Тоқаев Каспий маңында қарулы күштерді пайдаланбауға шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитте сөйлеп тұр. Астана, 22 сәуір, 2026 жыл.

22 сәуірде Астанада өңірлік экологиялық саммитте сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүдделі халықаралық тараптарды Каспий маңында қарулы күштерді пайдаланбауға шақырды.

Каспийдің аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды екенін алға тартқан Тоқаев оны сақтау жолында күш-жігер біріктіру қажеттігін айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерген. Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болған.

"Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс" деді Тоқаев.

Ол өз сөзінде нақты елдердің атын атамады, нақты оқиғаларға тоқталмады.

Каспий елдеріне Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстан кіреді.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы конвенцияға қол қойған Каспий маңындағы бес ел теңізді бейбіт мақсатта пайдаланып, оны бейбітшілік пен достық аймағына айналдыруға келіскен. Алайда Ресей Каспий теңізіндегі зымыран таситын ұшақтарымен Украина аумағын ракетамен атқылап келеді.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысында баллистикалық зымыран ұшыратын және басқа да қаруды сынақтан өткізетін Капустин Яр полигоны Каспий теңізінен 200 шақырымдай қашықта орналасқан. Осы жерден Украина аумағына "Орешник" баллистикалық зымыраны ұшырылады.

Украин дрондары да Каспийдегі ресейлік мұнай инфрақұрылымдары мен кемелеріне шабуыл жасаған.

Ал Иранмен соғыс кезінде жуырда Израиль Иранның Каспий теңізіндегі әскери-теңіз нысандарына шабуыл жасаған.

Экологиялық саммит барысында Тоқаев Орталық Азия елдеріне ортақ мәселелерді атап айтқанда, су тапшылығы, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы, биоалуантүрліліктің жойылу қаупі сияқты түрлі мәселелерді айтты.

"Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз" деді Қазақстан басшысы.

Ол осы саммит барысында халықаралық су ұйымын құру жөніндегі халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетінін де айтты. Саммит барысында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы және бірқатар маңызды келісім қабылданатынын да жеткізді.

Экологиялық саммит үш күнге созылады. Оның ашылуына Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары, Армения, Грузия және Моңғолия президенттері, Әзербайжанның премьер-министрі, БҰҰ бас хатшысының орынбасары сияқты қонақтар қатысты.

Климаттың жылынуы, экология мәселелерін талқылайтын саммит Тоқаевтың 2023 жылғы ұсынысымен жыл сайын өткізіліп келеді. Оған Біріккен ұлттар ұйымы қолдау білдірген. Жиында сарапшылар мен саясаткерлер, мамандар экологияның түрлі мәселелерін ортаға салады.