Сталин, Мао және Хрущёв: Қытайдағы Мәдени революцияға не түрткі болды?

2026 жылы бір қарағанда бір-біріне қатысы жоқ көрінетін, бірақ шын мәнінде өзара байланысы бар екі коммунистік мерейтой тұспа-тұс келіп отыр.

Жетпіс жыл бұрын, 1956 жылғы ақпанда Никита Хрущёв Совет одағы коммунистік партиясының XX съезінде "Жеке басқа табыну және оның салдары туралы" жабық баяндама жасады. Ал содан 10 жыл өткенде Мао Цзэдун Қытайда "Ұлы пролетарлық мәдени революцияны" бастады.

Бұл екі датаның арасындағы байланыс жұрт ойлағаннан тығызырақ. Тіпті Хрущёвтің сталинсіздендіру саясаты мен Маоның "мәдени революциясы" арасынан тарихи сабақтастықты байқауға болады.

Совет одағы сталиндік даму моделінен тым болмаса ішінара бас тартуға тырысса, Мао мұны халықаралық коммунизмге ғана емес, өзінің билігіне де төнген қауіп деп қабылдады. Сондықтан Хрущёвтің жеке басқа табыну туралы баяндамасынан он жыл өткен соң Қытай қарама-қарсы бағытқа бет алды.

Сірә, Хрущёв коммунистік идеологиядан да, бірпартиялық жүйеден де, лениндік догмалардан да бас тартқан жоқ. Ол Сталинді ішінара сынады. Бірақ оның Сталин ұйымдастырған қуғын-сүргінді, жазықсыз адамдарды қудалап, көзін жойғанын айыптауы елеулі оқиға болды. Сонымен қатар Хрущёв Батыспен "бейбіт өмір сүру" тұжырымдамасын ұсынып, кейбір елдерде социализмге өту міндетті түрде қарулы революция арқылы жүзеге аспауы мүмкін деген ойды алға тартты.

Мао мұның бәрінен қауіптенді. Егер Сталин өлген соң оны ашық түрде айыптауға жол ашылса, өзі қайтыс болғаннан соң дәл сондай сұрақ тумайтынына кім кепіл? Ал бұл кезде Қытайда Маоның жеке басына табыну жүріп жатқан. Бұл жағынан Мао Совет одағынан қалысқан жоқ, тіпті озып кетті десе болады.

Сталинді айыптау Қытай көсемі үшін жағымсыз прецедент тудырды. Сол кездердегі америкалық дипломатия құжаттарында Хрущёвтің Сталин мұрасына шүйлігуі Маоны қолайсыз жағдайда қалдырғаны, өйткені Қытай компартиясы ішінде де Маоның культі жайлы алаң болғаны айтылады.

Бір қызығы, Мао мен Сталиннің қарым-қатынасы соншалық жақсы бола қоймаған. Қытай басшысының оған деген өкпесі болған.

Мао 1949-1950 жылдары Совет одағына алғашқы сапарында жағымсыз әсермен қайтқан. Ол Мәскеуге азаматтық соғыстың жеңімпазы және жаңа ғана құрылған Қытай халық республикасының жетекшісі ретінде келіп, терезесі тең қос коммунистік лидердің кездесуі өтеді деп сенді. Ал Сталин оны өзіне тең көрмеді.

Алғашқы келіссөздерден кейін Мао ұзақ уақыт бойы Мәскеу түбіндегі үкіметтік саяжайда жалғыз қалып қойды. Ол Сталинмен тағы да кездесу өтеді, совет-қытай жаңа келісімі жөнінде мәселе шешіледі деп күтті.

Кейінірек тіпті Мао Мәскеуде үйқамақта болды деген болжам да айтылған. Бірақ бұл шамасы әсірелеу болса керек: оның қамауда болғанына айғақ болатын ешқандай құжат табылмаған. Дей тұрғанмен Маода "Сталин мені менсінбеді, өктемдік танытты" деген көңіл-күй қалып қойды.

Иосиф Сталин мен Мао Цзедун. 1950 жылдардың пропагандалық суреті

Сол себепті де Маоның Сталин мұрасына деген көзқарасы қайшылыққа толы болатын. Өзін бүкіл социалистік әлемнің қожайыны деп санаған Сталинге Маоның жеке және саяси араздығы болды. Бірақ Сталин өлген соң Мао сталиндік билік моделін қорғаушылардың біріне айналды.

