СОТ КЕСКЕН ЖАЗА
14 шілде күні Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында бұрынғы қайынжұртының төрт адамын өлтіріп, оған қоса ұрлық және алаяқтық жасады деген айыптар тағылған Сұлтан Сәрсемәлиевке үкім шықты.
Қылмыстық істі қараған судья Зарема Хамидуллина 30 жастағы айыпкерді кінәлі деп танып, оған өмір бойына бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкімге сай, ол жазасын қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтейді.
Бұған қоса сот Сәрсемәлиевті жәбірленуші Әдемі Шылмағамбетоваға моральдық өтемақы ретінде 40 млн теңге төлеуге міндеттеді.
Іс бойынша қорытынды шешімін жариялаған судьяның қойған сұрағына Сұлтан Сәрсемәлиев үкім өзіне түсінікті екенін айтып жауап берді. Бұған дейін соңғы сөзінде Сәрсемәлиев тағылған айыптарды мойындайтынын айтып, өзін өмір бойына бостандығынан айырмай, 25 жылға түрмеге қамауды сұраған еді. Ол жәбірленушіге өтемақы төлеуге қарсы емесін, бірақ төлейтін ақшасы жоғын да айтқан.
Үкім әлі күшіне енген жоқ. Сотталушы үкімге келіспесе, 15 күн ішінде оған қарсы шағым бере алады.
Оның бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиева да осы қылмыстық іс бойынша алғашында күдікті саналған. Бірақ кейін тергеу мен сот шешімі бойынша қылмысқа қатысы жоқ деп толық ақталып, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Келіншек бесінші баласын босанғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, арнайы медицина мекемесінде ем қабылдағанын жергілікті басылымдар жазған.
Екеуінің кәмелетке толмаған бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.
ҚЫЛМЫС
Қоғамда резонанс туғызған бұл іс бойынша сот процесі 18 мамырда басталған. Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев 2025 жылдың мамыр айында жалға алып тұрып жатқан үйінде қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтіріп, сүйегін сол үйдің маңына көміп тастаған. Туыстарының күмәнін туғызбас үшін марқұмның атынан хат-хабар жазып, қылмысын жасырған.
Бұдан соң ол былтыр қазан айында Атырау облысы Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайынатасы Мақсот Қарабалин мен енесі Нәсіп Өтешқалиеваны да үйінде пышақтап өлтіріп, екеуінің сүйегін сол жерге көміп кеткен. Тергеу кезінде ол алғашқы қылмысын жасыру үшін қайынатасы мен енесін өлтіргенін айтқан.
Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайынапасы Мирамгүл Қарабалинамен бірге Атырауға барған. Сәрсемәлиев хабарсыз кеткен әке-шешесі мен ағасы үнемі сұрап, іздей бастаған Мирамгүлді де өлтіріп тынған.
Тергеу қорытындысында Сәрсемәлиев өзі өлтірген адамдардың дүние-мүлкін де заңсыз иемденгені: марқұмдарға тиесілі малды сатып, банк карталарындағы ақшасын алып, олардың атынан жиынтығы 4 млн теңгенің несиесін рәсімдеп алғаны жазылған. Бұған қоса марқұмдардың зейнетақысын да өзі алып отырған.
Сот тыңдауы барысында Сәрсемәлиев өз қолынан қаза тапқандарды кінәсіз деп санамайтынын мәлімдеп, оқиғаны бұрынғы әйелінің туыстарымен арадағы ұзақ уақытқа созылған жанжалмен байланыстырды, деп жазды "Ақ Жайық" басылымы.
Сотталушы бұрынғы қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспей, өзара сөзге келіп қалған соң өзін-өзі қорғау шегінде әрекет еткенін алға тартқан. Бірақ сот оның уәжін қабылдамады.
ИНДОНЕЗИЯДА ҰСТАЛҒАН
Төрт адамның өлімінен кейін Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге Қазақстаннан кетіп қалған.
2025 жылдың аяғынан із-түссіз кеткен егде жастағы ерлі-зайыптының мәйіті биыл 6 қаңтарда Жангелдин ауылындағы үйінің сарайынан табылған. Сол кезде отбасының бұрынғы күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікке ілініп, оған іздеу жарияланған еді.
Интерпол арқылы іздеуде жүрген Сұлтан Сәрсемәлиев 24 ақпанда бұрынғы зайыбымен бірге Индонезияда ұсталып, ізінше Қазақстанға экстрадицияланды.
Олар елге жеткізілген соң, наурыздың басында, күдікті тергеу кезінде көрсеткен Атырау қаласы маңындағы Геолог ықшамауданындағы бір үйдің ауласынан хабарсыз кеткенге саналған тағы екі адамның – Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаның сүйектері табылғаны көпшілікке белгілі болды.
Сот тыңдауы кезінде Сәрсемәлиев жасаған қылмысы үшін "құдайдан кешірім сұрауға Мекке барғанын" айтқан. Алайда тергеушілер оны айыпкердің жасаған қылмысы үшін жауапкершіліктен сытылу амалына жатқызған.
Атырау облыстық прокуратурасы бұған дейін психологиялық-психиатриялық сараптама Сұлтан Сәрсемәлиевтің "ақыл-есі дұрыс" деген қорытындыға келгенін айтқан еді.