Өзбекстанның Наманған облысында бес жасар қыз зорланған соң, өлім жазасы туралы айтыла бастады. Кей саясаткерлер бұл жазаны қайтару керек десе, кейбірі балаларға төнетін қауіп күшейеді деп отыр. Өлім жазасын қайтару туралы үндеулер былтыр Қырғызстанда да көтерілген. Оған кәмелетке толмаған қыздың өлімі түрткі болған. Құқық қорғаушылар мұндай қадамға қарсы: олар соттың қателесуі мүмкін екенін, қатаң жазамен бірге қылмыстың алдын алу шаралары да қажет екенін айтады.
Наманған облысындағы оқиға
Тергеу дерегі бойынша, Наманған облысы Үшқорған ауданында бес жасар қыз жыныстық зорлауға ұшыраған. Күдікті – балабақшада шаруашылық меңгерушісі болып істейтін, баланың отбасымен көрші тұрған 52 жастағы ер адам.
Оны қыз бала анасына болған жайтты айтқаннан кейін ұстаған. Күдікті қамауға алынып, милиция істі тергеп жатыр.
Оқиғаға Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзияева да үн қатты. Ол өзінің Telegram-арнасында болған жайтты естігенде ашу-ызаға булыққанын жазып, мұндай қылмыстар үшін өлім жазасы қолданылуға тиіс екенін атап өтті.
Өзбек президентінің үлкен қызы әрі оны әкімшілігін басқаратын Саида Мирзияева.
"Мұндай сұмдық қылмыстар үшін шынымен де өлім жазасы қолданылуы керек. Өкінішке қарай, қолданыстағы заңда мұндай жаза қарастырылмаған. Тиісті органдарға барлық қажетті тапсырма берілді. Қылмыскер ең қатаң жазаға тартылады. Сондай-ақ бұған жол берген, салғырттық танытқан және баланы қорғай алмағандардың бәрі де жауапқа тартылады" деді Мирзияева.
Ол мұндай қылмыстар үшін жазаны қатаңдату мақсатында заңнамаға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатқанын да хабарлады.
Заңды жедел қабылдау
2 қазанда парламент 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.
Депутат Гүлрух Ағзамова Наманған облысындағы қайғылы оқиға мұндай қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет екенін тағы да көрсетті деді.
"Біз, депутаттар, балаларға қарсы жасалған ауыр жыныстық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату қажет екеніне тағы да көз жеткіздік. Бүгін біз мұндай қылмыстар үшін едәуір қатаң жаза қарастыратын заң жобасын ұсынып отырмыз. Сандарға назар аударайық. 2022 жылы 14 жасқа толмаған балаларды зорлау фактілері бойынша 85 қылмыстық іс қозғалды, 2023 жылы 108, 2024 жылы 129, ал 2025 жылы 123 іс қозғалған. Төрт жылда барлығы 445 қылмыстық іс тіркелген" деді ол.
14 қазанда президент заңға қол қойды. Заңда балаларға қарсы аса ауыр қылмыстар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына түрмеге қамау қарастырылған. Атап айтқанда, 14 жасқа толмаған балаларды зорлау және жыныстық қажеттілікті күш қолданып, табиғи емес тәсілмен қанағаттандыру туралы сөз болып отыр.
Заңда тергеу мен сот кезінде балаларды қорғаудың қосымша шаралары да жазылған. Жәбірленушілерге мемлекет есебінен адвокат беріледі, ал жауап алу барысы бейнежазбаға түсіріледі.
Баланы қасақана өлтіруге әкеп соққан қылмыс үшін шартты жаза тағайындауға немесе мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға болмайды. Бұдан бөлек, балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар бойынша ескіру мерзімі жойылады.
