Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетел азаматтарының елге келуін, болуын және елден шығуын реттейтін жаңа ереже туралы қаулы жобасын әзірледі.
Құжаттың толық мәтіні әзірге жарияланған жоқ, алайда жоба сипаттамасына сәйкес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстанға электронды рұқсатпен кіргізу жүйесін қолданысқа енгізу көзделіп отыр.
Жаңа тәртіп бойынша, шетел азаматтары Қазақстанға кіруге рұқсатты цифрлық платформа арқылы электронды форматта ала алады. ІІМ бұл жүйе көші-қон бақылауын жеңілдетіп, деректерді өңдеу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Қаулы жобасы 17 тамызға дейін қоғам талқысына ұсынылған. Жаңа жүйені осы айдан бастап кезең-кезеңімен енгізу, ал биылғы желтоқсанға дейін толық іске қосуды аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Қазақстан шетелдіктерге елде тұруға ықтиярхат пен уақытша тұруға рұқсат алу талаптарын күшейткен еді. Енді тұрақты тұруға ниет білдірген азаматтар қазақ тілін B2 деңгейінде білуі шарт. Бұған қоса өтініш берушілерге қатысты цифрлық скоринг енгізіліп, олардың қаржы жағдайы, табысы, бұрын сотты болған-болмағаны мен құқық бұзу әрекеттеріне қатысы бар-жоғы қосымша тексеріледі.