Тәліптер басып алған Кабулдың тыныс-тіршілігі

"Талибан" қозғалысының жоғары лауазымды өкілі Абдул Баки Хаккани Кабулдағы Лойя жырға (бүкілауғандық ақсақалдар кеңесі) залына жиналған жұртқа тәліптердің білім саласындағы саясаты туралы айтып жатқан кезде күзетте тұрған қарулы адам. 29 тамыз 2021 жыл.

Жиында Хаккани (мінберде) тәліптер ауған қыздарының университетте оқуына рұқсат беретінін, бірақ ер балалармен бір топта бірге оқуға тыйым салатынын мәлімдеді.

Жүзін жасыратын киім (бурка) киіп, Кабул көшесінде кетіп бара жатқан әйелге сөйлеп тұрған қару асынған "Талибан" содыры. 27 тамыз 2021 жыл.

Азаттық мессенджер арқылы хабарласқан Кабулда тұратын әйел (аты-жөнін атамауды өтінді) ел астанасында жұрт әрі-сәрі жағдайда тұрып жатқанын, тәліптер билігі қалай болатынын ешкім білмейтінін айтады. "Тәліптер өкілі өздерінің бұрынғыдан өзгергенін айтады, ал бірақ көшеде қарумен тұрған қатардағы тәліптер дөрекі көрінеді" деп жазды ол.

Америкалық қару ұстап, әскери киім киген "Талибан" содырлары Кабул көшесінде тұр. 29 тамыз 2021 жыл.

Кабул көшесінде қалған америкалық беренді техника. 29 тамыз 2021 жыл.

АҚШ әскері Ауғанстанда миллиардтаған доллардың техникасын қалдырды. Олардың көбін Ауғанстан ұлттық армиясына тапсырған еді, бірақ қазір бұл қару-жарақ тәліптердің қолында.

Қауіп төнгеніне қарамастан, кейбір мектептер қайта ашылып, жұмысын жалғастырды. Кабулда 30 тамызда түсірілген мына суреттегі оқушылар мен ұстазы сыныпқа сабақ оқуға бара жатыр.

27 тамызда Кабул әуежайынан ұшып бара жатқан әскери ұшақ.

АҚШ өз әскері мен өзге де адамдарды Ауғанстаннан эвакуациялауды 2021 жылы 30 тамыз күні аяқтады.

Кабулдағы жабық тұрған банк бөлімшесінің алдында тұрған адамдар.

Тәліптер Кабулға кіріп, билікті басып алғаннан кейін үкімет мекемелері, мектептер мен университеттердің көбі жұмысын тоқтатқан. Қала базарында азық-түлік бағасы шарықтап кетті, ал жұрт банкоматтардан қолма-қол ақша ала алмай, әуре-сарсаңға түсті.

Кабул базарында жүрген әйелдер жүзін жасыратын киім (бурка) киіп алған. Бұрын тәліптер билікте болғанда әйел адамға киіп жүруді міндеттеген мұндай киімге сұраныс кейінгі кезде күрт артқан.

Кабулға елдің басқа өңірлерінен келген ауған отбасылары саябақта осындай тірлік кешіп жатыр. 18 тамыз 2021 жыл. "Талибан" халықтан мемлекеттік мүліктің бәрін, соның ішінде қару-жарақты да өткізуді талап еткен.

"Талибан" туы мен қозғалыс жетекшілерінің суреті бар плакаттарды сатып тұрған адам. Кабул, 27 тамыз 2021 жыл.

Америкалық Humvee әскери көлігін мініп жүрген "Талибан" содырлары Кабул орталығын күзетіп тұр. 28 тамыз 2021 жыл.

Америкалық қару ұстап, арнайы әскери киім киген "Талибан" содырлары Кабул көшесін күзетіп тұр. 29 тамыз 2021 жыл.

Кабулдың орталығындағы базарда нан сатып жүрген ер адам. 28 тамыз 2021 жыл.