Заңда өлім жазасы жаза түрі ретінде қарастырылмаған. Бірақ парламентте заң жобасы талқыланған кезде бұл тақырып төңірегіндегі пікірталас қыза түсті. Дау Өзбекстанның әлеуметтік желілердегі сегментіне де тарады. Желі қолданушыларының бір бөлігі өлім жазасын қайтаруды қолдап, балаларға зорлық жасағандар "түзелмейді", ал мемлекет оларды салық төлеушілердің ақшасына түрмеде асырайды деген пікір білдірді.
Депутаттар арасында өлім жазасын қайта енгізуді Әлішер Қодиров қолдады. Оның айтуынша, баланы өлтіруге немесе оған жыныстық зорлық-зомбылық жасауға бейіл қылмыскерлер қоғамға үлкен қауіп төндіреді.
Әлішер Қодиров, "Миллий тикланиш" ("Ұлттық жаңғыру") партиясының лидері.
"Адамның адамды өлтіруіне жол берілмейді. Зайырлы да, діни де көзқарас бойынша, бұл ең ауыр қылмыс саналады. Алайда осы аса ауыр қылмыс үшін қолданылатын жазаға қатысты көзқарастар әртүрлі: біреулер мұндай адамдарды азаматтардың ақшасына түрмеде ұстап, тамағын беріп, жылы жерде тұруын және суықтан қорғалуын қамтамасыз етіп, қоғамнан біржола оқшаулауды жеткілікті деп санайды. Ал басқалары болашақта болуы мүмкін қылмыстардың алдын алу және соған бейім адамдарға сабақ болу үшін оларды өлім жазасына кеседі (жәбірленуші тараптың талабы бойынша!). Кінәсіз адамды, әсіресе баланы қасақана өлтірген адамның және педофилдің өмірін жалғастыруына мүмкіндік беру – болашақта осындай қылмыстар жасауға ынталандырады!" деп жазды Қодиров Telegram-арнасында.
Алайда депутат Бобур Бекмуродов оған келіспейді. Оның сөзінше, өлім жазасын қайтару балаларға одан да үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Егер балаға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін өлім жазасы қарастырылса, қылмыскер жалғыз куәгерден құтылу үшін баланы өлтірген дұрыс деуі ықтимал, дейді депутат.
Бекмуродовтың айтуынша, қылмыстық кодексте балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін белгіленген жаза жеткілікті дәрежеде қатаң болмаған. Ол мысал ретінде 20 жастағы ер адам зорлық жасағаны үшін 15 жылға сотталса, 35 жасында түрмеден шығып, қоғамға оралуы мүмкін екенін айтты.
Депутат өлім жазасының орнына мұндай қылмыстарға қарсы шаралар кешенін кеңейтуді ұсынды. Оның ішінде химиялық және хирургиялық кастрация, мектептер мен басқа да оқу орындарынан 10 шақырым радиуста тұруға тыйым салу, сондай-ақ балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамдардың ашық тізілімін жариялау бар.
Өзбекстан өлім жазасынан қалай бас тартты?
Өзбекстан өлім жазасынан 20 жылға жуық уақыт бұрын бас тартқан.
2022 жылғы сөзінде ел президенті Шавкат Мирзияев бұл жазаны қайта енгізуге қарсылық танытты. Конституциялық комиссия мүшелерімен кездескен ол өлім жазасына жол берілмейтінін конституцияға жазып қоюды ұсынды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
"Жекелеген азаматтар өлім жазасын қалпына келтіріп, оны қылмыстық заңнамаға қайтару туралы ұсыныстар айтып жүр. Ал демократиялық және гуманистік идеялар ең жоғары құндылық деңгейіне көтерілген әлем елдерінің басым көпшілігінде өлім жазасы жойылған" деді президент.
Оның сөзінше, өмір сүру құқығы – адамның табиғи құқығы және ол мемлекеттің шешіміне тәуелді болмауға тиіс.
"Қолдасаңыздар, Конституциямызға "Өзбекстанда өлім жазасына тыйым салынады" дейтін тағы бір маңызды норманы енгізуді ұсынамын. Осылайша біз бұл аса маңызды мәселеде ешқашан кері шегінбейтінімізді және гуманизм идеяларына адал болып қалатынымызды бүкіл әлемге көрсетеміз".
