарияланғаннан кейін оның аккаунттарына шабуыл күшейіп, сайты ашылмай қалды. Неге?

Шағымдардың жиілеуіне түрткі болған материалда қазақстандық "ВД Строй-инжиниринг" компаниясының кейінгі жылдары мемлекеттік тендерлерге ие болып, құрылыс нарығының ірі ойыншысына айналғаны баяндалған. Зерттеуде "ВД Строй-инжиниринг" компаниясында 2020-2023 жылдары Бағдат Байтұрсынқызы Өміржанова деген адам – құрылтайшы, ал Рустам Тимурұлы Қарағойшин деген адам директор болғаны, оларды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы және жиендерімен байланыстыратын дерек бары жазылған. Бұл уақыт кәсіпорынның табысы артқан кезеңмен тұспа-тұс келеді делінген. Зерттеу жарияланған соң "ВД Строй-инжиниринг" компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков Ulysmedia YouTube арнасына берген сұхбатында президент Тоқаев пен туыстарын жеке танымайтынын айтқан.

Біраз уақыттан кейін компания туралы зерттеудің YouTube-тегі толық видеосы бұғатталып қалды. Шағымда 13 минуттық видео "басынан аяғына дейін авторлық құқықты бұзады" деп көрсетілген.

OCCRP Азаттық платформаларына шағым түсірген аккаунт иелерін де саралап көрді. Айта кету керек, желіден өшірілген посттардың сарыны біртекті емес. Мәселен, кейбірі Украинадағы соғыс, енді бірі Солтүстік Америкада өткен әлем чемпионаты туралы материалдар. Фейк шағым үсті-үстіне түскен сәтте Азаттықтың Instagram аккаунтының өзі бірнеше рет бұғатталып та қалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Facebook пен Instagram "үшінші тарап шағымына" сілтеп Азаттықтың 16 контентін бұғаттады

Журналистер Meta арқылы Азаттыққа шағым түсірген аккаунт иесіне телінген TikTok аккаунтты анықтады. Ол Пәкістан аумағында тіркелген геймер. Аты-жөні де жасырын. Ол Азаттық контентіне кімнің тапсырысымен шағым түсірді, қандай ақы алды, белгісіз. Айта кету керек, Meta платформаларына шағым түсірушінің аты-жөні жазылғанымен, электрон поштасы көрсетілмейді. Осы оқиғалардан кейін Азаттық жолдаған хаттарға компания жауап қатпады.

Азаттық радиосы авторлық құқық бойынша түскен жалған шағымдарды даулап, әр жазба бойынша кері шағым жолдады. Соның нәтижесінде жойылған жазбалар қалпына келтіріліп, бұғатталған парақша қайта ашылды. YouTube-тегі зерттеу видеосы да бұғаттан шықты.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ҮНІН ӨШІРУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ

OCCRP-ге Торонтодағы Citizen Lab зерттеу орталығында жалған ақпаратпен күрес мәселесін зерттейтін аға зерттеуші Альберто Фиттарелли осы әдіс туралы пікір айтып, "авторлық құқық бұзылды деген шағым түсіру журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерінің үнін өшірудің жиі қолданылатын тәсіліне айналып барады" деген.

Сарапшы мұндай шабуылға қарсы тұру қиын екенін айтты. Өйткені авторлық құқықты бұзды деген айыпты теріске шығару міндеті шағымның нысанасына айналған тараптың өзіне жүктеледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәуелсіз жеті журналистің WhatsApp аккаунттары бұғатталып қалды. Бұл қысым ба?

Фиттареллидің сөзінше, бұл тәсілдің қаншалықты қауіпті екені әлі де жете бағаланбай отыр. Ол журналистер мен белсенділерге жасалатын мұндай цифрлық шабуыл "азаматтық қоғам үшін үлкен қатер" деп бағамдайды.

– Кейбір платформалар шағым беру жүйесін теріс пайдалануға тыйым салатынын ашық мәлімдегенімен, бұл талаптардың іс жүзінде қаншалықты қатаң орындалатыны белгісіз", – дейді Citizen Lab өкілі.

Оның сөзіне қарағанда қазір ірі платформаларда шағым үстірт дәлелдердің негізінде қабылдауға бейімделген. Ал теріс пиғылды адамдарға белгілі бір контентке өздерін иемденуші етіп көрсету үшін сайт ашып, оған бұрынғы датаны қою аса қиын емес дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Google "Азаттық Азияның" және "Ферғананың" "ВД Строй-инжиниринг" туралы материалдарын алып тастадыFacebook пен Instagram "үшінші тарап шағымына" сілтеп Азаттықтың 16 контентін бұғаттадыБилікті сынайтын парақшалар жабылып қалды. Артында кім тұр? Шекара қызметі журналист Лұқпан Ахмедияровты елден шығармады. Оның үстінен шағым түсірген кім?"Алаңдатарлық үрдіс". Қазақстан медиақауымдастығы журналист Азамат Омаровтың қамалғаны жайлы не дейді?