Қандастарға Қазтест кедергі ме? Үкімет талабы неге дау тудырып отыр?

Қазақстанда 2026 жылы тұрақты тұруға рұқсат пен қандас мәртебесін беру тәртібіне қатысты пилоттық жоба іске қосылған. Негізгі талаптың бірі – үміткерлер қазақ тілін білетінін дәлелдеуі қажет. Мұны ҚАЗТЕСТ сынағы анықтайды. Қандастар мәселесін қозғап жүргендер қоғам белсенділері бұл емтихан Қытай, Иран, Ауғанстан сияқты басқа әліпбиді қолданатын елдерден келгендерге қиындық туғызып отырғанын айтады.

Пилоттық жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің бірлескен бұйрығымен енгізілген. Ол 2026 жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Жобаның мақсаты — Қазақстанға тұрақты тұруға келетін адамды алдын ала бағалау. Оның жасы, білімі, тіл білуі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби дағдылары және басқа да жағдайлары есепке алынады. Соның бәріне қарай балл беріледі.

Өтініш беруші алдымен ҚАЗТЕСТ тапсырады. Тест 60 тапсырмадан тұрады: тыңдау бойынша 20, оқылым бойынша 40 тапсырма. Екі бөлімнің әрқайсысынан кемінде 70 пайыз жинау керек. Осы межеден өткен адам сертификат алады. Одан кейін адам migration.enbek.kz сайтында сауалнама толтырып, мәліметтерін растайтын құжаттарды тіркейді. Жүйе сол мәліметтерді тексеріп, автоматты түрде балл есептейді. Келесі кезеңге өту үшін кемінде 600 балл жинау керек. 600 балл бір ғана тесттен жиналмайды. Ол бірнеше көрсеткіштен құралады:

  • Жасы: 110 балға дейін. Мұнда адамның жасы, еңбек ету мүмкіндігі, жаңа ортаға бейімделуі және Қазақстанда қанша жыл экономикалық белсенді бола алатыны ескеріледі. Жүйе бұл бөлімнен ең көбі 110 балл береді. Бірақ нақты қай жасқа қанша балл берілетіні құжатта жазылмаған.
  • Білімі: 150 балға дейін. Адамның қандай білім алғаны, кәсіби дайындығы және мамандығына еңбек нарығында сұраныс бар-жоғы есепке алынады. Мұның бәрі дипломмен немесе басқа құжатпен расталуы керек. Бұл бөлімнен ең көбі 150 балл беріледі.
  • Тіл білімі. Қазақ тілін білгені үшін 120 балға дейін беріледі. Бұдан бөлек, орыс тілі үшін 80 балға дейін, ағылшын тілін білгені үшін 80 балға дейін есептеледі. Қазақ тілінен қанша балл алатыны ҚАЗТЕСТ нәтижесіне байланысты.
  • Қазақстанда оқыған не жұмыс істегендерге 80 балға дейін беріледі. Үміткер бұрын Қазақстанда оқыған ба, жұмыс істеген бе, қанша уақыт тұрған – соған мән беріледі. Яғни оның Қазақстандағы өмір мен жұмысқа қаншалық үйренгені есепке алынады.
  • Басқа елдерде оқығаны не жұмыс істегені: 80 балға дейін. Шетелде оқу немесе жұмыс тәжірибесі болса, ол да есептеледі. Бұл адамның жаңа ортаға бейімделе алу қабілетін көрсететін көрсеткіш ретінде қаралады.
  • Кәсіби білімі мен дағдысы: 80 балға дейін. Мұнда адамның мамандығы, жұмыс тәжірибесі, білімі және тіл білуі бірге есепке алынады. Яғни оның Қазақстанда жұмыс тауып, жаңа ортаға бейімделу мүмкіндігі бағаланады.
  • Қосымша жағдайлар: 200 балға дейін. Бұл 45 жастан асқан адамдарға қатысты. Мысалы, адамның Қазақстанда тұрақты тұратын жақын туыстары бар ма, отбасы мен әлеуметтік жағдайы қандай – соған қарай қосымша балл берілуі мүмкін.

Балды мемлекеттік қызметкер өз қалауынша қоймайды. Үміткер өзі туралы мәлімет береді, оны құжатпен растайды, содан кейін жүйе балды автоматты түрде есептейді.

600 балл – ең жоғары нәтиже емес, келесі кезеңге өтуге қажет міндетті шек. Егер адам 600 немесе одан көп балл жинаса, оның құжаттары Ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексеруіне жіберіледі. Олар адамның Қазақстанда құқық бұзған-бұзбағанын, террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысы бар-жоғын тексереді. Бұл тексеруге 20 жұмыс күніне дейін уақыт беріледі.

