"Мемлекет тілінің шынайы орнын көрсетеді"
Ұйымдар кемі 2024 – 2025 жылдар арасындағы іс-қағаздарында "даулы жағдайда орыс тіліндегі мәміле басым" деп жазды. Жалғас Ертай сол жылдардағы "Самұрық-Қазына", "Қазақстан темір жолы", "Қазақтелеком", "ҚазТрансОйл" сынды мемлекет толық немесе ішінара иелік етіп отырған квазиұйымдарды таңдап, олардың ашық жарияланған келісімшарттарын саралаған.
Мысалы, "Қазақстан темір жолына" тиесілі мәміледе "Шарт мәтіндері сәйкес келмеген жағдайда, орыс тіліндегі нұсқа басым күшке ие болады" деп атап жазылған. "Самұрық Энерго" мен "Қазақтелеком" шарттарындағы тармақтар да осы тақылеттес.
Айта кетерлік жайт, ұлттық компаниялар кейбір шартты мемлекеттік кәсіпорындармен де жасасқан. "ҚазТрансОйлдың" "Ұлттық сараптама орталығының" Маңғыстау облысындағы филиалымен жасасқан шартына көз жүгіртейік. Құжатта "Шарт бірдей заңды күші бар мемлекеттік тіл және орыс тілдерінде жасалды. Әртүрлі оқылған жағдайда шарттың орыс тіліндегі мәтіні басым болады" деп жазылып тұр.
Тіл белсендісі Жалғас Ертай
– Менің ойымша, бұл жағдай мемлекеттік бюрократиялық аппаратта мемлекет тілінің, Конституцияда жазылған қазақ тілінің шынайы орнын көрсетеді. Бізге билік қазір қандай картинаны сипаттап беріп жатыр? Мысалы, Ерлан Қарин мырза "мемлекеттік тіл – қазақ тілі, солай болып қалады" деді жаңа Конституция қабылданарда және қабылданғаннан кейін. Бірақ, шын мәнінде, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсіліне және жұмысының нәтижесіне қарасақ, қазақ тілі мемлекеттік тіл емес, қосымша, жанама тіл екенін көреміз. Ал шынайы мемлекеттік тіл – орыс тілі деген қорытындыға келеміз. Мұны неден алып отырмын? Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың тендерлері, сыртқы мердігерлермен жасасқан келісімдерін ақтарып отырсаңыз, барлығы дерлік орыс тілінде жасалған және негізінен орыс тіліндегі нұсқасына құқықтық мәртебе береді. Кейбіреу былай жазады: "қазақ тілі мен орыс тіліндегі нұсқалар заң тұрғысында бірдей, бірақ дау-дамай туындаса, орыс тіліндегі нұсқасына басымдық береміз". Бұл не деген сөз? Құжат о баста орысша жазылған, сондықтан орысшасын негізге алып соттасқан бізге ыңғайлы деген мағына, – деді Жалғас Ертай.
Your browser doesn’t support HTML5
Орыс тілінің құжаттағы үстемдігі. Ұлттық компаниялар шарты заңға қайшы емес пе?
"Заңға қайшы емес"
Азаттық дау-дамай кезінде орыс тіліне басымдық беріледі деп жазылуының мән-жайын түсіндіруді сұрап аталмыш мекемелерге ресми сауалхат жөнелтті. Олар бұл жайт Конституцияға томпақ емес деп есептейді.
"ҚазТрансОйл" компаниясы бұл еш заңға қайшы емес, өйткені шарт екі тілде де дайындалады деп жауап қатты. Ал келіспеушілік кезінде басым тілді таңдау – тараптардың өзара шешімі. "Азаматтық кодекс" бұған рұқсат берген дейді компания.
"Қазақтелеком" ұйымы да бұдан заңсыздық көрмейді.
"Конституцияда шарттың қандай да бір тілдегі нұсқасына басымдық беруге тыйым салатын нормалар жоқ. Керісінше, заңдарға сәйкес, азаматтардың қарым-қатынас жасау тілін еркін таңдауға құқы бар және тілге байланысты кемсітуге болмайды. Ал "Қазақтелеком" компаниясының ішкі құжаттарында жасалатын шарттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасының болуы – міндетті талап. Қазақ және орыс тілдерінде жасалған шарттардың заң күші бірдей екенін атап көрсетеміз. Қандай да бір шартта әркелкі түсінілетін жағдайлар анықталса, тараптар өзара келісім бойынша таңдайды" деп жауап берді "Қазақтелеком" компаниясы.
