Қазақстандық журналистер Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріне иелік ететін Meta компаниясы Конституция және алдағы референдум туралы посттарын өшіріп жатқанын мәлімдеді.
YouTube-тағы JURTTYN BALASY арнасының авторы Мұрат Данияр Instagram-дағы парақшасына шабуыл жасалғанын хабарлады. Оның айтуынша, бір жылдағы жазбалары толық өшірілген.
"Instagram парақшама жаппай шағым түсе бастады. Бар-жоғы 10 минут ішінде 15 пост өшірілді, соңғы екі аптадағы барлық жазбаларым жоғалып кетті. Мақсат біреу — аккаунтымды бұғаттау. Әдетте аккаунт 3–4 шағымнан кейін бұғатталады, бірақ әзірге олай болған жоқ. Түбі бұғатталатын шығар, бірақ көмектесіп жатқан адамдарға алдын ала ескертіп қойдым", — деді Мұрат Данияр The-village.kz басылымына. Оның айтуынша, Giorgio Armani деген никнеймі бар әлдебір қолданушы акканутына көп шағым түсірген.
Ал Respublika.kz.media басылымы 57 материалы өшірілгенін хабарлады. Редакция мәліметінше, өшірілген жарияланымдардың саны 100-ге жеткен, ішінде бас редактор Ирина Петрушованың жеке парақшасындағы жазбалар да бар. Басылымның жазуынша, өшірілген материалдар ішінде Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, оппозициядағы саясаткер Әкежан Қажыгелдиннің Bild басылымына берген сұхбаты, оппозициялық саясаткер Оразалы Ержанов туралы және Конституцияны сынаушыларды қудалау туралы материалдар болған. Басылым да посттар Giorgio Armani атты қолданушының шағымдарынан кейін өшірілгенін айтады.
Басылымның айтуынша, жарияланымдарды өшіру туралы шешімге шағымдану мүмкін емес, себебі бұл опция Meta-да өшірілген.
Meta компаниясы қазақстандықтардың парақшаларындағы контенттің өшірілуі туралы айтқандарына түсініктеме бермеді. Қазақстанда 2025 жылы қарашада осыған ұқсас жағдайлар болғанда Азаттық МЕТА-ға хат жазған, ресми жауап болған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билікті сынайтын парақшалар жабылып қалды. Артында кім тұр?Бұл жағдайларға қатысты Азаттық Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігіне сауалдар жолдады, материал жарияланға дейін жауап келген жоқ.
Бұған дейін қазақстандық журналист, "Гиперборей" YouTube-арнасының негізін қалаушы Вадим Борейконың Instagram және Facebook-тағы аккаунттары бұзылған. Кейін ол парақшалары қалпына келгенін айтты.
Қазақстанда журналистер мен белсенділер арасында мұндай мәселе мезгіл-мезгіл болады. Мысалы, Лұқпан Ахмедияров "Просто журналистика" атты YouTube-арнасы мен Instagram-дағы аккаунты өшірілгенін хабарлаған.
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызға белгіленген. Конституциялық реформа жарияланғаннан бері жаңа Конституция жобасына қарсы шыққандарға айыппұл салу, қамау оқиғалары болды. Конституция жобасын сынағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.