Тексеруден өткен адам әңгімелесуге шақырылады. Визасыз елдерден келгендермен арнайы комиссия сөйлеседі, ал Қазақстанға виза арқылы келетіндер әңгімелесуден Қазақстанның шетелдегі мекемесінде өтеді. Әңгімелесу нәтижесінде адамға тұрақты тұруға рұқсат немесе қандас мәртебесін алуға әрі қарай құжат тапсыруға рұқсат беру не бермеу туралы шешім шығарылады.

Әңгімелесуден де сәтті өткен соң ғана адам тұрақты тұруға рұқсат немесе қандас мәртебесін алу үшін негізгі құжаттарын тапсыра алады.

Қандас мәртебесін жалпы тәртіппен алуға құжат тапсырғанда тағы бір талап бар: адамның банк шотында кемінде 1320 айлық есептік көрсеткішке тең қаражат болуы керек. 2026 жылғы есеппен бұл 5,7 млн теңге. Бұл қаржы 600 балдың құрамына кірмейді – оны мәртебе алуға құжат тапсырған кезде бөлек растау қажет.

Бір тапсырғанда 600 балл жинай алмаған адам екінші рет үш айдан кейін өтініш бере алады. Одан кейінгі әр өтінішті кемінде алты ай өткен соң беруге болады.

Осы талаптардың ішінде ең көп талқы тудырып жатқаны – ҚАЗТЕСТ сынағы.

"Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, өзіңізге қандастар атынан өтінішім бар. Мен 13 облысты аралап келдім, қандастарды көзіммен көрдім. Төрткүл дүниеден көшіп келген қандастар осы пилоттық жобадан, оның ішінде ҚАЗТЕСТ-тен қатты қиналып жатыр. Осыны алып тастаңызшы, өтініш" деді азаматтық белсенді Гүлнұр Тәлім Duman Qajet YouTube-арнасында сөйлеген сөзінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

В2 әлде А1 деңгейі ме? Шетелдіктердің ықтиярхат үшін қазақ тілінен сынақ тапсыратыны талқы туғызды

Кирилл қарпін танымайтын қандастар мәселесі

Шетелден келген қазақтарды елдің солтүстік өңірлеріне қоныстандырумен айналысып жүрген "Тәуекел" ұйымының жетекшісі Бурахан Дақан үміткерлерге қазақ тілін білу туралы талап қойғанға қарсы емесін, мәселе тіл білімінің қалай анықталатынында екенін айтып отыр. Оның сөзінше, қиындық қандастардың қазақ тілін білмеуінен емес, Қазақстанда қолданылатын кирилл қарпін танымауынан туындап отыр.

– Олар қазақша сөйлей алады. Алайда олардың жазуы бөлек. Мәселен, Қытайдан келген қазақтар кирилл қарпін бұрын-соңды көрмеген. Бірақ олар Ахмет Байтұрсынұлы әзірлеген төте жазуды жақсы меңгерген. Оның үстіне бұл талапты қоярда жасқа да қарау керек. Мысалы, 50 жасқа дейінгілер тест тапсырсын десе оны түсінуге болады. Бірақ үкіметке жассың ба, кәрісің бе бәрібір болып тұр. Бәріне бірдей қарап жатыр, – дейді ол.

Бурахан Дақанның айтуынша, Қытайдан келетін қандастар Қазақстанға визасыз режим аясында турист ретінде келіп, қандас мәртебесіне өтінішті осы елде береді. Визасыз режим талабы бойынша, олар ел аумағында 30 күн ғана жүре алады. Одан соң, ел аумағынан шығып, қайта келуі қажет. Бір ай уақыт құжаттарды рәсімдеуге жете бермейді дейді ол.

– Солтүстік Қазақстанда жүргендерге Ресейге барып келуге болар еді. Бірақ олар кейін Қытайға барғанда мәселе туындайды деп 30 күн аяқталғанда сол Қытайға барып-қайтуды жөн көреді. Қазір Қытай қазақтары Шығыс Қазақстандағы Жеменей бекеті мен [Алматы облысындағы] Қорғас бекеті арқылы кіріп-шығады. Солтүстік Қазақстанмен арақашықтық 2000-2500 шақырым. Бұл біріншіден – уақыт мәселесі, екіншіден – энергия, үшіншіден – қаражат мәселесі.

Бурахан Дақан балдық жүйеде тек құжатталған білім ғана ескерілетінін, Қытайдан келген қандастардың көбінде диплом бола бермейтінін айтады.