2023 жылы өлім жазасына тыйым салынатыны конституцияның жаңа редакциясында бекітілді. Конституцияның 25-бабында өмір сүру құқығы әр адамның ажырамас құқығы екені және республикада өлім жазасына тыйым салынатыны жазылған.
Өзбекстан өлім жазасынан біртіндеп бас тартты.
Өзбекстанның БҰҰ Азаптауға қарсы комитетіне ұсынған баяндамасына сәйкес, 1998 жылға дейін өлім жазасы қылмыстық кодекстің 13 бабы бойынша қарастырылған.
1998 жылы бес қылмыс үшін өлім жазасы алынып тасталды. Олар: жыныстық қажеттілікті табиғи емес тәсілмен күш қолданып қанағаттандыру, соғыс заңдары мен әдет-ғұрыптарын бұзу, президенттің өміріне қастандық жасау, қылмыстық қауымдастық ұйымдастыру және контрабанда.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Орталық Азиядағы үздіксіз конституциялық реформалардың мақсаты не?2001 жылы өлім жазасы төрт қылмыс үшін сақталды: ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіру, әскери агрессия, геноцид және терроризм.
2003 жылы әскери агрессия мен геноцид үшін өлім жазасы жойылды. Осыдан кейін ең ауыр жаза ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіргені және өлімге немесе басқа да ауыр зардаптарға әкеп соққан терроризм үшін ғана сақталды.
2005 жылы президент 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап өлім жазасын жою туралы жарлыққа қол қойды. Оның орнына өмір бойына немесе ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.
Құқық қорғаушылар бұл шешімді адам құқықтарын қорғаудағы маңызды жетістік деп санайды.
Құқық қорғаушы Надежда Атаева.
Орталық Азиядағы "Адам құқықтары" қауымдастығының жетекшісі Надежда Атаева өлім жазасын жою туралы науқандарға қатысқан. Ол құқық қорғаушы Тамара Чикунова бастаған жұмысты еске алады. Чикунова халықаралық ұйымдар мен түрлі елдердің азаматтары қатысқан қоғамдық науқанның бастамашысы болған.
"Әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам [бірінші президент] Ислам Каримовке өлім жазасын жоюды талап етіп, үндеу жолдады. 2008 жылы қабылданған шешім – қоғамның, тек Өзбекстандағы ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да қатысуымен жүзеге асқан, көп күш жұмсалған шешім" дейді Атаева.
Құқық қорғаушылар өлім жазасын қайтаруға неге қарсы?
Amnesty International ұйымының мәліметінше, Өзбекстанда өлім жазасына кесілгендер туралы ресми статистика болмаған. 1999–2003 жылдары ұйым жыл сайын орта есеппен 30-дан астам өлім жазасы үкімін тіркеген.
Бұдан бөлек, 1998–2003 жылдары құқық қорғаушылар саяси астары бар деп бағалаған істер бойынша кемінде 38 тұтқын өлім жазасына кесілген. Олардың арасында билік "діни экстремистер" және "ислам фундаменталистері" деп атаған адамдар да болған.
2004 жылғы 2 желтоқсанда президент Ислам Каримов сол жылдың өзінде 50–60 адам өлім жазасына кесілгенін мәлімдеген.
Құқық қорғаушы Умида Ниязованың айтуынша, сол кезеңде Өзбекстанда ұсталғандар мен сотталғандарға азаптау және қатыгездік көрсету жаппай сипат алған. Ол БҰҰ-ның азаптау жөніндегі арнайы баяндамашысының қорытындыларына сүйенеді. Баяндамашы 2002 жылы Өзбекстанға барып, сотталғандардың туыстарымен көптеген сұхбат жүргізген.
