Соғыстан қашып келген 17 жастағы ресейлік "пана іздеуші тұлға" мәртебесін алды

Тимур Турков Оралдағы балалар дағдарыс орталығында. 1 желтоқсан, 2025 жыл.

Украинадағы соғысқа қарсы болып, Қазақстанға қашып келген 17 жастағы Ресей азматы Тимур Турковқа Оралда пана іздеуші тұлға мәртебесі берілді. Бұл жөнінде оның адвокаты Айгүл Орынбекова хабарлады.

Пана іздеуші тұлға мәртебесі оның ресми түрде халықаралық қорғауға өтініш берген адам деп танылғанын айғақтайды және ісі қаралып біткенге дейін ол Қазақстан аумағында бола алады. Турковқа босқын мәртебесін беру мәселесі бөлек қаралады.

Пана іздеуші тұлға мәртебесі өз елінде қудалануы мүмкін деген қауіп туралы мәлімдеген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Бұл үшін ол адам өз елінде саяси көзқарасы, белгілі бір әлеуметтік топқа жататыны, ұлты, діні немесе басқа да факторларға байланысты қудалау қаупі бар екенін негіздеуі керек. Өтініш қаралып жатқан кезеңде мұндай тұлғалар елден шығарылмайды.

12 наурызда Батыс Қазақстан облыстық соты Тимур Турковты Ресейге депортациялау туралы бірінші инстанция шешімінің күшін жойған.

Сот отырысында Орал қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған адамды елден шығару заңнамаға қайшы екенін айтып, соттан жасөспірімді Ресейге депортацияламауды сұраған.

2025 жылғы желтоқсанда бірінші инстанциядағы сот оны мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деп, Қазақстаннан шығарып жіберу және елге бес жылға кіруге тыйым салу туралы шешім шығарған еді.

Ақпаратқа қарағанда, Ресейдің Оралдағы консулдығы Тимур Турковты Ресейге қайтару үшін “барын салған”.

  • Жақында 17 жасқа толған Тимур Турков — Ресей құрамындағы Коми Республикасының тумасы. 2025 жылғы 12 қыркүйекте ол Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданы маңында Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өткен. Жасөспірімнің айтуынша, шекарадан өткеннен кейін ол жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, шекара қызметін шақыруды сұраған.
  • Шекара қызметкерлері оны алдымен шекара бекетіне, кейін Орал қаласына жеткізген.
  • Ол Ресей мектептерінде милитаризация өршіп, жұртты соғысқа баруға үндеп жатқан елде тұрғысы келмегендіктен, шекараны заңсыз кесіп өттім деген. Сондай-ақ кәмелет жасына толған соң мобилизацияға ұшырап, Украинадағы соғысқа жібере ме деп қауіптенетінін де жасырмаған.
  • Турковтың айтуынша, анасы коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болғаннан кейін оның ресми қамқоршылары болған ата-әжесі Украинадағы соғысты айыптамайды және оның басқа елге кетуіне рұқсат бермес еді.
  • Жасөспірімге Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро және адвокаты Айгүл Орынбекова қолдау көрсетіп келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыстан қашып, Қазақстанға келген жасөспірімді Ресейге депортацияламақ па?