Мао Сталиннің нақты қателерін айыптай беретін. Бірақ Хрущёвтің жасағаны әлдеқайда қауіпті еді: ол жеке басқа табыну мен жаппай партиялық тазартудың легитимдігіне күмән келтірді. Ал мұның Маоға да қатысы бар болатын.

Кейінірек Хрущёвпен әңгімелескенде Мао Сталинді сынау дұрыс болғанын, бірақ сынның шегі болуы керек екенін айтқан.

Осылайша идеологиялық қайшылықтар геосаяси текетіреске ұласты. Мао Хрущёвті "ревизионист" деп айыптады. Ол үшін Совет одағының Батыспен бейбіт өмір сүру туралы тұжырымдамасы әлемдік революциялық күрестен бас тартуға пара-пар болған. Социалистер мен коммунистер кейбір елдерде билікке парламенттік жолмен келуі мүмкін деген идея Маоны ашуына қатты тиді. Оның түсінігінде бұл Сталиннің ғана емес, Лениннің де идеяларынан бас тарту болатын.

Бірақ текетірес жалғыз ғана сталинсіздендіру мәселесінен туды деу де қате болар. Шамасы идеологиялық қайшылықпен қатар Хрущёв пен Мао арасындағы бәсеке, Мәскеу мен Пекин арасындағы коммунистік әлемнің лидері болуға деген бақталастық, ядролық қару мәселесі және екі алып елдің Тайвань мен Үндістан мәселесінде екі түрлі ұстанымда болуы маңызды рөл атқарса керек.

Осы себепті болса керек, Мао көп ұзамай XX ғасырдағы ең ауқымды әлеуметтік эксперименттердің бірін бастады.

1958 жылы, Совет одағында сталинсіздендіру науқаны басталғаннан екі жыл өткенде Қытай коммунистерінің көсемі "Үлкен секіріс" дейтін саясатын жариялады. Маоның жоспары бойынша Қытай өнеркәсібі дамыған мемлекеттер ондаған жылда жеткен нәтижеге санаулы жылдың ішінде жетуге тиіс болды. "Халық коммуналары" құрылды. Шаруалар орасан зор өндірістік жоспарларды орындауға жұмылдырылды. Бүкіл елде болат балқытатын қарапайым шағын пештер пайда болды. Экономика саяси ұрандарға барған сайын көбірек бағынды.

Бұл эксперимент апатқа ұласқаны бәріне мәлім. 1960 жылы Мәскеу совет мамандарын кері алдырып, Қытайға техникалық қолдау көрсету бағдарламаларын тоқтатқанын атап өткен жөн. Бұл да Қытайдағы ахуалды қиындатып жіберді.

Мао Қытай өз күшімен индустриялық серпіліс жасайды, социализмнің одан да мықты революцияшыл моделін құрады деп күтті. Бірақ мұнысы іске аспай, экономикалық хаос пен жаппай аштыққа әкелді.

Мао үшін бұл саясаттың саяси салдарының қаупі бұдан кем болған жоқ. "Үлкен секіріс" сәтсіздікке ұшыраған соң, Қытай басшылығы радикал экономикалық эксперименттерден шегінді.

Никита Хрущев бидай алқабында

Экономиканы қалпына келтірумен прагмат басшылар айналыса бастады. Олардың арасында Лю Шаоци мен Дэн Сяопин бар болатын. Біріншісі 1969 жылы 70 жасында түрмеде қайтыс болса, екіншісі қуғын-сүргінге ұшырап, артынан Қытай басшысына айналды, елдің экономикасын көтерген лидер ретінде танылды.

Экономиканы қалпына келтіруде прагмат басшылардың құзыреті кең болды. Бірақ Мао формалды түрде "революцияның ұлы лидері" болып қала берді. Алайда оның іс жүзіндегі билігі шектеле түсті. Сөйтіп экономикалық саясатының сәтсіздігі билігінің әлсіреуіне әкелгенін сезген Мао сталиндік тазартудың өз нұсқасын ойластырды.

