Шекара қызметі журналист Лұқпан Ахмедияровты елден шығармады. Оның үстінен шағым түсірген кім?

Журналист Лұқпан Ахмедияров

3 тамызда журналист, "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров елден шыға алмай қалды. Бұған Астана қаласы полициясының қозғалған қылмыстық іске байланысты салған тыйымы себеп. Украинадағы соғыс пен елдегі әлеуметтік мәселелерді жиі көтеретін журналистің кәсіби қызметіне байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып отыр. Оған не түрткі болды? Ресей факторының әсері бар ма?

3 тамыз күні таңертең журналист Лұқпан Ахмедияров отбасымен Черногорияға демалысқа бармақ болып, әуежайға барған. Алайда Қазақстан шекара қызметі оны өткізбей, кері қайтарған.

– "Лұқпан Сайлауұлы, сізге тыйым – Астана полициясы басқармасы. Не себеп болғанын білмеймін. Айтарым осы" деді. Содан кейін жіберді, паспортымды берді. Жұма күні мені учаскелік полиция шақырған. Сонда: "Котов деген азамат сіздің үстіңізден арыз жазды, сол арыз туралы сізден түсініктеме алуымыз керек" деп айтқан. Мұның бәрінің себебі сол деп ойлаймын, – деді "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров.

Журналист полиция ол кезде ешқандай шектеусіз босатқанын, әуежайға барарда елден шығуға әлдебір тыйым бар-жоғын ашық базалар арқылы тексергенін айтады.

Ахмедияровты елден шығармай қойған соң, кеше "Әділ сөз" ұйымы мәлімдеме жасап, алаң білдірді.

Your browser doesn’t support HTML5

Журналист Лұқпан Ахмедияровты Шекара қызметі елден шығармады. Оған қарсы шағым берген кім?

Өзін Өскемен тұрғыны Андрей Котов деп таныстырған азаматтың Бас прокурорға үндеуі желіде бірнеше күн бұрын пайда болды. Онда ол "Ахмедияров әлеуметтік желідегі парағында Украинада Ресей атынан соғысып жүрген қазақстандық жалдамалы әскери қызметкерлер тізімін жариялады, оның ішінде мен де бармын" дейді. Ол ешқашан Украинада болмағанын және осы ақпарат беделіне нұқсан келтіргенін айтады.

"Осыдан кейін маған полиция келе бастады. Олар сұрақ қойып, тексеру жүргізді. Мен заңға бағынатын азамат ретінде оларға барлық қажетті ақпаратты: қайда болғанымды, қайда барғанымды айттым. Алайда осы оқиғадан кейін отбасыммен, достарыммен, әріптестеріммен және көршілеріммен қарым-қатынасым нашарлады. Соның салдарынан өзімді өте жайсыз сезінемін. Беделіме нұқсан келді, ал айналамдағы адамдар маған үнемі сұрақ қойып, өзімді ақтап, кінәсіз екенімді қайта-қайта дәлелдеуге мәжбүр болып жүрмін" дейді ол.

Өткен сенбіде Котовтың сұрауына ұқсас тағы бір видео үндеу жарияланды. Бұл жолғы арызданушы өзін Руслан Мухаметов деп таныстырды. Ол да өзінің соғысқа еш қатысы болмаса да, тізімде барын айтып, "репутацияма нұқсан келіп, кей достарым теріс айналды" деп отыр.

"Менің бұған еш қатысым жоқ. Маған бәрібір. Мен Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Лұқпан Ахмедьяровты жауапкершілікке тартуды сұраймын, өйткені оның жарияланымының кесірінен менің беделіме нұқсан келді. Кей досым мен туысым алшақтап кетті. Тіпті жұмысымнан да айырылып қалуым мүмкін" дейді ол.

Бұл екі жазба Лұқпан Ахмедияровты тергеуге шақыруға негіз болып, іс ашылған. Алайда қандай бап бойынша тергеу жүретіні әлі белгісіз. Журналистің өзі бұл айыптарға келіспейді. Сөзінше, соғыста жүрген қазақстандықтар жайлы Украинадағы "Хочу жить" ұйымының ресми ақпаратын бөліскен. Оны қоғамның білуі маңызды дейді.