Құқық қорғаушы Умида Ниязова
"Ол кезде Өзбекстанның құқық қорғау жүйесінде азаптау мен қатыгез жаза жүйелі сипатта болды. "Жүйелі" деген сөзді әдейі қайталап отырмын, өйткені бұл – 2002 жылы Өзбекстанға келіп, сотталғандардың туыстарымен көптеген сұхбат өткізген БҰҰ баяндамашысының қорытындысы" дейді Ниязова.
Оның сөзінше, баяндамашы тергеу изоляторына немесе түрмеге түскен әрбір адам қатыгездік пен азаптауға ұшырайтынын айтқан.
"Әрине, адам азаптау жағдайында кез келген қылмысты мойындауы мүмкін... Азаптау мен заң үстемдігінің болмауы халықаралық қауымдастықтың Өзбекстаннан өлім жазасын тоқтатуды сұрап, талап етуіне себеп болды" дейді Ниязова.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, өлім жазасының жойылуы Өзбекстанның сот жүйесі тәуелсіз болды дегенді білдірмейді. Олар тергеу сапасына, күштік құрылымдардың жұмысына және судьялардың дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне қатысты мәселелер бар екенін айтады.
"Өзбекстандағы негізгі мәселе – тергеу, соттар және бүкіл құқық қорғау жүйесі. Олар жемқорлыққа батқан, сапасыз әрі кәсіби деңгейі төмен. Бұған адвокатура жүйесінің өте әлсіз екенін қосыңыз. Адвокаттардың лицензиясын тартып алуы мүмкін" дейді Ниязова.
Ниязованың айтуынша, мұндай жағдайда өлім жазасын қайтару туралы сөз қозғау – жауапсыздық.
Надежда Атаева да Өзбекстанның сот жүйесі әлі күнге дейін атқарушы билікке тәуелді екенін айтады.
"Өзбекстанның сот жүйесі әлі де атқарушы билікке қатты тәуелді. Ықпал етудің бейресми тетіктері бар. Өкінішке қарай, судья үкім шығару кезінде тәуелсіз шешім қабылдай алмайды. Оған міндетті түрде қандай да бір әлеуметтік факторлар мен қоғамдық байланыстар әсер етеді" дейді Атаева.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ислам Каримов қайтқалы 10 жыл. Өзбекстан қалай өзгерді?Оның айтуынша, елде сот талқылауы аяқталмай жатып шешім қабылданып қоятын жағдайлар бар, ал судьялар алдын ала белгіленген үкімді жариялайды.
Құқық қорғаушының пікірінше, өлім жазасын қайтару бұрынғы тәжірибенің қайталануына әкелуі мүмкін. Ол кезде кінәсі дәлелденбеген адамдар да ең ауыр жазаға кесілген, дейді ол.
"Бұл – қателікті түзетуге ешқашан мүмкіндік бермейтін жаза. Өлім жазасы дәл осы себеппен жойылған" дейді Атаева.
Өлім жазасын қайтару туралы үндеулер
Өлім жазасын қайтару бастамалары көбіне қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстардан кейін көтеріледі. Мәселен, былтыр күзде Қырғызстанда 17 жастағы Айсұлу Мұқашеваның қатыгездікпен өлтірілуінен кейін ел президенті Садыр Жапаров балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдатып, өлім жазасын қайтаруды ұсынды. Елде соңғы өлім жазасы 1998 жылы орындалған. Бұл мәселе бойынша референдум өткізу туралы да сөз болды.
Алайда желтоқсанда Қырғызстанның Конституциялық соты Жапаровтың ұсынысына тосқауыл қойды. Сот бастама конституцияның негіздеріне және елдің халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін атап өтіп, өлім жазасын қайтару мәселесін референдумға шығаруға болмайды деген шешім қабылдады.
Сот өмір сүру құқығы мен өлім жазасына тыйым салу конституциялық құрылыстың іргелі элементтері екенін және олардан кері шегінуге жол берілмейтінін мәлімдеді. Бұл нормалар құндылықтық сипатқа ие және Қырғызстанның гуманистік құқықтық мемлекет құруды таңдағанын көрсетеді.
