Си Цзиньпин Ирандағы соғыстан қандай сабақ алуы мүмкін?

Иран мемлекеттік телеарнасы 26 наурызда АҚШ-тың БАӘ мен Кувейттегі базаларына және Израильге зымыран ұшырылғанын хабарлады.

Пекин Ирандағы соғыстан қандай сабақ алды? Мұның АҚШ пен Қытай бәсекесіне, Қытайдың Тайвань жөніндегі жоспарына әсері қандай? Азаттық осы сұрақтарды отставкадағы генерал, стратег Мик Райанмен талқылады.

Пекин Ирандағы соғыстан АҚШ заманауи соғысты қалай жүргізетінін бақылауға мүмкіндік алды.

Бұл соғыс АҚШ-тың әскери әлеуеті қандай екенін, Вашингтонның бірнеше қақтығыс қалай қатар игере алатынын көрсетті. Мұны көрген Пекин АҚШ-пен болуы мүмкін конфронтация және Тайвань жөніндегі сценарийді іске асыру тұрғысынан қауіп-қатерлерді, уақыт пен мүмкіндіктерді қайта қарауы ықтимал. Қытай 23 млн халқы бар Тайвань аралын өз жері санайды.

Қытайдың Ирандағы соғыстан қандай сабақ алып жатқанын тереңірек түсіну үшін Азаттық австралиялық Лоуи институтының аға зерттеушісі, Австралияның отставкадағы генерал-майоры әрі әскери стратегі Мик Райанмен сұхбат құрды.

Азаттық: Қытай президенті Си Цзиньпин ақпанның аяғында басталған Ирандағы соғыстан қандай сабақ алды?

Мик Райан: АҚШ әскерінің әлі де өте қуатты екенін көрсетті. Си алған ең маңызды сабақ осы болуы мүмкін. АҚШ ауқымды күш жұмылдырып, дәлдігі жоғары операция жүргізуге қауқарлы. Мұны кемі әуеден және теңізден іске асыра алады. [Си Цзиньпин] мен Қытай халық азат ету әскері алды-жылда Тайваньді бұғаттап немесе оған басып кіремін десе мұны түсінгені абзал.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Иранға жасалған соққы Қытайға да қатты тиді". Естай Божанмен сұхбат

Азаттық: Соғыс кеңірек контекстің бір бөлігі ғой. АҚШ әскери қуаты туралы бұл сабақ сол контексте қалай қарастырылуы керек?

Райан: АҚШ әскери қуаты жоғары болғанымен, оны бір сәтте бір ғана жаумен күресе алатын әкімшілік басқарып отыр.

Меніңше, қазіргі әкімшіліктің назары соған ғана жетеді. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік кеңесі арқылы өтетін дәстүрлі шешім қабылдау тетіктерінің өзі еленбей отыр. Бұл шешімдер импульсивті жағдайда қабылданып жатқанға ұқсайды. Оны соғыстың стратегиялық мақсаттары бірізді болмағанынан байқауға болады. Бұл – ауқымды қақтығысты нақты қандай нәтижеге жетуді көздейтінін айқындамай-ақ бастай алатын әкімшілік.

Азаттық: Осы жағдай Тайвань мәселесіне қалай әсер етуі мүмкін?

Райан: Қытай бұдан "егер бізде жақсы стратегия болса, табысқа жету мүмкіндігіміз артады" деген қорытынды жасауы мүмкін. Әскери операцияларды жақсы жүргізу маңызды. Ұрыста жеңбесең, соғыста жеңе алмайсың. Бірақ стратегия одан да маңызды. Мұндайда дұрыс стратегиялық тұжырым мен сол стратегияны іске асыратын дұрыс стратегиялық шешім механизмдері артықшылыққа ие. Қытайлар бұл мәселеде өздерін АҚШ-тан басым санауы мүмкін. Соғысты жоспарлау мен оны жүргізудегі стратегиялық басымдық расымен де үлкен артықшылық бере алады.

Your browser doesn’t support HTML5

Иран 12 жастан асқан балаларды қақтығысқа тартпақ

Азаттық: Вашингтонның импульсивтігі жайлы айтып қалдыңыз. Бірақ Пекин үшін мұның екі қыры болуы мүмкін ғой?

Райан: Дұрыс айтасыз. Бұл – екі қырлы мәселе. АҚШ-тағы Азаматтық соғысқа қатысқан генерал Стоунволл Джексон – күтпеген шешім қабылдаушы басшының керемет үлгісі. Ол қарсыластарын да, өз әскерін де шатастырған күтпеген қадамдарымен танымал. Меніңше, АҚШ президенті Дональд Трамп осындай адамдардың қатарынан.

