Офшордағы құпия келісімдер мен жасырын байлықтарды көрсететін тағы бір құжаттар легі әшкере болды. Оларға "Пандора құжаттары" деген атау беріп үлгерді. 12 миллионға жуық файлдан тұратын бұл құжаттар Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумына тиген. Ол өз кезегінде бұл құжаттарды OCCRP-мен бөліскен.
Жаңа құжаттар легінде Paradise papers ("Жұмақ аралдарының құжаттары"), Панама құжаттары секілді алдыңғы зерттеулерде аты аталған адамдар да, бұрын-соңды жария болмағандар да кездеседі.
"Әсел Құрманбаева мен "Ұлт лидері" (бұл атақ Назарбаевқа заңмен өмір бойына берілген, бұл статустың арқасында ол және оның жақындар сотқа тартылмайды) арасындағы қарым-қатынасты ешқашан растамаған я жоққа да шығармаған. Бірақ оның тоқал не бейресми әйел ретіндегі рөлі туралы қауесет 1999 жылы ол "Мисс Қазақстан" сұлулық байқауын жеңіп алған соң тарай бастаған. Оның екі ұлының жаңалық сайттарында жарияланған паспорт суреттерінде фамилиясы Нұрсұлтанұлы деп жазылған. Қазақстанда фамилия орнына әкесінің атын жазу жиі кездеседі" деп жазады зерттеу авторлары.
OCCRP дерегінше, Құрманбаева Қазақстанда екі мемлекеттік би институтында көркемдік жетекші қызметін атқарады, балет пен ұлттық би саласында бірнеше фирма мен қорға иелік етеді.
"Бірақ мәдениет саласынан қандай табыс алмасын, ол табыс Назарбаевтың айналасынан алған байлықтың қасында түк емес" дейді зерттеушілер.
Әшкере болған құжаттарға қарағанда, Құрманбаевада Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген құпия компаниясы болған. Компанияда ешқандай белсенділік байқалмаған. Соған қарамастан ол осы компанияны 30 миллион долларға сата білген.
OCCRP бұл келісімге Назарбаевтың сенімді серіктері саналған олигархтар Владимир Ни мен Владимир Кимнің қатысы бар дейді. Зерттеушілердің жазуынша, Құрманбаева ақшаны 2010 жылы Владимир Нидің өлімінен екі ай өткенде алған. Ақша Нидің қызына өткен компаниядан түскен, ал Владимир Ким төлемнің куәсі болған.
OCCRP тілшілері осы мәселе жөнінде Назарбаевқа, Кимге, Нидің отбасына және Құрманбаеваға сауал жолдаған. Олардың ешқайсысы жауап бермеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетін түгендесекНазарбаевтың туыстары мен жақындары офшор құжаттарының әшкере болуына байланысты осыған дейінгі зерттеулерде де аталған. Олардың арасында экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев, күйеу баласы Тимур Құлыбаев, немересі інісі Қайрат Сатыбалды және өзгелер бар.
81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кететінін мәлімдеп, орнына талай жыл қарамағында жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Бірақ президенттіктен кетсе де, билік партиясы "Нұр Отанның", Қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі болып қалып, билікке деген ықпалын сақтап қалды. Кей сарапшылар, елде жаңа президент пайда болғанымен, түпкі биліктің әлі де Назарбаевтың қолында екенін айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары3 қазан күні жарияланған құжаттар Иордания королінің, Украина, Әзербайжан және Қазақстан президенттерінің, Чехия премьер-министрінің және Ұлыбританияның бұрынғы премьері Тони Блэрдің құпия келісімдері әшкере еткен.
Онда Ресей президенті Владимир Путиннің "пропаганда жөніндегі бейресми министрі" деген адамның қаржы әрекеттері, Ресей, АҚШ, Түркия секілді елдерден шыққан 130-дан астам миллиардерлердің құпия істері жазылған.
"Пандора құжаттарымен" танысқан OCCRP зерттеушілерінің жазуына қарағанда, Украина президенті Владимир Зеленский құпия офшор компаниясындағы үлесін 2019 жылы президент боларының алдында ғана біреуге берген. Зеленскийдің баспасөз хатшысы OCCRP сауалына жауап беруден бас тартқан.
Құжаттар сондай-ақ Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің офшор компаниялар арқылы Лондондағы құны 700 миллион доллар болатын жылжымайтын мүлікке иелік ететінін көрсетеді.
Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы 11,9 миллион файлдан тұратын құжаттар легін офшор қызметін көрсететін 14 фирмадан алған. Бұл фирмалар клиенттердің байлығын жасыруға арналған құпия компаниялар ашумен айналысқан.
150 басылымда жұмыс істейтін 600-ден астам журналист осы құжаттармен екі жыл жұмыс істеген. Олар Пандора құжаттарындағы мәліметтерді сот құжаттарымен, дереккөздердің айғақтарымен және өзге де ақпараттармен растауға күш жұмсаған.
"Пандора құжаттары" бүкіл әлемді дүрліктірген "Панама құжаттарынан" кейін бес жылдан соң жарыққа шығып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның аты тағы да аталды