Тоқаев Құрылтай сайлауын 23 тамызда өткізу туралы жарлыққа қол қойды

Астанадағы парламент ғимараты. Көрнекі сурет

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің заң шығарушы жоғары өкiлдi органы – Құрылтайдың депутаттарын сайлауды биыл 23 тамыз, жексенбі күні өткізу туралы жарлық шығарды. Бұл туралы сәрсенбі күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми сайтта жарияланған құжатта Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалатыны айтылған. Президент Орталық сайлау комиссиясына сайлауға дайындықты және оны өткізуді ұйымдастыруды, үкімет пен жергілікті әкімдіктерге сайлауды ұйымдастыруға қажетті барлық шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырған. Жарлық жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізілді.

Тоқаев бұл жарлыққа тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші Конституция күшіне енген күні, 1 шілдеде қол қойды. Жаңа негізгі заңның күшіне енуіне байланысты халыққа үндеуінде: "Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз" деп мәлімдеді Тоқаев.

Биыл 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумның ресми қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, бір палаталы Құрылтай құрамындағы 145 депутат партиялық тізім бойынша бес жыл мерзімге сайланады. Жасы жиырма беске толған, кейінгі он жыл бойы ел аумағында тұрақты тұрып жатқан Қазақстан азаматы Құрылтай депутаты бола алады. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады.

Бұған дейін Тоқаев конституциялық реформа елді "суперпрезиденттік" басқару моделінен "ықпалды парламенті бар президенттік республикаға" көшуге бағытталған деп мәлімдеген. Ол мемлекеттік билік жүйесі енді "күшті президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін үкімет" формуласы негізінде қайта құрылатынын айтып, бұл – билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады деген.

Алайда тәуелсіз сарапшылар жаңа Конституция іс жүзінде президент билігін одан сайын күшейтіп, оның өкілеттігі бұрынғыдан да кеңейе түседі деп есептейді.

Елде 1995 жылғы 30 тамызда жалпыұлттық референдумде қабылданып, 30 жылдан астам уақыт қолданыста болған Конституция бойынша, бұған дейін екі палатадан – мәжіліс пен сенаттан – тұратын парламент жұмыс істеп келген. Ескі парламент 30 маусымда соңғы рет палаталарының бірлескен жалпы отырысын өткізіп, өз қызметін біржола доғарды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Назарбаевтың кезінде құрылып, Тоқаевтың тұсында қысқарған: қос палаталы парламенттің соңғы жиыны

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жаңа Конституция күшіне енді. Негізгі өзгерістерді 500 сөзбен түсіндіреміз