"Ескінің" белгілері бар "Жаңа" Қазақстан
Сайлауға шақырған билбордтарда "жаңару үшін дауыс беруге" шақырады, бірақ елде жаңарған нәрсе аз деп атап өтеді британдық Economist журналы. Редакция елде жаңа Конституция қабылданып, парламентке жаңа атау берілгенін, онда жаңа құрылған партия үстемдік ететініне тоқталады.
"Бірақ тереңірек үңілсек, [қазіргі президент Қасым-Жомарт] Тоқаевтың ізашары Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты ескі Қазақстанның саяси белгілері шыға келеді, — делінген Economist мақаласында. — Жаңадан құрылған "Әділет" партиясы — іс жүзінде ондаған жыл бойы үстемдік еткен ескі билеуші партияның жаңартылған нұсқасы. Ал парламент бұрынғысынша формалды құрылым болып қала береді, өйткені шынайы оппозициялық партиялар кандидатураларын ұсына алмайды".
Материал авторы сайлауды "косметикалық" деп атайды және сайлау өтерден бұрын экстремизм айыбы тағылған "Алға, Қазақстан" партиясын құрмақ болған оппозицияық топ лидерлерінің бірі Амангелді Жахиннің жеті жылға бас бостандығынан айырылғанын еске салады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Саяси кеңістікті тазарту". Белсенді Жахиннің үкімін, оппозициялық ұйымдардың ахуалын сарапшымен талқыладық"Тек саясаткерлер ғана нысанаға алынып жатқан жоқ. Журналистер мен әлеуметтік желі авторлары да түрлі қудалауға ұшырап жатыр: түрмеге жабылып, шетелге шығуына тыйым салынғандар және күлкілі көрінетін айыптаулар бойынша журналистикамен айналысу мүмкіндігінен айырылып жатқандар бар. Жақында видеоблогерді президентті келемеждеген сатиралық жазбасы үшін қамауға алды", — деп жазады Economist. Мұнда ол әзіл видеолары үшін "араздық қоздырды" деп айыпталған "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровтың ұсталуын меңзесе керек.
"Интригасыз" сайлау және қылмыстық іс қозғалған журналистер
Германиялық Deutsche Welle телеарнасы Қазақстандағы сайлауда интрига болмады деп жазады: дауыс беру күнінен бұрын сауалнамаға жауап берген сарапшылар президент саясатын қолдайтынын мәлімдеген "Әділет" партиясы жеңіске жетеді деп болжаған. Солай болды да. Алдын ала ресми мәлімет бойынша, бұрынғы билік партиясы "Аманатты" өзіне қосып алған жаңа ұйым 71 пайыздан астам дауыс жинады. Құрылтайға президент саясатына сын айтпайтын тағы төрт партия өтті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Дос Көшім: Қазақстанда әділ сайлау болған емес, жақын арада болмайды даГлазго Университетінің Еуразиялық зерттеулер профессоры Лука Анчески мен Германияның Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің зерттеушісі Штефан Майстер сайлау "Тоқаевтың билігін нығайтуға және Нұрсұлтан Назарбаев бастаған топты одан әрі әлсіретуге бағытталған" деген пікір айтқан.
Deutsche Welle Қазақстанның жаңа Конституциясы парламентті сайлау тәсілін өзгерткеніне назар аударады. Бұдан былай тәуелсіз кандидаттар сайлауға түсе алмайды, сайлаушылар тек партияларға дауыс береді. "Парламентаризмді дамыту қорының" басшысы, бұрынғы сенат депутаты Зәуреш Батталова мұны сайлаушылардың саяси таңдауын шектейтін фактордың бірі деп санайды.
"Шынайы саяси таңдау жасау мүмкіндігі тым шектеулі", — деді Батталова DW-ге берген пікірінде.
Deutsche Welle Қазақстандағы баспасөз бостандығына қатысты жағдай құқық қорғаушылардың алаңдаушылығын тудырып отырғанын, журналистердің үстінен қылмыстық істер қозғалып, кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынатынын еске салады.
Дегенмен, сарапшылар Еуропа одағы Қазақстандағы саяси бостандықтардың шектелуіне жауап береді деп күтпейді. Брюссель Украинада соғыс басталғаннан кейін прагматик ұстанымға көшкен, ол Орталық Азия арқылы өтетін транзит жолдарын дамытуға және елдің бай ресурстарына қол жеткізуге көбірек мүдделі дейді DW сұхбаттасқан сарапшылар.
Лука Анчески – Орталық Азияны зерттеуші, Ұлыбританиядағы Глазго университетінің профессоры.
"Тек Норвегиядан болмаса, мұнай мен газды ешқашан демократиялық мемлекеттен сатып ала алмайсыз. Сондықтан бұл тұрғыда таңдау көп емес", — дейді Лука Анчески.
Неміс телеарнасы сайлау инфляция жоғары болып (шамамен 10,2 пайыз), салық өсіп жатқан тұста өткеніне мән береді, бұл "үкіметтің, әсіресе Тоқаевтың, қымбатшылық салдарынан болған 2022 жылғы қаңтардағы 238 адам қаза тапқан тәртіпсіздік қайталана ма деген қаупін күшейтті".
Авторлар Қазақстан билігі сайлау науқаны мен дауыс беру процесі өте жақсы ұйымдастырылды деп бағалағанына назар аударады. Тоқаев үгіт-насихат аяқталған күні бұл сайлау Қазақстан тарихындағы "ең қызықты" сайлау болып есте қалатынын айтқан.
