Тоқаев: "Түркі мемлекеттері ұйымы - геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес"

Your browser doesn’t support HTML5

Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті. Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.

Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті өтіп жатыр. Ұйымға мүше елдердің басшылары, бақылаушы елдердің өкілдері қатысатын жиында Қазақстан президенті бұл ұйым "геосаяси да, әскери де ұйым емес" деді.

ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ КОМИССИЯСЫ

Қазақстанның Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қалада Түркі өркениеті орталығы құрылатынын мәлімдеді.

"Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі", – деді Тоқаев. Ол орталық құру туралы бастаманы қолдағаны үшін жиналған меймандарға алғыс айтты.

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті, Түркістан, 15 мамыр, 2026 жыл.

Оның айтуынша, түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру да маңызды. Сол ұйымға мүше мемлекеттердің ғылыми сарапшылары кіретін мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынды.

Бұған қоса ол бұл ұйымды "әскери альянс" деп сипаттап жүргендер бар екенін айтты. "Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды",– деді Қазақстан президенті.

"Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң",– деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БЕЙРЕСМИ САММИТ

Бейресми саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары – Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, сонымен қатар ұйымға бақылаушы елдердің өкілдері, ұйымның бас хатшысы, ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері қатысып отыр.

Қазақстанның төрағалығы аясында ұйымдастырылған Түркістандағы бейресми саммиттің негізгі тақырыбы цифрлық даму мен жасанды интеллект мәселелеріне арналды. Кейінгі жылдары ТМҰ аясында Түркі инвестициялық қоры, DEPA, TURANSEZ, e-Permit, e-CMR, TURKUNIB және "Цифрлық Жібек жолы" сынды бастамалар қолға алынған. Бұл жобалар өзара сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық инфрақұрылым, білім және технологиялық интеграцияны күшейтуді көздейді.

Бейресми саммит қарсаңында Астанаға мемлекеттік сапармен келген түрік президенті Ердоғанмен Қазақстан президенті Тоқаев келіссөз жүргізіп, екі ел бірқатар келісім-шартқа қол қойды. Ол құжаттардың арасында екі тарап бірге дрон жасау, мұнай-газ жобаларын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімдер бар.

14 мамыр күні Астанада өткен Қазақстан-Түркия стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысында екі тарап энергетика, қорғаныс, сауда-саттық, мәдени-ағарту және логистика мәселелерін талқылаған.

Тоқаев Ердоғаны Қазақстанда жаңадан тағайындалған жоғары мемлекеттік награда – "Қожа Ахмет Ясауи" орденімен марапаттады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Дрон жасау, мектеп пен аурухана ашу. Түркия мен Қазақстан қандай келісімдерге қол қойды?

2009 жылғы 3 қазанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі немесе Түркі кеңесі деген атаумен құрылған ұйым атауы 2021 жылы Стамбұлда өткен саммитте Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді. Сарапшылар оны құрылымның институционалдық және саяси ықпалын кеңейтуге бағытталған өзгеріс ретінде бағалайды.

Қазір ұйымға түркітілдес бес мемлекет - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше. Түрікменстан мен Венгрия бақылаушы мәртебесіне ие. 2022 жылы бақылаушы мәртебесін Солтүстік Кипр Түрік Республикасы (халықаралық қауымдастық мойындамаған, тек Түркия таныған) да алған.

Ұйым құрылғалы бері оған мүше мемлекеттер басшыларының саммиттері тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр. Осы уақыт ішінде 12 ресми кездесу ұйымдастырылып, өңірлік ынтымақтастық жөнінде бірқатар шешімдер қабылданған.

Кейінгі ресми мәліметтерге сәйкес, ұйым елдерінің бірлескен сыртқы сауда көлемі 850 миллиард долларға жетіп, ТМҰ ішіндегі өзара сауда 57 миллиард доллардан асқан. Қазақстанның ұйымға мүше мемлекеттермен сауда айналымының көлемі 12,9 миллиард долларға тең.

ТМҰ-ға мүше бес мемлекетте 177 миллионнан астам, яғни әлем халқының шамамен 2,2 пайызына тең адам тұрып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Орта дәліз", дрон, мұнай және Ердоған. Түркі елдері ынтымақтастығының болашағы қандай?