Украина Башқұртстанның өнеркәсіп аймақтарына жаппай дронмен шабуылдады

Украинаның дрон шабуылынан түсірілген әлеуметтік желідегі сурет. Башқұртстан, 17 қараша, 2026 жыл

17 қарашаға қараған түні Украинаның дрондары Уфа мен Салауат қалаларының өнеркәсіп аймақтарына жаппай шабуыл жасады. Мұны Башқұртстанның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті хабарлады.

Оның дерегінше, Башқұртстан аумағында 50-ден астам дрон атып түсірілген. Мемлекеттік комитет барлық зауыт қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын және айтарлықтай зақым келмегенін айтқан.

Алайда украиналық мониторинг telegram-арналары Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу және мұнай-химия кешендерінің бірі – "Газпром нефтехим Салауат" кәсіпорнына шабуыл жасалғанын хабарлады. Олардың мәліметінше, кәсіпорын аумағында бірнеше өрт шыққан. Astra басылымының OSINT-сарапшысы да дәл осы "Газпром нефтехим Салауат" нысаны өртеніп жатқанын растады.

Ал Курскіде, Exilenova+ және Supernova+ арналарының дерегінше, кернеуі 330 кВ болатын "Садовая" қосалқы электр станциясы шабуылға ұшыраған. Аймақ билігі түнгі шабуылдың салдары туралы ешқандай мәлімет жариялаған жоқ.

Ресей қорғаныс министрлігі елдің бірқатар өңірінде, аннексияланған Қырым аумағында, сондай-ақ Азов және Қара теңіздер акваториясында Украинаның 1441 дроны жойылды деп мәлімдеді.

Министрлік дерегінше, бұл Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы бергі ең ірі жаппай шабуыл болған. Бұған дейінгі рекорд 16 қарашаға қараған түні тіркелген еді – сол кезде Ресей министрлігі украиналық 1336 дрон жойылғанын хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина дрондары Қырым көпірі мен Азовтағы мұнай базасына шабуылдадыУкраина Ресейдің ірі мұнай зауыттарының біріне шабуылдадыАтырау – Самара құбыры бір күндік үзілістен соң қайта жұмыс істей бастады