Маоның жауабы Мәдени революция болатын. Бірақ бұл науқан 1930 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннен ерекшеленді. Совет диктаторы өзінің шынайы және ықтимал жауларының көзін мемлекеттік билік арқылы жойды. Ол бұл іске партиялық аппаратты, НКВД-ны, прокуратураны, лагерьлер жүйесін және жария сот процестерін жұмылдырды. Яғни сталиндік террор бюрократиялық тұрғыда жоғарыдан төмен бағытталған болатын. Ал Мао басқа механизмді таңдады. Ол қоғамды сол билік аппаратына қарсы жұмылдырды. Ол бастаған террор жастарға сүйенді.

Миллиондаған мектеп оқушысы мен студент хунвэйбин атанды. Оларды Қытай революциясының "қызыл сақшылары" деп те атайтын. Таныс тіркес, солай емес пе? Атауы Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусымен үндес.

Хунвейбиндер кімді "буржуазиялық мәдениеттің", "ревизионизмнің" немесе "капиталистік даму жолының" өкілі деп санаса, соларға шабуыл жасауға Маодан рұқсат алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Си Цзиньпинге "ұлы көшбасшы" дәрежесі не үшін керек?

Сөйтіп бүкіл ел аумағында оқушылар мұғалімдерін, студенттер профессорларын ашықтан ашық қорлауға көшті. Партиялық шенеуніктерді "күрес митингілері" дейтін жиынға шығарып, олардан "өкініш білдіріп, өз кінәсін мойындауды" талап етті. Кітаптар, мұрағаттар, оның ішінде өте көне әрі сирек қолжазбалар, өнер туындылары, діни нысандар мен тарихи ескерткіштер жойылды.

Жауларды іс жүзінде барлық жерден тапты. Мәдени революцияның ең қорқынышты ерекшеліктерінің бірі де осында еді: Мао саяси тазарту міндетін тобырға берді.

Сталинге жаппай террор жүргізу үшін репрессияшыл аппарат керек болса, Мао жастардың революциялық көңіл-күйін пайдаланды. Бұл саяси технология тұрғысынан тиімді еді, бірақ адамзат тұрғысынан зұлымдыққа толы болды.

Бұл жастар революцияны көрген жоқ. Олар азаматтық соғыс пен "Ұлы жорыққа" қатыспады және Қытай халық республикасын құрмады. Бірақ оларды революцияның қауіп-қатерде тұрғанына, партия ішінде сатқындар пайда болғанына, ал қоғамда халық жаулары бар екеніне сендіру оңай болатын. Бұл да таныс жағдай.

Қолдарына Маоның дәйексөздер жинағын алған жас энтузиастарға Қытай да Совет одағы сияқты марксизм-ленинизм идеяларына опасыздық жасауы мүмкін екеніне, ал Мао қайтыс болғаннан кейін бір күні Қытайдың өз Хрущёвы пайда болып, Маоны қылмыскер деп жариялайтынына сендіру қиын емес еді. Шамасы "Қытайлық Хрущёвтен" қорқу 1956 және 1966 жылдарды байланыстырып тұрған ең маңызды буын болған сияқты.

Екі датаның тоғысатын жері осы.

1950 жылдары коммунистік әлемде Сталин мұрасының болашағы жайлы сұрақ туды. 1956 жылы Хрущёв жеке басқа табынуды айыптап, жаппай репрессияны қылмыс деп танып, жүйені аз да болса өзгерту керек деп жауап берді.

Ал Мао бұдан мүлде басқа қорытынды шығарды. Ол сталинсіздендіруден коммунистік жүйені түзетуді емес, оған жасалған опасыздықты көрді.

Басқаша айтқанда, Хрущёв сталиндік террордың қайталануынан қорықса, Мао қытайлық Хрущёвтің шығуынан қорықты. Сөйтіп Қытай Мәскеудегі XX партсъезден 10 жыл өткенде сталиндік тазартудың логикасын қайталады. Бірақ мүлдем басқа әлеуметтік механизмге жүгінді.

Мерхат Шәріпжанов – журналист әрі саяси сарапшы

"Баған" айдарында айтылған пікір редакция көзқарасын білдірмейді.