"Талаптар аясы кеңейіп жатыр". Ресей НАТО-ға Орталық Азия жөнінде шарт қойғаны рас па?

Қазақстан сарбаздары НАТО елдерінің әскери қызметкерлерімен бірге "Дала қыраны" әскери жаттығуын өткізіп жатыр. Алматы облысы, 2015 жыл. Мұндай жаттығулардың кейінгісі 2019 жылы өтті. Бірлескен жаттығулар 2020 жылы Covid індеті әсерінен тоқтап қалып, жанданбады.

Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер күн тәртібіне күтпеген жерден Орталық Азия да кіріп кетті. Америкалық New York Times басылымы Ресей мен Украинаның Абу-Дабидағы келіссөздерінде Мәскеу делегациясы қандай талап қойғанын хабарлады.

Басылымның жазуынша, АҚШ араағайындығымен өткен кездесуде Ресей өз талаптарын айта отырып, НАТО Орталық Азиядағы кез келген әскери белсенділіктен бас тартуы қажет деген. Мәскеудің мұндай талабына не себеп болуы мүмкін? Бұл Ресейдің оңтүстіктегі көршілеріне қалай әсер етеді және оған қаншалықты мән берген жөн?

Азаттық Азия редакциясы осы жөнінде саясаттанушы, қауіпсіздік жөніндегі сарапшы әрі Қазақстан-Неміс университетінің профессоры Рустам Бурнашевпен сөйлесті.

Азаттық Азия: Мәскеу Украинадағы соғысты тоқтату үшін осындай талап қойды делік. Алдымен НАТО елдерінің Орталық Азия елдерімен қазіргі ынтымақтастығы қандай екенін түсіндірсеңіз.

Рустам Бурнашев: Орталық Азия елдері мен НАТО арасындағы ынтымақтастық айтарлықтай шектеулі. Соғысқа дейінгі кезеңде (2022 жылға дейін) НАТО бұл байланысты "сақтықпен жүргізілетін ынтымақтастық" деп сипаттаған. Ол білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес сияқты жекелеген бағыттарда стратегия әзірлеу жобаларын қамтиды.

Ал әскери ынтымақтастық туралы айтсақ, Ресейдің талабы делінген мәселе осы салаға байланысты. Бұл бағытта бірлескен жаттығулардың саны өте аз. Қазір жыл сайын өткізілетін бір ғана жаттығу бағыты бар. Оның өзі шектеулі форматта, әдетте АҚШ аумағында өтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

NYT: Ресей НАТО-дан Орталық Азияда кез келген әскери әрекеттен бас тартуды талап етеді

"Ресей айтып жүрген ұстанымның логикасына келеді"

Азаттық Азия: Аймақта НАТО базалары жоқ, Ташкенттегі байланыс кеңсесі де 2017 жылы жабылған. Ендеше Мәскеу нені қауіп санайды?

Бурнашев: Ресейдің 2020–2021 жылдардағы, яғни Украинадағы соғыс басталғанға дейінгі риторикасына қарасақ, Мәскеу НАТО-ның кеңеюін және бұл одақтың Ресейдің қауіпсіздік аймағы делінген аумаққа жақындауын проблема ретінде қарастырды.

Мына соғыстың басталуына түрткі болған себептердің бірі де Украинаның НАТО-ға кіру мүмкіндігі жайлы мәселе еді.

Меніңше, бұл мәселе қазіргі ахуалға емес, болашақта қалыптасуы мүмкін жағдайға қатысты көтеріліп отыр. НАТО-ның кеңею үрдісі бар. Бір қызығы, ЕҚЫҰ кеңістігі аясында Орталық Азия елдері де Еуропалық қауіпсіздік кеңістігінің бір бөлігі саналады.

НАТО-ның Орталық Азиядағы әріптестігі 1994 жылы басталған. Сол жылы альянсқа мүше емес елдермен ынтымақтастыққа арналған "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" бағдарламасы іске қосылған.

Бұл бағдарлама және оған ілеспе жобалар серіктес ел НАТО-ға мүше болғанға дейін-ақ әскери ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан стратегиялық тұрғыдан алдын ала әрекет ету ұстанымы туралы айтсақ, болашақта Орталық Азияда НАТО-ның болмауын талап ету Ресейдің кейінгі онжылдықтарда айтып келе жатқан логикасына толық сай келеді.