– Иә, пікірлерді оқимын. "Журналистер, сіздер ақпаратты тексермейсіздер ме?" дейді. Біз оны қалай тексереміз?! "Хочу жить" – украин үкіметінің ресми жобасы. Олар ресми түрде жариялап отыр. Біз осындай тізім шықты деп жарияладық. Біз тізімдегі 661 кісінің бәрі Қазақстан азаматы, олар соғысқа қатысқаны анық деп жазған жоқпыз ғой. Көздегеніміз – Қазақстан үкіметінің назарын аудару. "Қазақстаннан соғысқа қатысып жүргендер бар екен, соған назар аударыңыздар" дегеніміз. Сондай мақсатта жазылған ақпарат еді, – дейді Ахмедияров.

Қазір тізімдегі адамдарды анықтау мақсатында украиналық "Хочу жить" жобасы тексеріс жүргізіп жатыр. Лұқпан Ахмедияров өзіне жария да, жасырын да қысым барын айтады. Оның желідегі парақтары аты-жөні белгісіз аккаунттардан авторлық құқық бойынша түскен шағым бойынша жиі бұғатталып қалады. Ал 10 күн бұрын Астанада көлігіне әлдебіреу бояу шашып кетті. Полицияға шағым қалдырып, оқиғаның видеосын жарияласа да, әзірге күдіктінің кім екені анықталмады.

Былтырдан бері осымен Лұқпан Ахмедияровқа қатысты үш іс қозғалып отыр. Алғашқысына былтыр "Просто журналистика" арнасындағы Ресейге жұмыс іздеп кетіп, сол жақтан белгісіз себептермен соғысқа тартылмақ болған 14 қазақстандық жайлы видеосы ілік болды. Ресейге кеткендердің бірінің туысы алдымен журналистен көмек сұрап, ақпарат бергенімен, кейін өзі арыз жазған.

"Өкінішке қарай мен сот алды тергеу ісін жария ете алмаймын. Айтарым, 274-бап бойынша іс қозғалыпты, мені "қорғану құқығы бар куә" ретінде күштеп алып келді" деді Ахмедияров былтыр сәуірде.

Ал екінші іс Ресейде қозғалып, Ахмедияровқа іздеу жарияланған. 2025 жылдың аяғында Орал қаласында көлікпен кетіп бара жатқан Ахмедияровты тоқтатқан жергілікті полиция оның халықаралық іздеуде жүргенін айтқан. Ақпаратқа қарағанда, Ресейдің құқық қорғау органдары "Ресей Қарулы күштері туралы көрінеу жалған ақпарат тарату" айыбымен іс қозғаған. Ресейге 2016 жылдан бері бармаған журналист құжатта өзінің тергеуден жасырынып жүргені жазылғанын айтады. Журналист істің бәрі өзінің кәсіби қызметімен байланысты екеніне сенімді. Бұған нақты бір материал емес, "Просто журналистика" жобасының ұстанымы мен көтеріп жатқан мәселелері себеп дейді. Оның артында Ресейдің ықпалы да бар деп күдіктенеді.

– Өйткені, біз көріп тұрмыз ғой, Қазақстан билігі Ресейден қашып келген белсенді азаматтарды ұстайды. Ресейге қайтару мақсатымен ұстайды. Мысалы, Ресейден "Лұқпан Ахмедияров деген журналисті ұстаңдар, оның үстінен бізде қылмыстық іс қозғалған" деген сияқты өтінім түседі. Екі билікті де демократиялық билік деп айта алмаймыз ғой, екеуі де авторитарлық жүйе, сондықтан бір-бірімен сөз табысатын болар, бір-бірін жақсы түсінеді ғой. Олардың мақсаттары мен мүдделері бір. Сондықтан осындай істер көбейе береді. Өкінішке қарай, парламент сайлауы алдында әлі де бірнеше журналист, құқық қорғаушы немесе қоғамдық белсенділері жауапқа тартылады.

Ахмедияров өзінің де қамалуы әбден мүмкін екенін айтады. Кейінгі ахуалға қарап, күдігі күшейе түскен.

