Шымкентте бір үйдің үш адамы иіс тиіп қайтыс болған

Шымкент қаласында бір отбасының үш адамы – ұлы, анасы мен әжесі иіс тиіп қайтыс болған. Қазақпараттың хабарлауынша, отбасы "Шығыс" шағын ауданындағы жалға алып тұрып жатқан пәтерден ешкім шықпай қалғанына секемденген көршілері құтқарушыларды шақыртқан.

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті 8 ақпанда түстен кейін хабар түскен соң қызметкерлерін шұғыл аттандырғанын айтқан.

Құтқарушылар пәтерден қайтыс болған үш адамды тауып, алып шыққан. Алдын ала болжам бойынша, олар иіс тиіп қайтыс болған. Қазір құзырлы орындар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Қазақстанда қыс түскелі бері осыған ұқсас бірнеше қайғылы оқиға болды.

Өткен аптада Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында бір үйдің төрт адамы иіс тиіп көз жұмды, арасында 1,5 жасар нәресте де бар.

Осы айдың басында Түркістан облысы Түлкібас ауданында уақытша салынған тұрғын үйдегі пештің ақауы салдарынан ерлі-зайыпты екі адам уланып, біреуі қайтыс болған. Ал қаңтар айында Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында жекеменшік үйді жалға алып тұрып жатқан бір отбасының үш адамы иіс тиіп бақилық болды.

Былтыр 29 желтоқсанда Атырау қаласындағы Томарлы ауылында үш адам иіс тиіп көз жұмған. Төтенше жағдайлар қызметі газбен жылитын тұрғын үйдегі пешті қауіпсіз пайдалану талаптары орындалмағаны қазаға себеп болуы мүмкін деп хабарлаған.