Ресей билігі "экстремистік ұйым" деп танығаннан кейін ЛГБТ желісі жабылатынын хабарлады. "Ресейлік ЛГБТ желісі" өкілдері биліктің таққан айдары кез келген қоғамдық қызметті мүмкін емес қылады, өйткені ондай ұйыммен байланыс орнату қосымша қауіп-қатер тудырады деп түсіндірді.
"Біз қауіп-қатерді мұқият бағалаған соң осындай шешім қабылдадық. Мұндай жағдайда қоғамдық қызметті жалғастыру ұйым жұмысына қатысқан, оны қолдаған немесе көмек алған адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Біз репрессия жайлаған ортаны бақылауда ұстай алмаймыз, бірақ адамдарға қосымша қауіп-қатер тудырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасай аламыз. Адамдардың қауіпсіздігі – бәрінен маңызды", – деген ұйым Telegram-арнасында жариялаған мәлімдемесінде.
Ұйым енді қоғамдық іс-шаралар өткізбейтінін және әлеуметтік желілердегі аккаунттары жақын арада жойылатынын мәлімдеді.
Ресейдің түрлі аймағындағы ЛГБТ ұйымдарын біріктіретін "Ресейлік ЛГБТ желісі" 2006 жылдан бері жұмыс істеп келді. Ол ЛГБТ қауымына жататын адамдарды кемсітуге қарсы күресетін және олардың құқықтарын қорғайтын елдегі ең ірі ұйым болды. Атап айтқанда, оның белсенділері Солтүстік Кавказдағы квир-адамдарды қудалау туралы хабарлады және өмірі мен бостандығына қауіп төнген адамдарды аймақтан эвакуациялауға көмектесті. 2021 жылы Ресейдің әділет министрлігі ұйымды "шетел агенті" тізіміне қосып, кейінірек оны "экстремистік" деп жариялады.
2023 жылдың қараша айында Ресейдің жоғарғы соты жабылып қалған "Халықаралық ЛГБТ қозғалысын" экстремистік ұйым деп таныды. Содан бері гомосексуализмді немесе трансгендер жөнінде айыптамай айтылған кез келген пікір "экстремизмді қолдау" ретінде қарастырылып, ол үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Кейіннен квир-адамдарға әлеуметтік қолдау көрсеткен, медициналық жәрдемге қол жеткізуіне септескен және құқықтық қорғауды қамтамасыз еткен оннан астам құқық қорғаушы ұйым экстремистік деп танылып, көпшілігі жабылуға мәжбүр болды.