Қызылорда облысында конго-қырым безгегінің белгілері 33 адамнан анықталып, 14-інде расталды. Төрт адам қайтыс болды. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы хабарлады. Сейсенбі күні өткен брифинг кезінде ол 33 адамның 14-іне аталған ауру түрі жұққаны зертхана сынағымен расталғанын айтты. Оның сөзінен kyzylorda-news.kz сайты үзінді келтіреді.
"Қазіргі таңда конго-қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған 1 науқас ем алып жатыр. Тиісті медициналық ем шаралары қолданылған 9 науқас қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне қайтарылды. Өкінішке орай өңірімізде 4 адам кененің кесірінен қаза тапты. Қайтыс болған науқастар – Қызылорда қаласы, Жалағаш, Шиелі аудандарының тұрғындары. Жалпы, конго-қырым геморрагиялық қызбасын болдырмау, алдын алу шаралары да жүргізіліп жатыр. Осы ретте тұрғындарды табиғат аясында, далалық жерлерде сақтық шараларын сақтап, кене шаққан жағдайда дәрігердің тағайындауынсыз ем жүргізбей, жедел түрде медициналық ұйымдарға қаралуға кеңес беремін, – деді Жангелді Мырзагелдіұлы.
Оның сөзіне қарағанда, былтыр облыс бойынша 238 адамды кене шаққан болса, биыл бұл көрсеткіш 601-ге жеткен. Мамандардың айтуынша, былтырмен салыстырғанда биыл кенелердің арасында ауру қоздырғышы да көп анықталып жатыр. Былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына қосылса, биыл олардың саны 116-ға жеткен.
Конго-қырым безгегі негізінен кене және малдар арқылы адамға жұғатын ауру түрі. Оны жұқтырған адамның кенет дене қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ауыра бастайды, басы айналады, денесі қақсайды. Жүректің айнуы, лоқсу, диарея, асқазан мен тамақтың ауруын дәрігерлер ауру белгілері ретінде атайды. Негізінен Африка, Таяу Шығыс, Азия елдерінде жиі кездесетін ауру. Оған шалдыққандар арасында адам өлім көрсеткіші – 10-40 пайыз.
ПІКІРЛЕР