Ал "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы Азаттықтың сауалына жауап хатында:
"Аталған шарттарды қазақ және орыс тілдерінде жасасу туралы талап сақталған. Шарттарда даулы жағдай туындаған кезде орыс тілінің қазақ тілінен басымдығын белгілеуге қатысты бұл мәселе заңнамалық деңгейде реттелмегенін хабарлаймыз. Осыған байланысты азаматтық-құқықтық мәміле тараптарына бұл мәселені өз бетінше шешу құқығы беріледі. Бұл ретте шарттарда осындай басымдықты белгілеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабына қайшы келмейді" деп жазған.
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілін қолдау жиыны. Алматы, 21 қыркүйек, 2008 жыл (Азаттық архивіндегі фото)
Азаттық осы мәселеге байланысты Тіл саясаты комитетінің де ұстанымын сұрады. Комитет тіл белсендісі көтерген мәселеден кейін ұлттық компанияларға сұрау жолдаған. Бірақ ол хатта әлденені талап етті ме, жоқ па, белгісіз. Мекеме "мұндай келісімдер – азаматтық-құқықтық шарт, сондықтан тараптар Азаматтық кодекстің талаптарына бағынады" дегенді қайталады. Бірақ компаниялардың келісімшартындағы тармақты заңға қайшы деуге де келмейтінін айтты.
– "Тіл туралы" заңның 4-бабына сәйкес, мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Заңның 15-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмiлелерi қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасы қоса берiлiп, мемлекеттiк тiлде және орыс тілдерінде жасалады, алайда басқа тілдердегі нұсқаның басымдығын белгілейтін жалпы норма қолданыстағы заңнамаларда көзделмеген, – деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Эльмира Асан.
Аударма сапасы, заңгерлер сақтығы, созылған процесс
Коммуникация сарапшысы Айбар Олжай мәселе қазақ тіліндегі терминология мен аударма сапасының төмендігінен туып отыр деп бағамдайды. Айтуынша, заңгерлер сотта сенімді болуы үшін орыс тілін таңдайды.
Коммуникация сарапшысы Айбар Олжай
– Бұл заңдық практикадан туындаған дүние деп ойлаймын. Осындай кейстер болған сияқты. Келісімшартты орысшадан қазақшаға аударған кезде, мысалы, екеуінің мағынасы екі түрлі болып кеткен, қазақша нұсқасында былай жазылып тұр ғой деген кейстер болған. Осының алдын алу үшін заңгерлердің өзін-өзі сақтандыру шарасы ғой, – деді Айбар Олжай.
Оның пікірінше, Тіл саясаты комитеті терминдер базасын жаңартып, аударма сапасына қойылатын талапты қатаңдатуға тиіс. Қазақша нұсқасы орысшасына 100% сай екенін растайтын верификация механизмін қалыптастырған жөн. Айтуынша, екі нұсқа бірдей екеніне кепілдік берілсе, "орыс тілі басым" деген тармақ жазудың қажеті шамалы болмақ.
– Екі нұсқа бір ұғымда, бір палитраны беретіндей, бөлекше талданбайтындай талап күшеюі керек. Талап қатты болуа тиіс. Белгілі бір органның аудармасында шикілік шығып жатса, сол орган жауапты болып, айыппұл алуы, жазалануы қажет. Органның тендердегі құжатында қазақшасы орысшадан ауытқымаса, бапты енгізудің өзі заңға қайшы болады, – деді Айбар Олжай.
Сарапшы іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру процесі ұзаққа созылып кеткенін айтады. Бірақ, мемлекеттік мекемелердің өзара қазақша хат алмасуы жолға қойылғанын алға тартып, өтпелі кезең біраз жылда артта қалады деп үміттенеді.
Қазақстанда мемлекеттік мекемелерде екі тіл қолданылуы үнемі қоғам талқысына түседі. Қазақ тілінің кейде аударма тіл ретінде жүретіні көпшіліктің наразылығын тудырады. Биыл қабылданған жаңа Конституцияның 9-бабы да ұзақ талқыға арқау болғаны белгілі. Баптағы орыс тілі туралы тармақты түбегейлі алу немесе қазақ тілі басым деп жазу қажетін ұсынғандар болды. Бірақ бұрынғы заңдағы "тең" сөзі "қатар" сөзіне алмастырылды да, "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады" деген нұсқа мақұлданды.