Лұқпан Ахмедияров пен оның әріптесі Рауль Упоров жүргізетін "Просто журналистика" YouTube-арнасы бес жыл бұрын іске қосылған. Онда Қазақстан мен алыс-жақын елдердегі қоғамдық-саяси тақырыптар, әлеуметтік репортаждар, деректі фильмдер жарияланады. Қазір арнаға 61 мыңнан астам аккаунт жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Бұға берсек, Солтүстік Кореяға айналамыз". Қамаудан шыққан Лұқпан Ахмедияровпен сұхбат

Кейінгі жылы Қазақстанда журналистердің түрлі себеппен жауапқа тартылуы жиіледі.

3 тамызда Алматы соты журналист Александра Алёхованы 3 жылға бас бостандығынан айырып, журналистикамен айналысуына тыйым салды. Алёхова "Жеке деректерді тарату" бабы бойынша кінәлі деп танылған. Өткен аптада Алматы соты ҚазТАГ агенттігінің бас директоры мен бас редакторының бостандығын шектеп, оларды бес жылға журналистикамен айналысу құқығынан айырған еді. 18 шілдеде журналист, блогер Азамат Омаровты полиция ұстап, қамауға алды. Ақпаратқа қарағанда оған "ұлт араздығын қоздыру" бабымен айып тағылған. Сот қаулысында "Оның әзіл-қалжың әрі сыни сипаттағы сөзі халық арасында теріс пікір қалыптастырады" делінген. Бұдан бөлек Orda сайтының негізін қалаушы Гүлнәр Бажкенованың ісі сотта қаралып жатыр. Кейінгі бір ай ішінде он шақты журналист желідегі парағы, WhatsApp мессенжері бұғатталғанын хабарлады. Журналистер іске тартылған уақытта әдетте Ақпарат министрлігі тергеу мен сот ісіне араласпайтынын, жағдайды бақылап отырғанын айтады. Лұқпан Ахмедияровтың елдегі сөз еркіндігінің ертең турасында үмітінен күдігі басым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Алаңдатарлық үрдіс". Қазақстан медиақауымдастығы журналист Азамат Омаровтың қамалғаны жайлы не дейді?

– Біздің Қазақстан сондай бір авторитарлық диктатураға айналып бара жатыр. Умберто Эко деген белгілі жазушы, философтың фашизмге айналып бара жатқан қоғамның 14 белгісі бар деген эссесі бар. Мен қызық үшін оны оқып шықтым. Біздің Қазақстанмен саластырып едім, 14 белгісінің тоғызы бар екен. Сондықтан, өкінішке қарай, біз сондай тоталитарлық, фашизмге ұқсас жүйеге айналып бара жатырмыз. Қоғамда билік конструктивті сын айтатын баспасөз болмаса, тәуелсіз партия болмаса, белсенділер болмаса, олардың бәрін түрмеге жауып, айыппұл салып, бәрін тазартып тастаса, бұлардың орнына міндетті түрде бір күштер келеді. Ол күштер заңның сөзімен емес, заңның тілін пайдаланбай, зорлық тілімен, күш тілімен сөйлейтін болады, – дейді Ахмедияров Таяу Шығыстағы елдердің мысал етіп.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан биыл 8 саты сырғып, 149-орынға түскен. Интернеттегі еркіндікті саралайтын Freedom House ұйымы есебінде Қазақстан "еркін емес ел" тізімінен шыға алмай келеді. Қазақстан билігі бұған келіспейді. Халықаралық рейтингтер біржақты жасалады, шынайы ахуалды көрсететін бейтарап көрсеткіш емес деп мәлімдейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәуелсіз жеті журналистің WhatsApp аккаунттары бұғатталып қалды. Бұл қысым ба?Алматыда Гүлнәр Бажкенованың соты қалай өтіп жатыр? ҚазТАГ-тың бас директоры мен бас редакторына үкім шықты. Оларға журналистикамен айналысуға шектеу қойылдыАлматы соты Александра Алёховаға жаза кесіп, журналистикамен айналысуына тыйым салды"Адамды сөзі үшін түрмеге қамауға болмайды". Тамара Калеевамен сұхбат