Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды.
"Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың бағыттары мен тәсілдерін тұжырымдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеу үшін жүйелі ұсыныстарды қарау мақсатында құрылды", – деп хабарлады 26 қарашада Ақорданың баспасөз қызметі.
Құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері кірген комиссияның жұмыс органы болып Қазақстанның стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді.
Биыл 28 қазанда Құрылтайда жариялаған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін мәлімдеп, 2027 жылғы 1 маусымға дейін кешенді реформалар жоспарын әзірлеуді тапсырған. Ол өзгерістер "косметикалық" сипатта емес, құқықтық және қаржылық шараларды қамтитын нақты реформа болуы керектігін айтқан.
Кей бақылаушылар елде биыл жаңадан құрылған Құрылтайға депутат сайлау шынайы саяси бәсекесіз өткенін алға тартып, азаматтық еркіндіктер мен бостандықтар шектеліп, билікке сын айтатындар қудалауға түсетін жағдайда "шенеуніктер өз өкілеттіктерін өздері қысқартып, түбегейлі реформа жасай алмайды" деген пікірде. Олар Ақорданың "жаңа Қазақстандағы жетістіктер" туралы мәлімдемелеріне қарамастан, халықтың ауқымды бөлігінің нақты табысы төмен екенін, инфляция ырық бермей отырғанын және сыбайлас жемқорлық сияқты бұрыннан бар жүйелік мәселелер әлі күнге шешімін таппай келе жатқанын айтады.