Ал кәмелетке толмаған Мұқашеваға зорлық жасап, оны өлтірді деп айыпталған, бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам сотқа жетпей қайтыс болды. Ақпанда 41 жастағы ер адам изолятордан өлі табылды. Жазаны орындау қызметі оның өзіне қол жұмсағанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Мүгедек қыз, 66 жастағы көрші және зорлау. Қайғылы оқиға қырғыз заңын қалай өзгертті?Жапаровтың бастамасын халықаралық құқық қорғау ұйымдарының тобы айыптады. Ұйымдар бірлескен мәлімдемесінде өлім жазасын қайтару Қырғызстан конституциясы мен халықаралық міндеттемелерін бұзатынын және зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге көмектеспейтінін атап өтті.
Өлім жазасын қайтару мәселесіне қатысты ел омбудсмені Жамиля Жаманбаева да өз ұстанымын білдірді. Ол өлім жазасын қайтару әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар мәселесін шешпейтінін мәлімдеді. БҰҰ өкілдері омбудсменнің ұстанымын қолдады.
Өлім жазасы балаларға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтата ала ма?
Құқық қорғаушы Умида Ниязова өлім жазасын енгізу мұндай қылмыстардың санын азайтады дегенді немесе олардың алдын алуға мүмкіндік береді дегенді білдірмейді деп есептейді.
"Оның үстіне бұл адамдарда: "Міне, біз қажеттінің бәрін жасадық" деген жалған сенім тудыруы мүмкін. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты жалған сезім пайда болады. Өйткені бұдан әлдеқайда тиімді басқа шаралар қарастырылмайды" дейді құқық қорғаушы.
Ол мысал ретінде Германияда жұмыс істейтін «Қылмыскерге айналмау» дейтін профилактика бағдарламасын келтіреді. Ниязованың айтуынша, балаларға сексуалдық қызығушылығы бар екенін және қылмыс жасауы мүмкін екенін түсінетін адамдар онда мамандар мен дәрігерлерге жүгіне алады.
"Қылмыс әлі жасалған жоқ. Егер адамдар қылмыс жасауға бет алғанын түсініп, өз жағдайын ұғына алса, яғни балаларға сексуалдық қызығушылығы барын сезсе, олар мамандарға, дәрігерлерге жүгіне алады, олармен сөйлесе алады" дейді Ниязова.
Оның сөзінше, бағдарламаға қатысушылардың кейбірі осындай сексуалдық қызығушылықтың іске асуына жол бермеу үшін арнайы дәрі-дәрмек қабылдауға келісіп жатады.
Надежда Атаева да зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды қорғап, оларға көмек көрсету қажеттігіне назар аударады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Демократияға ешқашан бет бұрмаған, авторитар қалпынан айнымаған режим болды"Ол Францияны мысал етеді. Атаеваның айтуынша, бұл елде бала жоғалған жағдайда жедел хабарлау жүйесі жұмыс істейді, ал шұғыл қызметтер ақпаратты үнемі жаңартып отырады.
"Бұдан бөлек, мұндай қылмыстардан зардап шеккендер ұзақ уақыт бойы оңалту курсынан өтеді. Бұл үдеріс барлық жауапты мемлекеттік ведомствоның бақылауымен және мониторингімен жүргізіледі. Өзбекстанда мұндай жүйе жоқ" дейді Атаева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да балаларға қарсы зорлық-зомбылықпен күресудің кешенді тәсілін ұсынады. Ол қылмыстың алдын алуды, қауіпсіз орта қалыптастыруды, ағартушылық жұмысты және зардап шеккендерге көмек көрсетуді қамтиды.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылықпен күрес тек қылмыстық жазаны қатаңдатумен шектелмеуге тиіс. Олардың пайымдауынша, қылмыстың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге көмек көрсету және сот жүйесінің тәуелсіздігіне қол жеткізу қажет.