– Яғни олар – жоғары оқу орындарын бітірмеген, өмір бойы мал шаруашылығымен және диқаншылықпен айналысқан азаматтар. Ал қандастарды көшіруде басымдық беріліп отырған солтүстік Қазақстан облыстары аграрлық өңірлер болғандықтан, электронды сауалнамада малшы, диқаншы сияқты [кәсіптер] ескерілгені жөн деп ұсыныс айтып отырмыз, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Азаматтық алғысы келген қандасты уайымға салған апостиль

Қазақстанға қанша қандас көшіп келді?

Қазақстан шетелде қалып қойған қазақтарды өз аумағына шақырып, азаматтық ұсынатын санаулы елдердің қатарында. 1991 жылдан бері бұл саясат аясында Қазақстанға өзге елдерден 1 млн 164,8 мың қазақ қоныс аударған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, былтыр 16 805 адамға қандас мәртебесі берілген. Олардың 44,5 пайызы Өзбекстаннан, 44,1 пайызы Қытайдан, 4 пайызы Түркіменстаннан, 3 пайызы Моңғолиядан, 2,5 пайызы Ресейден және 1,9 пайызы өзге елдерден келген.

Бұған дейін шетел қазақтары Қазақстанға келгенде қандас мәртебесін жеңілірек тәртіппен алатын: балдық жүйе болмайтын. Бар болғаны олар қазақ екенін дәлелдеуі қажет еді. Кейінгі жылдары Қазақстан үкіметі үміткерлерден қазақ екенін құжат жүзінде дәлелдеуді талап етіп отыр. Сарапшылар Иран, Ауғанстан сияқты елдерде тұратын қандастар қазақ екенін құжат жүзінде дәлелдей алмай қиналып жүргенін айтады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2000-2010 жылдары Қазақстанға шетелден жыл сайын 40 мыңнан астам адам көшіп келген. 2003-2004 жылдары бұл көрсеткіш 60 мыңнан асып, 2005 жылы 75 мыңға жуық адам келіп, рекорд орнаған. Одан кейінгі онжылдықта көшіп келушілер саны күрт азайып, 2010 жылдардың аяғында 12-13 мың шамасында болған. Кейінгі жылдарды алсақ, 2023 жылы 25,4 мың адам, 2024 жылы 29,3 мың адам, 2025 жылы 23,7 мың адам келген.

Көшіп келушілер арасында ТМД елдерінің үлесі жоғары. Былтыр көшіп келгендер 23,7 мың адам болса, соның 19,4 мыңы, яғни 82 пайызына жуығы ТМД елдерінің азаматтары болған. Оның ішінде Өзбекстан (11,8 мың) мен Ресей (4,7 мың) көш бастап тұр. ТМД аумағынан тыс елдер арасында Қытайдан келгендер саны жоғары – 2591. Моңғолиядан 449 адам, Түркиядан 286 адам, Германиядан 298 адам келген.

Сарапшылардың айтуынша, қазақтар тұратын кей елдерде буын алмасқан сайын ассимиляция күшейіп жатқандықтан және әлемдегі түрлі қақтығыстардан Қазақстанға көшкісі келетіндердің саны артқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Туыстығыңды дәлелде". Шеттен келген қазақтар тағы қандай кедергіге кезікті?

"Қазақстан құжатта ұлты қазақ деп жазылған адамдарды ғана қандас деп қарастырады. Қазір, мысалы Қытай 2028 жылдан бастап төлқұжаттан ұлтты көрсететін графаны алып тастайды деген қауесет тарап жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстан алда қандастарды алдыру бағдарламасын тоқтатуы мүмкін ой бар ма екен. Әйтеуір дәлі қазір Қытай мен Өзбекстан сияқты елдерден келіп жатқандар көп" дейді Бурахан Дақан.

Қазақстан үкіметі сондай-ақ қандастарды жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстандырғысы келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2026 жылға 8 278 өңірлік квота бөлінген. Мұның ішінде ішкі қоныс аударушылар да, қандастар да бар.

Қандастар бойынша, Павлодар облысына 977 квота, Ақмола облысына 285, Абай облысына 264, ШҚО-ға 200, СҚО-ға 200, Қостанай облысына 200, Атырау облысына 125, БҚО-ға 30 квота берілген.

Дей тұрғанмен, ресми деректерге қарағанда көшіп келушілердің едәуір бөлігі Алматы қаласы мен облысын, Астананы және Маңғыстау облысын таңдайды.