Азаттық Азия: New York Times жариялаған мақалада НАТО-ның кез келген әскери белсенділігі туралы айтылған. Ал альянс мүшесі Түркия қазір Орталық Азия елдерінің қарулы күштерімен, әсіресе Өзбекстан әскерімен белсенді жұмыс істейді. Аймақ елдері Түркиядан Bayraktar дрондарын сатып алады. Қазақстанда Anka ұшқышсыз аппараттарын шығаратын зауыт салу жоспары да жарияланған. Мұның бәрін НАТО-ның Орталық Азиядағы қызметі деп қарастыруға бола ма?

Бурнашев: New York Times мақаласынан кейін айтылған пікірлерге қарасақ, әңгіме көпжақты әскери ынтымақтастық туралы болып отыр. Түркия мен Өзбекстан арасындағы екіжақты байланыс бұл санатқа кірмейді. Әрине, әзірге бұл – бастапқы ұсыныстар ғана. Болашақта екіжақты қатынастарға қатысты талаптар да қойылуы мүмкін.

Бірақ әскери ынтымақтастық туралы айтқанда, оның бағыттарын бір-бірінен ажырату қажет. Мысалы, түрік лицензиясымен брондалған техника өндіру – әскери-техникалық ынтымақтастық. Ол әскери ынтымақтастықтың тар мағынасындағы анықтамасына жатпайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан мен Түркия Anka әскери дронын жасамақ. Бұл дронның күші қандай?

Сол сияқты кадр даярлау, қарулы күштерді реформалау бағдарламаларын әзірлеу де бар. НАТО елдері Орталық Азия мемлекеттеріне әскери-азаматтық ынтымақтастық пен қарулы күштерге азаматтық бақылау орнату бағдарламаларын белсенді түрде ұсынғанын білеміз. Әдетте мұндай бағыттар әскери ынтымақтастыққа жатпайды. Бұл ұғым көбіне бірлескен жаттығулар мен әріптес елдердің әскери қатысуын білдіреді.

Азаттық Азия: Егер талаптар қатарында нақты шекарасы белгіленбеген тұжырымдар айтылса, Мәскеу Анкараға да "НАТО мүшесі ретінде мұны істей алмайсыңдар" деп қысым көрсетуі мүмкін ғой.

Бурнашев: Егер біз талқылап отырған ережелер құжатқа енгізілсе, онда барлық ұғым нақты айқындалады. Яғни әңгіме тек НАТО аясындағы көпжақты ынтымақтастық туралы ма, әлде альянсқа мүше елдермен екіжақты байланыс та шектеле ме — осының бәрі көрсетіледі. Сондай-ақ әскери ынтымақтастық дегенде нақты қандай әрекеттер айтылып отырғаны, қайсысына шектеу қойылып, қайсысына рұқсат берілетіні анық жазылады. Меніңше, бұл мәселелерді көтеріп отырған Ресей де дәл осындай ұстанымда болады.

Орталық Азияның "стратегиялық үнсіздігі"

Азаттық Азия: Қазір Ресейдің Украина жөніндегі талаптар тізіміне Орталық Азияның кіргенін талқылап жатқандар көп. Бірақ аймақ елдерінің өзі үнсіз отыр. Бұл мәселе өздеріне тікелей қатысты болса да, ешқандай түсініктеме бермейді. Мұны қалай түсіндіруге болады?

Бурнашев: Мұның бірнеше себебі бар. Мен екеуін атап өтейін. Біріншіден, біз ресми құжатты көрген жоқпыз. Әзірге бұл – газеттегі жарияланым ғана, оның үстіне, ол ешқандай ресми дерекпен расталмаған. Орталық Азия елдері мұндай алып-қашпа әңгімелерге жауап беріп, пікір білдіруді қажет деп санамайды.

Екіншіден, аймақ елдерінің кейінгі оқиғаларға қатысты әбден зерделенген ұстанымы бар. Әріптестерім мұны "стратегиялық үнсіздік" деп атайды. Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты қандай да бір пікір білдіру елдерімізді қолайсыздау жағдайда қалдыруы мүмкін.

