Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осымен екінші жыл қатарынан жаңа жыл басында "Дала қырандары" ұйымы мүшелерімен кездесті. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған бұл жастар қозғалысы билікшіл ұстанымымен танылып жүр. Ақорданың идеологиялық саясатын жүргізетін шенеуніктің бұл ұйымға мән беруінің қандай себебі бар? Ұйымды кім қаржыландырады? Азаттық анықтауға тырысып көрді.
ҚАҢТАРДАН КЕЙІН ПАЙДА БОЛҒАН ҰЙЫМ
Жаңа, 2026 жылдың алғашқы күндерінің бірінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Астанада "Дала қырандары" деп аталатын ұйымның мүшелерімен кездесті.
– Дала қырандарының әрбір атқарып жатқан жұмысы – қауіпсіз Қазақстанға қосқан үлес. Ал қауіпсіз Қазақстан деген – заң мен тәртіп, – деді Қарин.
Мемлекеттік кеңесші "Дала қырандары" мемлекет саясатын билік назарынан тыс аудиторияға жеткізіп жүргенін айтты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин (ортада) "Дала қырандары" жастар ұйымы мүшелерімен бірге тұр. Астана, 4 қаңтар, 2026 жыл. "Дала қырандары" ұйымының Telegram-арнасындағы фото.
Ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасына түрткі болған себептердің бірі ретінде жастардың бір тобы шетқақпай қалып, қоғамдағы наразы көңіл-күйге әсер еткені осыған дейін биліктегі атқамінерлер де айтқан. Мәселен, парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қаңтар көтерілісінен кейін өткен парламенттік тыңдаулардың бірінде: "Өкінішке қарай, қасіретті Қаңтар оқиғасы жағдайы жасалмаған жастардың проблемасы қаншалықты өзекті екенін көрсетіп берді. Сол кезде көшеге шыққан жастардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы және табысы болмағаны белгілі. Осындай жастарымызды әртүрлі деструктивті күштер қаншалықты оңай пайдаланып кете алатынын да көрдік. Бұл біз үшін ең маңызды сабақ болды және жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдығына айналды" деген еді.
"Дала қырандарының" өзі әуелде осы 2022 жылғы жаппай наразылыққа байланысты құрылдық деп мәлімдеген. Ресми түрде сол жылғы шілде айында ресми тіркелген.
– Бұл бастамаға жыл басындағы келеңсіз оқиғалар, қазіргі жастар арасында нашақорлық пен маскүнемдікдік белең алуы, олардың теріс ағымдардың жетегінде кетуі себепші болды. Көп жыл бойы жастарға мемлекет тарапынан қызығушылық болмады. Қоғамға өздерінің керектігін сезінбеді. "Дала қырандары" – жастарға арналған жаңа тәрбие алаңы. Біз бүгінгі жас өрендердің болмысын спортқа, елге деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, әділеттік принциптерінің көмегімен қалыптастырмақпыз, – деген "Дала қырандары" ұйымының алғашқы жетекшілерінің бірі Ербол Мырзабосынов 2022 жылы.
Your browser doesn’t support HTML5
"Дала қырандары". Билікшіл ұйым миллиондарды қайдан алады?
ҚОЗҒАЛЫС НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?
"Дала қырандарының" мүшелері өзін бұзақылыққа бармайтын, зиянды заттармен күресетін, президент реформаларын құптайтын, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жастарының үлгісі іспетті ұстайды. Негізінен спортшылар топтасқан.
Ұйым қатарына мүшелерді арнайы сыннан өткізіп барып қабылдайды.
Бірлестік ішімдікті "заңсыз сатты" делінетін дүкендерге және "есірткі саудалады" немесе "жарнамалады" делінетін орындарға топтанып барып рейд жасаумен, заң бұзғандарды әшкерелеп көрсетумен танылды. Мысалы, 21 жасқа толмаған адамды өздері жібереді, сатушы оның құжатын тексермей ішімдік сатса, үстінен полицияға шағым түсіреді.