Тоқаев келесі президент сайлауына түсе ме?
Қатардың Al Jazeera телеарнасы Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енгеннен кейінгі өзгерістерді түсіндіреді. Қос палаталы парламент жойылып, сайлау жүйесі өзгерді, оның үстіне 73 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы мерзімдерін нөлге теңестіріп, қайтадан президенттікке түсу құқығына ие болды. Тоқаев 2019 жылдан бері президент қызметін атқарып келеді, ол 2029 жылға жоспарланған сайлауда кандидаттығын қайта ұсынуға шешім қабылдаса, билікте 2036 жылға дейін қалуы мүмкін.
Al Jazeera қазақстандық саясаттанушы Рустам Бурнашевтің пікірін келтіреді, ол "мерзімінен бұрын өтетін сайлау Тоқаевқа саяси сахнадан өзінің ізашары Назарбаевпен байланысты тұлғаларды ысырып тастауға мүмкіндік береді, бірақ саяси жүйені ауқымды түрде реформалай қоюы екіталай" деп санайды.
"Парламентке түсіп жатқан кандидаттардың барлығы белгілі, — дейді Бурнашев. — Парламенттің өзі революциялық сипатқа ие болады деп үміттенуге болмайды".
Франциялық Le Figaro басылымы Қазақстанның саяси сахнасын "президент қатаң бақылауда ұстап отыр" деп жазады және өткен науқанды "сылбыр" деп сипаттайды.
"2022 жылғы қаңтарда қымбатшылыққа қарсы наразылық тәртіпсіздікке ұласып, 238 адам қаза тапқаннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүйені либералдау арқылы "Әділетті Қазақстан" құру ниеті барын айтқан. Сайлау науқаны сылбыр, ал партиялардың ұрандары түсініксіз болғанына қарамастан, Тоқаев бұл сайлауды өзінің реформаларын жүзеге асыру жолында "үлкен жұмыстың бастауы" болатын "тарихи күн" деп атады. 73 жастағы басшы Совет одағы ыдырағаннан бастап 2019 жылы отставкаға кеткенге дейін отыз жыл бойы билік жүргізген Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитар дәуірінің парағын жабуға тырысып жатыр, дегенмен өзі де сол Назарбаевтың маңайындағы қызметшілерінің бірі болған еді", — делінген мақалада.
Тоқаевтың президенттік мерзімін нөлден бастау тақырыбына еуропалық Euronews жаңалықтар арнасы да тоқталады. Ол Қазақстан президенті өз кандидатурасын ұсынатын-ұсынбайтыны туралы сұраққа нақты жауап бермегенін атап көрсетеді.
"Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Бұл – заңды шешім, сондықтан, заңды түрде қайта сайлану құқығына иемін. Сайлауға түсемін бе, түспеймін бе, қай жылы [сайлау болады] — бұл туралы айту әлі ерте", — деді Тоқаев Астанадағы учаскеде дауыс бергеннен кейін.
Сайлаудың барысын талдай келе, ресурс парламенттегі мандаттардың басым бөлігіне ие болған "Әділет" партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың сөзін келтіреді. Ол қолдауы үшін сайлаушыларға алғыс айта отырып, партияның науқан кезінде қажырлы еңбек еткендіктен жеңіске жетті дейді. "Біз барлық өңірде болып, еліміздің мыңдаған азаматтарымен кездесулер өткіздік. Әрбір кездесуде жұртты толғандыратын мәселелерге құлақ түріп, олардың пікір-ұсыныстарын өз аузынан естідік", — деді Айбек Дәдебай.
Euronews сондай-ақ 14 жыл ішінде алғаш рет парламентке өте алмаған Қазақстан халық партиясының жайына тоқталады осыған байланысты Қазақстанның Заңнама және құқықтық ақпарат институтының басшысы Индира Әубәкірованың пікірін келтіреді. Ол партияның парламентке өте алмауына "ұрпақтардың ауысуы себеп" дейді. "Жаңа ұрпақ саяси өмірге араласып жатыр, ал олар мұндай [коммунистік] көзқарастарды қолдамайды. Сонымен бірге аға буын өкілдерінің азаюы да әсер етті", — деді Индира Әубәкірова Euronews арнасына.
Your browser doesn’t support HTML5
Сайлауға күмән, ілінбеген хаттама, бақылаушылардың көргені — AzatNEWS l 24.08.2026.
Президенттің мерзімдерін нөлден бастау тақырыбын жалғастырған британдық Economist 2022 жылы Тоқаевтың ұсынысымен Конституцияға "бір адам жеті жылдық бір мерзім ғана президент бола алады" деген ереже енгізілгенін еске салады. Тоқаев бұл норма суперпрезиденттік басқару формасынан бас тарту үшін қажет екенін айтқан. Қазақстан басшысы бұл шектеуге бағынуға уәде берген. Бұл норма жаңа Конституцияда әлі де бар, бірақ Тоқаевқа арнап "саңылау" жасалған" деп жазады басылым.
"Бұл — билікті сақтап қалудың тексерілген тәсілі, оны Орталық Азия автократтары да, Ресей басшысы Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да жақсы көреді. Оның қазіргі (екінші) мерзімі 2029 жылы аяқталғанда, Тоқаев айтқан Қазақстанды монархиялық басқарудан арылту ісіне адалдығы сынға түспек", — деп түйіндейді Economist.