Шамамен 1 сағат 50 минут сөйлеген Трамп Конгрестегі қос палата отырысында өз әкімшілігінің жұмысын АҚШ-тың "алтын ғасырының" басы деп сипаттады. Бұл жолдау – қарашада өтетін аралық сайлау қарсаңында елдің ішкі мәселелеріне көбірек назар салуға мүмкіндік беретін сәт, дегенмен Трамп сыртқы саясат пен ғаламдық қауіпсіздіктегі негізгі басымдықтарға да тоқталды.
ИРАН
Трамп Иран мәселесі жайлы бірнеше минут сөйледі. Ол Иранды "дәл қазір төніп тұрған тікелей қатер" деп атап, былтыр маусымда бұл елге жасалған әскери шабуылды да еске түсірді.
"Жарым түндегі балға" (Midnight hammer) [операциясынан] соң оларға қару бағдарламасын, соның ішінде ядролық қаруды қайта жасамау керегі жөнінде ескерттік. Алайда олар бәрін қайта бастап жатыр. Бұл мәселені дипломатия жолымен шешкім келеді. Бірақ бір нәрсені нақты айта аламын. Әлемдегі террордың ең басты демеушісі (олардың мұндай екені айдан анық) ядролық қаруға қол жеткізгеніне жол бермеймін. Бұған рұқсат бере алмаймын" , – деді Трамп.
Ақпанның 26-сы өтетін АҚШ–Иран келіссөзі таяп қалған тұста АҚШ Таяу Шығысқа әскери күшін шоғырландырып жатыр. Бұл келіссөз Иранның ядролық бағдарламасы төңірегінде болмақ. Тегеран ядролық бағдарлама бейбіт, азаматтық мақсатты көздейді, ол тек электр энергиясын өндіруге бағытталады деп сендіреді.
"Ондаған жыл бойы АҚШ-тың негізгі саясаты – Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу болып келеді", – деді Трамп.
Your browser doesn’t support HTML5
Аятолла режимін қорғайтын сақшылар корпусы
Иранды 1979 жылғы революциядан бері басқарып келе жатқан діни басшылық туралы айта келе Трамп: "47 жыл бұрын осы бір тәкаппар ұлтты бақылауға алғалы бері режим мен оның қандықол жандайшаптары терроризм, өлім мен жеккөрініштен басқа ештеңе таратпады", – деді.
Оның айтуынша, кейінгі көтеріліс кезінде Иран билігі "өз елінде кемінде 32 мың адамды қырып тастаған".
Құқық қорғау ұйымдары 7 мыңдай адам қаза болғанын мәлімдеген, бірақ шынайы сан бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деген болжам жиі айтылады.
Your browser doesn’t support HTML5
Иран билігі наразыларды қалай басып-жаншыды?
Трамп жолдауының Иранға қатысты бөлігін былай аяқтады: "Бірде-бір ұлт АҚШ-тың шешуші рөліне күмән келтірмеуі тиіс. Жер бетіндегі ең қуатты әскер бізге тиесілі".
УКРАИНА
Конгреске жолдауда Дональд Трамп төрт жылдан бері Ресей шабуылына тойтарыс беріп жатқан Украинаның ахуалына да қысқаша тоқталды.
Трамп соғысты тоқтатуға "қолынан келгеннің бәрін жасап жатқанын" айтып, бірнеше айға созылған келіссөзді еске салды. Бұл келіссөз өткен апта Швейцарияның Женева қаласында үшжақты форматта қайта өткен.
Келіссөзді АҚШ президентінің өкілі Стив Уиткофф басқарады. Трамп соңғы келіссөзден соң "елеулі ілгерілеу" болды деді, бірақ оның жай-жапсарын нақтыламай, тек "екі тарап та келісімге келу бағытында жұмыс істей беруге келісті" деді.
Украинаға қатысты сөзінде Трамп көп мағлұмат айтпады, тек соғыс салдарынан адам қаны көп төгіліп жатқанына ерекше тоқталды.
"Ай сайын 25 мың солдат өліп жатыр. Елестетіп көріңізші, айына 25 мың солдат!" – деп екпін бере сөйледі Дональд Трамп.
Your browser doesn’t support HTML5
Зеленский: Ресейге жер берсем, Украина халқы мені кешірмейді
Соғыс құрбандарының нақты саны белгісіз, ал айтылып жатқан деректерді дәлелдеу қиын. Бірақ соңғы бір есеп бойынша, қаза тапқан, жараланған не із-түзсіз жоғалған ресейлік саны 1,2 млн, ал украиндық 500-600 мың адамға жеткен.
Трамп сайлау науқаны кезінен бері айтып жүрген "мен президент болғанда бұл соғыс мүлде басталмас еді" деп сөзін тағы қайталады.
Соғыс басталғанына төрт жыл болғанда Еуропа басшылары Киевке жұмыла қолдау білдіретінін айтты, ал Вашингтонның ұзақмерзімдік стратегиясына қатысты сұрақтар көп.
ТАРИФТЕР
Трамптың экономикалық жоспары сыртқы саясатпен тығыс байланысты.
Ол мұнай-газ өндірісін арттыру саясаты (“drill, baby, drill”) және Венесуэланың "жаңа басталған жарқын дәуірі" әлемдегі энергия өнімдері бағасын арзандатады деді.
Венесуэланы АҚШ-тың "жаңа досы әрі серіктесі" деп атаған Трамп бұл елді көптен басқарып келген Николас Мадуроны орнынан кетірген соң Америка 80 млн баррель мұнайға қол жеткізді деді.
Әлемдік сауда тақырыбын қозғағанда Трамп шет елдер төлеп жатқан тарифтер "қазіргі табыс салығы жүйесінің орнын алмастыратынын", сөйтіп ол америкалықтардың жағдайын жақсартатынын айтты.
Жолдауында Дональд Трамп "АҚШ-тың қайта өркендеуі" жайлы басты тезисіне оралып отырды.
Республикалық партия өкілдері Трамптың сөзіне түрегеп қол соғып, қолдап жатса, Демократиялық партия өкілдері үнсіз тыңдады. Ондаған адам жолдауға мүлде бойкот жариялап, Вашингтонның басқа жерінде бөлек жиын өткізіп, Трамптың саясатын сынады.
"Жолдау бойынша жиынға қатыспадым, себебі бұл – қалыпты кезең емес, демократтар бұрынғы қалпында әрекет етуді доғаруы тиіс", – деді Демократиялық партия атынан сайланған сенатор Крис Мерфи.