Ол – әрекеті болжауға келмейтін саясаткер. Қытай үшін бұл үлкен қолайсыздық тудырады. Трамп АҚШ-тың бұрынғы басшыларынан ешкімге ұқсамайды. Қытай оның қандай жағдайда қалай әрекет ететінін дәл болжай алмайды. Өйткені оның қадамдары бірізді емес. Бұл Си Цзиньпинді және Қытай халық азат ету әскерін сақ болуға итермелеуі ықтимал.

Азаттық: Біз қазір Ирандағы соғысты талқылап отырмыз. Бірақ бұдан өзге бірнеше жылға ұласқан Украинадағы соғыс бар. Қытай Украинадағы соғыстан қандай сабақ алды және ол оны Ирандағы соғыстан алған сабақпен қалай ұштастыруға болады?

Райан: Қытай [Ұлыбритания мен Аргентина арасындағы] 1983 жылғы Фолкленд соғысынан бергі өзге елдердің барлық соғысын тыңғылықты зерттеп келеді.

Басынан бастар болсақ, олар НАТО-ның одақ ретінде қалай жұмыс істейтінін, оның қалай шешім қабылдайтынын меңгеріп алды. Олар сондай-ақ НАТО-ға қалай жік салып, оны АҚШ-та алыстатуға болатынын түсінді. Меніңше, олар сондай-ақ жаһандық дезинформация мен ақпарат соғыс науқандарынан да көп нәрсе үйренді. Иран да, АҚШ та ақпанның аяғынан бері осы жағынан да көзге түсті.

Бұдан бөлек, дрондар соғысы бар. Қытайдың кейінгі әскери парадында жұртқа көрсетілген қарулы техниканың барлығының үстінде дрон тұрды. Олар мұны Украинадағы соғыстан түйді және Ирандағы қазіргі соғыс бұл тұжырымды нығайтып отыр.

Азаттық: Егер Си Цзиньпиннің орнында болсаңыз, Ирандағы соғысқа қарап қандай тұжырым жасар едіңіз? Жаһандық энергетика дағдарысы туды және ол жартылай сіздің экономикаңызға жағымсыз әсер етіп жатыр. Әскери саланы есепке алмасақ, Пекиннің АҚШ туралы жалпы көзқарасы қандай?

Райан: Егер мен Си Цзиньпиннің орнында болсам, Батыс әлсіреп жатыр деген көзқарасым дұрыс екеніне сенімдірек бола түсер едім. АҚШ-тың одақтастық жүйесі бүлініп жатқанын, АҚШ одақтастары мен Трамп әкімшілігі арасында сенімсіздік күшейгенін көріп отырсыз. Мұның бәрі Си Цзиньпиннің Қытайдың өрлеуі жайлы болжамын қуаттағандай болды.

Оның дұрыс не бұрыс екенін уақыт көрсетер. Десе де, ол көптеген өзге диктатор сияқты жаңғырық камерасында (echo chamber) өмір сүреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ирандағы соғыс: Ресей мен Қытай неден ұтты, неден ұтылды?

Меніңше, ол бүгін-ертең Тайваньға басып кіре қоймас. Бірақ ол мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Осы соғыста атыс қаруын сарқыған және күздегі парламент сайлауына алаңдап отырған Трамп әкімшілігінің назары ауып, Қытай мұны ұрымтал сәт деп бағалауы мүмкін.

Азаттық: Біз Қытайға және оның Тайвань жөніндегі жоспарына ден қойып отырмыз. Бірақ бұл жоспар қалай іске асуы ықтимал. Егер спектрде қарасақ, Тайваньға қуыршақ үкімет қою, аралды бұғаттау немесе оны әскери тұрғыда жаулау деген амалдар бар емес пе?

Райан: Си Цзиньпиннің мақсаты Тайваньді Қытай құрамына қосу. Ал оның сіз атап өткен амалдары әлі белгісіз. Түрлі нұсқа бар. Соның ішінде екеуі олар үшін тартымдырақ көрінеді.

Біріншісі – Трамп пен Си үлкен келісімге келіп, АҚШ Тайваньды қорғаудан бас тартатын немесе ол үшін соғыспайтынын меңзейтін нұсқа. Екіншісі – Қытай Тайваньға соққы жасап, оған әлсіретіп барып басып кіретін нұсқа. Бұл елеулі деген екі нұсқа. Қытай стратегтері ондаған жыл бойы қарастырып жатқан бұдан өзге итерациялар да бар.

Сұхбат ұғынықтылық үшін ықшамдалып, өңделді