Ұлыбритания әскерінің қызметкері өз елінің туын көтеруге дайындалып жатыр. "Дала қыраны" әскери жаттығуының ашылу салтанаты. Алматы облысы, 2011 жылғы тамыз.

Жалпы, НАТО бізге кеңейтілген әріптестік ұсынып отырған жоқ. Бізде де НАТО елдерімен әскери ынтымақтастықты күшейту туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Сондықтан "жоқ, біз НАТО-мен ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді" деп мәлімдеу Ресеймен немесе НАТО елдерімен шиеленіс немесе соған жақын жағдай туғызуы мүмкін.

Оның үстіне бұл болжам рас болған күннің өзінде, әріптестеріміз "Орталық Азия елдерінің белгілі бір халықаралық ұйымдарға мүше болуға егемен құқығы бар" деп мәлімдеуі мүмкін. Бірақ НАТО елдері бізді ондай ынтымақтастыққа шақырмауы да ықтимал. Ендеше, аса көмескі мәселе бойынша өз ұстанымымызды жариялаудың қажеті қанша?

Азаттық Азия: Орталық Азия елдері бұл хабарды қалай қабылдады деп ойлайсыз? "Бізді тағы да үлкен геосаяси ойындарға араластырғалы жатыр" деп алаңдай ма? Әлде мұны ақпараттық процесс деп бақылап отыр ма?

Бурнашев: Меніңше, екінші нұсқаға жақын. Бәлкім, қазір ақпарат ағынын бақылап, мәселенің қалай көтеріліп жатқанын, түрлі мемлекеттер мен ұйымдардың мұндай мәлімдемеге қалай жауап беретінін қадағалап отырған шығар.

Оның үстіне бұл жағдайдан біздің елдер белгілі бір пайда да көре алады. Қақтығыстың екі жағындағы әріптестеріміздің бұл ұсынысқа қалай қарайтынын бақылауға мүмкіндік туады.

Аймақ үшін не өзгеруі мүмкін?

Азаттық Азия: Орталық Азияға қатысты мұндай талап шынымен талаптар тізімінде бар делік, ол аймақ елдерінің әскери ынтымақтастығына қалай әсер етуі мүмкін?

Бурнашев: Мұның бәрі әскери ынтымақтастық деп нені айтатынымызға байланысты. Егер бұл ұғымды тар мағынасында қарастырсақ, біздің елдер үшін ештеңе өзгермейді. Ары кетсе, НАТО елдері қарулы күштерімізді бірлескен жаттығуларға шақыруды тоқтатуы мүмкін.

Ал ынтымақтастықтың басқа бағыттарына бұл әсер етпейді. Өйткені НАТО-мен де, оның жекелеген мүшелерімен де арадағы байланыстың өзге түрлері әскери ынтымақтастықтың нақты анықтамасына кірмейді.

Азаттық Азия: Егер Түркияға Орталық Азия әскерлерімен ынтымақтастық жасауға рұқсат берілмесе, бұл аймақ елдерінің қарулы күштеріне қалай әсер етеді? Түркия бірлескен жаттығулар өткізеді, оған Әзербайжан мен Өзбекстан қатысады. Бұған қоса, ұшқышсыз аппараттар мәселесі бар. Түркиямен әскери ынтымақтастықты тоқтатуға тура келсе, оның салдары қандай болады?

Бурнашев: Әскери ынтымақтастықтың шектелуі тек жаттығуларға қатысты болуы мүмкін. Ал әскери технологиялар, тактикалық және стратегиялық тәжірибе мәселесі бұған кірмейді.

Біз Түркиямен ынтымақтастықты Әзербайжан арқылы да жалғастыра аламыз. Мысалы, Орталық Азия елдерінің қарулы күштері Әзербайжан әскерімен бірлескен жаттығуларға қатысып, сол арқылы түрік әскерінің тәжірибесі мен әдіс-тәсілдерін меңгере алады.

Сондықтан аймақ елдерінің қарулы күштері үшін елеулі өзгерістер болады деп ойламаймын.

Түркияның Bayraktar дроны Қырғызстанда.

Әрине, бұл мәселенің саяси қырлары да бар. Орталық Азиядағы ешбір ел өз тағдырын өзгелер шешетін, яғни өзі шешім қабылдай алмайтын жағдайға тап болғысы келмейді. Бірақ біз әріптестерімізді өзімізбен ынтымақтасуға мәжбүрлей алмаймыз. Егер НАТО бізбен жұмыс істегісі келмесе, оны күштеп дос ете алмаймыз.

