Түркістан облысында жыл басынан бері Конго-Қырым безгегі диагнозы қойылған 8 адам ауруханаға түскен. Олардың арасында Өзбекстан азаматтары да бар. Мұндай деректі облыстық санитария-эпидемологиялық бақылау департаментінің жетекшісі Нұрбек Нышанов айтты деп хабарлады жергілікті Отырар басылымы.
"Ауру кенеден малға тарайды, одан барып малға қараған не мал сойған адамға жұғады. Осы алты ай көлемінде тіркелген 8 жағдайдың алтауы малға күтім жасаған және малмен қарым-қатынаста болғанда жұққан. Тағы бір жағдайда адам үй ауласындағы шөпті орған кезде кене шағып, содан ауру жұқтырған" деген маман.
Жыл басынан бері Түркістан өңірінде мамандар 35 мыңнан астам сынама алып, 55 жағдайда кенеден Конго-Қырым безгегі ауруының қоздырғышын анықтаған.
Түркістан облысы – Конго-Қырым безгегі бойынша эндемиялық аймаққа жатады. Ресми дерек бойынша, 2002 жылдан бері өңірде қауіпті дертті жұқтырудың 39 оқиғасы анықталған. Жылда әсіресе көктем-жаз айларында кенеден зардап шеккенін айтып дәрігер көмегіне жүгінетіндер жиілейді.
Дәрігерлер тұрғындарға далада жүргенде өне-бойды тұтас жауып тұратын киім киіп, сырттан үйге оралған соң денеге кене жабыспағанын тексеріп отыруға кеңес береді.
Конго-қырым безгегін жұқтырған адамның қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ауырады, басы айналып, денесі қақсайды, жүрегі айнып, лоқсиды. Бұған қоса диарея, асқазан мен тамақтың ауруын дәрігерлер ауру белгісіне жатқызады. Бұл ауру негізінен Африка, Таяу Шығыс, Азия елдерінде жиі кездеседі. Ауру жұқтырған адамдар арасындағы өлім көрсеткіші – 10-40 пайыз дейді мамандар.