"Есірткі саудалайтын" Telegram-арналарды анықтайды. Кейде ғимараттардың сыртындағы шимайларды өшіреді, бірақ өздері де жазу жазып кетеді.
"Дала қырандары" белсенділері "есірткі саудасына қарсы" рейд жүргізген аумақтағы ғимараттың сыртындағы жазу. "Дала қырандары" ұйымының Telegram-арнасындағы сурет.
2024 жылғы желтоқсанда ұйымның бірдей киініп, қызыл жалау мен Қазақстан туын көтерген ондаған адамы Ақмола облысы Бұланды ауданы Макинск кентіне барды. Олар әлдебір үйдің алдына жиналып, онда "есірткі заттар" сатылатынын өз бетімізше анықтадық, деп хабарлады.
Әуелде жергілікті полиция көп адамның жиналуы қоғамдық тәртіпті бұзады, заңға қайшы деп атады.
Артынан Бұланды ауданы әкімі жастарға алғыс білдіріп, жиналғандар риза болып тарқасты.
ҚАРЖЫ КӨЗІ ҚАЙДАН?
Бірлестікті құрғандардың басында қазіргі туризм жне спорт министрі Ербол Мырзабосынов тұр. 2022 жылы ұйым тіркелгенде ол Астана қаласы әкімдігі жанындағы "Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы" деп аталатын орталыққа қатар басшылық еткен. Арада бір жыл өткенде Мырзабосынов туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетіне ауысты. Тағы бір жылдан соң осы саланың министрі болып тағайындалды.
"Дала қырандары" жастар ұйымын құрғандардың бірі Ербол Мырзабосынов қазір туризм және спорт министрі лауазымын атқарады. Сурет "Дала қырандары" ұйымының Telegram-арнасынан алынды.
Мырзабосынов оның алдында да мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген. Министр ресми сайттағы өмірбаянында "Дала қырандарының" қожайындары қатарында болғанын жазбаған. Бірақ әділет министрлігінің құжатына сәйкес, алғашқы он құрылтайшының бірі әрі ұйым директоры соның өзі.
– Ербол Мырзабосынов осыдан үш жыл бұрын қозғалыстың негізін қалау кезеңінде атсалысқаны рас, бүгінгі таңда ұйым қызметіне қатыспайды, – деді ұйым өкілдері Азаттық радиосына.
Қазір "Дала қырандары" ұйымының 20 құрылтайшысы тіркелген. Көпшілігі осы ұйымның белсендісі ретінде танылған. Арасында Мұхит Тұрсынов, Василий Тахтай, Нұрғали Тұрсынғазиев сынды белгілі спортшылар кезігеді. Оған қоса бұрын "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақмола облыстық филиалын басқарған Мәди Рымжанов бар. Айта кетейік, "Даму" қоры "Бәйтерек" холдингі арқылы Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарайды.
Қаржы министрлігі демекші, ұйымның бас кеңсесі осы министрлікке қарасты ғимаратты Hilton Astana қонақүйімен ортақ пайдаланып отыр. Бас қаланың ең сәулетті жеріндегі ғимараттан орын жалдау арзан емес. "Дала қырандары" Азаттыққа берген жауабында кеңсені жалға алып отырғанын айтты. Бірақ нақты сомасы коммерциялық құпия деді.
"Дала қырандары" жастар ұйымының Шымкент қаласындағы бөлімінің кеңсесі. Сурет "Дала қырандары" ұйымының Telegram-арнасынан алынды.
Бірлестіктің басқа да шығындары аз емес екені байқалады. Іс-шараларды бағалы құралдармен жабдықтайды. Спорттың әр түрінен турнир ұйымдастырады. Әр акцияға жүздеген адам жинайды және барлығы бірдей киінеді. Ондаған адамға елдің курортты аймақтарынан демалыс ұйымдастырады.
Әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда, Қазақстанның 20 қаласында "Дала қырандарының" бөлімшелері жұмыс істейді, ауқымды кеңселері бар. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге қарағанда, "Дала қырандары" ресми түрде бюджеттен ақша алмайды. Statsnet сайтының дерегінше, кейінгі үш жыл ішінде 64 млн теңгедей салық төлеген. Ұйым құрылған кездегі басшысы демеушілер қаражатына арқа сүйейтінін айтқан.
– Ұйым мемлекеттік бюджеттен қаржы алмайды. Қозғалыс қызметі тек жеке демеушілердің, яғни, ірі бизнес пен шағын кәсіп өкілдерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, – деді ұйым Азаттық сұрақтарына берген жауабында.
Мол қаржы қажет ететін акциялар өткізетін жастар ұйымы елде саусақпен санарлық. Солардың бірі – "Жаңа адамдар" атты бірлестік. Олар да өздеріне бизнесмендер демеушілік ететінін айтқан. "Жаңа адамдар" да үкіметке қарасты ЭКСПО-2017 қалашығындағы кешеннің бірінде отыр. Екі бірлестік те Қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев "Жаңа адамдар" форумына неге барды? Қозғалысты кім және не үшін құрған?БҮГІНГІ ҰЙЫМ БОЛАШАҚ ПАРТИЯ МА?
Тәуелсіз қоғамдық ұйым өкілдері "Қазақстанда билікпен жақындығың болмаса, қаржылай қолдау табу өте қиын" дейді.
Саяси белсенді, журналист Әсем Жәпішева "Дала қырандары" ұйымын құрылған кезден бері бақылап, сынға алып келеді. Ол ұйымға кілең спортшылар жиналғанын, науқан өткізіп, адамдарды сот шешімінсіз-ақ айыптайтынын алға тартып, кей әрекетін ресейлік "Русская община" және "Ұлттық-азаттық қозғалысы" тәрізді ұйымдарға ұқсатқан.
Журналист Әсем Жәпішева
– Олар өткізетін акцияның бірі "Сатқындар" деп аталады. Полиция қызметкерлерінен тыс есірткі тектес зат тасушыларға қарсы күресуге және олардың деректерін беруге шақырады. Олардың әлеуметтік желідегі эфирлерінде ғадауат сөздер жиі айтылады. Бір ескерерлігі, олар көбіне тасымалдаушылармен шектеледі, ал есірткіні жаппай саудалайтындар немесе олардың полициядағы "қорғаушыларымен" күреспейді. Шын мәнінде, Ресейдің әсіреоңшыл, путиншіл, оппозиционерлерге шабуылдап, концерттерді тоқтатумен және басқа да күш қолдану акцияларымен танылған "Ұлттық-азаттық қозғалысы" тәрізді ұйым көз алдымызда құрылып жатыр, – дейді саяси белсенді, журналист Әсем Жәпішева.
Ал "Дала қырандарының" өзі "құқық қорғау органдарының функциясын алмастыруға тырыспайтынын", қоғамдық-ағартушылық сипатта жұмыс істейтінін алға тартады.
– Біздің қызметіміз азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді қалыптастыруға және қоғамдағы деструктивті құбылыстарға жол бермеуге бағытталған, – дейді ұйым өкілдері.
"Дала қырандары" ұйымы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қоятынын жазды. Сурет "Дала қырандары" ұйымының Telegram-арнасынан алынды.
"Дала қырандары" алдағы жылдары президент жариялаған "Заң мен тәртіп" қағидаты бойынша жұмыс істемек. Яғни, заңсыз алкоголь, есірткі заттарымен күрес, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жалғасады дейді. Сонымен бірге мемлекеттік рәміздерге құрмет танытпағандарды тәртіпке шақырады.
"Дала қырандары" әлеуметтік желідегі парақшасында алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында Ішкі істер министрлігімен меморандумға қол қойғалы жатқанын жазды. Бұл туралы Қазақстанда құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заң қабылданған тұста хабарланды.