Әскери-техникалық ынтымақтастыққа келсек, мұнда айтарлықтай ауыр салдар көріп тұрған жоқпын. Қазіргі бағыттар сақталып, жалғаса береді. Тек НАТО елдерінің аймақта тікелей әскери қатысуы мен әскери іс-шараларына қатысты мәселелер шектелуі мүмкін.

"Талаптар аясы кеңейіп жатыр"

Азаттық Азия: Ресей мен Украина қарым-қатынасы туралы сөз болғанда көбіне Шығыс Еуропа назарға алынатын. Бұл жолы күн тәртібіне күтпеген жерден Орталық Азияның шығып кеткеніне аймақ елдері түгіл халықаралық қауымдастық та қатты назар аударды. Шетелдік сарапшылар белсенді түрде пікір білдіріп жатыр. Мұндай қызығушылықтың себебі не?

Бурнашев: Ресей талаптарының ауқымы кеңейіп жатыр деген пікір айтылып жүр. Бұрын әңгіме тек Еуропа кеңістігі төңірегінде болса, қазір оған Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия да қосылып отыр. Ресейдің НАТО-ға қояр талаптарының аясы кеңейіп жатқаны байқалады.

Әрине, мұндай ұстаным күтпеген жағдай болды. Екінші жағынан, 2019–2020 жылдарға оралсақ, осы талаптардың мәні сол кезде де айтылатын. Қазір соғыс пен әскери қимылдарды тоқтату жөніндегі келіссөздер аясында сол талаптар өткірлене түсті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мәскеу ықпалының әлсірегені ме? Орталық Азия қаруды Ресейден өзге елдерден ала бастады

Азаттық Азия: Мұндай талаптар айтылғаны рас болса, Мәскеуде оны іске асыруға деген қандай тетік бар? Бұл жөнінде саудаға орын бар ма?

Бурнашев: Бұл – келіссөзге түскен ұстаным. Бірақ ол НАТО үшін де, Ресей үшін де аса маңызды мәселе емес.

Батыс елдері мұны Ресейге ұсынылатын қосымша жеңілдіктің бірі ретінде қарастыруы да ықтимал. Бәлкім, Ресейдің өзі бұл мәселені аса маңызды деп санамайтын шығар, бірақ Батыс елдері оны Украина төңірегіндегі ымыраға жақындататын қосымша тармақ ретінде ұсынып отырған болуы мүмкін. Яғни Ресей белгілі бір ымыраға, шегініске барса, оның орнына НАТО-ның Орталық Азиямен әскери ынтымақтастығы қысқарады деген ұсыныс жасалуы ықтимал.

Қазір қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына қалай кепілдік берілетіні – Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздердің негізгі мәселелерінің бірі. Қақтығысқа қатысушы тараптардың бәрі жасалған бейбіт келісім ұзаққа созылмай қалуы мүмкін деп қауіптенеді.

Халықаралық қатынастарда ортақ нормалар мен құндылықтардан алшақтай бастаған кезде қауіпсіздік кепілдіктері мен келісімдердің орындалуын қамтамасыз ету мәселесі шешуші мәнге ие болады. Өкінішке қарай, қазір мұндай кепілдіктер қандай болатынын елестету маған қиын. Келіссөзге қатысушы тараптардың ешқайсысында соғыс қайта басталмайтынына жүз пайыз кепілдік беретін шешім жоқ па деп алаңдаймын.

НАТО-ның Орталық Азиядағы әскери белсенділігіне жол бермеуге қалай кепілдік беруге болатыны сияқты жанама мәселелерге де жауап табу қиын. Әзірге біздің елдер келіссөздерге мүлде қатыстырылған жоқ. Бізден әскери ынтымақтастықты сақтағыларың келе ме, әлде одан бас тартуға дайынсыңдар ма деп ешкім сұрап жатқан жоқ. Ал егер біз бұл ынтымақтастықты сақтағымыз келетінін айтсақ, онда мұндай келісімнің орындалмай қалу қаупі одан әрі арта түсетінін түсінеміз.