Айта кетейік, қабылданған заңға сәйкес, құзырлы органдар енді еріктілерді қоғамдық көмекші ретінде тарта алады. Заңсыздықты анықтауға көмектескендерге қаржылай сыйақы да береді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов "бұл заң құқық мәдениетінің артуына ықпал етеді, қазақстандықтар ұсақ-түйек құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамайтын деңгейге жетеді" дейді. Ал тәуелсіз сарапшылар бұл заңға сыни көзқараспен қарайды. Олар бұдан кейін Сталин дәуіріндегідей домалақ арыз жазу белең алуы мүмкін, сонымен бірге бұл биліктің азаматтарға қысым көрсету тетігі болады деп те қауіптенеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Домалақ арыз заманы" келе ме? Сенат мақұлдаған жаңа заң жобасын құқық қорғаушылар сынға алдыҚазақстанда қазір президент бастамасымен Конституцияға кең ауқымды өзгертулер енгізілгелі жатыр. Елде екі палаталы заң шығарушы органның орнына бір палаталы парламент құрылып, басқару жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырауы мүмкін. Негізгі заңға енгізілетін өзгертулер кезекті рет республикалық референдумға шығарылмақ. Әсем Жәпішева бұған дейін Азаттыққа "Дала қырандары" сияқты биліктің сөзін сөйлейтін ұйымдар болашақта партияға айналуы ғажап емес деген пікір айтқан еді.
"Дала қырандары" ұйымы Азаттыққа берген жауабында ешқандай саяси мақсаты жоғын білдірді.
Ал әлеуметтанушы Серік Бейсембаев қайдан қаржы алатыны белгісіз, бірақ мемлекет саясатын шартсыз қолдайтын ұйымдардың пайда болуының себебін былай түсіндіреді:
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев
– Авторитар елдерде жастардың ішіндегі белсенділермен жұмыс істеу кең тараған саяси технология. Оның мақсаты, біріншіден, белсенділікті қауіпсіз бағытқа арнау. Яғни патриотизм, спорт, мәдениет тақырыптарын алады да, сол тақырыпқа байланысты жастар ұйымдарын құрады. Оларды ашық немесе жабық түрде қаржыландырады. Жастардың белсенділігін бақылауға алады. "Дала қырандарының" аса бір белсенділігін өзім байқамайтын шығармын, бірақ та бұл да осындай саяси технологияға ұқсайды. Бұрын да осы тәрізді жастар ұйымы болған. "Аманат" партиясының жастар қанаты болды. Бірақ ол бірінші президентпен байланысты болған еді. Мүмкін Тоқаевтың өзіне имидж тұрғысында жаңа ұйым керек болғаннан туындаған ой шығар. "Дала қырандарына" ұқсас "Жаңа адамдар" деген де ұйым бар. Олардың да кеңсесі Астананың жақсы жерінде орналасқан. Менің ойымша, мұндай ұйымдар әртүрлі қоғамдық жиындар, митингілер кезінде де пайдаланады. Шерушіл, протестік топқа қарсы қойылатын күш ретінде де құрылған болуы мүмкін. Митинг кезінде шығып, билік нарративін таратуы немесе шерушілерге қарсы тұра алатын күш болуы мүмкін. Сондай сәттерде пайдалану үшін де қаржыландыруы ықтимал, – деді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Кей акцияларында сотсыз үкім шығаруға тырысатын ұйымның мемлекетпен қандай байланысы бар деген сауалды Қазақстан президенті әкімшілігіне – мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге жолдағанбыз. Eotinish порталы арқылы жіберген хаттың бағыты өзгеріп, Ақпарат және мәдениет министрлігіне барыпты. Ол жақтан келген жауапта ұйымды құру спортшы жастар бастамасы екені, мемлекет қоғамдық бірлестіктер ісіне араласпайтыны жазылған. Ал заң бұзса, тиісті құқықтық баға беріледі деген министрлік елдегі мұндай ұйымдар мемлекеттің дамуына үлес қосып жатыр деп сендіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жеті күнде жаңа Конституция. Асығыс реформа ма әлде өмір талабы ма?